Бүгіннен ертеңге

8 Желтоқсан 2012, 06:18

  БҮГІННЕН ЕРТЕҢГЕ[1]   Республика жас жазушыларының бұл мәслихаты совет халқы өмірінде тарихи оқиға болған, еліміздің одан әрі коммунизмге қарай даму жолында, бүкіл социалистік қозғалыстың дамуында жаңа белес болуға тиіс. Совет Одағы Коммунистік партиясының XX съезінен кейін бірінші рет шақырылып отыр. Партияның XX съезі халқымыздың алдына ұлы міндеттер қойды және еңбекшілердің саналы творчестволық инициативасының өркендеуіне кең жол ашты. Ілгеріректе белгіленіп, XX съезде кең де терең талқыланып ұлы арнаға түскен партия мен үкіметтің еліміздің өндірістік қуатын арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жайындағы шаралары іске асып, тамаша жемістерін бере бастады. Бұл ретте етене бауырымыз Коммунист партиясының, оның Орталық Комитетінің көреген саясаты жеңісінің ғажайып айғағы есебінде бұрынырақта жартылай құлазып жатқан қазақ даласынан биылғы жылы Отан қамбасына құйылған бір миллиард пұт астықты айтсақ та жеткілікті. Қазақстан еліміздің ырыс-құт мекеніне, молшылық бұлағына айналды.   XX съезд еліміздің өндірістік қуатын, материалдық байлығын ұлғайтуда әр еңбекшінің инициативасын, қабілетін барынша жұмсауына кең жол ашса, мәдени құрылысымыздың да бұдан әрі дамуына сара жол ашты. Көркем өнердің терең, соны, тың құбылыстары арқылы халқымыздың рухани байлығын жаңа сатыға көтеру мүмкіншілігін меңзеді. Көркемдік жаңа биіктерге көтерілу мақсатын қойды.   Бұл биік мақсатқа жетудегі біздің көркемдік құралымыз талай сыннан өткен, өзін ақтаған социалистік реализм әдісі болмақ. Партия біздің әдебиетіміздегі елеулі кемшіліктерді ашып көрсетті. Жазушыларымыздың совет халқының зор талабының биігіне жете алмай келе жатқанын ескертті. Аты шулы тартыссыздық (конфликтсіздік) теориясынан әдебиетіміздің аса үлкен зиян шеккенін және соның зардабынан әлі де құлантаза арылып болмағанымызды біз жасырмаймыз. Әрбір жаман дағдының өмірі едәуір болады, ол біраз уақытқа дейін шалғайға жармасып қалмайды. Осыған байланысты совет әдебиетіндегі елеулі кемшіліктерге қарсы біраз сын айтылды.   Бірақ социалистік кейбір елдердегі өздерін халық үшін жазатын, социалистік идеологиядағы жазушылар санатына қосатын әдебиетшілер, біздің өзіміз қатал сынға алған кейбір кемшіліктерімізді ілік етіп, социалистік реализм әдісіне қарсы ашық шабуыл жасауға дейін барғаны мәлім. Бұл өзі теріс ниеттен, не болмаса адасушылықтан тусын, түп негізі соңғы кездегі халықаралық жағдайға орай буржуазиялық идеологияның белсене бастауынан туған нәрсе сияқты. Бірақ адам баласының көркемдік дамуында ұлы қызмет атқарған, XIX ғасырда өзінің асқар биігіне көтерілген сыншыл реализмнің заңды мұрагері, Октябрьде туған жаңа заманның көркем ойының көрінісі болып дүниеге келген социалистік реализм әдісінің берік іргетасы ондай соқтықпадан мұқалмайды. Қырық жыл бойы ең гуманистік идеяның, халық ойының көркем көрінісі болын, социалистік құрылыстың жауынгерлік құралына айналып, дүние жүзілік дауылдарда қалтырамай, торықпай адам баласын жарқын болашаққа, өмірге үндеген социалистік реализм әдебиетіне, оның қарсылары қай әдіс, қай әдебиетті қарсы қоймақ? Декадансты ма? Әлде сюрреализмді ме? Әлде тағы осылар сияқты соғысты, бүліншілікті, адамға деген өшпенділікті, моральдық азғындықты, қасиетсіздікті уағыздайтын, ең бері салғанда өмірден безінуді, әділеттіктен күдер үзуді, дүниеден түңілуді уағыздайтын ағымдардың қайысын қарсы қоймақ? Біз қазіргі замандағы дүние жүзі әдебиетінің табыстарын жоққа шығарудан әсте аулақпыз. Олардан шеберлікке үйренуге социалистік реализм тыйым салмайды. Және өзге елдердің алдыңғы қатарлы жазушылары социалистік реализм әдебиетінің табысына зор құрметпен назар аударатыны анық.   Біздің кейбір кемшіліктерімізді, сындағы кейбір сыңаржақтық жайларымызды тілге тиек етіп, қайсыбіреулер социалистік реализм әдісіне қанша күйе жағуға тырысса да оның таза тәніне жұқпайды.   Осы құнарлы әдіспен қаруланып шарықтап өскен біздің жас прозамыз жүздеген жылдар прозалық дәстүрі бар европалық әдебиетпен көркемдік дәрежесін ұялмай салыстыруға болатын «Абай», «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ботакөз» романдарын, сондай-ақ жас драматургиямыз «Еңлік — Кебек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Түнгі сарын», «Ақан сері — Ақтоқты», «Достық пен махаббат» пьесаларын туғызды. Қазақ поэзиясы жаңа сатыға көтеріліп, соны өріс тапты.   Қазақ әдебиетіне соңғы жылдары жас таланттар, жаңа шығармалар қосылып толықты. Соғыстан кейінгі он жыл ішіндегі қосылған таланттардың шығармаларын қоспасақ қазіргі қазақ әдебиеті анағұрлым олқы болып көрінер еді. Әсіресе поэзия, әдеби сын жанрларында жас кадрлар көбірек есті. Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев сияқты әдебиетке соғыстан кейінгі келген ақындар қазақ совет поэзиясына елеулі үлес енгізіп, оның көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Бұлардан басқа да поэзияға өз үнімен келген, өскелең ақындар аз емес. Бұлар туралы жас деп айтуға да болмайды. Олардың ізін басқан таланттар да ауыз толтырып айтуға жарап қалды. Әдебиетке кейінірек келсе де осы күнгі әдебиет сынының негізгі жүгін арқалап жүрген, совет әдебиетін кеңірек зерттеп монографиялар жаза бастаған Тәкен Әлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Серік Қирабаев, Баламер Сахариев, Мырзабек Дүйсенов, Ә. Нарымбетов сияқты сыншылар бар. Әдебиет сынына соңғы жылдары араласа бастаған Қалжан Нұрмаханов, Қаратай Құттыбаев, Рахманқұл Бердібаев т. б. өз қабілеттерін сәтті аңғартты.   Проза жанрындағы жас кадрлардың өсуі жоғарғы аталған екі жанрдан қалықтау болса да мұнда да жастардың өсуі байқалады. Ә. Нұрпейсовтың «Күткен күн» (Курляндия), С. Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романдары, З. Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесі, Б. Сокпақбаевтың «Алыстағы ауылда» повесі мен әңгімелері, Н. Ғабдуллиннің повесі мен әңгімелері, С. Сарғасқаевтың екі повесі, С. Баязитовтің әңгімелері шықты. Көріп отырсыздар, жас прозаиктер жазған шығармалар сан жағынан аз емес. Бұған P. Әутәліповтың, С. Алдабергеновтің, Н. Серәлиевтің әңгімелерін, журналда жарияланған Ө. Қанахиннің «Ауыр күндер» романын, Б. Тоқтаровтың «Бақыт жолы», А. Байтанаевтың «Болат» повестерін т. б. қоссақ бұл тізім ұлғая береді.   Жоғарғы аталған екі жанрдан прозадағы жастардың өсуі қалықтау дейтін себебіміз сан жағынан емес, осы жанрдағы жастар шығармаларының қазақ прозасындағы алатын орны, дәрежесі жағынан. Егер де поэзияға соғыстан кейін қосылған Хамит Ерғалиев поэмалары, Сырбай Мәуленов өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясының ең ілгері қатарына көтерілді десек, солармен қатарлас прозаға келген жастардың шығармалары жөнінде мұны айту әлі ертерек. Оған кейбір себептер де болуға тиіс. Біздің прозамыз кешеуілдеңкіреп, кейін өсті. Алдыңғы буын жазушылары да әдебиетіміздегі осы тың жанрда кейінірек қалыптасты. Қазіргі жеткен биігін қырқыншы жылдары тапты. Екіншіден, проза ауыр жанр. Бірден өмірді жан-жақты және терең қамту, көркемдік шеберлікке жетіліп кету өте сирек кездесетін нәрсе. Бірақ проза жазып жүрген жастардың өсу тенденциясы бар. Олардың көбі қазір іздену, шеберлігін шыңдау жолында.   Қазіргі проза жазып жүрген жастардың көбіне тән нәрсе олардың әдебиетке бірсыдырғы жазушылық мәдениетпен келуі. Егер де, біз соғыстан бұрынғы прозаға араласқан жастарды алсақ олардың көбінде-ақ осы жазушылық мәдениет кем болатын. Өзгені қойғанда, қазақ прозасының жақсы үлгілерінен жете үйрене алмаған болатын. Олар қарасөз құралын жете меңгере алмай, суреттеу тәсіліне жетіле алмай, оқиғаны қара дүрсін жалаң баяндайтын. Сол кездегі жазушыларға мұндай примитивизмнен арылу аса қиын болды. Ал, қазіргі әдебиетке келген жастар прозаның барлық компоненттерін, суреттеу тәсілін, аз-кем болсын композиция құру өнерін, портрет, пейзаж жасау әдістерін, ең маңыздысы адамның ішкі дүниесін суреттеуді азды-кем меңгеріп яғни маман әдебиеттің талабына жауап берерлік жағдайға келуде. Мұның өзі жас прозаиктердің бұдан былай жедел өсуіне негіз боларлық нәрсе. Әдебиеттік жолын ірі шығармалар жазудан бастаған Ә. Нұрпейсов, С. Шаймерденов, 3. Қабдолов алғашқы шығармаларында осындай жанр ерекшелігін едәуір меңгергендіктерін, прозаға дайындықтарын жақсы танытты. Бұл аталған жазушылардың роман, повестері кейбір кемшіліктеріне қарамастан осы күнгі қазақ әдебиетінің талабына жауап берерлік шығармалар.   Егер де бұл қуантарлық жай болса, осы жас прозаиктерге тән негізгі кемшілік бар сияқты. Оның бірі ірі шығарманы бастан-аяқ көркемдік тиянаққа (художественная завершенность) жеткізе алмау. Негізгі оқиға мен жанама оқиғалардың, негізгі кейіпкерлер мен жанама кейіпкерлердің ара салмағын пайымдай алмай, негізгі идеясын көркемдік тұрғыдан тиісті дәрежеде дамыта алмауы. Екінші кемшілік, өмірге терең бойлай алмай, көбіне үстіңгі қабатта жатқан оқиғаларды шығармаға өзек ету. Бұл екі кемшілік те жастыққа байланысты жүре түзелетін нәрсе.   