Шерхан Мұртазаев

8 Желтоқсан 2012, 06:08

  ШЕРХАН МҰРТАЗАЕВ   СӨЗ БАСЫ   Шерхан Мұртазаевпен 1957 жылы Қарағанды қаласында таныстым. «Лениншіл жас» газетінің Қарағандыға жуырда келген тілшісі, жиырмадан жаңа асқан жас жігітпен жиі кездесіп, әңгімелесіп жүрдім. Шымыр танау, пісте мұрынды, ат жақты қара торы жігіт жастығына қарамай тым салмақты көрінді. Әңгіме айтудан гөрі тыңдауға құштар, өңіне жылы күлкі тепсініп, маңдайының астынан жасы үлкендердің сөзін ғана емес, мінез-құлқын, ар жақ, бер жағын да бағып отыратын сияқты еді. Ол кезде Шерхан әлі көркем шығарма жазбаған-ды, бірақ кейінірек ойлап қарасам, болар бала басынан демекші, жас жігіт болашақ жазушының мінезін танытқан екен.   Жазушылық деген өмірдегі бар құбылысты көре білу, көп нәрсенің сырын көңілге түйе білу, таңдана, қуана, күйіне білуден басталады. Шерхан да жастайынан қайнаған өмірдің қалың ортасында болды. Көтерілген тың, Қарағандыда салынып жатқан алып Магнитка Шерханның көп аралап, көзі ғана емес, көңілі қаныққан дүниелері.   Жазушы жолының газеттен басталуы да — өзеннің құнарлы бұлақтан басталғаны сияқты.   Көркем шығармаға, үлкен шығармаға кірісер алдында болашақ қаламгер өмірмен жан-жақты жете танысып, бал жинаған арадай өмір нәрін бойына сіңіріп, күнделікті тірліктің ыстығы мен суығына қызу араласып, тұрмыстың толып жатқан проблемаларын көтеріп, әдебиетке «жазсам» деген жайдақ құштарлықпен ғана емес, көп нәрсені көріп, түйіп, толысып келеді.   Сол мен алғаш көргеннен алты жылдан кейін Шерхан Мұртазаевтың «Табылған теңіз» атты алғаш повесі жарық көрді. Кейбір талантты жастар өмірден көп нәрсені көріп білмей жатып-ақ, отыра қалып өзінің тұңғыш тұтанған сезімін, от басынан ұзап шықпай жатып-ақ алған алғаш әсерін повесть етіп жаза қояды.   Ал, Шерхан болса өзінің бірінші көркем туындысына көп дайындықпен келгенін көреміз. Иә, оған дейін ол талай ел көріп, жер көріп, талай қауымның ішінде болып, өз тұсындағы өндіріс пен шаруашылықтың сан қилы мәселелеріне қызу араласып, толып жатқан мақала, суреттеме, очерктер жазып қаламын төселтіп, өзі де өмір сырына жетіліңкіреп келді. Сондықтан да болар жазушының осы алғашқы повесі жұрт құлағын елең еткізіп, көп назарын өзіне тартып алған-ды.   Осы повестің және кейінгі Шерхан повестерінің маған ерекше еткен әсері — геройларының бойынан есіп тұратын уақыттың тынысы, мінезі, құлқы дер едім. Шынайы көркем шығармада әр герой өзінің өмір сүрген мезгілінің тынысын ғана емес, тіпті керек десеңіз иісін, сөзінің дәмін, мінез-құлқын таныту керек. Бар заманда өлмейтін герой болады, бірақ бар заманның сипатын танытатын, бар заманның мінезіне үйлесе кететін герой болмайды. Әр герой тек қана өз заманының перзенті. Біздің қазіргі тез жетіліп, өзгеріп отыратын заманымызда — тұрмыс-салт нышандары ғана емес, характерлер де тез өзгеріп отырады. Сол сияқты Мұртазаевтың алпысыншы жылдардағы кейіпкерлері де сол мезгілдің перзенті, ал бүгінгі сексенінші жылдардың жастары оларға егіздің сыңарындай ұқсамайды, ал жазушының соңғы туындыларындағы кейіпкерлер кейінгі күннің сыр-сипатын танытады. «Уақыт талабына жауап беру», «бүгінгі күннің тамырын дәл басу» деген сөздерді жиі айтамыз.   Егер әдебиетті бүгінгі күннің публицистикалық рупоры деген ұғымнан тереңірек ұғатын болсақ, шығарма бүгінгі күннің көкейкесті проблемаларымен қоса, кешегі емес, ертеңгі де емес (мейлі геройдың ойы болашаққа бойлай берсін), дәл бүгінгі адамның сыр-сипатын, характерін, құлқын, ең аяғы сөз саптас, жүріс-тұрысын айнытпай берсін. Сонда ғана біз уақыттың көркем шежіресін жасай аламыз, бүгінгі күнімізді айнытпай болашаққа беріп кете аламыз.   Шерхан Мұртазаев шығармаларының мені сүйіндірген бір қасиеті осы уақытқа, мезгілге деген дәлдігінде, шындыққа көзінің жітілігінде.   Әдебиетке өмірден біраз қор жинап келген Шерхан тұңғышына тамсанып қалған оқушысын көп зарықтырмай «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» повестерін жазды.   Бұл шығармалардың да негізгі тақырыбы осы бүгінгі күн өмірі, дәлірек айтқанда өмірдегі адам орны дер едім. Автор, кейбір жазушылар сияқты суреттеудің орнына идеясын баттитып айтпаса да, оның геройларының қиын тағдыры, өз ісін қанағат тұтпас іштей мазасыздығы, көңілдегі көмескі бір талпыныстары, сезім тепсіністері арқылы жоғарыда айтылған негізгі идеяны айқын сездіреді.   Біз мұны Шерхан Мұртазаевтың «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Интернат наны» атты әңгімелер жинағынан да байқаймыз. Әдебиеттегі жолын ірілеу шығармадан бастаған кейбір жазушылар, ұсақ жанрға үйір бола бермейді және оған енсіздеу де болады. Шерхан әңгіме жанрында да жап-жақсы шеберлік танытты. Бүгінде әңгіме жанрының да керегесі кеңейген заман.   Бұрынғыдай бас-аяғы жинақы, аз да болса толық бір оқиғаны баяндап, адам образын жасайтын әңгімелерден гөрі, бас-аяғы жоқ бір көріністі, немесе алған бір әсерді беретін суреттемелер басым боп барады. Шерханның өзім ұнататын бір қасиеті ол әңгіменің классикалық үлгілеріне бейім. Шағын әңгімеге тән шымырлық, оқиғаның қою, һәм жинақтылығы, ішкі мән, астар, новеллаға тән тосын шешімдер біздің осы ойымызға дәлел болса керек. Бізді қатты сүйсіндірген, ішімізді жылытқан нұрлы әңгімесі «Бір нәзік сәуле» болса, «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Шекшек шырылдайды», «Сол бір күз», «Жаңбырлы той», «Шақалақ», «Сусамыр» атты әңгімелері де бүгінгі әдебиетіміздің көркемдік дәрежесіне көтерілген құнды дүниелер.   Жалықтырмай оқылатын жалаң оқиғаны кейде көркем шығарма санатына қоссақ та, құнды шығарма деуден аздаған сауаты бар әдеби сын аулақ қой. Оқиға тек қаңқа болса оған ет бітіріп, қан жүгіртіп, жан беретін адамның жан дүниесі, сезімі, өмір сырлары ғой.   Шерхан әңгімелерінде де сарғайған сағыныш, ыстық пен суықтай оқушы жүрегін қарып өтетін қуаныш пен күйініш, сызаттаған үміт пен сыздаған мұң сияқты адам сезімінің не бір иірімдері байқалады.   Проза саласындағы біраз ізденіс, талпыныстардан кейін жазушының, әдеби тұлғасын жоталандырып, шоқтығын шығарып көрсеткен көлемді де мазмұнды туындысы белгілі «Қара маржан» романы.   Бұл шығарма әдебиетімізден елеулі орын алып, ресми түрде де бағаланын Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Қара маржан» романына арқау болған, қазір еліміздің үлкен бір өндіріс орталығына айналған белгілі Қаратау кеншілерінің өмірі. Мұнда атаулары сәл ғана өзгертіліп алынған Қарасай тау-кен комбинаты, Нәртас, Ақсай кен кеніштерінен Қаратау, Жаңатас кен орындарын танитынымыз сияқты, осындағы әдеби кейіпкерлердің көбінен Қаратау кеншілері өздерінің талай жолдас-жораларын, қатар жүрген құрбы-құрдастарын танып алатын болар.   Қаратауға қайта-қайта барып, сондағы халықпен қоян-қолтық араласып жүрген жазушы қаламынан бүгінгі жұмысшы өмірін, білімді ізденімпаз инженер, геологтар тірлігін көркем шежіреге түсірген жап-жақсы роман туыпты. «Жұмысшы табының өмірінен шығарма жоқ» дегенді біз көп айтамыз. Бірақ шындық дәл олай емес.   Ілгеріректе Ғ. Мұстафин, F. Мүсреповтердің белгілі ірі туындыларын айтпағанда, осы тақырыпта одақтық жүлде алған С. Шаймерденов, З. Қабдолов романдарын қалай ұмытамыз. Осы жақсы дәстүрдің заңды жалғасы, жетпісінші жылдардағы жұмысшы, инженер-техникалық интеллигенция өмірін жарқын көрсеткен Шерханның осы романы. Басынан танылған Шерхан талантына тән нақтылық, уақыт, мезгілдің бар сипатына деген дәлдік, яғни көркемдік шындық бұл шығармада баршылық. Бұл романдағы жұмысшы, жас маман не ысылған өндіріс командирі, орыс не қазақ, өндіріске енді келген кешегі шаруа, осындай кейіпкерлердің қайсысын алсаңыз да өзіне тән сипатын, мінезін тапқан. Басты кейіпкерлер Нариман мен Жарас қана емес, ысылған басшы Оника, Ақан қарт, Әділ, Мәрзия, Таңшолпан, Женя Антонов, Ақыраповтар іші-сыртымен, дараланған мінездерімен жақсы ашылған бейнелер.   Қанша шебер мінездеме берсе де кейіпкерлерді жеке даралап алып суреттей берсең ол ешбір оқушыны тартпас еді, ал бұл аталған кейіпкерлердің қайсысы болмасын романның негізгі арқауынан шеттеп қалғаны жоқ, әрқайсысы өзіне орай оқиғаның ортасында, тартыс, күрес, іс үстінде ашылады.   Негізгі кейіпкерлердің кәсібіне орай әдебиетімізді «жұмысшы», «шаруа», «интеллигенция» тақырыбы деп үшке бөлетін әдетіміз бар. Бұл бір рауаятта дұрыс та шығар, өйткені адам образын оның тіршілік кәсібінен бөліп алып жасауға болмайды. Бірақ біздің жалпы совет әдебиетіне зардабын тигізген бір нәрсе көп шығармаларда сол өндіріс проблемалары, жұмыс жөніндегі айтыс-тартыс басым болып, әдебиеттің нағыз арқауы адамгершілік тартыс мәселесін тасада қалдырады.   Егер әдебиеттің бірден-бір кейіпкері адам болатын болса (хайуанаттарды суреттегенде де біз адам көзімен, адам түсінігімен суреттейміз ғой), ендеше оның ең алға қоятын мәселесі де адамгершілік мәселесі болмақ. «Қара маржанды» да көп жылдан бергі осы тақырыптағы шығармалардың бойына батпандап кірген кемшіліктерден құлан таза деп айта алмаймын. Бірақ жазушы кейде таза өндіріс тартысына артығырақ бой ұрып кеткенмен көркем әдебиеттің түп қазығы адамгершілік проблемасын алға шығара білген.   Мұнда автордың пайдасына және бір айта кететін нәрсе, өкінішке орай біздің біраз шығармаларымызға тән, басты геройын ішкі, сыртқы жағынан болсын өзгеден ерек, айырықша жан етіп алмаған. Нариманды ешкімнен бойы да, ойы да асып кетпеген, көп сүрінетін де, мүдіретін де көптің бірі, жанды бейне дәрежесінде ала отырып, оның түбегейлі адамгершілік қасиетін, тереңінде жатқан жан тебіренісін жақсы ашқан.   Мен романның бойындағы жекелеген жетіспей жатқан жерлеріне тоқтап жатпақ емеспін, үлкен нәрсенің олқысы болмай тұрмайды, ал тұтас алғанда бұл роман жазушыны жаңа бір белеске шығарып, еңсесін көтеріп тастаған дүние.   Шерхан Мұртазаев творчествосына көз жүгіртіп отырған адам осы жазушының өсер жолындағы өзіне тән ерекшелікті аңғаратын сияқты.   Әрине, әр жазушының өсу жолының (егер жазушы шынымен өскен болса) заңдылығы болады. Шерханның өсу жолындағы өзіне тән мінезі орнықтылығы-ау деймін. Әдебиетке алғаш қадам басар алдында көп нәрсені көріп, көп ізденіп келген жазушы одан кейін де жаңа қадам басарда асығыстық көрсеткен емес. Бір төселіп алған соң егіздің сыңарындай бір-біріне ұқсас романдарды төпей беретін жазушы бұл емес.   Әр шығармасында жаңа бір тақырып, жаңа бір ой, жаңа бір дүние әкелгісі келеді. Революцияның үлкен тақырыбына Шерхан үлкен ішкі дайындықпен ғана емес көп зерттеу, ізденістермен келген түрі бар. Бұл тақырыптың аса шындығы бүгінгі күннен алысырақ тұрғандығы, оның автордың көзбен көрмегендігінде ғана емес, бұл тақырыптың бұрын көбірек жазылып шиыр болғандығында да жатыр. «Қызыл жебе» романының басты кейіпкері белгілі революционер, советтендіру дәуірінің ірі қайраткері Тұрар Рысқұлов.   Автор бұл тақырыпты бастау бұлағынан, ілгеріректен қамтып әңгімені Тұрардың балалық шағынан бастайды. Бұл геройдың биографиясы ғана емес, революция алдындағы халық өмірін көрсету, революцияны толғатқан заманның сырын ашу үшін істелген көркемдік тәсіл тәрізді. Жас Тұрар арқылы әкесі Рысқұл тағдыры, ауыл-аймағы, араласқан Алматы қаласындағы орыс ортасы, қысқасы, сол дәуір, заман аумақты көркем шығармаға айналып жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі өмір тынысы бізге жетіпті. Бұл шығарма, тақырыбы, көлемі жағынан ірілігін былай қойғанда, жазушының да есейіп, тынысы кеңейіп, құлашын кеңге сілтей бастағанын танытады.   Жаңа романында Шерхан тіл жағынан да өсіп, байи түскен. Кейіпкерлердің өз болмыс-мінезіне сай сөз саптастарынан, табиғат суреттерінен авторлық баяндау-тебіреністерден бүгінгі проза дәрежесіндегі салиқалы кеңдік, шымыр ширақтық сияқты тіл мәдениетін танимыз.   Тақырып үлкен, жол ұзақ, жазушы жұмыс үстінде. Тұрар Рысқұлов бейнесі қаншалықты құнарлы болса, соншалықты күрделі, кейде шытырман да қиын. Оның бар жолы тұп-тура тіке де болмаған. Оның алдынан заманы қилы-қилы қиын мәселелер тосқан.   Шерхан Мұртазаев осы ауыр міндетті мойнына алып, ерінбей ізденіп келеді.   Ол ақтарған сан қилы архивті айтпағанда Тұрар Рысқұловтың көзін көрді деген адамдардың біздің елде болсын, сыртта болсын соңғы жылдары тірі қалғандары болса, солардың ішінде Шерханның сөйлеспеген адамы сірә сирек шығар.   Осынша еңбек болашақ бір үлкен жеміске әкелетін жол болар деген үмітіміз бар. Оған және Шерхан Мұртазаевтың осы кезге дейін істеген еңбегі, таланты, мазасыз ізденімпаздығы мен адамдық тиянақтылығы куә болса керек.  

 

ШЕРХАН МҰРТАЗАЕВ

 

СӨЗ БАСЫ

 

Шерхан Мұртазаевпен 1957 жылы Қарағанды қаласында таныстым. «Лениншіл жас» газетінің Қарағандыға жуырда келген тілшісі, жиырмадан жаңа асқан жас жігітпен жиі кездесіп, әңгімелесіп жүрдім. Шымыр танау, пісте мұрынды, ат жақты қара торы жігіт жастығына қарамай тым салмақты көрінді. Әңгіме айтудан гөрі тыңдауға құштар, өңіне жылы күлкі тепсініп, маңдайының астынан жасы үлкендердің сөзін ғана емес, мінез-құлқын, ар жақ, бер жағын да бағып отыратын сияқты еді. Ол кезде Шерхан әлі көркем шығарма жазбаған-ды, бірақ кейінірек ойлап қарасам, болар бала басынан демекші, жас жігіт болашақ жазушының мінезін танытқан екен.

 

Жазушылық деген өмірдегі бар құбылысты көре білу, көп нәрсенің сырын көңілге түйе білу, таңдана, қуана, күйіне білуден басталады. Шерхан да жастайынан қайнаған өмірдің қалың ортасында болды. Көтерілген тың, Қарағандыда салынып жатқан алып Магнитка Шерханның көп аралап, көзі ғана емес, көңілі қаныққан дүниелері.

 

Жазушы жолының газеттен басталуы да — өзеннің құнарлы бұлақтан басталғаны сияқты.

 

Көркем шығармаға, үлкен шығармаға кірісер алдында болашақ қаламгер өмірмен жан-жақты жете танысып, бал жинаған арадай өмір нәрін бойына сіңіріп, күнделікті тірліктің ыстығы мен суығына қызу араласып, тұрмыстың толып жатқан проблемаларын көтеріп, әдебиетке «жазсам» деген жайдақ құштарлықпен ғана емес, көп нәрсені көріп, түйіп, толысып келеді.

 

Сол мен алғаш көргеннен алты жылдан кейін Шерхан Мұртазаевтың «Табылған теңіз» атты алғаш повесі жарық көрді. Кейбір талантты жастар өмірден көп нәрсені көріп білмей жатып-ақ, отыра қалып өзінің тұңғыш тұтанған сезімін, от басынан ұзап шықпай жатып-ақ алған алғаш әсерін повесть етіп жаза қояды.

 

Ал, Шерхан болса өзінің бірінші көркем туындысына көп дайындықпен келгенін көреміз. Иә, оған дейін ол талай ел көріп, жер көріп, талай қауымның ішінде болып, өз тұсындағы өндіріс пен шаруашылықтың сан қилы мәселелеріне қызу араласып, толып жатқан мақала, суреттеме, очерктер жазып қаламын төселтіп, өзі де өмір сырына жетіліңкіреп келді. Сондықтан да болар жазушының осы алғашқы повесі жұрт құлағын елең еткізіп, көп назарын өзіне тартып алған-ды.

 

Осы повестің және кейінгі Шерхан повестерінің маған ерекше еткен әсері — геройларының бойынан есіп тұратын уақыттың тынысы, мінезі, құлқы дер едім. Шынайы көркем шығармада әр герой өзінің өмір сүрген мезгілінің тынысын ғана емес, тіпті керек десеңіз иісін, сөзінің дәмін, мінез-құлқын таныту керек. Бар заманда өлмейтін герой болады, бірақ бар заманның сипатын танытатын, бар заманның мінезіне үйлесе кететін герой болмайды. Әр герой тек қана өз заманының перзенті. Біздің қазіргі тез жетіліп, өзгеріп отыратын заманымызда — тұрмыс-салт нышандары ғана емес, характерлер де тез өзгеріп отырады. Сол сияқты Мұртазаевтың алпысыншы жылдардағы кейіпкерлері де сол мезгілдің перзенті, ал бүгінгі сексенінші жылдардың жастары оларға егіздің сыңарындай ұқсамайды, ал жазушының соңғы туындыларындағы кейіпкерлер кейінгі күннің сыр-сипатын танытады. «Уақыт талабына жауап беру», «бүгінгі күннің тамырын дәл басу» деген сөздерді жиі айтамыз.

 

Егер әдебиетті бүгінгі күннің публицистикалық рупоры деген ұғымнан тереңірек ұғатын болсақ, шығарма бүгінгі күннің көкейкесті проблемаларымен қоса, кешегі емес, ертеңгі де емес (мейлі геройдың ойы болашаққа бойлай берсін), дәл бүгінгі адамның сыр-сипатын, характерін, құлқын, ең аяғы сөз саптас, жүріс-тұрысын айнытпай берсін. Сонда ғана біз уақыттың көркем шежіресін жасай аламыз, бүгінгі күнімізді айнытпай болашаққа беріп кете аламыз.

 

Шерхан Мұртазаев шығармаларының мені сүйіндірген бір қасиеті осы уақытқа, мезгілге деген дәлдігінде, шындыққа көзінің жітілігінде.

 

Әдебиетке өмірден біраз қор жинап келген Шерхан тұңғышына тамсанып қалған оқушысын көп зарықтырмай «Белгісіз солдаттың баласы», «Бұлтсыз найзағай», «Мылтықсыз майдан» повестерін жазды.

 

Бұл шығармалардың да негізгі тақырыбы осы бүгінгі күн өмірі, дәлірек айтқанда өмірдегі адам орны дер едім. Автор, кейбір жазушылар сияқты суреттеудің орнына идеясын баттитып айтпаса да, оның геройларының қиын тағдыры, өз ісін қанағат тұтпас іштей мазасыздығы, көңілдегі көмескі бір талпыныстары, сезім тепсіністері арқылы жоғарыда айтылған негізгі идеяны айқын сездіреді.

 

Біз мұны Шерхан Мұртазаевтың «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Интернат наны» атты әңгімелер жинағынан да байқаймыз. Әдебиеттегі жолын ірілеу шығармадан бастаған кейбір жазушылар, ұсақ жанрға үйір бола бермейді және оған енсіздеу де болады. Шерхан әңгіме жанрында да жап-жақсы шеберлік танытты. Бүгінде әңгіме жанрының да керегесі кеңейген заман.

 

Бұрынғыдай бас-аяғы жинақы, аз да болса толық бір оқиғаны баяндап, адам образын жасайтын әңгімелерден гөрі, бас-аяғы жоқ бір көріністі, немесе алған бір әсерді беретін суреттемелер басым боп барады. Шерханның өзім ұнататын бір қасиеті ол әңгіменің классикалық үлгілеріне бейім. Шағын әңгімеге тән шымырлық, оқиғаның қою, һәм жинақтылығы, ішкі мән, астар, новеллаға тән тосын шешімдер біздің осы ойымызға дәлел болса керек. Бізді қатты сүйсіндірген, ішімізді жылытқан нұрлы әңгімесі «Бір нәзік сәуле» болса, «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Шекшек шырылдайды», «Сол бір күз», «Жаңбырлы той», «Шақалақ», «Сусамыр» атты әңгімелері де бүгінгі әдебиетіміздің көркемдік дәрежесіне көтерілген құнды дүниелер.

 

Жалықтырмай оқылатын жалаң оқиғаны кейде көркем шығарма санатына қоссақ та, құнды шығарма деуден аздаған сауаты бар әдеби сын аулақ қой. Оқиға тек қаңқа болса оған ет бітіріп, қан жүгіртіп, жан беретін адамның жан дүниесі, сезімі, өмір сырлары ғой.

 

Шерхан әңгімелерінде де сарғайған сағыныш, ыстық пен суықтай оқушы жүрегін қарып өтетін қуаныш пен күйініш, сызаттаған үміт пен сыздаған мұң сияқты адам сезімінің не бір иірімдері байқалады.

 

Проза саласындағы біраз ізденіс, талпыныстардан кейін жазушының, әдеби тұлғасын жоталандырып, шоқтығын шығарып көрсеткен көлемді де мазмұнды туындысы белгілі «Қара маржан» романы.

 

Бұл шығарма әдебиетімізден елеулі орын алып, ресми түрде де бағаланын Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Қара маржан» романына арқау болған, қазір еліміздің үлкен бір өндіріс орталығына айналған белгілі Қаратау кеншілерінің өмірі. Мұнда атаулары сәл ғана өзгертіліп алынған Қарасай тау-кен комбинаты, Нәртас, Ақсай кен кеніштерінен Қаратау, Жаңатас кен орындарын танитынымыз сияқты, осындағы әдеби кейіпкерлердің көбінен Қаратау кеншілері өздерінің талай жолдас-жораларын, қатар жүрген құрбы-құрдастарын танып алатын болар.

 

Қаратауға қайта-қайта барып, сондағы халықпен қоян-қолтық араласып жүрген жазушы қаламынан бүгінгі жұмысшы өмірін, білімді ізденімпаз инженер, геологтар тірлігін көркем шежіреге түсірген жап-жақсы роман туыпты. «Жұмысшы табының өмірінен шығарма жоқ» дегенді біз көп айтамыз. Бірақ шындық дәл олай емес.

 

Ілгеріректе Ғ. Мұстафин, F. Мүсреповтердің белгілі ірі туындыларын айтпағанда, осы тақырыпта одақтық жүлде алған С. Шаймерденов, З. Қабдолов романдарын қалай ұмытамыз. Осы жақсы дәстүрдің заңды жалғасы, жетпісінші жылдардағы жұмысшы, инженер-техникалық интеллигенция өмірін жарқын көрсеткен Шерханның осы романы. Басынан танылған Шерхан талантына тән нақтылық, уақыт, мезгілдің бар сипатына деген дәлдік, яғни көркемдік шындық бұл шығармада баршылық. Бұл романдағы жұмысшы, жас маман не ысылған өндіріс командирі, орыс не қазақ, өндіріске енді келген кешегі шаруа, осындай кейіпкерлердің қайсысын алсаңыз да өзіне тән сипатын, мінезін тапқан. Басты кейіпкерлер Нариман мен Жарас қана емес, ысылған басшы Оника, Ақан қарт, Әділ, Мәрзия, Таңшолпан, Женя Антонов, Ақыраповтар іші-сыртымен, дараланған мінездерімен жақсы ашылған бейнелер.

 

Қанша шебер мінездеме берсе де кейіпкерлерді жеке даралап алып суреттей берсең ол ешбір оқушыны тартпас еді, ал бұл аталған кейіпкерлердің қайсысы болмасын романның негізгі арқауынан шеттеп қалғаны жоқ, әрқайсысы өзіне орай оқиғаның ортасында, тартыс, күрес, іс үстінде ашылады.

 

Негізгі кейіпкерлердің кәсібіне орай әдебиетімізді «жұмысшы», «шаруа», «интеллигенция» тақырыбы деп үшке бөлетін әдетіміз бар. Бұл бір рауаятта дұрыс та шығар, өйткені адам образын оның тіршілік кәсібінен бөліп алып жасауға болмайды. Бірақ біздің жалпы совет әдебиетіне зардабын тигізген бір нәрсе көп шығармаларда сол өндіріс проблемалары, жұмыс жөніндегі айтыс-тартыс басым болып, әдебиеттің нағыз арқауы адамгершілік тартыс мәселесін тасада қалдырады.

 

Егер әдебиеттің бірден-бір кейіпкері адам болатын болса (хайуанаттарды суреттегенде де біз адам көзімен, адам түсінігімен суреттейміз ғой), ендеше оның ең алға қоятын мәселесі де адамгершілік мәселесі болмақ. «Қара маржанды» да көп жылдан бергі осы тақырыптағы шығармалардың бойына батпандап кірген кемшіліктерден құлан таза деп айта алмаймын. Бірақ жазушы кейде таза өндіріс тартысына артығырақ бой ұрып кеткенмен көркем әдебиеттің түп қазығы адамгершілік проблемасын алға шығара білген.

 

Мұнда автордың пайдасына және бір айта кететін нәрсе, өкінішке орай біздің біраз шығармаларымызға тән, басты геройын ішкі, сыртқы жағынан болсын өзгеден ерек, айырықша жан етіп алмаған. Нариманды ешкімнен бойы да, ойы да асып кетпеген, көп сүрінетін де, мүдіретін де көптің бірі, жанды бейне дәрежесінде ала отырып, оның түбегейлі адамгершілік қасиетін, тереңінде жатқан жан тебіренісін жақсы ашқан.

 

Мен романның бойындағы жекелеген жетіспей жатқан жерлеріне тоқтап жатпақ емеспін, үлкен нәрсенің олқысы болмай тұрмайды, ал тұтас алғанда бұл роман жазушыны жаңа бір белеске шығарып, еңсесін көтеріп тастаған дүние.

 

Шерхан Мұртазаев творчествосына көз жүгіртіп отырған адам осы жазушының өсер жолындағы өзіне тән ерекшелікті аңғаратын сияқты.

 

Әрине, әр жазушының өсу жолының (егер жазушы шынымен өскен болса) заңдылығы болады. Шерханның өсу жолындағы өзіне тән мінезі орнықтылығы-ау деймін. Әдебиетке алғаш қадам басар алдында көп нәрсені көріп, көп ізденіп келген жазушы одан кейін де жаңа қадам басарда асығыстық көрсеткен емес. Бір төселіп алған соң егіздің сыңарындай бір-біріне ұқсас романдарды төпей беретін жазушы бұл емес.

 

Әр шығармасында жаңа бір тақырып, жаңа бір ой, жаңа бір дүние әкелгісі келеді. Революцияның үлкен тақырыбына Шерхан үлкен ішкі дайындықпен ғана емес көп зерттеу, ізденістермен келген түрі бар. Бұл тақырыптың аса шындығы бүгінгі күннен алысырақ тұрғандығы, оның автордың көзбен көрмегендігінде ғана емес, бұл тақырыптың бұрын көбірек жазылып шиыр болғандығында да жатыр. «Қызыл жебе» романының басты кейіпкері белгілі революционер, советтендіру дәуірінің ірі қайраткері Тұрар Рысқұлов.

 

Автор бұл тақырыпты бастау бұлағынан, ілгеріректен қамтып әңгімені Тұрардың балалық шағынан бастайды. Бұл геройдың биографиясы ғана емес, революция алдындағы халық өмірін көрсету, революцияны толғатқан заманның сырын ашу үшін істелген көркемдік тәсіл тәрізді. Жас Тұрар арқылы әкесі Рысқұл тағдыры, ауыл-аймағы, араласқан Алматы қаласындағы орыс ортасы, қысқасы, сол дәуір, заман аумақты көркем шығармаға айналып жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі өмір тынысы бізге жетіпті. Бұл шығарма, тақырыбы, көлемі жағынан ірілігін былай қойғанда, жазушының да есейіп, тынысы кеңейіп, құлашын кеңге сілтей бастағанын танытады.

 

Жаңа романында Шерхан тіл жағынан да өсіп, байи түскен. Кейіпкерлердің өз болмыс-мінезіне сай сөз саптастарынан, табиғат суреттерінен авторлық баяндау-тебіреністерден бүгінгі проза дәрежесіндегі салиқалы кеңдік, шымыр ширақтық сияқты тіл мәдениетін танимыз.

 

Тақырып үлкен, жол ұзақ, жазушы жұмыс үстінде. Тұрар Рысқұлов бейнесі қаншалықты құнарлы болса, соншалықты күрделі, кейде шытырман да қиын. Оның бар жолы тұп-тура тіке де болмаған. Оның алдынан заманы қилы-қилы қиын мәселелер тосқан.

 

Шерхан Мұртазаев осы ауыр міндетті мойнына алып, ерінбей ізденіп келеді.

 

Ол ақтарған сан қилы архивті айтпағанда Тұрар Рысқұловтың көзін көрді деген адамдардың біздің елде болсын, сыртта болсын соңғы жылдары тірі қалғандары болса, солардың ішінде Шерханның сөйлеспеген адамы сірә сирек шығар.

 

Осынша еңбек болашақ бір үлкен жеміске әкелетін жол болар деген үмітіміз бар. Оған және Шерхан Мұртазаевтың осы кезге дейін істеген еңбегі, таланты, мазасыз ізденімпаздығы мен адамдық тиянақтылығы куә болса керек.

 

Бөлісу: