Ұзынағаш соғысы

8 Желтоқсан 2012, 05:51

1860 жыл қыркүйек айының ішінде қазақ тыныштығы ұйқы-тұйқы боп бұзылып кетті. Алматыдан төменгі ел төмен Балқашқа тарта көшіп, жоғарғы ел Шығысқа көшті. Алматыдан төменгі таудың сілемінде ел қалмады. Қазақтың мұндай үрке көшкендігін Шапырашты руынан Адбан Саркүт баласы деген жасауыл мен Бордашев деген тілмаш Колпаковскийге жеткізеді. Алматының іші де толқып, Пішпек, Тоқпақ қорғанынан ұсталған байлаудағы Қоқан адамдары да көңілдене бастағандығы байқалды. Алматыда тұратын сарттардың қоқандық ақсақалы Сейдахмет Сайдалы баласы дегенде түнде- түнде жиналыс болатындығы білінді. Ол уақытта әкім бастықтың (начальник) кеңесіне қазақтан сайланып кірген Әбілейдің баласы Әбілейіс (Әбілфейіз) төре мен милицияның прапоршигі Байсерке баласы Қожағұл деген еді. Бұл жаңадан Пішпекке келген Қоқан қолының бастығынан барлық сұлтандарға, ел ақсақалдарына, рубасыларына орысқа қарсы дін үшін соғысқа жәрдемге шақырған хат келгендігін Колпаковскийге хабар қылды. Және 15 мың атты көл мен жаяу отрядпен, зеңбірекпен Әулиеатаға орысқа қарсы Қанатша (Қанағат шаһ) келіпті деген дақпырт дүңкілдеді. Шабуылдың мақсұты ойран болған Пішпек, Тоқпақ қорғандарын жаңалау, орыс қолындағы тұтқындарын босатып алу, Іленің Қоқан жағындағы қазақ-қырғызды Қоқанға қарату, орысты Іледен өткізе қуу еді. Колпаковский әскербасыларды, басқа тиісті адамдарды шақырып, кеңес қылды. Соғысқа дайындық көрінді. Соғыс жабдығы орыстарда аса жеткіліксіз еді. Кілеттен зеңбіректер шығарылды. Ер-тұрман, оқ артатын жәшіктерді солдаттардың өздері қолдан жасады. Зеңбіректердің бастығы боп штабс-капитан Абович деген белгіленді. Қапалға қайтарылған отряд Алматыға шақырылды. Қоқанмен түйісетін жердің лайығы Қастек деп ұйғарылды. Сондықтан барлық күшті Қастек қорғанын мықтауға салды. Ондағы бұрынғы гарнизонды қуаттандыруға бір взвод отряд жіберілді. Қастек қорғанының қолбасылығына майор Экеблат деген белгіленді. Қаскелеңге Бутаков қоластында бір жүздей казак-орыс қойылды. Пішпекке сарттың келгендігін бақылауға Шапырашты Сұраншы деген жіберілді. Алматыдағы әскер дайын тұруға, ондағы халық құралдануға бұйрық қылынды. Қоқаннан қолға түскен байлаудағы Пішпек, Тоқпақ қорғандарының коменданттарындағы жолдастарымен дереу Семейге айдалды. Қазанның 8-інде Пішпекке сарт жағынан мың жарымдай көл келгендігін және үсті-үстіне үйіліп-төгіліп келіп жатқандығын керуендер хабар қылды. Қастек қорғанына Усев бастатқан оқшы взвод және жіберілді. Үлкен Алматы, Қаскелең, Іле қалалары жабдықтанып дайындалды. Сарбағыш қырғызы тұяғынан түгел, Дулаттың қақ жартысынан көбі Қоқанға қосылды. Қазақтан алдымен кеткен Пішпекке, Фаршқа жіберілген Сұраншы, одан кейін Андас би, Әлдеке, Диқанбайлар. Бұлар бастаған Дулаттан 5000-дай үй кетті. Дулаттар сартқа мыңнан аса жігіт көмек берді. Қазанның 13-інде Усев Қастекке келді. Қаскелеңдегі Бутаковке Ұзынағашқа баруға бұйрық болды. Мұның үстіне сол күні Алматыдан Ұзынағашқа подполковник Шайтанов бастаған казак-орыстың жүзі, атты зеңбірекші, 8- батальонның ротасы келді. Дулаттың жартысы кеткені Колпаковскийді, орыс адамдарын жаман қауіпке түсірді. Колпаковский жалма- жан Ұлы жүздің қалған адамдарына хат жазып, шапқыш таратты. Хатта Тезек төре, оның інісі Әбілейіс төре, Жантазы төре... Алматыға шақырылды. Сартқа қарсы қам қылып, болысуға өтініш қылынды. Сарттан алған олжаның бәрін қазақтарға беруге уада етілді. Басқа көп адамдар шақырылды. Колпаковский осы шақырумен келе қалса, күдікті адамдарды тұтқынға алуға ойы бар еді. Бірақ осы қарбалаңда Колпаковскийдің қолына қазақ түсе қоймайды. «Барармыз»-бен жүре жауап беріп, әбден Қоқан қолы жеңілуге айналғанда тана шақырылғандар Алматыға көрінді. Қазанның 16-сында Ұзынағаш пен Қастек қорғанының ортасындағы Саурық қорғанына тұруға Сарковский дегеннің отряды қойылды. Бұл қорған төрт бұрышты қыш кірпіштен салынған ескі қорған еді. Ілеге бір жаяудың взводы, казак-орыстың жүзі мен тау зеңбіректің взводы қойылды. Сарковский Саурық қорғанына келген күні оларға қазақтар соқтықты. Бірақ екі жақтан да өлім болмай, қазақтардың беті қайтып, кетісті. Мұны Қастектегі Экеблат тіпті білмеген. Ол 18- қазанда Қастек маңайы тыныштық деп хабар қылған. Сол қазанның кешіне Колпаковскийдің өзі Қоқан қолынан алған анық хабармен Қастек қорғанына келді. Дәл сол күні түнде шабарман Сарқыт баласы Адбан Қоқан қолына