Өткен жылы пленумда жас жазушылардың драматургиясы туралы арнайы баяндама жасалды. Одан бері бір жыл өтсе де соғыстан кейінгі драматургияға келген жас жазушылар жөнінде біз тілге тиек етер еш нәрсе таба алмадық. Өйткені соңғы он жылдан бері бұл жанрда жастар қаламынан шыққан елеулі бір де шығарма жоқ. Ең мықтағанда белгілі бір науқанға лайықталған, тез ұмыт болып жатқан азын-аулақ бір-екі актылы шағын пьесалар ғана бар. Өткен жылғы баяндамаға іліккен ірі пьесалардың бәрі әлі де піспеген, шала-шикі нәрселер болатын. Бұл шығармалардың аяғы қазір қойболдыға айналған сияқты. Драматургияның болашағы бізді қатты ойландыруға тиіс. Жалпы қазақ драматургиясы, театр өнері қазір өрлеу үстінде деп ешкім де айта алмайды. Біздің театр өнеріміз қырқыншы жылдардың бас кезіндегі биігінен көтеріле алған жоқ. Тартыссыздық теориясынан қатты зиян шеккен драматургиямыз бен театр өнерін тоқыраудан шығару үшін әлі де көп жұмыстар керек. Сол шараның бірі есебінде көмек көрсету, жанр ерекшелігін меңгеруге, білімін, мәдениетін көтеруге жәрдем ету Қазақстан жазушылар одағының ең басты міндетінің бірі болуға тиіс.   Бұл саладан Амантай Сатаевтың алғашқы адымы көңілге медеу боларлық. Ол қиын кинодраматургия жанрында еңбек етіп жүр. «Құрманғазы» атты киносценарий жазды. Қазір «Ақбөпе» сценарийін жазып жүр. Жас таланттың алғашқы табысына қуана отырып оған: «Тек ертерек тарихи тақырыпқа, дайын сюжетке бой ұрып, жазушылық жолыңның бас жағын жеңілдетіп алма, өйтсең кейінгі жағы қиын болып жүрер», — деген тілек артқымыз келеді.   Соңғы жылдары жастардың творчество жолында көп ізденуі, творчестволық белсенділігі артқаны байқалады.   Кейбір жас жазушылар алғашқы үйрену кезеңінен өтіп, шеберлігін шыңдап көркемдік бітімі түгел келген сындарлы шығарма жазуға шындап ниет етті. Әбдіжәмил Нұрпеисов «Курляндия» романын қайта қарап көп жөндеді. Бұл роман жөніндегі кейбір біздің ойымызша жаңсақ пікірлерге тоқтала кеткен жөн. Алғашқыда тәуір аталған осы шығарманы кейінгі кезде «нашар, сын көтермейді» деген пікірлер туып жүр. Біздіңше бұл қате пікір. «Курляндия» романында жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді. Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ып-ыстық жанды күйінде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет — жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма құралы есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті. Бұл романның көптеген әсем беттерінің көркем бояуы әлі де оңған жоқ. Бірақ осы қуантқан қасиеттерімен бірге «Курляндия» романында жастықтан, тәжрибесіздіктен туған көптеген кемшіліктер де болды. Ол ең алдымен шығарманың композициясының болбырлығы, басты оқиғалары солғын тартып, жанама қосымша оқиғалардың романда өте көп орын алуы. Көп жерлерде орынсыз шұбалаңдық, ұзақтық. Автор көрінген нәрсеге қызығып суреттеуді тек суреттеу үшін қолданған жерлері де аз емес. Қысқасы, автор негізгі оқиғалар мен негізгі геройларды роман ішіндегі қалың көпшіліктен бөліп, жеріне жеткізе, шағындата көтеріп суреттей алмады. Тақырыпты еркін меңгере алмай, қалың оқиғаның ықпалына түсіп ығыңқырап кеткен. Бұл романның «Күткен күн» деген атпен қысқартылып жарияланған вариантының өзінде автор жоғарыдағы айтылған көп кемшіліктерден арылып, шығарманың жібін ширатып, суын сығып, біраз жөндегенін көреміз. Қазір жазушы бұл жұмысын толық аяқтады.   Бұрынырақта әдебиет сыншысы есебінде көрініп, әдебиетте біраз ой-пікір аңғартқан Зейнолла Қабдолов прозаға көлемді шығармамен келді. Өткен жылы «Әдебиет және искусство» журналында оның студент жастар өмірінен жазылған «Өмір ұшқыны» атты повесі жарияланды. Ол таяуда баспадан кітап болып шықты. Еске алатын бір жағдай повестің журналдағы варианты мен кітаптың арасында едәуір өзгеріс бар. Бұл өзгеріс көлем жағынан ғана емес,ең алдымен сапасы жағынан, көркемдігі жағынан. Журналдағы үстірт айтылған жайлар кітапта тереңірек, толығырақ қамтылады. Бірсыпыра образдар одан әрі толықтанып кемелдене түскен. Шығарманың тілі де жақсарып суреттері айқындалып көркемдене түскен.   Автор үлкен совет өмірінің бір бөлшегін – университет өмірін ойып алып,оны тарамдап жұмысшылар өміріне жалғастырып оқушыны сол бір әсем де жарқын, көңілге жылы жастық болмыспен таныстырады. Бұл шығарманы оқып шыққанда әдемі жарқын өмірді көз алдыңнан өткізіп, әр түрлі жақсы адамдармен танысып, олардың сырын ұққандай боласың. Шығарманың геройлары көңіліңе жылы ұшырап кейбіреулері тіпті ыстық тартып тұрады. Оқушыға осындай әсер туғызуы — шығарманың ең бір басты міндеті орындалған сияқты.   Повесте бірнеше жақсы жасалған характерлер, образдар бар. Автор образ жасауға, адам мінезін суреттеуге шебер десек асырып айтқан болмаймыз. Мұндағы кейіпкерлердің мінез-құлқымен де, психологиясымен де, түр-түсімен де, қимыл-әрекетімен де тіпті ой ойлау жүйесімен де қысқасы адамдық болмысымен бір-бірінен дараланған. Бұл жазушы үшін ең бірінші талап, аса керекті қасиет. Қабен мен Тайманның, я болмаса сол екеуімен Сашаның арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Бұл повестегі ең бір тартымды, бояуы толық, тың образдар есебінде Қабенді, Айбарды, Арынғазыны, жағымсыз кейіпкерлерден Дәулетовті, Мусинді, 3әурешті ең алдымен атау керек. Сондай-ақ қысқа да болса Мұңал мен Дәурен сияқты жұмысшылар образы өте тартымды айқын есте қаларлық дәрежеде шыққан. Бұл адамдардың бәрі нағыз шын өмірден тың қалпында жеке-дара характерлер болып кітапқа сәтімен енген. Бұлар көптеген таныс кейде тіпті жолдас болған сыр мінезді адамдар сияқты. Бірақ оқушы осыларды кітаптан емес өмірден көрді. Арынғазы сияқты аңқау, ақ көңіл, оқуға құлықсыздау, ойын-сауыққа құмар студентті жоғары оқу орнынан талай кездестірген боларсыздар. Мұның және бір ерекше қасиеті ойын-сауыққа өзі сайран салып қызық көруден гөрі жұртқа қызмет етуді көреді. Оның сауықтан табатын барлық рақаты жұртқа гармонь тарту ғана. Ол одан шаршамайды да, зерікпейді де. Арынғазы аккордеонның ар жағында басы қылтиып отырған бар кескін-кейпімен, аңқау мінезімен шығармаға өмірден тура дік ете түскендей.   Я болмаса кітаптан көз алмайтын салқын мінезді, тұрмыста тақуалау Қабен ше? Бұл образдың да сыры жақсы ашылған. Қабен анық сара ойдың адамы. Ол еш нәрсені дүдамал, көмескі қалдыра алмайды. Әр пікірін есеп шығарғандай дәл тізімдеп бөліп, түбіріне дейін тінтінектеп қазып атайды. Өмірде дәл осындай адамдар да, жастар да бар.. Жазушы Қабеннің осы тақуа қазымырлығын тартымды бір юмормен суреттеп, сыртқы салқындықтың, құрғақтықтың ар жағынан оның жанының жылуын, ішкі жылы лебін сездіріп қояды. Осы адамның кей мінездерін ұнатпай, кей мінездеріне күлкің келсе де ақыры оны бір түрлі іш тартып қаласың.   Автор жағымсыз кейіпкерлерді де сәтін тауып суреттей білген. Қуыс кеуде, бәле қуғыш, тайыз білімді профессор Мусиннің образы, мінезі іс-әрекетіне сай тәуір суреттелген. Әсіресе әрі тәкаппар, әрі жағымпаз Жабас Дәулетовтің образы сәтті жасалған деп айтар едім. Бізде көбіне жағымпазды суреттегенде оны жылмаңдатып, жалпылдатып, иілдіріп, сызылдырып қояды. Дәулетов олай емес. Ол тәкаппар, паң, сырт көзге өр мінезді адам сияқты көрінеді. Бірақ өстіп жүріп-ақ, сол паң қалпын бұзбастан-ақ керекті адамдарының ебін таба біледі. Дәл осы мінездес мансапқорлар, өмірде бар екені анық. Автор схемаға ұрынбай бұл образды тыңнан ашқан.   Басты кейіпкерлер Тайман мен Надя образдары туралы бөлектеу пікір айтқым келеді. Тайман образы негізінен интеллектік жағынан ішкі ой дүниесінің дамуы, өзге дүниені қабылдауы жағынан дамиды. Тайман көп әрекет етпейді. Ол көбінесе сыртқы істерден, басқа адам әрекеттерінен әсерленуі арқылы суреттеліп отырады. Оның өмірінде екі үлкен толқу бар, оның бірі Надяға ғашық болу, екіншісі әкесінің қазасы. Автор осы екі үлкен рухани толқудың үстінде өз геройының ішкі дүниесін едәуір ашады. Менің ойымша психологиялық жағынан едәуір ашылған Тайман образының сыртқы суреті, характерінің жотасы жоғарғы аталған образдардай айқын емес сияқты. Дәл бір ұмытылмастай есте қалатын, аумай көзге елестейтін кейде сүйіндіріп, кейде күйіндіріп, бірде әттең дегізіп, керек жерде күлдіріп есте қалатын қылық, іс-әрекеттер Тайман басында аз сияқты.   Надя образын автор тереңдетіп, жанды, бейнелі түрде суреттеуге бармаған. Оның реалдық өмірі, тұрмыстағы тіршілігі, мінез-құлқының қырлары көмескі қалған. Негізінде ол кәдімгі тірі қыздан гөрі өте бір асыл, алыста қиялдай бұлдыраған ғашықтық объектісіне айналып кеткен.   Повеске айтылып жүрген сюжеті әлсіз, композициясы болбырлау, бастан-аяқ тартылған өзек жоқ деген сындар менің ойымша осы басты екі кейіпкердің образындағы олқылықтардан туған сияқты. Осы екі кейіпкердің арасы бастан-аяқ шығармаға өзек болын тартылып, автордың осы төңіректе тек қана махаббат емес, тағы да толып жатқан сырларды ашуына мол мүмкіндігі бар еді. Басқалардың қимыл-әрекетін, негізгі оқиғаларды осы төңірекке өргенде повестің композициялық құрылысы жинақы, сюжет желісі тартымды бір жүйемен, негізгі бір арнамен өрбіген болар ма еді.   