8 Желтоқсан 2012, 05:41
Қазақтың дауын орыс судьясы бітіргенінің қолайсыздығын біз айтпасақ та, тамам қазақ біледі. Мысалы, қазақ көтере алмастай шығын, оның үстіне әдет - рәсімге теріс болып, көп қиыншылық, залал болмақ.
Билік туралы қазақтың ескі жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Бірақ, ол жолы ұмытылған. Себебі көбінесе орыс законына қарағандықтан болған. Мысалы, сайлау туралы закон пара, жақындық пен би болуға ыңғайлы болып, кім болса сол би болып, аузына не келсе соны айтқан. Және бір себебі жазылмай қалғандықтан. Ол ескі жолдың көбі осы күнгі өмірге қолайлы. Бұрынғы ережелер де көбінесе сол жолға сүйеніп айтылған. Соларды тексеріп, қолайлысын алып, осы күнгі өмірге келісімсізін түзетіп, бір жоба жол қылып жазса, қазаққа сонан қолайлы жол болмас еді. Оны жазу қазақтың ескі құлақты кемеңгерлері мен оқымысты жастарының ақылдасуымен табылады. Өзге жұрт қазақ жайын қанша білемін десе де, анық жете білмейді.
Қазақтың ескі жолының бірталайы шариғатқа да жанасады. Шариғат ешқашан тастай қатып қалмайды. Әр заманның ыңғайына қарай іс қылуға лайықтайды. Оны тастай қатыратын — шала молдалар. Шариғаттың тастай қатқан жері әр заманға бірдей істерде тастай қатпайтұғынының мысалын көрсетуге болады. Мысалы, ғұзыр (яғни «қиын болса, қылмай-ақ қой, өзгерт» деп кеңшілік қылады). Қазақтың ескі жолы мақалменен айтылып, мағыналырақ келеді. Мысалы: «Ат ұстатқан азабынан құтылар» — бұл жоғалтқан малды қолы адал біреуден танығанда, танытқан кісіге ерік бергені. Яғни «егер осы танылған атты иесіне беріп, сатып алған кісіңнен өзін, қуып алуға ырза болсаң, иесі қалған малын өз бетімен қусын. Егер атты бермей, алған кісіңді ұстатсаң, атты иесі сатып алмаса — бермей-aқ қой» дегені.
Және «Аза — арулы, сый — сатулы». Бұл екі тамыр, жақын кісі араздасып, бергенін қайта алысқанда, тамырлыққа бергенін қайтып алысады да, азаға салғаны қайтпайды. Себебі аза—жылу есепті.
Және «Олжа — олжадан қайтар, сауға — сауғадан». Бұл ондайларды «олжа - сауғадан бермей кеткенде ғана даулап алады» дегені.
Ақыры қазақтың әр билігінің мақалы бар. Мысалы 1) «Би екеу болса, дау төртеу болады»; 2) «Дау құтырса, биін табар, ит құтырса, иесін қабар»; 3) «Куәлі істі куә табар, куәсізді күмән табар»; 4) «Айғақтың тазасы күмәнмен мойынға салар»; 5) «Бір дауда екі күмән жоқ, бір істе екі жаза жоқ»; 6) «Барымта қайтыс болмай, дау айтыс болмас»; 7) «Тапқан қуанса да, таныған алады»; 8) «Құдалық белгісі — сый - сиапат, қоныс белгісі — бейіт»; 9) «Кесімді малға есім бар»; 10) «Барымта алған мал болмас, қуып алған жүн болмас»; 11) «Ала арқан кеспей арылмас»; 12) «Ер құны — алты жақсы, жүз жылқы, қатын құны — жартысы» (ер құны елу түйе, демек, шариғаттың ұлылы - кішілі жүз түйесінен алынған); 13) «Өзі жығылған өкінбес»; 14) «Тағыны жеткен алады, жарлыны кеміткен алады»; 15) «Тұлпар түп иесін табады» (бір малдың жүйрік екенін білмей тұрып жас күнінде біреуге берсе, сол жүйрік шығып, зор бағаға кесіліп, әркім алуға таласса, түп иесі — ерікті. Ол «алмаймын» демей, өзгелер ала алмайды); 16) «Жортуыл жолдасына, ұры серігіне күйеді». Міне, осындай мақалдар көп.
Менің ойымша, билерді азайту керек. Оларды қауым шармен сайлау керек. Жаза кесілмейтұғын дауда третейский сотқа беру керек. Екі жағы да книгеге жауабын өзі жазсын. Посредникке келіспесе, сайлаулы бидің жеребіге шыққанына еріксіз салынсын. Жалғыз биге сал демек қалсын. Ақы сұрай келген елдің биіне «салма» деген қалсын. Себебі дау бітпей созылып, қазақ барымталасуға себеп осы болады. Билердің үстінен бір би керек. Олардың бір-біріне қарсы айтқанда сынайтұғын орыс ұлығы, яки жоғарғы би сынаса да, жазулы жолға терісін тауып бұзсын. Бұл туралы тағы да жазамын.
«Қазақ». 1914. 8 июнь. № 65.