8 Желтоқсан 2012, 05:57
Сол асқаралы арманымыздың орындалғанына да екі жылдан жаңа ғана асып барады. Бірақ, тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуы өздерімізге қандай ауыр міндеттер жүктейтінін шамаламаған екенбіз. Жарлықтың орындалысы тек өздерімізге ғана байланысты екенін телпегін аспанға лақтырып шаттанған қазақтардың көбі күні бүгінге шейін зерделемейтін сияқты. Жалпы бұндай тарихи істі атқарудың бақыты мен азабы батыл басшылар мен шын жанашыр азаматтардың еншісі екені дәлелденіп отыр.
Сыртынан қарағанда қазақ тілін өмірге енгізу Ақтау қаласымен салыстырсақ бізде анағұрлым ілгері аттаған сияқты. Шындығында олай емес. Халқының 80 пайызына жуығы жергілікті ұлт болса да, тіл төңірегінде қуанарлықтай нәтиже шамалы. Рас, бастауыш ұйымдар құрылып, еңбектеніп жатқан 50 мекеме, кәсіпорындардың ішінде жарқырай көрініп, тыным таппай жүргендер жоқ емес. Олар: қабаттардың мұнай қайтарымын арттыру және скважиналарды күрделі жөндеу басқармасы /бастығы Әбішаев Орынбек, ұйым төрағасы Түйтеев Темірхан, орынбасары Сәтов Жауынбай/, механикаландыру және автомобиль транспсрты басқармасы /бастығы Сатыбаев Өтеу, төраға - Ұзақбаев Мәди/, технологиялық сұйықтар дайындау басқармасы /бастығы Қалиев Жеңіс, төраға - Үргешбаев Шүкірбек/.
Бұлардың жүректерінде халқым деп соққан бір лүпіл бар. Ондай сезімді, әрине, әркім өзі қолдамаса, ешқандай бұйрықпен не жазамен адам табиғатына енгізу мүмкін емес. Осы мекемедегі іс қағаздары түгелдей қазақ тіліне көшірілген және бұйрықтар да қазақ тілінде шығарылады. Кадр бөлімдері жұмысқа қабылданғандардың өтінішін, басқа жұмыс қағаздарын ана тілінде жазады, әсіресе, скважиналарды күрделі жөндеу басқармасының орны ерекше. Жоғарыда айтылғандардан басқа бұнда кеңсенің әртүрлі бланка қағаздарын қазақшалап, баспаханада жаздырып алу аяқталып қалды.
- Есепшілердің қағаздары ғана қалды. Оның да бір амалын тауып отырмыз, - дейді басқармадағы бастауыш ұйым төрағасы.- Іске залалын тигізіп тұрған бізбен байланысты мекемелер болып тұр. Мысалы, Өзен мұнай, газ өндіру басқармасы, оқу-курстық комбинат,жинақ кассасы және банк. Осылардан келген құжаттар тек орыс тілінде түседі. Мұнайшылардың оқу-курстық комбинатында оқитындардың көбі қазақтар. Ал сабақ орысша жүреді. Емтихан да орысша қабылданады. Неге, бұлай?
Қазақша сөйлеп, жазатын жігіттер үшін, әрине, бұл таңданарлық жағдай. Ал, жоғарыда көрсетілген кәсіпорын, комбинат басшыларына ұсынарымыз - Темірхан Түйтеев ұсынысын қабылдау. Бұл кәсіпорында ай сайын шығып тұратын "Қабат тынысы" қабырға газеті шын мәніндегі тәрбие құралына айналған. Іс қағаздарының қазақша үлгілері жазылып ілінген. Жылдық жарна жинауды да кешіктіріп жүрген жоқ.
Ал көпшілік ұжымдардағы қазақ тіліне деген қозғалыс қарныңды ашырады. Қағаз жүзінде бастауыш ұйымдар құрылғанмен, игі қимылдар болмаса, жарна жиналмаса, өзіңді алдағаннан не пайда? Мысалы, №1 Өзен технологиялық транспорт басқармасынан, тұрмыс қажетін өтеу комбинатынан, жұмысшыларды жабдықтау, бөлшек сауда бөлімінен, №3 құрылыс басқармасынан, тұрғын-үй коммуналдық конторынан, №3,4,5,6,7,9 орта мектептерден жылдық жарна жиналған жоқ. Ал Қ.Үсенов жолдас басқаратын Өзен бұрғылау басқармасында бастауыш ұйым әлі құрылған да жоқ.
"Қазақ тілі" ұйымының тікелей араласуымен 1991 жылғы 16 шілдеде қалалық атқару комитеті қала кәсіпорындарында, мекемелеріндегі Тіл туралы Заңның орындалысы туралы №256 шешім қабылдады. Онда Қазақ ССР-інде қазақ тілі мен басқа да ұлт тілдерін 2000 жылға дейінгі кезеңде дамытудың мемлекеттік бағдарламасына, Қазақ ССР Министрлер Советінің жоғарыдағы бағдарламаға кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қаулысына (27.1Х.90) және облыстық атқару комитетінің осы мәселе туралы шешімдеріне сүйене отырып, қала мекеме, кәсіпорындары мен оқу орындарының, балабақшалардың мемлекеттік тілге көшірілуі 3 кезеңге бөлінген. Онда мекемедегі Қазақтар саны 85 пайыздан жоғары ұйымдар - 1991 жылдың 15 қарашасынан, 60-85 пайыз аралығында қазақтары барлар-1992 жылдың 1 шілдесінен, жергілікті ұлт өкілдері 60 пайызға жетпейтіндер -1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап өте бастайтыны айтылған. Бұл,әрине, жоба, бағдарлама, шешім. Республика үкіметі жасаған бағдарлама бойынша Жаңаөзен тұсында 1992 жыл тұрғанын ескерсек, қалалық шешімнің сабырлы шешім екеніне көз жеткізу қиын емес. Демек, қызмет істеймін, ана тілін, мәселесі, №27 балабақшаның, күні бүгін 5-еуі ғана ана тіліміздегі тәрбиеге ауысқан. Әр бақшадағы 150-200 бүлдіршіннің 18-20-сы ғана басқа ұлттан.
Мұнай, газ өндіру басқармасының бұрынғы басшысы М.Батырбаевқа рахмет! Дау-дамайсыз бір ғана бұйрығымен өзіне қарайтын 16 балабақшаның 4-еуін ана тіліне көшірді. Бірақ басқа балабақшасы бар Қазақ газ өңдеу зауыты /директоры А.Саурин/, Маңғыстау мұнай - газ құрылысы басқармасы (бастығы Т. Ақмалиев) өз бүлдіршіндеріне қашан ана тілінде әліппе үйрететінін әлі жоспарлаған да жоқ! Осы жағдайдың негізгі қиындығы бұрынғы істеп жатқан басқа ұлт тәрбиешілерінің қарсылығынан туындап отыр. Бізге балаларымыздың қазақ, мұсылман болғаны керек болса, олардың алдында әсіресе, осы нарықтық қиын жағдайда, мамандық ауыстыру, басқа мамандық игеру машақаты тұр. Оларды да түсінуге болады. Бірақ жеке адам қам-қаракетінен гөрі ұлт тағдыры маңыздырақ. Міне, осыны шешер басшы бар ма? Үлкен істі үндемей, дау-дамайға апармай шешер құдірет бар ма жаңағы кәсіпорын басшыларында? Мысалы, биыл жазда қала жоспары бойынша 6-8 балабақша ана тілімізге ауысуы тиіс. Оны өткендегі атқару комитеті шешімімен бәріміз де көріп отырмыз. Соған қазірден дайындық жасап, басқа ұлт тәрбиешілері мен жылы-жылы сөйлесіп, кедергілерге қарамастан соларға айлығында кемдігі жоқ жұмыстар ұсынуға, келісуге неге болмайды? Тәуелсіз Республиканың мемлекеттік тілінің талаптары мен болашағын ұғындыруға болмай ма? Бұл майданда жанын шүберекке түйіп, жамап-жасқап, жоқтан бар жасап, тәрбиешілер тауып, оны орналастырып, еңбектеніп жатқан Өзен мұнай-газ өндіру басқармасының балабақша инспекторы Қашаубаева Маңдайлы. Оның осы ұлтжандылығы үшін тек қана балабақшаның басқа ұлттан тұрған меңгерушілері емес, бөлмелес, көршілес отырған қазақ қызметкерлерінен де көресіні көруде. Бірде басқарма бастығының орынбасары А.Өтесінов балабақшаларды көркемдеу, суреттер салу сметасын өткізбесе, бірде басқарма кадр бөліміне бастық болып орналасқан А.Қонарбаев Маңдайлымен есептеспестен болашақ қазақшаға көшірілетін балабақшаларды басқа ұлт кадрларымен толықтыруда 16 бақшаға қызмет етіп отырған бір адам, тек Қашаубаева болған соң, оның жұмысының қиындығын ескеріп, бұрынғы бастық М.Батырбаев жолдастан көмекші-методист сұрағанбыз. Сау болсын, ол кісі "берілсін" деп бұрыштама салып берген. Батырбаев кетісімен, жоспарлауды басқаратын М.Гусейнов мырза ондай штат берілмейді, деп хат жазып отыр. Сонда осындай торлаған бұлттан ұлтжанды Маңдайлыны кім қорғайды? Қолтығынан кім демейді? Әзірге "Қазақ тілі" ұйымы мен қалалық газет қана. Жоғарыдағы мәселелерді шешуге болатынын меңзеген басқарманың жаңа басшысы Оспанов Елтайдан күтеріміз мол. Ал жаңадан тәрбиеші кадрлар даярлауда Ақтаудағы педагогикалық колледжбен іскерлік байланыс жасалып, бері де мүмкін екенін Ушакова қатерімізге салып отыр. Біз тіл тағдырының кейбір қырларына ғана тоқталдық. Сөз соңында айтарым: батыл басшылар мен арлы азаматтарға қимылдайтын кезең туды. Іс басындағы адамдар өз ұлтының (әрине, бұл басқаларын шеттет деген сөз емес), көп жылдар бойы тұрмыстық мешеулік пен рухани қағажуға ұшыраған бауырларының тілін, дінін дамыту жұмысына көмектесуге, моральдық қолдау көрсетуге тиіс. Бойымыздағы білім, тәжірибе, дипломатиялық қажыр-қайратымызды халқымызды бұрынғы ата-баба салған бастауға қайтаруға, болашақ ұрпақ алғысын алуға жұмылдырайық.