Шығарманың тілі жақсы дегенде оның кедір-бұдырсыз жатықтығын, автор ойын жеткізуге, оқиғаны баяндауға машықтығын айтып отырған жоқпыз. Ол қолына қалам ұстаған әрбір адамға тән нәрсе болуға тиіс. Онымен жазушы тілінің байлығы да, ерекшелігі де әсте көріне алмайды. Біз ең алдымен автордың әр құбылысты, әр адамның мінез-құлқын, қимыл-әрекетін өз көзімен ғана көріп, бәлкім өзгелер байқамайтын, өз тұрғысынан аңдап, соған лайықты, бояулы суреттер жасай алғанын айтамыз.   Зейнолла тілінің әсіресе көзге түсер бір ерекшелігі онда юмор көп. Ол бір жұртты күлдірейін деп қиналып ойлап тапқан күлкілі эпизодтар емес, шығарманың өн бойына шым-шымдап еніп отыратын табиғи юмор. Автор көп адамдардың мінез-құлқына, оқиғаларға сәл ғана езу тартып, кейде мырс етіп күліп жіберіп жылы көңілмен еліге суреттейді. Бұл повесті оқуға сәтті жағдай туғызады. Кітаптың басынан аяғына дейін оқушы көңілін баураған жайдары жылы сезім үзілмейді. Зейнолланың юморы кейде иронияға ауысқандай болады. Бірақ ол еш уақытта ащы сатираға жете алмайды. Тегінде авторда сатиралық талант жоқ, оның өзі лириктеу адам сияқты.   Жазушы кейде күлкілі портреттерді жап-жақсы жасап өзінің юморлық сезімін айқын аңғартады: «Құдай Христофор ағайға өлшеп-пішіп, қиып кесіп онша сараңдық етпей-ақ «артық кетсе саған кетсін» дегендей, біршама мол бітім берген. Қандай дейсіз ғой? Кешіріңіз, сіз бала күніңізде жаңа жауған қардан жентектеп кісі жасап көрдіңіз бе?.. Жә, оны қоя тұралық, былай: бір күрек иі қанған саз балшықты сылқ еткізіп тегіс жерге тастай салсаңыз — Христофор ағайдың ісінген көнектей жап-жалпақ беті пайда болады. Оның орта тұсына күйген кірпіштің бір кесек сынығын қоя қойсаңыз — Христофор ағайдың жұдырықтай қып-қызыл мұрны шыға келеді. Мұрынның екі жағын ала, сәл жоғарырақтан бас бармағыңызбен екі сызып көз жасаңыз да, оның үстіне тауықтың екі қауырсынын жалбырата шаншып қабақ жасаңыз: ал, қабақтың жоғарғы жағына қанша сызық сыйса, сонша ирек сыза беріңіз: Христофор ағайдың маңдайы қырық қыртыс әжім. Жалғыз-ақ саз балшықтың орнында тұрған тас кесектей төменгі жерін алақандай қып ойып алуды ұмыта көрмеңіз: Христофор ағайдың ешқашан аузы жабылып, езуі жиылып көрген емес» (104-бет). Осы бір өте күлкілі гротескке айналдырып шебер жасалған портретте ащы мысқыл жоқ, жай қағыту, әжуа бар. Осының өзі автор талантының бағытын анықтайтын сияқты.   Осы арада қазіргі жас прозаиктердің көркемдік суреттеу әдісіндегі бір жағдайға тоқтала кеткен жөн. Біздің прозамыздың жас кезінде әдебиетке келген көп жазушылар біраз уақытқа дейін фольклор ықпалынан шыға алмай жүрді. Оларға әсер еткен нәрселер ертегілер, аңыз-хикаялар, мақал-мәтел, афоризмдер. Осының салдарынан олар сезімді берудің орнына дидактикаға ұрынып, суреттеу орнына баяндауға салынып, ал портрет жасағанда ертегідегі дайын портреттердің ықпалына түсіп кететін. Сондықтан да жеке адамның қайталанбас портреті орнына мың адамға салсаң да нобайы келетін стандартты кескін-кейіп, түр-тұлға, кейде тіпті мінездер де жасалатын. Прозаға кейінірек келген жастардың прозамыздың жасырақ кезіне тән болған осы бір суреттеу кемшіліктерінен қашқандығы байқалады. Олар қазір баяндаудың орнына суреттеуге, дидактиканың орнына сезімді беруге, жеке-дара адам портреттерін жасауға тырысады. Бұл, әрине, нағыз маманданған әдебиетші болуға тырысқандық. Бірақ осы жолда жас жазушыларға тән бір үлкен кемшілік барын атап өткен жөн. Ол Әбдіжәмилдің басында, әсіресе Сафуанның басында бар. Әбдіжәмилдің кемшілігі ол кейде қысқа айтылып кететін, негізгі оқиғаға қатынасы шамалы нәрселердің өзін қазымырлап ұзақ, кейде тіпті болбыр суреттейді. Мұның өзі шығарманы ауырлатып, жібін босатып, болбыратып жібереді. Ал, Сафуанға тән кемшілік ол әлі де суреттеу тәсілін меңгере алмай жүр. Жанды портрет жасау орнына анатомиялық портрет, жансыз мүсін жасайды. Ол шамасы адамның бет-аузын түк қалдырмай түгел айтып бергеннен жақсы портрет жасалады деп ойлайтын болса керек. Әдебиетте олай болмайды. Кейде тәптіштеп түп-түгел суреттегеннен гөрі ерекше жанды бір штрихтің өзі көңілге қона кетіп, көп нәрсені аңғартады. Кей жас жазушылардағы ең басты кемшілік адамды анатомша бөлшектеп алдына салады да, оны жанды бейне құрастырып жинастыра алмайды. Барлық көркемдік құралды қосып, қорыта алмайды. Портрет пен мінезді, қимыл мен ішкі дүниені қабыстырып бір-бірінен ажыратып аларға болмастай тұтас бітім жасай алмайды. Табиғат суретінде ауа, тыныс жетпейді де қимыл-әрекет сезімге боялмайды. Кейбір прозалық шығармаларды схемаға айналдырған ең басты көркемдік кемшіліктің бірі осы сияқты.   Ал, Зейнолла повесіндегі бір қуантарлық жағдай ол осы жоғарыда айтылған жас жазушылардың басындағы кемшіліктен едәуір арылған. Оның адамдарының ажарының нұры бар, табиғатының тынысы бар. Біраз жағдайда оқиғаларының да сыры бар. Әрине, мұның бәрі кемеліне келіп, шыңына көтеріліп болған жайттар емес, бірақ бастамасы тәп-тәуір. Келешекте тереңдей түсуіне мүмкіндігі бар. Қазақ әдебиетінің ең бір тәуір үлгілерінен біраз үйренгендігі байқалады.   Осы тәп-тәуір, оқушының көңілін жылытқан шығармада елеулі кемшіліктер де бар. Ең бірінші көзге түсетін кемшілік сюжет әлсіздігінде. Повесте бастан-аяқ тартылған ширақ бір арна жоқ. Сюжет дегенде біз шытырман оқиғаны да айтпаймыз. Әр жазушының стилі әр түрлі. Мысалы, жұртшылық тәуір атаған Вера Панованың «Серіктер» повесінде де бастан-аяқ тартылған жүлгелі оқиға жоқ. Шығарма бірнеше бөлшектен құралатын сияқты. Бұл автордың әлсіздігі ме, білмеймін. Бірақ оқушылар осы повесте сюжеттік тұтастық жоғын байқамады, сүйсініп оқыды. Ал, «Өмір ұшқыны» повесінде осы кемшілік өзін байқатпай қоймайды. Оның негізгі себебі біздіңше мынада сияқты. Панованың повесінде кесек-кесек тұлғалар, олардың биографиясы және бір қатты ескеретін жағдай, үлкен ішкі тартыс бар. Ал, Зейнолла повесінде көп образдар штрихпен беріледі де ішкі тартыс бәсең. Сондықтан көп жағдайда керексіз адамдар қабаттасып, онсыз да әлсіз оқиғаны ауа жайылтып әкетеді.   Көп әдебиеттерде оқиғаға, қимыл-әрекеттерге жөнді мән бермей тек адамның ішкі дүниесіне, психологияға құрылған шығармалар да бар. Барлық шығармада бірдей шытырман оқиға болуы міндетті емес. Ал, Зейнолла повесінің сюжетін сұйылтып тұрған нәрсе шым-шытырық оқиға тізбегінің жоқтығы емес, драматизмнің әлсіздігі. Кейіпкерлер арасында қарама-қарсы талас-тартыс, қайшылық, арналы күрес аз болғандықтан яғни оқиға драматизмі аз болғандықтан жазушы жеке кейіпкерлердің басындағы драмаға қарай бой ұруға тиіс еді. Ал, автор олай етпеген. Кейіпкерлердің басына түсетін қиындық мұнда аз. Бола қалса оңай жеңген. Автор көп жайттарға тереңдеп бармай, ұштығын аңғартады. Лапылдаған жалынның орнынан ұшқынын көрсетеді. Сондықтан да повесті оқығанда оның жақсы қасиеттерімен бірге бір түрлі тоқмейілділік сезім туады, бұл самарқаулық тек сюжет желісінің әлсіздігінен ғана емес, сонымен бірге әсіресе шығарманың ішкі құрылысының босаңдығында деп білеміз.   Әлі де шығарманың кейіпкерлерін екшеп, азайтып, оның орнына кейбір образдарды көбірек дамытып, әркім жасаған қысқа, келте қимылдарды тұтастырып жүйелей түсу керек сияқты. Сапаров пен Арман әрекеті. Рас, бұл екеуі екі жағынан көрінеді. Бірақ осы жағымды геройлардың істері эпизодтық дәрежеде қалған. Олардың Мусинге қарсы күресі үлкен тартысқа айналмай, жеке қақтығыстар төңірегінде тұйықталған. Шығармада жалпы тартыстың негізі белгіленіп, алғашқы қақтығыстар көрсетіледі де, күрес одан әрі ширығып дамып кете алмайды. Бұл сөз жоқ, оның композициялық құрылысын босаңдатады.   Прозалық үлкен шығарма — ішіне көрген-білгеннің бәрін тыға беретін созылмалы резинка қапшық емес, артық жапсырылған да, ойсырап олқы тұрған да еш нәрсесі жоқ, тұтас бітім. Осыны біздің көп жазушыларымыз ескермейтін сияқты. Роман, повестің ішіне өзі білген нәрселердің бәрін сыйғызуға тырысады. Сорайып бөлек тұрған бұтақтарға тарамайды. Жазушы кітаптың әр бетін қолдан келгенше тығыз ету керек. Әр оқиға, эпизод, көрініс жалаң болмай, екі қабат, үш қабат, тіпті қат-қабат болып жатуы керек. Мысалы, «Өмір ұшқыны» повесінде мынандай бір көрініс бар. Алмасқа біреу телефон соғып едәуір керілдеседі. Осының өзі бір беттен артық орын алады. Ал, айдаладағы біреу осы шығармаға неге керек бола қалды десек, ол автордың мынандай бір афоризмін айту үшін қажет болған екен. «Бастық болған адам жұрттың бәрін қолбала көруге бола ма? Терең кабинеттегі тайыз мінездер қашан құрыр екен?!» (116-бет). Өмірдегі біз көріп жүрген кемшіліктердің бәрін қыстыра беруді кітап көтермейді, ал егер автор әсте шыдай алмай, осы бір кемшілікті міней кеткісі келсе, оған қосымша осы көріністі тағы пайдалануға болатын еді. Өйткені әлгі бастық Алмастан телефон арқылы Мағрипаны сұрайды. Әйелдің атын атамай «Ернардың әйелі керек» дейді. Ал повестің өн бойында аралары белгісіз Алмас пен Мағрипаның қосылып қойғанын аяғында бір-ақ біліп қаламыз. Ал, автор дәл осы арада Мағрипаның бұрынғы күйеуінің аты аталғанда Алмас жүрегін дір еткізіп, оның көңіліндегі қызғанышты аңғартып кетуіне болатын еді ғой. Мінеки, сонда әлгі әдепсіз бастық та сыналады, кейіпкердің де сезімі көрініп қалады. Жазушы тек қана кейбір қызметкерлер жақсы тақырыптағы лекцияны жаман жасап, жалықтырады деген сын айту үшін парктің ішінде болған бір лекцияны бет жарымға суреттейді. Я болмаса, алдында еңбек сүйгіштігі көрінген Алмастың жұмыс істеп, кітап оқығанын да ұзақ баяндап кетеді. Міне бұлар шығармаға пайдасы жоқ, қиып тастауды керек ететін нәрселер.   Тағы бір біз байқаған, бірақ тез жойылатын ұсақ кемшілік: автор реалистік сарында баяндап келе жатып, кейде күтпеген жерден орынсыз патетикаға ұрынады. Мұның өзі байсалды, сабырлы әңгіме айтып келе жатып, күтпеген жерден айқайлап жібергендей әсер туғызады. Мысалы: «Надяның әкесі Николай Ленский төс қалтасынан сағатын шығарып, Кремль мұнарасындағы мәңгілік сағатпен, дәуір сағатымен түзеп алады да, жұмысына трактор паркіне жөнеліп бара жатады. Оны Москва еліміздің қасиетті гимнімен шығарып салады» (240-бет).   Я болмаса, әкесі қайтыс болған соң екі-үш күннен кейін қайтадан оқуына жүріп бара жатқан Тайман құлыным деп құшқан шешесіне былай қоштасады: «Мама! — деп құшақтай алды Тайман шешесін, — мен жүремін. Оқуымды тез бітіріп келемін. Мұңал ағамның қасына келемін. Адам неге өледі, қой, нағыз адам өлмейді. Мәңгілік өмір деген осы екен ғой!» (360-бет).   Мұндай орынсыз патетика реалистік шығарманың бойына сіңе алмай сынаптай бөлініп тұрады.   Көркем суреттеуді, образ жасауды, адамдардың характерін ашуды тым тәуір меңгеріп қалған Қабдолов шығармасының бойындағы ең ірі кемшілік — және біз жоғарыда айтқан кемшіліктердің бәрі осыдан туындайтын сияқты, — ол повесте суреттелген өмірдің тайыздығында. Повесте өмір шындығы бар, өмірді білу бар, бірақ өмір сырына терең бойлау жағы кеміс сияқты. Жазушы өмірдің үстіңгі қабатын алған.   Повесті оқып бітіргенде жайдары көңілмен жабасың. Көз алдыңнан күншуақ өмір өтеді. Жап-жақсы жарқын жастарды көресің. Олардың ертеңі қандай болатыны да көрініп-ақ тұр. Мамандығы емес, адамдығы көрініп тұр. Жазушының жаны жұмсақ, өзі көңілшектеу сияқты. Өмірдің шуағынан басқа сызы, сүйенішінен басқа ызасы, күйініші, сәтімен бірге сәтсіздігі, татулығынан басқа арналысы, қиян-кескі күресі бар емес пе? Жастардың достығымен бірге түңілуі бар емес пе? Автордың өз сөзіне шамаластырып айтқанда, бұл шығармада өмірдің ұшқыны көрінген. Ал оның келесі шығармасынан біз өмірдің жалынын да, ызасын да күтеміз. Соны оның алдына қатты талап етіп қоямыз.   Биыл баспадан шыққан Райымқұл Әутәліповтың «Әке досы» әңгімелер жинағы әдебиетімізде көңіл аударарлық нәрсе. Соңғы жылдары аздаған ілгерілеу байқалғандықпен, біздің әдебиетімізде, новелла жанры ұзақ жылдар тоқырап қалды. Қазақ әңгімесінің негізін қаласқан Әуезов, Мүсрепов, Мұқанов, Әбішев сияқты жазушылар үлкен шығарма жазуға бой ұрды да әңгіме жазудан тыйылып қалды. Жалғыз Иманжанов қимылы бұл жанрды тоқыраудан шығара алмады. Сөйтіп көп уақыттардан бері әңгіме жазу тек балалар үшін жазатындардың ғана үлесіне дербес тиіп келді. Соңғы кезде әңгіме жазушылар саны көбейіп келеді. Солардың ішінде көбірек те, сәттірек те жазатын жас прозаик Райымқұл Әутәліпов. Ол ең алдымен әңгіме жазу ерекшелігін ұғынған. Ондағы әр жазушыға шартты болса да, көп жазушыларымыздың бойынан табыла бермейтін бір қасиет дүниені өз тұрғысынан өз көзқарасымен көруі. Суреттейтін өмір құбылыстарын өз көңілінің елегінен өткізуі. Әзір шеберлікке жетіліп болмаса да Райымқұлдың өз бояуын өзгемен шатастырмай тануға болады. Жазушыда нәзік байқампаздық бар. Ол характер ашуда ұсақ штрихтарды сәтті пайдаланады. Оқиғаны, геройлардың қимыл-әрекеттерін жазушы лирикалық жылы сезімге бөлеп жеткізеді, Райымқұл талантының негізгі бағыты осылай сияқты. «Тың сөйлейді» деген әңгімесінде ол алыстан келген жас қыздың тағдырын сөз етеді. Бұл өте бір нәзік сырлы әңгіме. Мұнда жас қыздың жан толқыны лапылдап лауламай, іштей толқып, сыртқа тепсінетін сырлылықпен өзінше әсем бір күйде жеткізілген. Әңгіменің бас кейіпкері Инесса Украинадан Қазақстанға тыңға келеді. Онымен бірге оның қазір басқа адамға үйленіп келген ғашығы да келеді. Инесса соның қарауында істейді. Қызғаныштан шыдай алмай қайтадан қашып кету әрекетін де жасайды. Қыз сезімінің алғашқы сәтсіздігі, оның қызғанышы, жаңа жер, жаңа ортаның Инеске әсері әңгімеде сараң бояулармен тартымды суреттелген; мұнда кішкентай болса да өзінше тағдыр, адам образы жасалған. «Сабантой» әңгімесінде де адам тағдыры әжептәуір көрінеді.   Әутәліповтың «Әке досы» әңгімесі де сәтті шыққан. Мұнда орыс пен қазақтың қарапайым екі шаруасының арасындағы адамдық достық қонымды суреттелген. Жазушы осындайда жиі кездесетін, әсіре-қызылдан, жасандылықтан аулақ адамдардың қарым-қатынасын, қарапайым өмір құбылысын шыншыл суреттей білген.   Бірақ бұл жинақтағы әңгіменің бәрі пісіп жетілген, көркемдік бітімінде мін жоқ нәрселер емес. Ең алдымен көзге түсетін нәрсе — автор алуан түрлі тақырыптарға барады. Бірақ ол тақырыптардың бәрі бірдей авторға жақын, көңілінде пісіп жетілген нәрселер емес, сондықтан да кейбір әңгімелері үстірт, тартымсыз болып шығады. Автор өзі жеткен биігінен айрылып, құлдырап төмендеп кетеді. «Сыйлық», «Жылқышылар», «Юбилей» әңгімелері осыны аңғартады. Мұндай жағдайда автор өзіне тән лиризмнен айрылып, құрғақтыққа, үстірттікке ұрынады. Кейде тіпті схемаға да түсіп кетеді. Әутәліпов іздену жолында. Ол күшін әр қияға бір салып байқағысы келетін сияқты. Өзіне тиісті сабақ ала алса, оның осы алғашқы жинағында талантының бейім күшті жағы да, тайғанақтап кететін әлсіз жағы да өзгелерден анық көрініп тұрған сияқты.   Соңғы жылдары әдебиетке араласа бастаған Қалмұқан Исабаев әңгімелерінің көбін Қазақстаннан тыс тақырыпқа арнайды. Біз бұған қарсы болмасқа тиіспіз. Туысқан халықтар өмірі де қазақ әдебиетіне ене берсін. Исабаевтың «Шаруа бақыты» деген әңгімесі сәтті шыққан. Автор демократияшыл Германиядағы тап тартысының бір эпизодын көркем суреттеген. Мұнда әлінше тәп-тәуір адам характерін ашумен бірге, жас жазушы шаруа психологиясындағы өзгерісті де сәтті байқаған. Исабаевтың «Қазақ вальсі» әңгімесі де оқушыны қызықтырады.   Исабаевтың тілі нашар болатын. Қазір автордың тіл жағынан төселіп келе жатқаны байқалды. Бірақ әлі де оның тілі кедейлеу.   Әбдіраш Көпбаев «Шалдуар» дейтін әңгімесінде адам характерін ашуға бой ұрды. Адам мінезін суреттеуде әп-әдемі бояулар тапты. Суретшілік талантын аңғартты. Бірақ Көпбаевтың өзге әңгімелері оқушыны еліктірмей жүр. Ол көбіне әңгімені тартымсыз сюжетке, тиянақсыз оқиғаға құрады. Тың суреттер таба алмай зеріктіреді. Дәл осы сынды — еңбегі жарияланса да жазушылыққа жете алмаған С. Алдабергенов әңгімелері жайында да айтуға болады. Оның көп әңгімелері түйінсіз жайттарға, жалаң саяси тақырыптарға құрылады да көркемдік шешімі жабайы келеді.   Жас прозаик Кәрім Баялиев өмірден өзі көрген-білгенін жазады. Оның әңгімелерінің тақырыбы тың, осы күнге дейін еленіңкіремей келген өмірдің түрлі салалары. Авторда қысқа әңгімеге бейімдік бар. Жас жазушыда ой, фантазия бар. Бірақ шеберлік жоқ, тілі нашар, сөз саптауы қалыптаспаған. Екінші кемшілік — қай әңгімесінде болсын геройының ішкі сырын толық аша алмайды. Бірақ жазушыда от бар, қолтығынан демеп жіберсе, әрі қарай өзі алып кететіні көрініп тұр. Оның «Сіз кімсіз?» деген әңгімесі осындай сенім туғызады.   Жап-жақсы әңгімелер жазып талантын танытқан Сайын Мұратбековтің (Талдықорған) «Менің қарындасым» деген әңгімесі жүрекке жылы, тартымды, әдемі шешімін тапқан.   Қуанышты нәрсе, соңғы жылдары проза жанрында жастар көбейіп келеді. Олар қазақ әдебиетінің сан жағынан көп болмаса да күшті проза отрядын молайтуда.   Біздің қазақ әдебиетінің әсіресе, қазақ прозасының үлкен жетістіктері бары сөзсіз. Сонымен бірге әдебиет даму үшін, кейбір елеулі кемшіліктеріне, дамуға бөгет құбылыстарға тоқталмай кетуге болмайды.   Біз біраз жылдар РАПП-тың ескі ауруын қайта қоздатқан тартыссыздық теориясы, өмірді жылтыратып көрсету сияқты кеселдерге қатты шалдықтық та, соның салдарынан құлан-таза айығып кете алмай жүрген сияқтымыз. Көп шығармаларымыздың бойындағы кемшілік те осы зардаптан. Жоғарыдағы айтылған Қабдоловтың повесінің бойындағы кемшіліктер де осы тартыссыздық теориясының салқынынан сияқты. Жазушының прозалық талантын танытқан, кей жағдайда суреткерлігін аңғартқан С. Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романына да тартыссыздық теориясы көп зиян тигізді. Сондықтан да көп жерде шығарманың тынысы әлсіз, геройлары сылбыр тартып, құрғақ ақыл иелеріне айналған. Жазушы «үлгілі студенттерді» көрсетем деп жастарын ойнақы мінезден, жастық жалыннан айырып, ертерек қартайтып алған. Бұл жастар сүрінбейді де, еш нәрсеге өкінбейді де, ұрынбайды, ең аяғы ғашық болған қызы мещанка болса, жүрегі дір етпестен нотация оқып, тастап кетіп жүре береді. Оп-оңай үлгілі қыз тауып алады. Міне осының салдарынан Мәулен, Женя сияқты жағымды геройлар жансыз схемаға айналып кеткен. Қайта Инеш, Мұздарапов сияқты жағымсыз геройлардың бойынан аз да болса сезім, өмір байқалады. Сөйтіп, керісінше — жазушы мақтаймын дегенін жамандап, жамандаймын, дегенін мақтап алған. Бұған үлкен себеп, роман 1953 жылы дайын болғанмен, 1950 жылдардан

 

БҮГІННЕН ЕРТЕҢГЕ[1]

 

Республика жас жазушыларының бұл мәслихаты совет халқы өмірінде тарихи оқиға болған, еліміздің одан әрі коммунизмге қарай даму жолында, бүкіл социалистік қозғалыстың дамуында жаңа белес болуға тиіс. Совет Одағы Коммунистік партиясының XX съезінен кейін бірінші рет шақырылып отыр. Партияның XX съезі халқымыздың алдына ұлы міндеттер қойды және еңбекшілердің саналы творчестволық инициативасының өркендеуіне кең жол ашты. Ілгеріректе белгіленіп, XX съезде кең де терең талқыланып ұлы арнаға түскен партия мен үкіметтің еліміздің өндірістік қуатын арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жайындағы шаралары іске асып, тамаша жемістерін бере бастады. Бұл ретте етене бауырымыз Коммунист партиясының, оның Орталық Комитетінің көреген саясаты жеңісінің ғажайып айғағы есебінде бұрынырақта жартылай құлазып жатқан қазақ даласынан биылғы жылы Отан қамбасына құйылған бір миллиард пұт астықты айтсақ та жеткілікті. Қазақстан еліміздің ырыс-құт мекеніне, молшылық бұлағына айналды.

 

XX съезд еліміздің өндірістік қуатын, материалдық байлығын ұлғайтуда әр еңбекшінің инициативасын, қабілетін барынша жұмсауына кең жол ашса, мәдени құрылысымыздың да бұдан әрі дамуына сара жол ашты. Көркем өнердің терең, соны, тың құбылыстары арқылы халқымыздың рухани байлығын жаңа сатыға көтеру мүмкіншілігін меңзеді. Көркемдік жаңа биіктерге көтерілу мақсатын қойды.

 

Бұл биік мақсатқа жетудегі біздің көркемдік құралымыз талай сыннан өткен, өзін ақтаған социалистік реализм әдісі болмақ. Партия біздің әдебиетіміздегі елеулі кемшіліктерді ашып көрсетті. Жазушыларымыздың совет халқының зор талабының биігіне жете алмай келе жатқанын ескертті. Аты шулы тартыссыздық (конфликтсіздік) теориясынан әдебиетіміздің аса үлкен зиян шеккенін және соның зардабынан әлі де құлантаза арылып болмағанымызды біз жасырмаймыз. Әрбір жаман дағдының өмірі едәуір болады, ол біраз уақытқа дейін шалғайға жармасып қалмайды. Осыған байланысты совет әдебиетіндегі елеулі кемшіліктерге қарсы біраз сын айтылды.

 

Бірақ социалистік кейбір елдердегі өздерін халық үшін жазатын, социалистік идеологиядағы жазушылар санатына қосатын әдебиетшілер, біздің өзіміз қатал сынға алған кейбір кемшіліктерімізді ілік етіп, социалистік реализм әдісіне қарсы ашық шабуыл жасауға дейін барғаны мәлім. Бұл өзі теріс ниеттен, не болмаса адасушылықтан тусын, түп негізі соңғы кездегі халықаралық жағдайға орай буржуазиялық идеологияның белсене бастауынан туған нәрсе сияқты. Бірақ адам баласының көркемдік дамуында ұлы қызмет атқарған, XIX ғасырда өзінің асқар биігіне көтерілген сыншыл реализмнің заңды мұрагері, Октябрьде туған жаңа заманның көркем ойының көрінісі болып дүниеге келген социалистік реализм әдісінің берік іргетасы ондай соқтықпадан мұқалмайды. Қырық жыл бойы ең гуманистік идеяның, халық ойының көркем көрінісі болын, социалистік құрылыстың жауынгерлік құралына айналып, дүние жүзілік дауылдарда қалтырамай, торықпай адам баласын жарқын болашаққа, өмірге үндеген социалистік реализм әдебиетіне, оның қарсылары қай әдіс, қай әдебиетті қарсы қоймақ? Декадансты ма? Әлде сюрреализмді ме? Әлде тағы осылар сияқты соғысты, бүліншілікті, адамға деген өшпенділікті, моральдық азғындықты, қасиетсіздікті уағыздайтын, ең бері салғанда өмірден безінуді, әділеттіктен күдер үзуді, дүниеден түңілуді уағыздайтын ағымдардың қайысын қарсы қоймақ? Біз қазіргі замандағы дүние жүзі әдебиетінің табыстарын жоққа шығарудан әсте аулақпыз. Олардан шеберлікке үйренуге социалистік реализм тыйым салмайды. Және өзге елдердің алдыңғы қатарлы жазушылары социалистік реализм әдебиетінің табысына зор құрметпен назар аударатыны анық.

 

Біздің кейбір кемшіліктерімізді, сындағы кейбір сыңаржақтық жайларымызды тілге тиек етіп, қайсыбіреулер социалистік реализм әдісіне қанша күйе жағуға тырысса да оның таза тәніне жұқпайды.

 

Осы құнарлы әдіспен қаруланып шарықтап өскен біздің жас прозамыз жүздеген жылдар прозалық дәстүрі бар европалық әдебиетпен көркемдік дәрежесін ұялмай салыстыруға болатын «Абай», «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ботакөз» романдарын, сондай-ақ жас драматургиямыз «Еңлік — Кебек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Түнгі сарын», «Ақан сері — Ақтоқты», «Достық пен махаббат» пьесаларын туғызды. Қазақ поэзиясы жаңа сатыға көтеріліп, соны өріс тапты.

 

Қазақ әдебиетіне соңғы жылдары жас таланттар, жаңа шығармалар қосылып толықты. Соғыстан кейінгі он жыл ішіндегі қосылған таланттардың шығармаларын қоспасақ қазіргі қазақ әдебиеті анағұрлым олқы болып көрінер еді. Әсіресе поэзия, әдеби сын жанрларында жас кадрлар көбірек есті. Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев сияқты әдебиетке соғыстан кейінгі келген ақындар қазақ совет поэзиясына елеулі үлес енгізіп, оның көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Бұлардан басқа да поэзияға өз үнімен келген, өскелең ақындар аз емес. Бұлар туралы жас деп айтуға да болмайды. Олардың ізін басқан таланттар да ауыз толтырып айтуға жарап қалды. Әдебиетке кейінірек келсе де осы күнгі әдебиет сынының негізгі жүгін арқалап жүрген, совет әдебиетін кеңірек зерттеп монографиялар жаза бастаған Тәкен Әлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Серік Қирабаев, Баламер Сахариев, Мырзабек Дүйсенов, Ә. Нарымбетов сияқты сыншылар бар. Әдебиет сынына соңғы жылдары араласа бастаған Қалжан Нұрмаханов, Қаратай Құттыбаев, Рахманқұл Бердібаев т. б. өз қабілеттерін сәтті аңғартты.

 

Проза жанрындағы жас кадрлардың өсуі жоғарғы аталған екі жанрдан қалықтау болса да мұнда да жастардың өсуі байқалады. Ә. Нұрпейсовтың «Күткен күн» (Курляндия), С. Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романдары, З. Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесі, Б. Сокпақбаевтың «Алыстағы ауылда» повесі мен әңгімелері, Н. Ғабдуллиннің повесі мен әңгімелері, С. Сарғасқаевтың екі повесі, С. Баязитовтің әңгімелері шықты. Көріп отырсыздар, жас прозаиктер жазған шығармалар сан жағынан аз емес. Бұған P. Әутәліповтың, С. Алдабергеновтің, Н. Серәлиевтің әңгімелерін, журналда жарияланған Ө. Қанахиннің «Ауыр күндер» романын, Б. Тоқтаровтың «Бақыт жолы», А. Байтанаевтың «Болат» повестерін т. б. қоссақ бұл тізім ұлғая береді.

 

Жоғарғы аталған екі жанрдан прозадағы жастардың өсуі қалықтау дейтін себебіміз сан жағынан емес, осы жанрдағы жастар шығармаларының қазақ прозасындағы алатын орны, дәрежесі жағынан. Егер де поэзияға соғыстан кейін қосылған Хамит Ерғалиев поэмалары, Сырбай Мәуленов өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясының ең ілгері қатарына көтерілді десек, солармен қатарлас прозаға келген жастардың шығармалары жөнінде мұны айту әлі ертерек. Оған кейбір себептер де болуға тиіс. Біздің прозамыз кешеуілдеңкіреп, кейін өсті. Алдыңғы буын жазушылары да әдебиетіміздегі осы тың жанрда кейінірек қалыптасты. Қазіргі жеткен биігін қырқыншы жылдары тапты. Екіншіден, проза ауыр жанр. Бірден өмірді жан-жақты және терең қамту, көркемдік шеберлікке жетіліп кету өте сирек кездесетін нәрсе. Бірақ проза жазып жүрген жастардың өсу тенденциясы бар. Олардың көбі қазір іздену, шеберлігін шыңдау жолында.

 

Қазіргі проза жазып жүрген жастардың көбіне тән нәрсе олардың әдебиетке бірсыдырғы жазушылық мәдениетпен келуі. Егер де, біз соғыстан бұрынғы прозаға араласқан жастарды алсақ олардың көбінде-ақ осы жазушылық мәдениет кем болатын. Өзгені қойғанда, қазақ прозасының жақсы үлгілерінен жете үйрене алмаған болатын. Олар қарасөз құралын жете меңгере алмай, суреттеу тәсіліне жетіле алмай, оқиғаны қара дүрсін жалаң баяндайтын. Сол кездегі жазушыларға мұндай примитивизмнен арылу аса қиын болды. Ал, қазіргі әдебиетке келген жастар прозаның барлық компоненттерін, суреттеу тәсілін, аз-кем болсын композиция құру өнерін, портрет, пейзаж жасау әдістерін, ең маңыздысы адамның ішкі дүниесін суреттеуді азды-кем меңгеріп яғни маман әдебиеттің талабына жауап берерлік жағдайға келуде. Мұның өзі жас прозаиктердің бұдан былай жедел өсуіне негіз боларлық нәрсе. Әдебиеттік жолын ірі шығармалар жазудан бастаған Ә. Нұрпейсов, С. Шаймерденов, 3. Қабдолов алғашқы шығармаларында осындай жанр ерекшелігін едәуір меңгергендіктерін, прозаға дайындықтарын жақсы танытты. Бұл аталған жазушылардың роман, повестері кейбір кемшіліктеріне қарамастан осы күнгі қазақ әдебиетінің талабына жауап берерлік шығармалар.