шолғыншыға жіберілген еді. Ол Қастек тауының күнбатыс жағында Жирен айғыр деген жерден Самсыға тартқан Қоқан қолын көріп қайтты. Колпаковский Қастекке келерде мұның қасында Әбілей баласы Әбілейіс төре, прапорщик Қосшығұл Байсерке баласы, Қуат Сарқұт баласы шабарман бірге еді. Бұлардың қасында отряды бар еді. Бұларды Қаскелеңнен он шақырым шыққанда қазақтар қамады. Бірақ екі жағы да шығынсыз кетті. Колпаковскийлер сол күні Қастекке келді. Бұл қазанның 18-і еді. Осы күні кешке орыс әскерлері мына жерлерде еді. Қастекте — 4 рота, 4 жүз, 4 ауыр зеңбірекші, 4 атты зеңбірекші мен екі ракетті станке. Саурық қорғанында — бір рота ракетті станкесімен, Ұзынағашта — бір рота, бір жүз және екі жеңіл зеңбірек. Іледе — бір рота, бір жүз, екі тау зеңбірек. Қаскелеңде — 50 казак-орыс, Алматыда — екі рота, 150 казак-орыс бар еді. Қоқанның қолбасысы Қанатша еді. Бұл адам бұрын орыспен соғыста болмаса да, Орта Азияның өзге халқымен жауласуда данқ алған. Амалгер қария адам еді. Оның қол астында Үрістембек бар еді. Ол бұрынғы Цимерманнан жеңілген Пішпекке қорғанбасы еді. Ағаби Әлімбек алдыңғы әскерді басқарушы еді. Шағаман қожаТашкен қолын басқарып, Мерке, Пішпек, Әулиеата қорғандарының бастығы еді. Олардың барлығының төбесіндегі үлкен қолбасы Қанатша болса да, әскердің қатаң тәртібі бұларда жоқ еді. Тіпті кейде әлгі ұсақ қолбасылар Қанатшаға құлық қоймай кететін жері де бар болушы еді. Қоқан қолының қанша екені анық мәлім емес. Сонда да 12000 адамнан артылмаса керек деп шамаланады. Оған қазақтан 10 мыңдай адам қосылды деп санағанда, барлығы 22000-дай кісі болады. Оның 2000-ы Қанатша басқаруында болса да, 2000-дайы өз беті соғыс қылды. Қоқан қолының бәрі де атты еді. Жаяудан мыңдай адамы болып, «сарбаз» деуші еді. Қолда алты мыс зеңбірек бар еді. Мұны басқарушы бұрын казак-орыс зеңбірекші тобынан қашып кеткен Евгерев деген қашқын орыс еді. Қанатшаның орысқа жасаған шабуыл жоспары өте тиісті-ақ еді. Бірақ әскердің берекесіздігінен жарыққа шығара алмады. Ол Қордай тауын қаптай жүріп, Жирен айғырға келді. Осы жерде жатып, шабуылға дайындалды. Барлық күшімен келеді деп күтініп тұрған Қастекке соқтықпай жайына қалдырды. «Бір бөлек қол Ілеге кетті» деп орыстың күшін бытыратуға дақпырт таратты. Ол сөйтіп Қастектің басынан аттап түу Алматыға соқтықпақ болды. Қанатшаның осы жоспары өте орынды-ақ еді. Ол сол бетімен асығыс ретте Алматыға шабуыл жасағанда, орыстың белінен басатын еді. Алматыны Қанатша қамаса, сөзсіз алатын еді. Өйткені орыс әскерінің бар күші Қастекте екенін жоғарыда айттық. Алматыда әскер де аз еді. Қару- жарақтың жиыны Алматыда еді. Алматыға шабуыл жасалса, Қараталдан оңтүстікке қарайғы Ұлы жүз түгелімен Қоқанға қосылатын еді. Сөйтіп әр жердегі бөлек-бөлек орыс әскерін бет-бетімен қоянша соғып жеңетін еді. Онда Ертіске шейінгі Орта жүз түгелімен қозғалып, тұс-тұсындағы орысты шауып жіберуге кәдік еді. Іле бір қауіпті жер еді. Осы жаздың шілде айында Үрістембектің айтуымен Дулаттар Ілеге бір соқтығып алған. Сондықтан «Қанатшаның бір бөлек қолы Ілеге кетті» деген дақпыртпен Колпаковский Іледегі горнизонды казак-орыспен, зеңбірекпен күшейткені сол еді. Соғыстың үлкені Қастек болады ғой деп болжалынды. Қазанның 19-ы күні Қастектегі қорғаннан екі шалғыншы жіберілді. Бірақ олар жау көрмей қайтып келді. Сол күні таң ата екі жүздей атты қазақ-қырғыз найза, сойылмен Қастек қорғанын айналып алды. Бұған қарсы Бутаков жүз казак-орыспен атысқа шықты. Оқтан қазақ-қырғыз қашып кетті. Үшеуін тірі ұстады да, орыс қуып, бірнешеуін атып тастады. Қанатшаның 16 мың әскермен Қастекке соқтығуға келе жатқандығын және екі мыңдай қырғыз-қазақты Алматыны алдыруға аттандырғандығын тұтқындар хабар қылды. Осыны естіп Колпаковский Сарковский отрядын Саурық қорғанына қуып, Ұзынағаштағы Савельевтің отрядын Қастекке шақырды да, Ұзынағаштағы Жеребетьевтің бастаған жүзіне Алматы жолын тос деп жарлық қылды. Бұл жіберген хабаршыдан хабар болмай, сол күйі құрыды. Казак-орысты Ростовцев бастатып жоғарғы бұйрықпен және жіберілді. Ол тағы жоғалды. Қазанның 20-сына шейін Қоқан қолы Қастекке соқтығады деп тосқан Колпаковский Сарковский мен Савельевтің отрядының қалайша Қастекке келмейтіндігіне ашуланып, Усевті жүз казак- орыспен, ракетті станкемен білуге тағы жіберді. Ол тағы жоғалды. Қазанның 20-сы күні тал түсте Қоқан қолының Ұзынағашта ұрыс бар хабары Қастекке келді. Осы хабарды алысымен Колпаковский тіккен үйге кіріп, Обухов пен Экеблатқа айтып, тығыз кеңесті де Қастекке үш рота жаяу, біраз казак-орыс, екі зеңбіректі қалдырып, қалған әскер-жабдықпен Ұзынағашқа жүрді. Бұлар күндізгі сағат екіде Қастектен шығып, жолдағы Саурық қорғанындағы Сарковскийдің отрядын алды. Бұл қорғанға қазақ-қырғыздар бірнеше рет шабуыл жасап, Сарковскийді қамап тұр еді. Күн батып, іңір болды. Күн суыта бастады. Алдынғы сапта Бутаковтың отряды келеді. Түнде даладағы түнеген қолдың оттары жанып жатты. Бұл ағаби Әлімбектің қолы еді. Отряд асығып, бекетке жүрді. Көп ұзамай қазақ-қырғыздар шулап, айқайлап, ұрандап, отрядқа шабуыл жасады. Зеңбірекпен бес-алты күпілдетіп атып жіберген даусынан тайқып қазақ-қырғыз кейін қайтты. Отряд түнгі сағат онда Ұзынағашқа келді. Бекет халқы және Савельев отряды ұйқы көрмей ор қазып жатыр еді. Ертеңгі таңертең қараса, осы күнгі Ұзынағаш қаласының тау жағындағы, күнбатыс жағындағы Қоңыр, Доңғал биіктердің бәрі лықылдаған Қоқан әскері мен қазақ-қырғыз қолы. Олардың ақ ту мен қызыл туы әр жерден-ақ жалбырап көрініп тұрды. Осы күнгі орыстың моласы тұрған дөңде жүзден аса кісі тұр еді. Бұлар сарт еді. Сарттардың бұл араны ала қоюы орыстарды аса қорқытты. Өйткені бұл жер бекеттің тақ төбесінде еді. Сондықтан Штейнев деген 54 солдат, 4 мерген казак-орыспен дөңдегі сартқа соқтықты. Дөңдегі сарттар орысқа тиді. Екі жақ қолма-қол соғысқа келіп, орыстан үшеуі өлді. Бірталай кісісі өліп, Қоқан қолы дөңді тастап, қашып шыға берді. Орыстар дөңге орнап қалды. Мұны іле-шала Қоқан қолы бекетке соқтықты. Бірақ зеңбірек, мылтық оғымен беті кейін қайтарылды. Сол күні түс қайтқанша ұрыс болды. Кешкі сағат бесте Қастек жолында келе жатқан көп кісіні көріп, қазақ-қырғыздар соған шапты. Атыс болды. Бұл Ростовцевтің отряды еді. Орыстан 3 кісі жаралы болып, атыса-атыса бекетке қосылды. Қазанның 20-сы күні таң атқанда Ұзынағашты айнала қамаған қалың қол үсті-үстіне көбейіп, қосылып жатты. Таң атысымен Қоқан қолының бір бөлегі бекетке тұра шабуыл жасады. Бірақ алдынан атылған оқтан өте алмай кейін серпілді. Штейнев тұрған дөңге Қоқан қолы тиместен ылғи бекетке шауып тұрды. Қазылған ордың бетінде кешке шейін үймелеп тұрды. Сол күні күндізгі сағат 4-те атыс қайта басталды. Бұл атыс Саурық қорғанынан Ұзынағашқа келе жатқан Усевтің отряды еді. Ұзынағаштан Жеребетьев өз жүзімен көмекке шығып, Усевтің отрядының жолын аршыды. Усевтің отряды Ұзынағашқа келген соң Қоқан қолы, қазақ-қырғыздар бекетке тиюін тоқтатты. Савельев отрядынан, оған қосылған казак-орыстан 9 кісі жаралы болды. Сөйтіп, ұдайы осы күнгі соғыста Қоқанның 10 мыңдай қолы Алматы жолын азғантай Савельевтің қолындағы орыс әскерінен тартып ала алмады. Қанатшаның басқы ойлаған жоспары Әлімбектің нашарлығынан жүзеге аспады. Ұзынағаштағы Әлімбектің әлсіреуін естіп, Қанатша қалған әскерімен қазанның 20-сы күні таңертең Қаракастек құлдап, Ұзынағашқа жүрді. Колпаковский бүгінгі күн Қоқан қолымен қолма-қол (атака) ұрысқа әскерін дайындады. 3 жаяу рота, 4 казак-орыс жүзі, 2 ауыр пиада зеңбірек, 4 атты жеңіл зеңбірек, екі ракетті станке — барлығы 799 адам. Бекетті қорғауға 75 жаяу солдат, 25 атты казак-орыс, бір жеңіл зеңбірек қалды. Жоғарыда айтқандай, қазанның 20-сы түні шыңылтыр суық болған. Отряд бекетке келген соң тамақ қып ішуге бұйрық болды. Солдаттар шай қайнатты. Отряд демалады. Солдаттың кейі ұйықтады. Кейі қылыш қайрады, кейі таң атқанша кірпік айқастырмады. Таң атты. Бұл таң атақты 1860 жылдың 21-қазанының таңы еді. Орыстар сағат 4-тен жайлап тұрды. Солдаттар шай ішуге дайындалғанда ұрысқа шығуға команда берілді. Солдаттардың шайы қайнаулы қалды. Ертеңгі сағат бесте орыс әскері шабуылға шықты (қол ұрысқа). Тан анық ата қойған жоқ еді. Ондағы-мұндағы көрініп келе жатқан алакөбенде орыстар ақырындап Қоқан қолына таман келе жатыр еді. Орыс әскерінің ондағы ойы Қоқан қолының бір кішкентай бөлегіне тиіп, қуып жібереміз де, қайтып келіп түстеніп, кешке таман Қанатшаның қалың қолы шабатын Қастекке жүрмекші еді. Сондықтан ешбір адам қолындағы қаруынан басқа ешбір азық басқа нәрсе алмаған еді. Орыс отряды жорық жоспарында Ұзынағаш пен Қарасудың суларының құйылысқан жеріндегі Құтырған деген мұрыншаққа шыққанда, ондағы түнеп жатқан Қоқан қолының қостары быт-шыт боп қашты. Орыс әскерін көріп айқайласып қашып барып, Құтырған даласында құралысты. Отрядтың алдын Обухов бастап шапты. Обуховтың мінгені арғымақ еді. Шабуылда өзге жаман атты казак-орыстар одан кейін қалыңқырағанда бір зеңбірек Құтырған суының батпағында кідіріп қалды. Отрядтың арт жағы да қалың қол еді. Ауған зеңбірекке Қоқан қолы қаптай жабылды. Орыстар оқпен түсіп тұра қалысты. Қоқан қолы қайта серпілді. Зеңбіректі шығарып алып, бас-аяқты жинап алып, орыстар Қоқан қолына қайта тиді. Қайтадан қолма-қол ұрыс болды. Бұл уақытта арт жақтан арғымаққа мінген зеңбірекші взводтар, оқшы роталар жақындап келіп киліккенде қоқандықтар аттарына міне-міне қашып, қайқайып шыға берді. Қоқан қолы тайқап, Қарақастек пен Құтырған арасында дөңге шығып, жаяуын тосып алды. Орыс әскері одан да қуып жіберген соң тауға таман жөңкеріліп тарта бастады. Отряд бастаған Обухов Қоқан әскерін Жиренайғырдағы лагеріне қайтты деп санап, қайтып келіп Колпаковскийді, өзгелерді құттықтап еді. Бірақ ұрыс әлі біткен жоқ еді. Аздан соң Қоқан қолы құралып, Қарақастек өлкесін өрлей жүрді. Күн ашық, жылы еді. Қарақастектің суының сол жағына өтіп, Қоқан қолы өрледі. Оның артынан орыстың әлгі әскері аяндап айдап отырды. Қарақас тектің бас жағына шыққан жерде Қоқан қолы жасанып, орыс әскерін қайта тосты. Далағыр жерде ылғи жаяу сарбаздар тұр еді. Олардың шекпендері қызыл, бөріктері өлтірі еді. Сарбаздың сол жағындағы дөңнің бетінде Қоқанның атты әскері қаптап тұр еді. Дәл сол күншығыс жақтағы жырадан қазақ- қырғыздар қайнап шыға келді. Орыс әскері жан-жағынан қамауда қалғандай болды. Дереу тоқтап, Қоқан қолының оң жақ шетінен ала оқты күпілдетті. Осы жерде ойнақы қатты соғыс болды. Түтіні тұман болған оқ оты мен қолма-қол шабысқан, найзаласқан қырғын болды. Бұл жерде қазақ-қырғыз ұлы қайрат қылған орыс әскерін бет-бетімен бөлектеп ұрысқан. Сарковскийдің отрядын Обуховтан бөлек иіріп алып соғысқан. Сарковский жағын қылыш сойып кеткен. Қолында қаруы жоқ сарт-қазақтың өлігі осы айқаста жау жапырақтай түсті. Қоқан қолы қобырап, қашуға айналды. Орыс зеңбірегі дөңдегі сарбазға (сарттың жаяуы) атылды. Олар дөңде оқтан олай бір, бұлай бір жөңкілді. Сонда сарбаздарды «қама» деген команда берілді. Орыстар «Ура»-лап жабылып берді. Сарбаздар быт-шыт боп қашты. Сарттың сарбазы тұрған дөң Қоқан қолынан тазаланды. Орыс әскеріне зеңбірекпен дөңге шығуға бұйрық етілді. Дөңге тартылған зеңбіректің екеуі арықтан өте алмай, батпақтап қалды. Орыстар жаман сасқалақтады. Зеңбіректің біреуін шығарып алса да, біреуін шығара алмады. Мұны сезген Қоқан қолы арғы дөңнен құрттай қаптап, ат қойды. Зеңбіректің айналасына тұра қалысты. 5 зеңбірек қарсы қойылды. Қоқан қолы осынша оттан жүрегі айнымай шабуыл жасады. Қаз-қатар қойылған мылтық пен зеңбіректің оғымен олар шалғыдан шабылған шөптей жусады. Сарттар, қазақтар бірталай атыстан соң шыдамай кейін серпілді. Зеңбіректің оғы 75 —100 саржадай жерден атылып тұрды. Қоқан қолы бұл жолы қойдай ұйлығып, түйдегімен соқтықты. Сондықтан оларға атылған орыс оғының барлығы да босқа кетпей, атылғаны кісінің қалыңына түсіп тұрды. Қоқандықтардан осы жердің өзінде 400-дей өлік, 600-дей адам жаралы болды. Орыстан өлген — екеу, жаралы 11 еді. Сарковский мен Колпаковский де жаралы болды. Әлгі сарбаздан ажыратып алатын дөңге таласып, зеңбіректі дөңге шығарып тұрғанда Колпаковский «Қолма-қол соғысқа!» — деп Шайтановқа команда беріп тұрғанында, Қоқанның бір оғы кеп Колпаковскийге тиіп еді. Колпаковский аттан ауып қала жаздағанда оны Обухов сүйеп кетті. Жара онша ауыр емес еді. Жараны байлап алып, Колпаковский қайта атқа мініп кетіп еді. Осы соқтығыстан кейін Қоқан қолы қыбырлап Жиренайғырдағы лагеріне қарай тартты. Оның күнбатыс жағындағы дөңмен орыс әскері жүріп барып, екі шақырым барған соң тоқтады. Колпаковский Қоқан қолын қумауды мақұл көрді. Өйткені орыс отряды әбден қалжырап, болдырған еді. Бірінде бір асам нан жоқ. Алдыңғы күннен ұйықтамаған. Кісі басына бестен ғана оқ қалған. Қоқан қолы енді қайта соқтыққанда орысты састыратын еді. Бірақ Қоқан қолының да жүрегі шайлығып қалғандығы, әскерінің қалжырағандығы байқалатын еді. Колпаковский орыс отрядына өлікті ала-мала, Қарақастекті өрлей таудағы Қастек қорғанына қайтуға бұйрық қылды. Өйткені орыстың барлық оқ-жабдығы Қастекте еді. Орыс отрядының Қастекке қайтқанын (көріп), Қоқан қолы артына түсті. Бірақ киіп-жарып әкете алған жоқ. Аттылар оқ мөлшерінен алыстан қарама-қарама қара көрсетіп, бопсалады. Кей жерде жақындап та жүрді. Зеңбірек үзбестен атылып отырылды. Отряд Саурық қорғанына жақындағанда Қоқан қолы қууды қойды. Дөң-дөңде топ- топ болып ұйлығып қала берді. Саурық қорғанына кеп орыс әскері демалды. Қорғап маңайындағы жерді, шөпті қазақтар өртеп жіберді. Өртті жел айдап, Саурық қорғанына таяса да, желдің беті өзгеріліп, ары-беріден соң өрт өзге жаққа ауып кетті. Орыс әскері аз демалып, жеті шақырым жүріп барып, сай аузына тоқтады. Ол жерден жаралысы мен өлігін Қастекке жөнелтті. Оларды Қастекке жеткізіп, апарған жүз казак-орысқа азық-түлік, оқ-сайман тартып, қайта жеткізуге бұйрық етілді. Өлік-жаралыларды Мацевский деген доқтыр алып жүрді. Орыс әскері осы жерде үш сағат тоқтап жатты. Аштықтан, әлсіздіктен үш сағат 3 жылдай болды. Аяғында Қастектен оқ-сайман, нан-азық келіп, солдаттар суға матырып жеп, қарық боп қалысты. Күн батысымен шылым тартпасқа, дарылдап сөйлемеске бұйрық болып, отряд қайта Ұзынағашқа жүрді. Өйткені Қоқан қолы Алматыға өтіп кетеді деген қауіп Колпаковскийді жер бастырмады. Жол жаман. Әскер ақырындап жүріп келеді. Күн суытып, оңнан жел тұрды. Солдат аш, қал жаураған. Тұяғы ғана қыбырлайды. Арықтан не шұңқырдан зеңбіректі жүргізуге тегістеу керек болып, отряд көрсе, адамдар жығылып, жусап қалады. Ызғып келеді. Бір әйтеуір бастықтардың қайратымен, айдаудың күшімен азар жүріп келеді. Аттар да әбден аштықтан бұралып, болдырып, қажыған. Зорға дегенде жүкті бекетке жеткізеді. Отряд түн ортасында Ұзынағашқа келді. Тамақ ешкімнің ойына келген жоқ. Жылынады да ұйықтайды...Ертеңгі қазанның 22-сі күні таңертең жарты көздей кар жауды. Жау жақында көрінбеді. Қоқан қолының кешегі жатқан жеріне шолғыншы жіберген Бутаков Қара Қастек даласының, оның екі жағындағы қолат-қолат дөңдердің, жыра-жыраның барлығы да тазаланғандығын, Қоқан қолы Бесмойнақты баса Отарға тартып кеткендігін айтып келді. Майор Экеблатқа Қоқан қолының Жиренайғырдағы лагерін шолуға бұйрық болып еді, одан хабар келгенше Отарға жіберілген Тезектің (төре) шолғыншы қазақтары Қанатша қолының асығыс жүрісте алды Қоқан тауын асып, Шу бойына түсіп, қайтқан хабарын әкелді. Қазанның 21-і күні Қанатшаның қолбасыларымен кеңесі болған еді. Бұл кеңесте Қанатша қалай да болса орысқа қайта соқтығуға, Алматыны алуға аттануға керек деп тұрып алған. Бірақ ұрыста орыстан жүрегі шайылған өзге қолбасылар, жай адамдар бұған болмаған. Ташкен қолының бастығы Шағаман қожа тіпті өз адамдарын алып, кейін қайтайын деп отырғандығын айтқан. Сондықтан Қанатша лажы құрып, жорықты тоқтатып, қайтуға ұйғарылған. Қазанның 22-сі күні ертемен Қанатша қолы Қара қастек өлкесінен Отарға қайтты. Жиренайғырда қалған қолы зеңбірегімен оған қосылды. Қайтыс кідіріссіз сыдырғы жүріс болды. Жаралылар жүре алмай, қол қозғалысы әр жерде тоқтай берді. Әсіресе Қордайдың асуында азап шекті. Онда қатты суық боран болып, аты арып, азығы түгесіліп, күйі кеткен қол жаралылармен үлкен әуреленді. Жаралылардың көбін сол Қордай асуында көміп, Шуды өтіп, Қоқан қолы үйді-үйіне тарады. Қазақ-қырғыз үйді-үйіне қайтып, ташкендіктер Ташкеніне, қоқандықтар Қоқанына, өзгелер өзді-өз мекеніне қайтысты. Қоқан қолының Шу бойынан біржола арылғандық хабарын Колпаковский шалғыншы қазақтардан қазанның 26- сында алды.27-сі күні сол соғыстың бастан-аяқ жайын айтып, Қоқан қолын әбден жеңгендігін айтып, Омбыдағы генерал-губернатор Гасфортқа прапорщик Диснессори дегенді шаптырды. Онда телеграф жоқ еді. Шабар аттар әбден арықтаған, жем-шөп жоқ. Шабарман күні-түні тоқтамай, кей жерде күзгі сылбыр батпақта жаяу жүріп, 11 күн дегенде Омбыға Колпаковскийдің хабарын апарды. Ұзынағашта Қоқан қолы мен орыстар майдандасып жатқанда қала-қаладағы орыстарда үрей қалмаған. Қазақтардың орысқа ниеті бұзылып, әр жерден әр орысты өлтіріп, малын ала бастаған. Алматы қорғаны Тезек төре мен Жанғазыға тапсырылса да, Қоқан коды жеңілгенше олар аулында отырып алған. Қазанның 18-і күні Алматы төңірегінен қазақтардың барымташылары барып шөпке барған казак-орыстарды балаларымен өлтіріп, Черепанова деген бір сұлу әйелді байлап алып кеткен. Ақырында бұл аял қолдан қол өтіп, Қоқан ханына тартуға беріліп, Қашқарға өткеріліп жіберілген. Бұл әйелдің Қашқардағы бір сартта қатын боп жүргендігін орыстар көрген. Қазақтар ұстаған жерде бұл әйел Колпаковскийдің қарындасымын деген. Мұның Қоқан ханына тартуға кететіні сол сөзінен болса керек. Ертеңіне егінге барған казак-орыстарды қазақтар тағы өлтіріп кеткен. Осылардың бәрі Алматыдағы дүйім орыстардың зәресін алған. Халық күні-түні ұйқы көрмеген. Жетіден жетпістегісіне шейін жабдықтанып, күзетте болған. Орыс әскерінің қайда екендігінен түк хабар болмаған. Оның үстіне қолға түскен бір қазақ Алматыны алуға Сұраншы бидің 1000 кісімен аттанғалы жатқандығын айтып, тіпті қорқытқан. Онда Алматыдағы орыстың жаны бала-шағасымен 600-дей еді. Қазанның 21-і күні қазақтардың бір бөлегі Қаскелеңге жақындап жинасқан. Қаскелең орысы бұлардан жаман шошып, бүлініп, сасқалақтаған. Бірақ қазақтар Қаскелеңге тие алмаған. Қазақтар ойға, тауға өрт қойып, от жағып жүрген. Дәл осы күні біраз ғана жігітпен Тезек төре Алматы келіп, Қастекке жүріп кеткен. Далада жанған өрттер 22-сі күні түнгі жауған қармен ғана сөнді. Бұл уақытта Алатаудың етек жазығында қазақ аулынан жанды қарға қалмаған. Барлығы да құмға, тауға сіңіп кеткен. Тек барымташылар, шолғыншылар ғана жүретін еді. Орыс жаралылары қазанның 23-і күні ғана алды Алматыға әкелінді. Қаскелеңге нан, оқ, отрядқа арақ жеткізуге Алматы тұрғындарына бұйрық болды. Міне, Ұзынағашта соғыс болғандығын Алматы орыстары сонда ғана білген. Қазанның 24-і күні Алматыға округтың бастығы келді. Бұған Сөк баласы Жанғазы төре және құмда-тауда қашып жүрген елден басқа беделді қазақтар келіп, құттықтай бастады. Алматыдағы сарттар кеп құттықтау айтты. Бұларды Герасим Алексеевич Колпаковский салқын қарсы алды. Кекеді, мұқады. Бірақ бұлар өз «ұятын» мойнына алып, бұдан былай орысқа шын ниетімен кісі екендігін уәде қылып, ант ішкен соң Колпаковский «күнәсін» кешті. Сарттың Сейдахмет Сайдалыұлы дегені өле-өлгенше «орыс адамы» болып, Алматыдағы сарттарға ақсақалдық мансабымен өтті. Оның «сүйіктілігі» үшін берілген толып жатқан шенінен, медальден омырауы шұп-шұбар еді. Оның інісі Сейітмахмұт кейін Алматыдағы городничийге жасауыл, тыңшы болып, өкіметтің ең керекті жасырын тапсырғандарын таза жүрегімен атқарып тұрды. Ұзынағаш соғысы кезінде Қоқан қолтығына кірген, олардан хат алған, орысқа сырт беріп, сартқа жігіт берген қазақтың бірқатар жуан адамдарын Колпаковский қатаң қырына алып, әбден қорқытып, илеп алды. Бұлар содан былай қарай орысқа әбден «ел» болып, ұлыққа әбден «жағымтал» болды. Қазанның 28-і күні барлық саудагерлер «үлкен жеңудің» құрметіне той қылып, орыс отрядын тойдырды. Артынан көп кешікпестен Омбыдан хабар келіп, Ұзынағаш соғысынын орыс қаһармандарына сыйлау, награда әкелді. Әрбір ротаға төрттен, әрбір жүзге үштен, әрбір зеңбірекші взводтарға екіден соғыс орденінің айрықша белгісі (знак) берілді. Барлық әскердің бас-аяғына шейін бөркінің маңдайына «За отличие в 1860 году» деген жазуы бар шытыра қадалды. Қазанның 19-20-сы және 21-і күні Ұзынағаштағы соғыста қайрат қылған офицерлерге берілген шендер, сыйлықтар: Поручик Вороншенский — бұрынғы шенімен гвардияның артиллериясына көтерілді; подпоручик Курковский — поручик болды; штабс-капитан Обухов алтын қылыш алды; есаул Бутаков, поручик Савельев, хорунжий Ростовцев. (святой) Владимирдің 4-дәрежелі орденін қылышымен алды; поручик Шаниявский, подпоручик Сарковский және есаул Усев. Аннаның 3-дәрежелі орденін қылышымен алды; подполковник Шайтанов св. Станиславский 2-дәрежелі орденін қылышымен алды; милицияның прапорщигі Байсерке баласы Қосшығұл св. Станиславский 3-дәрежелі орденін бауымен алды; капитан Әбілейіс төре Әбілеев (Тезектің інісі) мойынға асынатын алтын медальды Георгий бауымен алды; сотник Жеребетьевке 200 теңге ақша берілді. Фервергер Дуденский прапорщик дәрежесіне көтеріліп, А. Штейнев соғыстың 4-дәрежелі орденімен сыйланды. Барлық әскерді алып жүрген, бастаған, шолғыншылық жасаған қазақтарға округ бастығының қарамағындағы қазынадан ақша берілді. Ұзынағаштағы соғыстың ұлы қаһарманы Колпаковскийдің өзі саналды. Сондықтан оның даңқы тіпті ақ патшаға шейін жетіп, патша өз қолымен Колпаковскийді подполковниктен полковник дәрежесіне көтерді. Ұзынағаш соғысының орыстарына сыйлық беру туралы ақ патшаның (II Александр) мына сөзі бар: «Славное дело! Подполковника Колпаковского произвести в полковника и дать св. Георгия 4 степени. Об отличившихся войти с представлением и всем штаб и обер-офицерам объявить благовеление в приказе и нижним чинам дать по одному рублю серебром на человека. Знаки отличия, военного ордена выслать генералу Гасфорту, согласно его желанию. Александр». Ақ патшаның бұл сөзінен Ұзынағаш жеңісіне аса қуанғандығы, «Славное дело» деп даусы шыққаны айқындалды. Бұл жеңіс расында Орта Азияның отарлығына ұлы қайрат қылған орыстың мақтанарлық жұмысы еді. Өйткені неше заманнан бері Кенесарысы, Сырымы, басқасы шығып, орысқа ұлы көлденең болған қазақтың, қазақ-қырғыздың арқа таңатын Қоқан хандығының тұралап жеңілгендігі еді. Мол ел, бай жердің жеңіліп, орысқа бағынғаны — орыстың отар байлығына қарқ болғаны еді. Ақ патша осыған қуанып, Ұзынағаш жеңісін «даңқты жұмыс!» деп айқайлады. Ұзынағаштағы орыспен соқтыққан Орта Азияның қолы Орта Азиядағы халықтардың ең мықты күші деуге болады. Бұған Ташкен, Самарқан, Қоқаннан басқа Орта Азиядағы сарт қалаларынан күтініп, көмек келген. Жетісудың қазақ-қырғызынан Сарбағыш, Дулат қосылған. Осылардың Ұзынағаштағы ұрыста жеңілісі Орта Азия халқының жығасын түсіріп кетті. Орысқа қарсы бұдан кейін белсеніп шығарлық елде қайрат қалмауға жақындады. Осы ұрыстан кейін Орта Азия сырын орыс әбден алды. Бұл күнге шейін алдаумен, арбаумен алынып келе жатқан Орта Азияны отарлау әдісі енді тура әскер аттандырып жаулау, шабу-шаншумен алуға қол қойылды. 1861    жылы Орынбор жақтан генерал Дебу Жөлекті алуға және Қоқан хандығының Жаңақорған деген қорғанын ойрандауға шықты. 1862    жылы полковник Колпаковский Шудың сол жағына өтіп, Қоқан хандығы қайта түзеген Пішпек қорғанын талқандады. 1863 жылы Сырдария жақтан полковник Черняев шығып, Жетісудан полковник Колпаковскийдің араласы түйісіп, Қоқан хандығының арқа жағын тұтасынан қарауылына алды. 1865 жылы полковник Веревкин мен Черняев Сырдария мен Жетісудың жауланған жерін біржола тұтастырды. 1865 жылда Черняев Ташкенді алды. 1868-деСамарқан алынып, Сырдария мен Жетісудан Түркістан генерал-губернаторлығы жасалды. Оның алғашқы генерал-губернаторы генерал-адъютант фон Кауфман болды. Бұл кезде Қоқан хандығы да қарап жатпады. Орыспен неше рет ұлы соғыстарда болды. Бұл соғыстарға Хиуадағы түрікмен бұхарлықтар да атсалысты. Біздің қазақтан Кенесарының Сыдығы (Сыздық) осы қарсаңда Орта Азияның әр жерінде жүріп, орысты үлкен бөгеп жүрді. Аяғында орыс Қоқан хандығын құрта қимылға белсене кірісіп, 1875 жылғы «ақ жандарал» Скоблев ұлы жорықпен аттанып, Наманған, Шөмсін (?), Ақжарды, Әндіжанды алып, Қоқанға кірді. ...Қоқан хандығына шабуыл жасаған Жетісудан Колпаковский болды. Колпаковский әсіресе сартқа қырғызды қайрап салып, Шабдан манапты қолына құс қып ұстады. Шабдан қырғыздың қолымен бірге Қоқанды шабысты. Шабданның бұл еңбегіне орыс тарапынан милинияның майорлық шені беріліп, Үлкен Кемін (Чон Кемин) өлкесіндегі Ақбекеттің қасынан өмірлік өз сыбағасына 500десе (десятина) жер кесіліп берілді. Өзінің тұқым-тұяғына шейін билік, болыстық шендер үзілмей кешегі 16-жылдың көтерілісіне шейін Шабдан өрен-жараны орыс кезінде үлкен «қадірменді» болды. Шабданның жоқтауының бір жерінде былай делінеді: ... Әжі атам менің дүлдүлім, Бағасы қымбат күлгүлім. Ресей, Ірбіт, Семейді, Омскі мен Орынбор, Қызылжармен астасып, Пішпекте жатып болжадың Айнасындай дүрбінің. Аспандағы айы еді Алатаудағы қырғыздың: Сарбағыш, Саяқ, Бұғының. Жетпіс алты жасында Алладан тағдыр жеткен соң Құштар қылды бір күнің. Жиырма беске келгенде Қоқанды шауып бүлдірдің. Қоқанға қалың қол бастап, Қоқанның бегін қолға ұстап, Жүрек, бауырын тілдірдің. Шақыртып алып ақ патша Шен тондарын кидірдің Қазақ сартты қаратқан, Жарым патша, жандарал Соларменен бір жүрдің. Он екі шенің бар еді От басына үйдірдің, Сандыққа салып түйдірдің. Ие болар мизам жоқ: Оны бізге қиған жоқ. Әжі атам қатты күйдірдің. Әжі атам менің шайырлым, Манабы едің майырдың. Қолына түскен нәрсені Үлестірген қайырлым. Жантайұлы сексен үй, Бірің болыс, бірің би Жер бетіне жайылдың. Падишаның тойында Сібірге кеткен Жантайұлы Беделіңменен қайырдың. Қадірлі сондай манаптан Қазақ-қырғыз айрылдың... Ыстықкөл маңайы, Жомғал өлкесі 1863 жылғы Колпаковскийдің жіберген отрядымен біржола орысқа қарады. Бірақ көпке шейін Жетісудың шығыс жағында Қытай шегі тыншымады. Ол күнге шейін Құлжа ауданы Қытайға қарайтын. Ондағы халықтардың көбі тараншы, дүңген, қалмақ, қазақ еді. Бұларға өкімші ұлт қытай еді. Өкімші қытай мен бағынушы тараншы, дүңген, қалмақ, қазақ арасында үзілмеген өшпенділік бар еді. Қытайдың ұлықтары өзіне қараған ұлттардың. басынан бақайына шейін сорды. Тәртібі қатал, істегені құры зорлық талау еді. Елдің қолындағы малы, астығы, аялы, тіпті үй ішіндегі көзге түсерлік нәрселері де еріксіз тартып алынатын еді. Аяғында Қытайдың осындай талау тәртібі өзіне қарсы дүңген, тараншы көтерілістерін туғызды. Тараншылар ішіндегі қытайды қырып салып, ұлықтарын өлтіріп, Абылұлы деген тараншыны хан көтерді. Бұл Жетісуға орыс орныққан қарсаң еді. Орыс тараншының осы хандығын көтермеледі. Кейін орыстан қашқан Албан Тазабекті бермеген себепті сылтауратып, орыс Құлжа ауданына аттаныс жасап, тараншыдан Құлжаны алды. Орыс Құлжа округіне қожа болып, 1881 жылға шейін тұрды. Сол жылда Қытай мен орыс өкіметі келісім жасап, Құлжа ауданы Қытайға қайтарылды. Құлжа Қытайға берілген соң ондағы тараншы, дүңген, қазақ қалмаққа Қытай баяғысын бастады. Тағы талай бастады. Тараншы, дүнгендер орысқа қарап, Жетісуға қоныстануды орыстан өтіне бастады. Орыс Жетісуға бұл халықтардан 55 мың жан алмақшы болды. Тараншының жартысы Жаркентке, жартысы Алматының күншығыс жағындағы қазақ жеріне отырғызылды. Көшіп келген дүңгеннен 4 болыс жасалды. Бір дүнген болысы — Жаркенттің қаласына таяу, Мария болысы — Қарақолдан 7 шақырымдай жерде, Николай болысы — Қарақоңырда (Тоқпақ ауданында) және Александр болысы — Пішпектің күнбатыс жағындағы жол үстіндегі дүңген қаласы. Қытайдан ауған тараншы, дүнген халықтарын орыстың мұнша аспанға көтеріп әлпештеп, қойнын ашқаны — Жетісудың Қытай шегінде Қытаймен өшпенді жұртты жел жағына пана ғып ұстау еді. Өйткені Қытайға ықтырма боларлық орыс халқы ол аудандарға орнығуға жете алған жоқ еді. Қазақ-қырғыз болса көшпелі, сайда саны, құмда ізі жоқ сенімсіз саяқ халық. Сондықтан Жетісуға орыс жетісіп болғанша Қытай жағы және қазақ-қырғыздың өзі де аса қауіпті еді. Қытайға шектес елдегі Бұғы қырғыздары, қазақтың Албан руы орысқа көпке шейін орнықпай, керқайзандық қылды. Мұның бірі Албан Тазабек. Тазабек тараншы ханымен сөздес болып, орысқа бағынғысы келмейді. Албандағы Құрман Саурық деген кісі де орысқа бағындырмай, ең болмаса Албанды ажыратып алғысы келеді. Өзіне ерген Албанды көшіріп, Құлжа маңайына көшеді. Бұған Бұғы қырғызы да қосылады. Саурық Батыш, Жетен деген адамдарды орыс ұстауға шығады. Саурықты орыс қуып, Қытайдың Суасу деген жерінде жатқанда, 30 қазақ-орыс қазақтан басшы апарып, Саурықты ұстайды. Мұның қолында қырғыз Балбай деген болады. Бұл екеуін Алматыға әкеліп, «абақтыда өлді» қылып көзін жоғалтады. «Тазабек орысқа қарсы» дегеннен Тазабекті ұстауға Алматыдан 100-дей казак-орыс шығады. «Тазабекке орыс шықты» дегенде Тазабек шыңдап атқа мініп, жақын жердегі орыс қарауылдарын өлтіреді. Тазабектің жинаған азын- аулақ жасағы болады. Тазабекті қуған орыс Іле бойында Тазабекпен кездесіп, атыс болып, екі жақтан да бірқауым кісі өледі. Ақырында Тазабек тайқап, Қырғызсайды басып, Сүмбемен асып, Құлжаға кіріп кетеді. Тараншы ханы Абылұлының қолтығынан барып кірді. Орыс Ушаков тараншыға тап беріп, Құлжа маңайына әскер аттандырды. Бұл әскер Шалкөдені басып жүрді. Албан жиналып, Есенаман деген кісіні хабарға жібереді тараншыға. Тараншылар шабынысып, орысты тосады. Орыс тараншыға кісі салып, Тазабекті сұрайды. Тараншы Саурықты сұрады. Екі жақ сөз келісе алмай, орыс бұлады. Ол жолы тараншылар орысты табандатып жеңіп, бірталай адамын өлтіріп. әскерін қашырды. Колпаковский қайта күш жинап, тараншыға аттанады. Іленің екі жағын өрлеп, орыстың көп әскері жүреді. Колпаковский өзі де осы жорықтың ішінде болады. Орыс тепкісіне шыдамай, тараншы орысқа бағынады. Тараншылар (Тазабекті) Колпаковскийдің қолына береді. Бұл жолы Шалтабай деген Саурықтың інісін де орыс ұстайды. Бұл 1871 жыл еді. Тазабекті орыс түрмеде саурықшылатып өлтіреді. Шалтабайды Сібірге айдайды. Шалтабай сол кеткеннен 10 жылдан соң қайтып елге қосылады.

1860 жыл қыркүйек айының ішінде қазақ тыныштығы ұйқы-тұйқы боп бұзылып кетті. Алматыдан төменгі ел төмен Балқашқа тарта көшіп, жоғарғы ел Шығысқа көшті. Алматыдан төменгі таудың сілемінде ел қалмады. Қазақтың мұндай үрке көшкендігін Шапырашты руынан Адбан Саркүт баласы деген жасауыл мен Бордашев деген тілмаш Колпаковскийге жеткізеді.

Алматының іші де толқып, Пішпек, Тоқпақ қорғанынан ұсталған байлаудағы Қоқан адамдары да көңілдене бастағандығы байқалды. Алматыда тұратын сарттардың қоқандық ақсақалы Сейдахмет Сайдалы баласы дегенде түнде- түнде жиналыс болатындығы білінді. Ол уақытта әкі

Бөлісу: