8 Желтоқсан 2012, 06:05
Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болған Қазақстан Республикасы бүгінде өзінің жұлдызды сағатын бастан кешіруде. Жуырда ғана атап өткен Республика күні, онан сәл бұрынырақ болған Қазақстан халықтарының форумы, сондай-ақ 1 ай шамасында болып кеткен "Қазақ тілі" қоғамының 11 құрылтайы — бәрі-бәрі осының айқын дәлелі. Өркениетке қадам басқан қазақ халқының қара басына жеткілікті қаурыт та қарбалас тіршіліктің қалың ортасында тағы да тіл тағдыры тұр, себебі ұлттық тілсіз дербестіктің күні қараң тәуелсіздіктің мәні жоқ.
Сондықтан да еңсесін көтере бастаған біздің жас мемлекетіміздің әрбір ұлтжанды азаматының ең алдымен қастерлейтіні де түгендейтін асыл дүниесі ана тілі ғана болу керек.
Міне, осы орайда қаладағы "Қазақ тілі" ұйымына, қала берді әрбір өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мекемелердегі бастауыш ұйымдарға үлкен жауапкершіліктер жүктеледі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін сіздерге біздің Басқармадағы "Ұңғыларды күрделі жөндеу басқармасындағы", ана тіліміздің мәртебесін көтеру, іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге көшірудің қиындықтары мен жетістіктері туралы аз-кем әңгімелеп беруді жөн көрдік.
Басқармада "Қазақ тілі" қоғамының бастауыш ұйымы 1990 жылдың 15 ақпанында құрылды. Бұл бүкіл қала бойынша құрылған алғашқысы деуге толық негіз бар. Алғаш 6 адамнан ынталы топ құрып алдық та, тікелей ұйымға мүше тарту жұмыстарына кірісіп кеттік. Жұмыстың нәтижелі болуы мынандай жағдайларға байланысты екендігі байқалады:
1. Мекеме басшысының оң қабағы мен пәрменді қолдауы;
2. Тілді жан-тәнімен түсінетін, оның жанашыры бола білетін адамдардың өзара түсінісіп бірігуі;
Бүгінгі күні тек қана осы адамдардың белсенділігі мен іскерлігі арқасында ғана мынандай жетістіктерге қол жеткізгендігімізді хабарлауға болады:
а/. 1991 жылдың қазан айынан бастап мекемедегі барлық іс-қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіле бастады.
б/ мекеменің барлық қажетті үлгі қағаздары қазақ тіліне аударылып, баспаханадан басылып шығару іске асырылды.
в/ қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін уағыздау бағытында, ұлтжанды жас ұрпақты тәрбиелеу мақсаты алға қойылып, "Наурыз мейрамы", "Құрбан айт мерекесі", "Әдепті бала" т.б. сын-сайыстар өткізуге қол жеткіздік;
г/ басқарма кеңесіндегі хабарландыру т.б.көрнекі тақталар ауыстырылып, таза қазақи сипатқа ие болды.
д/ тілге байланысты қандай да болмасын қалаішілік шараларды назардан тыс қалдырмауды қолға алдық, қазақша басылымдарға жазылу, оның ішінде "Ана тілі" газетіне жазылу жұмыстарын ұйымдастырдық. Енді осындай азды-көпті игі істердің басы-қасынан табылып, өздерінің қомақты үлестерін қосып жүрген тіл жанашырларының есімдерін атап өтпеске болмайды. Олар:
1. Сәтұлы Жауынбай — бас механик
2. Әміров Ерсайын - "Қазақ тілі" ұйымының қызметкері
3. Исаев Сайлау - қатардағы инженер
4. Рейімбайұлы Қаржаубай — жұмысшы, ақын
5. Садықов Марат - №2 цех бастығы
Жұмысты неден бастаған жөн? Ең әуелі іс-қағаздарының, әсіресе арыз үлгілерінің қазақша нұсқаларын жасап, әрбір бригадаға, цехқа, бөлімдерге тараттық. Сонан кейін оның орындалысын қатаң қадағалайтын болдық. Бұл таза қазақи тілдік ортаның қалыптасуына көп әсерін тигізді. Біраз уақыт өткеннен кейін ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарында жиі қолданылатын техникалық сөздерді аударып бастырып, көбейтіп, тағы да әрбір бөлімге, цехқа, бригадаларға тараттық. Бұл жерде қазақша мәшіңкенің атқаратын рөлі зор, онсыз жұмыстың алға баспайтындығы белгілі болды, сондықтан оны сатып алдық. Бұл бүгінгі күнде өте аздық етуде. Үгіт насихат жұмыстарын жүргізуде айына бір рет шығатын "Қабаттар тынысы" қабырғаға ілінетін үнқағазының көп септігі тиюде. Бұл газет шын мәнінде, тәрбие құралына айналды десек артық айтқандық емес.
Бүгінгі таңда басқармадағы "Қазақ тілі" қоғамының бастауыш ұйымында 390 мүше тіркелген, ерекше бір атап өтетін жәйт: бұлардың құрамында орыс, украин, татар, башқұрт, дүнген, әзірбайжан, лезгин, құмық, ноғай халықтарының өкілдері бар екендігі. Қазақ тілін үйренуге тілек білдіргендерге басқарма кеңесінде қысқа 3 айлық курс ұйымдастырылып, оның 9 сабағы өтті, ал өндірістегі өзге ұлт өкілдері тиісті сөздіктер, тілашарлармен қамтамасыз етіліп, өздігінен үйренуге кірісіп жатыр. Басқарма кеңесіндегі барлық хабарландыру жарнама т.б. тақталар түгелдей ауыстырылып, "Басқарма өмірі "Зәру заттарды алу кезегі", "Заңгер бұрышы", "Қазақ тілі", "Еңбек пен мейрам көріністері", тағы сол сияқты атауларға ие болды.Үлкен жетістіктеріміздің бірі - іс қағаздарының толықтай қазақша нұсқалары жасалып, барлық цехтарға, бөлімшелерге ілінуі, бұл әрбір жұмысқа қабылданған жастың арыздарын, кез-келген өтініштердің тек мемлекеттік тілде жазылуына көп септігін тигізді, осылайша басқармаға таза қазақи тілдік ортаның қалыптасуы жалғасып жатыр. Қысқасы, ана тіліміз біздің мекемеде кең жазыққа шығып, үлкен өріске жол тартып, қанатын қомдады, ендігісі тағы да өзімізге байланысты .Тілге деген жанашырлықты енді көкірегімізбен, жан - тәнімізбен сезіну керек. Қанша қиын болса да, Қазақстан Республикасының Конституциясына "Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі" деп жазғызу. Сөйтіп туған тілімізді тәуелсіз мемлекетімізде бірден-бір ресми іс тіліне айналдыру - бәріміздің парызымыз, бәріміз жұмыла көтеретін жүк, ол үшін басқарманың әрбір бөлімшесінде, цехтарда, өндірістік қамту базасында тіл жанашырларын топтастыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет.
Түйтеев Темірхан.
25.ХII.1992 ж.