 

Егер де бұл қуантарлық жай болса, осы жас прозаиктерге тән негізгі кемшілік бар сияқты. Оның бірі ірі шығарманы бастан-аяқ көркемдік тиянаққа (художественная завершенность) жеткізе алмау. Негізгі оқиға мен жанама оқиғалардың, негізгі кейіпкерлер мен жанама кейіпкерлердің ара салмағын пайымдай алмай, негізгі идеясын көркемдік тұрғыдан тиісті дәрежеде дамыта алмауы. Екінші кемшілік, өмірге терең бойлай алмай, көбіне үстіңгі қабатта жатқан оқиғаларды шығармаға өзек ету. Бұл екі кемшілік те жастыққа байланысты жүре түзелетін нәрсе.

 

Өткен жылы пленумда жас жазушылардың драматургиясы туралы арнайы баяндама жасалды. Одан бері бір жыл өтсе де соғыстан кейінгі драматургияға келген жас жазушылар жөнінде біз тілге тиек етер еш нәрсе таба алмадық. Өйткені соңғы он жылдан бері бұл жанрда жастар қаламынан шыққан елеулі бір де шығарма жоқ. Ең мықтағанда белгілі бір науқанға лайықталған, тез ұмыт болып жатқан азын-аулақ бір-екі актылы шағын пьесалар ғана бар. Өткен жылғы баяндамаға іліккен ірі пьесалардың бәрі әлі де піспеген, шала-шикі нәрселер болатын. Бұл шығармалардың аяғы қазір қойболдыға айналған сияқты. Драматургияның болашағы бізді қатты ойландыруға тиіс. Жалпы қазақ драматургиясы, театр өнері қазір өрлеу үстінде деп ешкім де айта алмайды. Біздің театр өнеріміз қырқыншы жылдардың бас кезіндегі биігінен көтеріле алған жоқ. Тартыссыздық теориясынан қатты зиян шеккен драматургиямыз бен театр өнерін тоқыраудан шығару үшін әлі де көп жұмыстар керек. Сол шараның бірі есебінде көмек көрсету, жанр ерекшелігін меңгеруге, білімін, мәдениетін көтеруге жәрдем ету Қазақстан жазушылар одағының ең басты міндетінің бірі болуға тиіс.

 

Бұл саладан Амантай Сатаевтың алғашқы адымы көңілге медеу боларлық. Ол қиын кинодраматургия жанрында еңбек етіп жүр. «Құрманғазы» атты киносценарий жазды. Қазір «Ақбөпе» сценарийін жазып жүр. Жас таланттың алғашқы табысына қуана отырып оған: «Тек ертерек тарихи тақырыпқа, дайын сюжетке бой ұрып, жазушылық жолыңның бас жағын жеңілдетіп алма, өйтсең кейінгі жағы қиын болып жүрер», — деген тілек артқымыз келеді.

 

Соңғы жылдары жастардың творчество жолында көп ізденуі, творчестволық белсенділігі артқаны байқалады.

 

Кейбір жас жазушылар алғашқы үйрену кезеңінен өтіп, шеберлігін шыңдап көркемдік бітімі түгел келген сындарлы шығарма жазуға шындап ниет етті. Әбдіжәмил Нұрпеисов «Курляндия» романын қайта қарап көп жөндеді. Бұл роман жөніндегі кейбір біздің ойымызша жаңсақ пікірлерге тоқтала кеткен жөн. Алғашқыда тәуір аталған осы шығарманы кейінгі кезде «нашар, сын көтермейді» деген пікірлер туып жүр. Біздіңше бұл қате пікір. «Курляндия» романында жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді. Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ып-ыстық жанды күйінде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет — жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма құралы есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті. Бұл романның көптеген әсем беттерінің көркем бояуы әлі де оңған жоқ. Бірақ осы қуантқан қасиеттерімен бірге «Курляндия» романында жастықтан, тәжрибесіздіктен туған көптеген кемшіліктер де болды. Ол ең алдымен шығарманың композициясының болбырлығы, басты оқиғалары солғын тартып, жанама қосымша оқиғалардың романда өте көп орын алуы. Көп жерлерде орынсыз шұбалаңдық, ұзақтық. Автор көрінген нәрсеге қызығып суреттеуді тек суреттеу үшін қолданған жерлері де аз емес. Қысқасы, автор негізгі оқиғалар мен негізгі геройларды роман ішіндегі қалың көпшіліктен бөліп, жеріне жеткізе, шағындата көтеріп суреттей алмады. Тақырыпты еркін меңгере алмай, қалың оқиғаның ықпалына түсіп ығыңқырап кеткен. Бұл романның «Күткен күн» деген атпен қысқартылып жарияланған вариантының өзінде автор жоғарыдағы айтылған көп кемшіліктерден арылып, шығарманың жібін ширатып, суын сығып, біраз жөндегенін көреміз. Қазір жазушы бұл жұмысын толық аяқтады.

 

Бұрынырақта әдебиет сыншысы есебінде көрініп, әдебиетте біраз ой-пікір аңғартқан Зейнолла Қабдолов прозаға көлемді шығармамен келді. Өткен жылы «Әдебиет және искусство» журналында оның студент жастар өмірінен жазылған «Өмір ұшқыны» атты повесі жарияланды. Ол таяуда баспадан кітап болып шықты. Еске алатын бір жағдай повестің журналдағы варианты мен кітаптың арасында едәуір өзгеріс бар. Бұл өзгеріс көлем жағынан ғана емес,ең алдымен сапасы жағынан, көркемдігі жағынан. Журналдағы үстірт айтылған жайлар кітапта тереңірек, толығырақ қамтылады. Бірсыпыра образдар одан әрі толықтанып кемелдене түскен. Шығарманың тілі де жақсарып суреттері айқындалып көркемдене түскен.

 

Автор үлкен совет өмірінің бір бөлшегін – университет өмірін ойып алып,оны тарамдап жұмысшылар өміріне жалғастырып оқушыны сол бір әсем де жарқын, көңілге жылы жастық болмыспен таныстырады. Бұл шығарманы оқып шыққанда әдемі жарқын өмірді көз алдыңнан өткізіп, әр түрлі жақсы адамдармен танысып, олардың сырын ұққандай боласың. Шығарманың геройлары көңіліңе жылы ұшырап кейбіреулері тіпті ыстық тартып тұрады. Оқушыға осындай әсер туғызуы — шығарманың ең бір басты міндеті орындалған сияқты.

 

Повесте бірнеше жақсы жасалған характерлер, образдар бар. Автор образ жасауға, адам мінезін суреттеуге шебер десек асырып айтқан болмаймыз. Мұндағы кейіпкерлердің мінез-құлқымен де, психологиясымен де, түр-түсімен де, қимыл-әрекетімен де тіпті ой ойлау жүйесімен де қысқасы адамдық болмысымен бір-бірінен дараланған. Бұл жазушы үшін ең бірінші талап, аса керекті қасиет. Қабен мен Тайманның, я болмаса сол екеуімен Сашаның арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Бұл повестегі ең бір тартымды, бояуы толық, тың образдар есебінде Қабенді, Айбарды, Арынғазыны, жағымсыз кейіпкерлерден Дәулетовті, Мусинді, 3әурешті ең алдымен атау керек. Сондай-ақ қысқа да болса Мұңал мен Дәурен сияқты жұмысшылар образы өте тартымды айқын есте қаларлық дәрежеде шыққан. Бұл адамдардың бәрі нағыз шын өмірден тың қалпында жеке-дара характерлер болып кітапқа сәтімен енген. Бұлар көптеген таныс кейде тіпті жолдас болған сыр мінезді адамдар сияқты. Бірақ оқушы осыларды кітаптан емес өмірден көрді. Арынғазы сияқты аңқау, ақ көңіл, оқуға құлықсыздау, ойын-сауыққа құмар студентті жоғары оқу орнынан талай кездестірген боларсыздар. Мұның және бір ерекше қасиеті ойын-сауыққа өзі сайран салып қызық көруден гөрі жұртқа қызмет етуді көреді. Оның сауықтан табатын барлық рақаты жұртқа гармонь тарту ғана. Ол одан шаршамайды да, зерікпейді де. Арынғазы аккордеонның ар жағында басы қылтиып отырған бар кескін-кейпімен, аңқау мінезімен шығармаға өмірден тура дік ете түскендей.

 

Я болмаса кітаптан көз алмайтын салқын мінезді, тұрмыста тақуалау Қабен ше? Бұл образдың да сыры жақсы ашылған. Қабен анық сара ойдың адамы. Ол еш нәрсені дүдамал, көмескі қалдыра алмайды. Әр пікірін есеп шығарғандай дәл тізімдеп бөліп, түбіріне дейін тінтінектеп қазып атайды. Өмірде дәл осындай адамдар да, жастар да бар.. Жазушы Қабеннің осы тақуа қазымырлығын тартымды бір юмормен суреттеп, сыртқы салқындықтың, құрғақтықтың ар жағынан оның жанының жылуын, ішкі жылы лебін сездіріп қояды. Осы адамның кей мінездерін ұнатпай, кей мінездеріне күлкің келсе де ақыры оны бір түрлі іш тартып қаласың.

 

Автор жағымсыз кейіпкерлерді де сәтін тауып суреттей білген. Қуыс кеуде, бәле қуғыш, тайыз білімді профессор Мусиннің образы, мінезі іс-әрекетіне сай тәуір суреттелген. Әсіресе әрі тәкаппар, әрі жағымпаз Жабас Дәулетовтің образы сәтті жасалған деп айтар едім. Бізде көбіне жағымпазды суреттегенде оны жылмаңдатып, жалпылдатып, иілдіріп, сызылдырып қояды. Дәулетов олай емес. Ол тәкаппар, паң, сырт көзге өр мінезді адам сияқты көрінеді. Бірақ өстіп жүріп-ақ, сол паң қалпын бұзбастан-ақ керекті адамдарының ебін таба біледі. Дәл осы мінездес мансапқорлар, өмірде бар екені анық. Автор схемаға ұрынбай бұл образды тыңнан ашқан.

 

Басты кейіпкерлер Тайман мен Надя образдары туралы бөлектеу пікір айтқым келеді. Тайман образы негізінен интеллектік жағынан ішкі ой дүниесінің дамуы, өзге дүниені қабылдауы жағынан дамиды. Тайман көп әрекет етпейді. Ол көбінесе сыртқы істерден, басқа адам әрекеттерінен әсерленуі арқылы суреттеліп отырады. Оның өмірінде екі үлкен толқу бар, оның бірі Надяға ғашық болу, екіншісі әкесінің қазасы. Автор осы екі үлкен рухани толқудың үстінде өз геройының ішкі дүниесін едәуір ашады. Менің ойымша психологиялық жағынан едәуір ашылған Тайман образының сыртқы суреті, характерінің жотасы жоғарғы аталған образдардай айқын емес сияқты. Дәл бір ұмытылмастай есте қалатын, аумай көзге елестейтін кейде сүйіндіріп, кейде күйіндіріп, бірде әттең дегізіп, керек жерде күлдіріп есте қалатын қылық, іс-әрекеттер Тайман басында аз сияқты.

 

Надя образын автор тереңдетіп, жанды, бейнелі түрде суреттеуге бармаған. Оның реалдық өмірі, тұрмыстағы тіршілігі, мінез-құлқының қырлары көмескі қалған. Негізінде ол кәдімгі тірі қыздан гөрі өте бір асыл, алыста қиялдай бұлдыраған ғашықтық объектісіне айналып кеткен.

 

Повеске айтылып жүрген сюжеті әлсіз, композициясы болбырлау, бастан-аяқ тартылған өзек жоқ деген сындар менің ойымша осы басты екі кейіпкердің образындағы олқылықтардан туған сияқты. Осы екі кейіпкердің арасы бастан-аяқ шығармаға өзек болын тартылып, автордың осы төңіректе тек қана махаббат емес, тағы да толып жатқан сырларды ашуына мол мүмкіндігі бар еді. Басқалардың қимыл-әрекетін, негізгі оқиғаларды осы төңірекке өргенде повестің композициялық құрылысы жинақы, сюжет желісі тартымды бір жүйемен, негізгі бір арнамен өрбіген болар ма еді.

 

Шығарманың тілі жақсы дегенде оның кедір-бұдырсыз жатықтығын, автор ойын жеткізуге, оқиғаны баяндауға машықтығын айтып отырған жоқпыз. Ол қолына қалам ұстаған әрбір адамға тән нәрсе болуға тиіс. Онымен жазушы тілінің байлығы да, ерекшелігі де әсте көріне алмайды. Біз ең алдымен автордың әр құбылысты, әр адамның мінез-құлқын, қимыл-әрекетін өз көзімен ғана көріп, бәлкім өзгелер байқамайтын, өз тұрғысынан аңдап, соған лайықты, бояулы суреттер жасай алғанын айтамыз.

 

Зейнолла тілінің әсіресе көзге түсер бір ерекшелігі онда юмор көп. Ол бір жұртты күлдірейін деп қиналып ойлап тапқан күлкілі эпизодтар емес, шығарманың өн бойына шым-шымдап еніп отыратын табиғи юмор. Автор көп адамдардың мінез-құлқына, оқиғаларға сәл ғана езу тартып, кейде мырс етіп күліп жіберіп жылы көңілмен еліге суреттейді. Бұл повесті оқуға сәтті жағдай туғызады. Кітаптың басынан аяғына дейін оқушы көңілін баураған жайдары жылы сезім үзілмейді. Зейнолланың юморы кейде иронияға ауысқандай болады. Бірақ ол еш уақытта ащы сатираға жете алмайды. Тегінде авторда сатиралық талант жоқ, оның өзі лириктеу адам сияқты.

 

Жазушы кейде күлкілі портреттерді жап-жақсы жасап өзінің юморлық сезімін айқын аңғартады: «Құдай Христофор ағайға өлшеп-пішіп, қиып кесіп онша сараңдық етпей-ақ «артық кетсе саған кетсін» дегендей, біршама мол бітім берген. Қандай дейсіз ғой? Кешіріңіз, сіз бала күніңізде жаңа жауған қардан жентектеп кісі жасап көрдіңіз бе?.. Жә, оны қоя тұралық, былай: бір күрек иі қанған саз балшықты сылқ еткізіп тегіс жерге тастай салсаңыз — Христофор ағайдың ісінген көнектей жап-жалпақ беті пайда болады. Оның орта тұсына күйген кірпіштің бір кесек сынығын қоя қойсаңыз — Христофор ағайдың жұдырықтай қып-қызыл мұрны шыға келеді. Мұрынның екі жағын ала, сәл жоғарырақтан бас бармағыңызбен екі сызып көз жасаңыз да, оның үстіне тауықтың екі қауырсынын жалбырата шаншып қабақ жасаңыз: ал, қабақтың жоғарғы жағына қанша сызық сыйса, сонша ирек сыза беріңіз: Христофор ағайдың маңдайы қырық қыртыс әжім. Жалғыз-ақ саз балшықтың орнында тұрған тас кесектей төменгі жерін алақандай қып ойып алуды ұмыта көрмеңіз: Христофор ағайдың ешқашан аузы жабылып, езуі жиылып көрген емес» (104-бет). Осы бір өте күлкілі гротескке айналдырып шебер жасалған портретте ащы мысқыл жоқ, жай қағыту, әжуа бар. Осының өзі автор талантының бағытын анықтайтын сияқты.

 

Осы арада қазіргі жас прозаиктердің көркемдік суреттеу әдісіндегі бір жағдайға тоқтала кеткен жөн. Біздің прозамыздың жас кезінде әдебиетке келген көп жазушылар біраз уақытқа дейін фольклор ықпалынан шыға алмай жүрді. Оларға әсер еткен нәрселер ертегілер, аңыз-хикаялар, мақал-мәтел, афоризмдер. Осының салдарынан олар сезімді берудің орнына дидактикаға ұрынып, суреттеу орнына баяндауға салынып, ал портрет жасағанда ертегідегі дайын портреттердің ықпалына түсіп кететін. Сондықтан да жеке адамның қайталанбас портреті орнына мың адамға салсаң да нобайы келетін стандартты кескін-кейіп, түр-тұлға, кейде тіпті мінездер де жасалатын. Прозаға кейінірек келген жастардың прозамыздың жасырақ кезіне тән болған осы бір суреттеу кемшіліктерінен қашқандығы байқалады. Олар қазір баяндаудың орнына суреттеуге, дидактиканың орнына сезімді беруге, жеке-дара адам портреттерін жасауға тырысады. Бұл, әрине, нағыз маманданған әдебиетші болуға тырысқандық. Бірақ осы жолда жас жазушыларға тән бір үлкен кемшілік барын атап өткен жөн. Ол Әбдіжәмилдің басында, әсіресе Сафуанның басында бар. Әбдіжәмилдің кемшілігі ол кейде қысқа айтылып кететін, негізгі оқиғаға қатынасы шамалы нәрселердің өзін қазымырлап ұзақ, кейде тіпті болбыр суреттейді. Мұның өзі шығарманы ауырлатып, жібін босатып, болбыратып жібереді. Ал, Сафуанға тән кемшілік ол әлі де суреттеу тәсілін меңгере алмай жүр. Жанды портрет жасау орнына анатомиялық портрет, жансыз мүсін жасайды. Ол шамасы адамның бет-аузын түк қалдырмай түгел айтып бергеннен жақсы портрет жасалады деп ойлайтын болса керек. Әдебиетте олай болмайды. Кейде тәптіштеп түп-түгел суреттегеннен гөрі ерекше жанды бір штрихтің өзі көңілге қона кетіп, көп нәрсені аңғартады. Кей жас жазушылардағы ең басты кемшілік адамды анатомша бөлшектеп алдына салады да, оны жанды бейне құрастырып жинастыра алмайды. Барлық көркемдік құралды қосып, қорыта алмайды. Портрет пен мінезді, қимыл мен ішкі дүниені қабыстырып бір-бірінен ажыратып аларға болмастай тұтас бітім жасай алмайды. Табиғат суретінде ауа, тыныс жетпейді де қимыл-әрекет сезімге боялмайды. Кейбір прозалық шығармаларды схемаға айналдырған ең басты көркемдік кемшіліктің бірі осы сияқты.

 

Ал, Зейнолла повесіндегі бір қуантарлық жағдай ол осы жоғарыда айтылған жас жазушылардың басындағы кемшіліктен едәуір арылған. Оның адамдарының ажарының нұры бар, табиғатының тынысы бар. Біраз жағдайда оқиғаларының да сыры бар. Әрине, мұның бәрі кемеліне келіп, шыңына көтеріліп болған жайттар емес, бірақ бастамасы тәп-тәуір. Келешекте тереңдей түсуіне мүмкіндігі бар. Қазақ әдебиетінің ең бір тәуір үлгілерінен біраз үйренгендігі байқалады.

 

Осы тәп-тәуір, оқушының көңілін жылытқан шығармада елеулі кемшіліктер де бар. Ең бірінші көзге түсетін кемшілік сюжет әлсіздігінде. Повесте бастан-аяқ тартылған ширақ бір арна жоқ. Сюжет дегенде біз шытырман оқиғаны да айтпаймыз. Әр жазушының стилі әр түрлі. Мысалы, жұртшылық тәуір атаған Вера Панованың «Серіктер» повесінде де бастан-аяқ тартылған жүлгелі оқиға жоқ. Шығарма бірнеше бөлшектен құралатын сияқты. Бұл автордың әлсіздігі ме, білмеймін. Бірақ оқушылар осы повесте сюжеттік тұтастық жоғын байқамады, сүйсініп оқыды. Ал, «Өмір ұшқыны» повесінде осы кемшілік өзін байқатпай қоймайды. Оның негізгі себебі біздіңше мынада сияқты. Панованың повесінде кесек-кесек тұлғалар, олардың биографиясы және бір қатты ескеретін жағдай, үлкен ішкі тартыс бар. Ал, Зейнолла повесінде көп образдар штрихпен беріледі де ішкі тартыс бәсең. Сондықтан көп жағдайда керексіз адамдар қабаттасып, онсыз да әлсіз оқиғаны ауа жайылтып әкетеді.

 

Көп әдебиеттерде оқиғаға, қимыл-әрекеттерге жөнді мән бермей тек адамның ішкі дүниесіне, психологияға құрылған шығармалар да бар. Барлық шығармада бірдей шытырман оқиға болуы міндетті емес. Ал, Зейнолла повесінің сюжетін сұйылтып тұрған нәрсе шым-шытырық оқиға тізбегінің жоқтығы емес, драматизмнің әлсіздігі. Кейіпкерлер арасында қарама-қарсы талас-тартыс, қайшылық, арналы күрес аз болғандықтан яғни оқиға драматизмі аз болғандықтан жазушы жеке кейіпкерлердің басындағы драмаға қарай бой ұруға тиіс еді. Ал, автор олай етпеген. Кейіпкерлердің басына түсетін қиындық мұнда аз. Бола қалса оңай жеңген. Автор көп жайттарға тереңдеп бармай, ұштығын аңғартады. Лапылдаған жалынның орнынан ұшқынын көрсетеді. Сондықтан да повесті оқығанда оның жақсы қасиеттерімен бірге бір түрлі тоқмейілділік сезім туады, бұл самарқаулық тек сюжет желісінің әлсіздігінен ғана емес, сонымен бірге әсіресе шығарманың ішкі құрылысының босаңдығында деп білеміз.

 

Әлі де шығарманың кейіпкерлерін екшеп, азайтып, оның орнына кейбір образдарды көбірек дамытып, әркім жасаған қысқа, келте қимылдарды тұтастырып жүйелей түсу керек сияқты. Сапаров пен Арман әрекеті. Рас, бұл екеуі екі жағынан көрінеді. Бірақ осы жағымды геройлардың істері эпизодтық дәрежеде қалған. Олардың Мусинге қарсы күресі үлкен тартысқа айналмай, жеке қақтығыстар төңірегінде тұйықталған. Шығармада жалпы тартыстың негізі белгіленіп, алғашқы қақтығыстар көрсетіледі де, күрес одан әрі ширығып дамып кете алмайды. Бұл сөз жоқ, оның композициялық құрылысын босаңдатады.

 

Прозалық үлкен шығарма — ішіне көрген-білгеннің бәрін тыға беретін созылмалы резинка қапшық емес, артық жапсырылған да, ойсырап олқы тұрған да еш нәрсесі жоқ, тұтас бітім. Осыны біздің көп жазушыларымыз ескермейтін сияқты. Роман, повестің ішіне өзі білген нәрселердің бәрін сыйғызуға тырысады. Сорайып бөлек тұрған бұтақтарға тарамайды. Жазушы кітаптың әр бетін қолдан келгенше тығыз ету керек. Әр оқиға, эпизод, көрініс жалаң болмай, екі қабат, үш қабат, тіпті қат-қабат болып жатуы керек. Мысалы, «Өмір ұшқыны» повесінде мынандай бір көрініс бар. Алмасқа біреу телефон соғып едәуір керілдеседі. Осының өзі бір беттен артық орын алады. Ал, айдаладағы біреу осы шығармаға неге керек бола қалды десек, ол автордың мынандай бір афоризмін айту үшін қажет болған екен. «Бастық болған адам жұрттың бәрін қолбала көруге бола ма? Терең кабинеттегі тайыз мінездер қашан құрыр екен?!» (116-бет). Өмірдегі біз көріп жүрген кемшіліктердің бәрін қыстыра беруді кітап көтермейді, ал егер автор әсте шыдай алмай, осы бір кемшілікті міней кеткісі келсе, оған қосымша осы көріністі тағы пайдалануға болатын еді. Өйткені әлгі бастық Алмастан телефон арқылы Мағрипаны сұрайды. Әйелдің атын атамай «Ернардың әйелі керек» дейді. Ал повестің өн бойында аралары белгісіз Алмас пен Мағрипаның қосылып қойғанын аяғында бір-ақ біліп қаламыз. Ал, автор дәл осы арада Мағрипаның бұрынғы күйеуінің аты аталғанда Алмас жүрегін дір еткізіп, оның көңіліндегі қызғанышты аңғартып кетуіне болатын еді ғой. Мінеки, сонда әлгі әдепсіз бастық та сыналады, кейіпкердің де сезімі көрініп қалады. Жазушы тек қана кейбір қызметкерлер жақсы тақырыптағы лекцияны жаман жасап, жалықтырады деген сын айту үшін парктің ішінде болған бір лекцияны бет жарымға суреттейді. Я болмаса, алдында еңбек сүйгіштігі көрінген Алмастың жұмыс істеп, кітап оқығанын да ұзақ баяндап кетеді. Міне бұлар шығармаға пайдасы жоқ, қиып тастауды керек ететін нәрселер.

 

Тағы бір біз байқаған, бірақ тез жойылатын ұсақ кемшілік: автор реалистік сарында баяндап келе жатып, кейде күтпеген жерден орынсыз патетикаға ұрынады. Мұның өзі байсалды, сабырлы әңгіме айтып келе жатып, күтпеген жерден айқайлап жібергендей әсер туғызады. Мысалы: «Надяның әкесі Николай Ленский төс қалтасынан сағатын шығарып, Кремль мұнарасындағы мәңгілік сағатпен, дәуір сағатымен түзеп алады да, жұмысына трактор паркіне жөнеліп бара жатады. Оны Москва еліміздің қасиетті гимнімен шығарып салады» (240-бет).

 

Я болмаса, әкесі қайтыс болған соң екі-үш күннен кейін қайтадан оқуына жүріп бара жатқан Тайман құлыным деп құшқан шешесіне былай қоштасады: «Мама! — деп құшақтай алды Тайман шешесін, — мен жүремін. Оқуымды тез бітіріп келемін. Мұңал ағамның қасына келемін. Адам неге өледі, қой, нағыз адам өлмейді. Мәңгілік өмір деген осы екен ғой!» (360-бет).

 

Мұндай орынсыз патетика реалистік шығарманың бойына сіңе алмай сынаптай бөлініп тұрады.

 

Көркем суреттеуді, образ жасауды, адамдардың характерін ашуды тым тәуір меңгеріп қалған Қабдолов шығармасының бойындағы ең ірі кемшілік — және біз жоғарыда айтқан кемшіліктердің бәрі осыдан туындайтын сияқты, — ол повесте суреттелген өмірдің тайыздығында. Повесте өмір шындығы бар, өмірді білу бар, бірақ өмір сырына терең бойлау жағы кеміс сияқты. Жазушы өмірдің үстіңгі қабатын алған.

 

Повесті оқып бітіргенде жайдары көңілмен жабасың. Көз алдыңнан күншуақ өмір өтеді. Жап-жақсы жарқын жастарды көресің. Олардың ертеңі қандай болатыны да көрініп-ақ тұр. Мамандығы емес, адамдығы көрініп тұр. Жазушының жаны жұмсақ, өзі көңілшектеу сияқты. Өмірдің шуағынан басқа сызы, сүйенішінен басқа ызасы, күйініші, сәтімен бірге сәтсіздігі, татулығынан басқа арналысы, қиян-кескі күресі бар емес пе? Жастардың достығымен бірге түңілуі бар емес пе? Автордың өз сөзіне шамаластырып айтқанда, бұл шығармада өмірдің ұшқыны көрінген. Ал оның келесі шығармасынан біз өмірдің жалынын да, ызасын да күтеміз. Соны оның алдына қатты талап етіп қоямыз.

 

Биыл баспадан шыққан Райымқұл Әутәліповтың «Әке досы» әңгімелер жинағы әдебиетімізде көңіл аударарлық нәрсе. Соңғы жылдары аздаған ілгерілеу байқалғандықпен, біздің әдебиетімізде, новелла жанры ұзақ жылдар тоқырап қалды. Қазақ әңгімесінің негізін қаласқан Әуезов, Мүсрепов, Мұқанов, Әбішев сияқты жазушылар үлкен шығарма жазуға бой ұрды да әңгіме жазудан тыйылып қалды. Жалғыз Иманжанов қимылы бұл жанрды тоқыраудан шығара алмады. Сөйтіп көп уақыттардан бері әңгіме жазу тек балалар үшін жазатындардың ғана үлесіне дербес тиіп келді. Соңғы кезде әңгіме жазушылар саны көбейіп келеді. Солардың ішінде көбірек те, сәттірек те жазатын жас прозаик Райымқұл Әутәліпов. Ол ең алдымен әңгіме жазу ерекшелігін ұғынған. Ондағы әр жазушыға шартты болса да, көп жазушыларымыздың бойынан табыла бермейтін бір қасиет дүниені өз тұрғысынан өз көзқарасымен көруі. Суреттейтін өмір құбылыстарын өз көңілінің елегінен өткізуі. Әзір шеберлікке жетіліп болмаса да Райымқұлдың өз бояуын өзгемен шатастырмай тануға болады. Жазушыда нәзік байқампаздық бар. Ол характер ашуда ұсақ штрихтарды сәтті пайдаланады. Оқиғаны, геройлардың қимыл-әрекеттерін жазушы лирикалық жылы сезімге бөлеп жеткізеді, Райымқұл талантының негізгі бағыты осылай сияқты. «Тың сөйлейді» деген әңгімесінде ол алыстан келген жас қыздың тағдырын сөз етеді. Бұл өте бір нәзік сырлы әңгіме. Мұнда жас қыздың жан толқыны лапылдап лауламай, іштей толқып, сыртқа тепсінетін сырлылықпен өзінше әсем бір күйде жеткізілген. Әңгіменің бас кейіпкері Инесса Украинадан Қазақстанға тыңға келеді. Онымен бірге оның қазір басқа адамға үйленіп келген ғашығы да келеді. Инесса соның қарауында істейді. Қызғаныштан шыдай алмай қайтадан қашып кету әрекетін де жасайды. Қыз сезімінің алғашқы сәтсіздігі, оның қызғанышы, жаңа жер, жаңа ортаның Инеске әсері әңгімеде сараң бояулармен тартымды суреттелген; мұнда кішкентай болса да өзінше тағдыр, адам образы жасалған. «Сабантой» әңгімесінде де адам тағдыры әжептәуір көрінеді.

 

Әутәліповтың «Әке досы» әңгімесі де сәтті шыққан. Мұнда орыс пен қазақтың қарапайым екі шаруасының арасындағы адамдық достық қонымды суреттелген. Жазушы осындайда жиі кездесетін, әсіре-қызылдан, жасандылықтан аулақ адамдардың қарым-қатынасын, қарапайым өмір құбылысын шыншыл суреттей білген.

 

Бірақ бұл жинақтағы әңгіменің бәрі пісіп жетілген, көркемдік бітімінде мін жоқ нәрселер емес. Ең алдымен көзге түсетін нәрсе — автор алуан түрлі тақырыптарға барады. Бірақ ол тақырыптардың бәрі бірдей авторға жақын, көңілінде пісіп жетілген нәрселер емес, сондықтан да кейбір әңгімелері үстірт, тартымсыз болып шығады. Автор өзі жеткен биігінен айрылып, құлдырап төмендеп кетеді. «Сыйлық», «Жылқышылар», «Юбилей» әңгімелері осыны аңғартады. Мұндай жағдайда автор өзіне тән лиризмнен айрылып, құрғақтыққа, үстірттікке ұрынады. Кейде тіпті схемаға да түсіп кетеді. Әутәліпов іздену жолында. Ол күшін әр қияға бір салып байқағысы келетін сияқты. Өзіне тиісті сабақ ала алса, оның осы алғашқы жинағында талантының бейім күшті жағы да, тайғанақтап кететін әлсіз жағы да өзгелерден анық көрініп тұрған сияқты.

 

Соңғы жылдары әдебиетке араласа бастаған Қалмұқан Исабаев әңгімелерінің көбін Қазақстаннан тыс тақырыпқа арнайды. Біз бұған қарсы болмасқа тиіспіз. Туысқан халықтар өмірі де қазақ әдебиетіне ене берсін. Исабаевтың «Шаруа бақыты» деген әңгімесі сәтті шыққан. Автор демократияшыл Германиядағы тап тартысының бір эпизодын көркем суреттеген. Мұнда әлінше тәп-тәуір адам характерін ашумен бірге, жас жазушы шаруа психологиясындағы өзгерісті де сәтті байқаған. Исабаевтың «Қазақ вальсі» әңгімесі де оқушыны қызықтырады.

 

Исабаевтың тілі нашар болатын. Қазір автордың тіл жағынан төселіп келе жатқаны байқалды. Бірақ әлі де оның тілі кедейлеу.

 

Әбдіраш Көпбаев «Шалдуар» дейтін әңгімесінде адам характерін ашуға бой ұрды. Адам мінезін суреттеуде әп-әдемі бояулар тапты. Суретшілік талантын аңғартты. Бірақ Көпбаевтың өзге әңгімелері оқушыны еліктірмей жүр. Ол көбіне әңгімені тартымсыз сюжетке, тиянақсыз оқиғаға құрады. Тың суреттер таба алмай зеріктіреді. Дәл осы сынды — еңбегі жарияланса да жазушылыққа жете алмаған С. Алдабергенов әңгімелері жайында да айтуға болады. Оның көп әңгімелері түйінсіз жайттарға, жалаң саяси тақырыптарға құрылады да көркемдік шешімі жабайы келеді.

 

Жас прозаик Кәрім Баялиев өмірден өзі көрген-білгенін жазады. Оның әңгімелерінің тақырыбы тың, осы күнге дейін еленіңкіремей келген өмірдің түрлі салалары. Авторда қысқа әңгімеге бейімдік бар. Жас жазушыда ой, фантазия бар. Бірақ шеберлік жоқ, тілі нашар, сөз саптауы қалыптаспаған. Екінші кемшілік — қай әңг

Бөлісу: