8 Желтоқсан 2012, 06:02
Әміре Қашаубаев (1888-1934) – атақты әнші, актер әрі музыкант. 1888 жылы туған. 12 жасқа толғанда Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, ол жас әншіні той-жиындарда ән салғызады. Әміре 1921 – 24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. 1924 жылы осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына қатысып, бас бәйгеге ие болды. 1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзі сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, 2-бәйгемен қоса күміс медаль алды. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған. 1927 жылы сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс, т. б. тарапынан жоғары баға алған. Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жариялады. Әміренің әншілік қабілетін кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков пен Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалаған. 1926 жылы Қызылордада ашылған Қазақ драма театрының (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры) алғашқы актерлерінің бірі болды. 1934 жылы қазақ музыкалық театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. 1934 жылы алтыншы желтоқсанда ауыр сырқатқа шалдыққан әнші оқыстан қайғылы қазаға ұшырады.
•
Өмірбаян
Туған жері Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауынң алабы. Алматы қаласынан топырақ бұйырған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа жанұясында туып өскен.
Жастайынан әншілік өнерпаздығымен жұрт аузына ілігіп, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қалимен бірге бас жүлдеге ие болды. Мұнан кейін әншілік даңқы алысқа жайылып, 1925 жылы Парижде өткен Дүниежізілік көрмеде болған этнографиялық концерттерге қатысып, ерекше көзге түседі, қазақтың өресі биік әншілік өнеріне әлем тыңдаушыларының көзін жеткізеді.
Әміре 1925 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданады. Өмірінің соңына дейін театрда әнші артист болған. Әміре «Еңлік Кебекте» Жапалдың, «Айман Шолпанда» Жарастың рөлін ойнайды. Концерттік қойылымдарға жиі жиі шығып, халықтың ән өнерін насихаттауға айрықша үлес қосады.
Әміренің әншілік өнері А.В.Луначарский, А.В.Затаевич, Г.Любимов сияқты өнердің парқын терең білетін мамандар тарапынан жоғары баға алған.
Қазақтың «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Қос барабан», «Қызыл бидай», «Смет», «Жалғыз арша» сияқты классикалық әндері Әміре айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тауып келеді. Бұл ретте, Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ж. Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасар болғанын атап айтқан жөн.[2]
Әміре қашаубаев туралы толықтай ақпарат
Әміре сахнада
Ол халық сыймай отырған залды бір шолып өтіп , домбырасына қарады.Әміре залдағылардың құлағын жарып кететіндей бір-екі айқай дыбыстар алды, бірақ тек бастауы екен.Онысы залдың дыбыс ерекшелігін байқауы дегені болу керек.Енді аз ғана уақыт өткенде әнші залды да, онда құлаққа ұрған танадай болып тыңдап отырған көрерменді де ұмытып кеткендей болды.Әміренің даусы күннің күркірегеніндей кейде аспанды жерге түсіріп дүрілдеп, кейде баяу соққан желмен қозғалған бидайықтың шашағындай сусылдап,сыбырлап кетеді,-дейді.1927 жылы сәуір айында Мәскеуде болған бүкілодақтық кеңестер құрылтайында шыққан концертке жазылған бір мақалада.Әміренің аты тек Қазақстан емес,бүкіл Одаққа,бүкіл Еуропаға әйгі болды. Әміре арқылы қазақтың әншілік өнері мемлекттік шекраны сонау жиырмасыншы жылдардың ортасында-ақ аттап өтті, орыстың, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түсті.Әміре-қазақтың қалай мақтасада,қалай мақтансада,сия беретін асқан өнерпазы.
Әміре 1888 жылы Семей облысы,Абралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде туды.Әкесі Қашаубай кедей болып,күнбе-күнгі өмірді қуып жүрді.Қашаубай көп ұзамай Семейге көшіп барады.Қалада да кәсіп істеу оңай болған жоқ.Қашаубай әрең дегенде үй ішін асырап отырды.Бірақ жасынан бейнет шегіп,иықбасты болып қалған Қашаубай денесі нашарлап,қажып,бара-бара қара жұмысқа жарамайтын халге келді.
Ал Әміренің шешесі Тойған да үй-ішінің ұсақ-түйегі болмаса білекпен келетін ауыр жұмысқа о да жармай қалды.Мұның бәрі келіп,ақыры жас Әміренің мойнына үлкен ауыр бейнет қамытын кигізудің басы болды. Басқа амал болмаған соң жас Әміре Жаңа Семей жағында тұратын Исабек деген байдың көлік айдаушысы болады. Әміре ыңылдап әндетіп жүретін болды.Бара-бара Әміре дауыстап ,өзінің үн қабілетінің барлығын сезіп,кей кездерде ат айдаушы екенің ұмытып кетіп,әннің қызығына түсіп, қожасынан, біздің тілімізбен айтқанда, қатаң сөгістер алып қалып жүрді.Бірақ оның бәрі де Әміре үшін мәнді нәрсе емес, әйтеуір аузының бостығы да әбиір болып, осы алған бетінен қайтпайды.
Әкесінің айта қалғандай өнері жоқ болса да жаман Қашаубайдың баласының музыкаға деген қабілеті оның атшылығынан бұрын әнші бала, бері келе әнші жігіт деген атағын шығарды.Көшенің екі жағында тұрған, ашық қақпаның ішінде самауыр қайып жүген қыз-келіншек, кешкі тұрым әңгіме дүкен құрып отыратын үлкендер тобы, ойында жүрген бозбала фаетонның ешкісінде отырып, арбаның доңғалығының айналған ырғағымен қосылып, кешкі Ертісті жаңғыртып салып бара жатқан Әміренің әнің сілтідей тынып тыңдап тұрысты.Бүкіл Жаңа Семей болып Әмірені жақсы білетін болды.Ол арада болған ойын-сауық Әміресіз өтпейтін болды.Әншілігінің үстіне әсем мінезді, ақ көңіл жігіт халықтың назарын үнемі өзіне тез аударып алатын.
Осындай екі бірдей қасиетінің арқасында Әміренің атағы көп ұзамай Ертісті кесіп өтіп, Семейдің қаласына жетуге айналды. Бұрынғы, бұрынғы ма, енді Қашаубайдың баласы бүкіл қаланы аузына қаратуға айналды. Мұның бәрі де Исабек байға ұнамай, ол қалайда Әміренің мына бір кедейге келіспейтін қылығын тоқтатқысы келді. Сондықтан бір жерге қадап қою мақсатымен, Әмірені тері күзеттіріп қояды.Ондағысы Әміренің жолын кесіп тастау әншіні сүйген халықтан айыру еді. Бірақ ол мақсатына Исабек жете алмады.Әміренің даусы түнгі Семейді тегіс аралап көше бойы қыдырып, сайрандаған жастар терезесін ашып қойған ән құмар үлкендер құлақтарын тосып тыңдап ләззат алды.Жаратылыстан күшті дауыс кешкітұрым салқынмен бұрынғыдан да дүрілдеп,мына байлаудан құтқар, еркіндікке жібер, қанатымды бір қарыштайын, аспанға бір шырқайын деген сияқты болып, Әміренің даусы өзінен бұрын Исабектің сасық иісті тері қоймасынан іргені аулақ сұрап тұрғандай, Арқаның жазығына, Ертістің еркін ағысына шыққысы келгендей кейіп білдіреді.
Бұл кездерде Әміре аз да болса бірқатар ақылай табысқа ие болып, оларын үйіне беріп, өзі Семейден сыртқа шыққысы келеді. Қаншама қиын болғанмен, мейірімді әке-шеше өнерлі баланың алған маңдайын қақпайды.Әміре енді әніне бостандық алатын болды.Исабекпен есеп айырысып, Арқа әншілерінің Мекесі болған Қояндыға жол тартты.Бұл Әміре үшін үлкен игі сапар болды.Өйткені осы күнге дейін өзінің ғана білгенің айтып келген Әміре, не бір саңлақ, топтан озған ән иелеріне кездеседі.Жасы келіп қалса да, әлі қунақ, күлдіргі қалпынан таймаған, қарт дауысымен әлі де әннің нақысын бұзбай айтатын аға әнші Жаяу Мұсаны көрді.
Семейде
Семейде жүргенде оның Ақ сисасын, Гауһар қызын, Хаулауын, айтып, Жаяу Мұсаның өзің көрмеседе шығармашылық жүзіне қанық болатын.Енді міне, «құлақ естігенді, көз көреді»болып,қарт әншінің өзің де көрді.Жас талапкер үшін бұл үлкен рухани олжа болды. Ал тап осы кезде нағыз бабында тұрған Бәпидің Мәдиі, Ғаббастың Айтпайы, Байжанның Қалиын естігенде Әміренің бұл күнге дейінгі орындап жүрген әндерінде көптеген күнәләр болып шықты. Ол бір дүниені сындырып алған жазықты баладай, үндемей құламенде, көзіменде бірге тыңдады.Мынау әннің базары Әмірені еліттіріп,енді қайтып Исабектің терісінің иісіне оралмастай іштей уәде айтты.Қандай жолмен болса да Әміре бұдан былай өзін бүтіндей ән өнеріне бағыштауға бел байлады. Жоғарыда айтылған әншілерден жаңа ән үйреніп,біраз репертуарын байытады.Әр әнді өзінің стилінде айтуға тырысты. Қабілетті әнші ол мақсатына жетіп қалды. Ол үш жасынан ән салып, Жаңа Семейдің шала қазақ, татарлар арасында «әнші бала» атанып, жасы он сегізге енді таянғанда мына Қондыға келуі, Әміре үшін ән дүниесін ашуын былай қойғанда басқа да, дүниелік, өмірлік үлкен жаңалықтар көрген жүрісі болды. Әміре қойын-қолтығын әнге толтырып қайтып Семейге келеді.Енді бұрынғы жәмшік, күзетші Әміре емес, ысылған өмір көрген жақсылардың қасында болған тәжірибелі Әміре болып келді.Семей оны бұрынғыдан да қызу қарсы алды.Әмірені енді жиі шақыратын болды.Оның үстіне бұл кезде
Семейге келіп жатқан атақты Майрамен кездесіп екі ән алыбы біресе домбырамен, біресе гармонға қосылып Семейдің ән базарын қыздыра түсті.Қазақтың кешегі заманда еңсесін бейнет басып, кеудесін көтере алмаған Әміре сияқты әншісі, қараңғылықты жарып шыққан Майра сынды өнершісі шүйделерін көтеріп, дауыстары бұрыңғыданда сыңғырлады.Әміренің күшті үні төңкерістің дүбіріне қосылғандай аңқылдап аспанға шығып,бір күні Мәскеуге де жетіпті.
«Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде болатын жержүзілік көрмеде қойылатын этнографиялық концертке қатысуға бара ме екен? Соның хабарын тез білдіруіңізді сұраймын. Жол қаражаты қалам ақысы төленеді.Мерзімі маусым,шілде айлары. РКФСР Халық Ағарту Комиссары-Луначарский деген Семейдің губерниялық бөліміне телеграмма келеді Халық ағарту бөліміде, Әміреде сасып қалады.Бұлар осылай жүргендерінде Мәскеуден тағы:Әнші қазақ Әміре Қашаубаев туралы менің берген телеграммама жауапты тездетулеріңізді сұраймын. Парижде болатын біздің концерт мәселенің мемлекеттік маңызы бар деген Луначарскийдің қолымен телеграмма келді.Енді ойланатын кеңесетін уақыт жоқ. Телеграммадағыны тек орындау керек.
Шетелде
Әміре Мәскеуге жол тартты. Қояндыға барғаның Меккеге барғандай ұзақ сапар көрген Әміреге енді мына жол тіпті қызық сияқты көрінді. Парижде болатын коцертке қатысу үшін Мәкеуде Қазақстаннан басқа ұлт республикаларынан белгілі өнерпаздар келді. Бұл шеберлердің оның ішінде Әміренің Париж концертіне дайындық есебінде өткен Үлкен Театрдағы концертке шығуы үлкен табыс болды. Бұл жөнінде Правданың 1925 жылғы 26 шілде күнгі номерінде жазылған. Олардың жабайы өнерлері шығармашылығының көркемдік сатысы жағынан орындаушылықтан еуропалық шеберлердің тәуір деген нөмірлерінен кем түспейді,қолдарындағы аспаптарын салыстырсақ олар тағы бірінші орын алады: тыңдаушыларға эмоционалдық, эстетикалық әсер етуде олардың қолдарындағы қандай жұпыны құрал десеңізші – деп жазды. Айтушылар Әміре Ағаш аяқтың басындағы жоғарғы нотасын шырқап алғанда, партердің алдынғы қатарында отырған бір әйел Мынау не деген күшті дауыс деп шошып кетіп барып айтыпты деседі.
Әміре этнографиялық ансамбільмен Парижге барады.Көздерімен көріп,есіткеннің жаңсақ жерлерін түзетіп алғысы келеді. Сонымен қатар олар бұл келе жатқан кеңес елің жайлайтың халықтың бірқатарының ғана өкілдері екенің жиылған жарнамалардан есітеді.Кеңес өнершілері Париждің залдарында 11 концерт береді. Сол концерттерде Әміре өзінің сүйікті әндері: Ағаш аяқ, Үш дос, Екі жирен, Дудар, Қос барабан, Қызыл бидай тағы басқаларын айтады.
Ансамбльдің концерті бұрын-сонды ондай музыканы тыңдамаған Париж халқыны қатты ұнайды.Неше түрлі ұлттардың әндері,олардың сан алуан түрлі аспаптары, неше түрлі түсті киімдері, орындау шеберліктері кеңес өкілдерін үлкен табысқа бөлейді. Әсіресе бұрын аттары шықпаған Ресейді жайлайтын аз ұлттардыңаз мерзім ішінде мұндай табысқа жетуіне дос сүйініп, дұшпан күйінеді. Бір кезде Ертістің асау толқынының аккомпанементімен ән шырқаған Әміренің енді Сена өзенінің сылдырап аққан дыбысына сиқырлы үнің қосуы тек ән өнеріндегі емес, халықтар достастығын нығайтуда өнердің үлкен рухани құралға айналғаны көрінді. Париждің газеттері өнершілердің концерттері жәйлі үзбей жазып отырды. Париж апталығы атты газеті өзінің 1925 жылы 31шілдедегі нөмірінде: Париждің Комедия залында өтіп жатқан орыстың этнографиялық өнері әдеттегі біз болып жүретін концерттерден ерекше. Біз аса жоғары, қызықты сахна көрдік, біз, Түркістанның, Украинаның, Оралдың, Кавказдың таза шынайы қалпында тұрған, жүрек қылыңды қозғайтың музыкасын есіттік. Оларда гармониялық, мелодиялық бұрмалау дыбыс құрылыстарын өзгерту сияқты өзінің ерекшелік мазмұны бұзатын нәрселерді таба алмайсың.
Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін-еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып өз елінің жаныңда толқытатын әндерін орындады. Солардың бәрінде де, өздерінің өнерлерін Парижге көрсетуге келген адал көңілді әртістердің өз Отанына деген жалыңды сүйініші сезіледі – деп жазды. Француздың белгілі музыка зерттеуші ғалымы Ле мюзи-каль журналында Әміренің сирек кездесетін музыкалық көрініс екенін жазды. Сорбонн университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында қазақтың бірнеше әндерін жазып алды. Бір айта кететін жай біз осы күнге шейін Әміренің сол фонографқа түскен әндерін шетелмен байланысты мекемелер арқылы қанша талаптансақ та, ала алмай жүрміз.
Әміре Париждан елге келеді. Мәскеуде болып, одан туған қаласы Семейге келеді. Бірақ онда көп бола алмай, күзге қарай Қызылордаға келіп, ол кездегі Қазақстанның астанасында ашылғалы жатқан театр тобына кіріп, солармен бірге дайындық жұмысқа кіріседі. Келесі 1926 жылда қаңтардың 13 күні Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасымен қазақ тарихында бірінші рет кәсіпкерлік театрдың шымылдығы ашылғанда Әміре қойшы Жапалдың рөлін ойнайды. Оны сол кезде көрген адамдар әлі-күнгі аузынан тастамайды. Өйткені Әміре тек әнші емес, жақсы әртіс болды. Ол сахнада жасанды қимыл-қозғалыссыз, қандай бейнеде болсада, шын жүректен, нанымды, қарапайым атап келеді. Солай бола тұрса да Әміренің шын шүйдесі көтеріліп, шоқтығы аспанға шығатын кезеңі концерттерде болатын. Жарнамада Әміре шығады деген концерттер ол кезде үнемі лық толы болады екен. Күлкілі сөз шебері Қалибек поэзияның жас перісі, әнші Иса, характерлі нөмірлерді жандырып шығаратын Елубай, от боп жанған Құрманбек- бәрі бірінің артынан бірі шыққанда концерт жөнсіз көп уақытқа созылып, көрермен уақытын қалай өткенін сезбей де қалады екен.
1927 жылдың сәуір айында Әміре тағы Мәскеуге шақы-рылады. Онда, осы әңгіменің басында баяндалғандай ке-ңестер сьезінде концертке шығып, үлкен табысқа ие болады. Әміре сол жылдың жазында Алманияның мамырда Франкфурт қаласында болатын Жержүзілік музыкалық көр-меге шақырылады. Бүкілодақтық шетелмен байланыс жасаушы қоғам онда көрменің кеңестік бөлімін ашты. Бөлменің концерттерінде біздің әр ұлтымыздың өкілдері шықты. Шілденің 22 мен 31 арасында көркемде орыс музыкалық апталығы болып, онда қатысуға РКФСР-ға еңбегі сіңген әртіс, профессор Г.Любимов бастаған кеңестік этнографиялық ансамбль құрылды. Сол ансамбльдің ішінде Әміре де болды. Ансамбль Франкфурттың Үлкен театрында 9 концерт берді. Концерттер аса қызығұшылықпен қабылданды. «Франкфуртер цейтунг» газеті «Аса қабілетті жеке орындаушылардың қатысуымен профессор Г.Любимовтың көрсеткені біздің күткенімізден асып шықты...Кеңестің ұлттық музыкасының бай жақтарынан нағыз шыншыл, айта қалғандай етіп көрсету арқылы ВОКС өзінің уәдесін орындады,»- деп жазды.Кеңестер Одағы халықтарының өнерлерін екінші Қазақ халқының ән байлығына шетке көрсетуде өнер қайраткерлерінің ішінде Әміре жас ұланы болды.
Әміре қайтып Қызылордадағы қазақ театрына келді. 1928 жылы театр Алматыға көшкенде Әміре де бірге келді. Әміре драма театрында бірнеше рөлдер атқарды. Әсіресе концерттерінде басты әртіс болып жүрді. 1933 жылы драма театры-ның бір бөлек адамвнан құрылған «Музыкалық студияның » ішінде бірінші болып Әміре кетті. Ол студия келесі 1934 жылдың қаңтарының 13 күні «Музыкалық театр» болып, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» атты музыкалы пьесасымен ашылды.Әміре «Айман-Шолпанда» басты рөлдің бірін атқарды. Бірақ өмірі ұзақ болмай сол жылдың күзінде қайтыс болады.
Әміренің негізгі ресми қызметі театрда болғанымен, ол үнемі концерт беруде болатын.1926 жылы Қ.Жандарбековпен бірге Шымкент,Ташкент қалаларында концерт берді. Қала халқы,оқушылар үлкен ынтамен қарсы алды. Әміренің залды күңірентіп жіберген ащы даусы мен сыңғыраған көмейінен бұралып шыққан үнге таңырқамаған жұрт қалмады. Әсіресе Әміреге бір риза болған жер, Қарқара жәрмеңкесінде болды. Әміре шығады дегенде жиналған жұрт қол соғып,сахнаға шығуын қошеметтеді.Біраз ән айтып кетпек болған еді, жұрт үсті-үстіне қол шапалақтап жібермеді. Әміре «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Ісмет», «Қанапия» әндерін айтты. Қасында бір-екі жігіті бар, қалыпты Қыз Жібектің қисасын жазған Шайқы-Ыслам Жүсіпбекұлы екліп,сахнаның сыртында Әміреге таңысып,рахмет айтты. Әміренің бұдан басқада талай үздік шыққан жерлерін көрдік.
Өзінің Екі естелік дегенінде Қалибек Қуанышбаев 1924 ж Семейде өнерпаздардың ақпан айында болған жиналысында болғаның айтады.Ол Қарқаралы,Өскемен,Павлодар,Баян бәрі бір облыс екен. Павлодардан Майра, Семейден Әміре, Қарқаралыдан Қали Байжанов болады.Басқа әншілер жарысқа түсіп,кезектесіп ән орындағаннан кейін, топталып келе жатып, қарақшыға жақындағанда шұбалып, біртіндеп шыға бастайтын бәйгі аттарындай, аяғында Қали мен Әміре қалады. Бұлар баста әрқайсысы әртүрлі ән айтып, біресе домбырамен,біресе гармонмен сүйемелдеп,қызақыза екеуі сахнадан шықпай қояды. Қазақтың ескі әдеті қалама,Қали айтқанда Қарқаралы,Павлодар,Баяндықтар қошеметтеп,Әміре айтқанда Семейдің көпшілігі шулап, айқайлап қостайды. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей,екі әншінің бірінен бірін бөлмей, екеуінің де пірлі екенің көген төреші топ,бірінші,екінші бәйгені қосып жіберіп Қали мен Әміреге бөліп береді. «Әміренің адамшылығы өте зор еді. Барынша әділ, жүректі еді. Қаннен-қаперсіз, қалай болса-солай жүретін. Дүние үшін қабақ шытып, бір тарықпайтын. Қоң етін кесіп беретін жомарт еді. Біздің Әміре қасым жомарт қой деп күлуші едік. Кейде бір нәрсеге үлкен ерні томпайып, балаша өкпелейтін. Ой сорлы Қашаубайдың баласы-ай!- деп, бір саусағынды шошайтып қытықтасаң, күліп, ол өкпесін әп-сәтте ұмытып кететін. Әміре ән салғанда әнді көркемдеп, аспандата айтар еді. Қандай әнді болса да түзеп, кесек бейнелі ән қып айтып жүрсе де, мынаны мен түзедім демес еді.Әміре ән салғанда қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндердің алдында, демін бір-ақ жиып алатын. Әміре енді ылғи сүйіп, ұнатып, өзі әнге ғашық болғандай айтатын. Халық көп болса делебесі қозып кететін.» - дейді сол естелігінде Қ.Қуанышпаев.
Әміремен бірінші кздескенін Қалибек былай деп жазады: «1925 жылдың қазан айының ішінде Еңбекші қазақ газетіне бір сыпыра адамдардың аттары жарияланды. Солардың басын қосып, құрастырып,театр құру керек деп, Оқу Комиссариаты шақырған болатын. Семейден Әмірені, Исаны, Павлодардан Майраны, Қостанайдан Серкені, Орынбордан Елубайды, Ташкенттен Құрманбекті, Қарқаралыдан мені атаған еді. Қызылордаға келісімен Әміренің үйін іздедім. Біреубен-біреу нұсқап, көрсетіп, әйтеуір таптым-ау. Келген бетімде есігін қақтым. Амандасқаннан кейін: Әміренің үйі осыма?- деп сұрадым. Осы дегенсін үйге кіріп шешініп, жуынып жатқанымда, Әміренің өзі орамалды ұстап, күтіп тұрды. Жайланып болып, шайға отырғанда, әйелімен амандасып, аз кідіріп: Әміре аға қайда?-дедім. Ерлі-зайыпты екеуі біріне-бірі қарап күлді. Сол сәтте Иса кіріп келді. Ол екеуіміз бұрыннан таныс болатынбыз. Аржағын Иса жөндеп әкетті дейді.» Қалибек өзінің қысқа естелігінде Әміренің сырт түрін, адамшылығын әдемі-ақ суреттейді.
Әміренің қазақ әндерін көп ажарлағанын, байытқанын қазақтың тұңғыш режиссері, халық әртісі үлкен өнер қайраткері Жұмат Шанин де, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовте айтып кетті. 1934 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Халық ағарту Комиссариатының үйінде көптеген өнерпаздар бас қосқан үлкен мәжіліс болды. Оған әншілерден: Әміре Қашаубаев, Темірболат Арғынбаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, т. басқалары келеді. Әнді сазбен асықпай қоңырлатып айтатын, баритон дауысты Темірболат салған жерден, қырандай аспандап, шырқап кететін Қуан, әр нотасынан Сахараның кең тынысы сахнаға ере келіп тұрған Манарбек, әнді еркелетіп, уілдетіп, лебізімен жыланды іңнен шығаратын Жүсіпбек, дауысының жоғарысы әйелдің сопраносының бақшасына кіріп кететін Ғарифулла, жүрекке жылы тиетін, жұмасақ меццо-сопрано Бибі-бәрі де,бәйгегі түсетін болғансын, бірінен-бірі оздырамын деп, бар шеберліктерін салып, не бір мықты әндерді коммиссианың алдына табақтай тартып жатыр.
Әміре оқуы көп болмағанымен тоқығаны ескергені көп адам еді. Осы жолдардың авторы Алматының музыка техникумында істеп тұрған кезінде ол бір күні техникумға келіп, екі сағаттай сөйлесті. Әңгіменің мазмұны өзінің бұрынғы заман өктемдігімен оқи алмай қалғаны, енді мына бір кішкене қыздарын музыкаға оқытқысы келетіні болды. Бұл 1933 жылдың күзі болатын.
Әміре - ұлы әнші, азамат. Оның өмірі мен қимылы әлі де зерттеле түседі. Ол жөнінде талай кітаптар, дастандар жазылмақ. Оның аты ән мектебінде мәңгі қалады. Әнші туралы Қайнекей Жармағанбетовтың "Әнші азамат" повесі, Сәду Машақов пен Оразақын Асқардың поэмалары бар. Әміре Қашаубаев туралы ақын Қайырбек Шағырдың "Ұлы тенор" поэмасы 2006 жылы жарық көрді.