ЖЕР КІНДІГІ АТАНҒАН ӨЛКЕ

18 Ақпан 2014, 13:49

ЖЕР КІНДІГІ АТАНҒАН ӨЛКЕ Жасаған ие осы бір құлазыған құла дүзді былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсыз. Иллюминатордан қағынды тиіп, арам қатқан арық түйенің қатып қалған қара сұр көңіндей солғын жер бедерін көргенде, ғарыштың бір әлі белгісіз планетасына келіп қалған екенбіз деп ойлайсыз.

ЖЕР КІНДІГІ АТАНҒАН ӨЛКЕ

Жасаған ие осы бір құлазыған құла дүзді былайғы дүниені шектен шыға таңдандыру үшін жаратқандай. Қиялда ғана болатындай қиян өлкеге көкте самғасаң, жер бетімен жылжып, ғұмыры жете алмайтындайсыз. Иллюминатордан қағынды тиіп, арам қатқан арық түйенің қатып қалған қара сұр көңіндей солғын жер бедерін көргенде, ғарыштың бір әлі белгісіз планетасына келіп қалған екенбіз деп ойлайсыз.

Бірақ, бедірейіп жатқан осы бір бедеу кеңістіктің түбіне бойлай түскен сайын көзіңізге жылт оянып, көңіліңіз әрі-сәрі күйге толады. Шошына түршіккен сезіміңіз жайбарақат тарта қоймаса да, «қайдан келдімге» түспейсіз. Көре түскіңіз, біле түскіңіз келеді. Көре түскен сайын, біле түскен сайын құпия сандықтың қақпағы ашылғандай құмарта түсесіз.

Бір қызығы, оның бойынан Алтайдан Атырауға дейін көсіліп жатқан қазақ даласына тән қай қасиет, қай сипаттың бәрін де табасыз. Тіпті, қазақ даласында бұдан басқа ұшыраса қоймайтын ерекше нышандар да көзге түспей қалмайды. Ұлы Тұранның теріскейі мен күнгейінің, батысы мен шығысының ежелгі, кешегі, ертеңгі кескіндері түгел қылаң береді. Тұран деген не бопты, тәйірі... Күллі планетамыздың жаратылыстық болмысынан мұнда бой көрсетпейтін ештеңе қалмағандай. Құдіреттің өзі аспан асты әлемнің барлық сыр, барлық қасиетін қаз-қалпында бейнелейтін арнайы көрме залын осында әкеп әдейі орнатқандай.

Міне, мынау – атақты Қарақия ойпаты. Мұхит деңгейінен жүз отыз екі метр төмен алып қазан шұқыр. Қапелімде, сонау Синай түбегіндегі Өлі теңіз қолтығына тап болған екем деп қаласыз. Тап сондағы Інжіл аңыздарына толы сортаң көлдерді, кебір бұйраттарды, қай дұшпан көп қалмаса да, айлар бойы алдыртпастай андыздап тұрған табиғи қамалдарды көресіз. Өлкенің әр тұсында шашырай жайылып шыққан шарбы бұлттардай ақ шаңқан таулар айсбергтерге толы Гренландия маңында жүзіп келе жатқандай әсерге қалдырады. Атыраудың шығыс бетінен тізеле төніп тұрған жалаңаш құздар түксиген Скандинавия тұмсықтарын еске түсіреді. Әлдекім әлдебір самұрықтарға тиеп әкеп, әдейі аспаннан төгіп кеткендей кереге жал сусыма құм шағылдарға көзіккенде, Нубия мен Такла-Макан шөлдерінен бір-ақ шыққан екенмін деп ойлайсыз. Ал жүздеген шақырымдарға созылып жатқан тақтайдай тегіс түз сорларды, ондаған шақырымдарға созылып жатқан жылмағай тақырларды, жүздеген шақырым бойы тұяқтан қағар, шашаға жармасар кедергісі жоқ тұлдыр жазықтарды, бәлкім, басқа ешқандай да емес, тек осыннан ғана таба алатын шығарсыз. Түбектің құбыла бетінен кірсеңіз, теріскей бетінен апарып бір-ақ шығаратын ұзыннан-ұзақ жер асты үңгірлер, айдаладағы түлкінің ініндей тар апаннан басталып, біріне бірі жалғасып жатқан зәулім кеуектерді шүпілдете толтырып жатқан жер асты көлдер, жылмиған құба түзде жер астынан өзінен-өзі жарып шығып жатқан ащы сарқырамалар, жер бетіне өзі көрінбей, күркірей ағып жатқан үні ғана жетіп тұратын тұңғиықтағы өзендер, өз-өзінен опырыла құлап, оқыс ойылып кететін оқпандар – әй, қайдам, Маңғыстаудан басқа тараптан табыла қояр ма екен?!

Біреулер оны Мыңқыстау елі, мыңдаған жолдар өлкесі, мыңдаған шың құздар мен шыңырау құдықтар аймағы деп атап жатады. Ал маған ол әлі де сырын аша қоймаған мың құпия, мың жұмбақ ордасындай көрінеді де тұрады. Оның әжім-әжім таулары мен көне кітап парақтарындай сарғыш тартқан жырым-жырым жазықтарының сырларына терең бойлаған адам Тек бір өлкенің ғана емес, күллі Евразия құрлығының, ол түгілі әмбе Жер шарының, тіпті Күнді айнала орналасқан ғарыштық әлемнің талай тылсым құпиясына қаныға алар еді.

Егер1 бір кезде ғарыштың жаралуына ықпал еткен түп қуаттың шектен шыға қордалануынан болған алғашқы қопарылыс тұсында бөлініп шыққан ыстық газдар жиынтығынан туындағаны планета тарихының космостық кезеңінің жұрнақтарын көргісі келген адам – Маңғыстауға келсін, сүңгуір киініп, Атырау түбінің базальт қақпағына үңіліп, не оның қазандағы құрттай қайнап жатқан кезеңінде, шашырап сыртқа шығып қалып, қатып суынған бөлігі Батыс Қаратау, Таушық, Шығыс Қаратау сілемдеріне зер салсын. Басқа болмаса да, Отман таудың басына шықсын. Отпан – Отман – От адам – От киесі... Байқаған кісіге «Авестадағы» тірлік басы, өмір иесі, жаратушы рухтың атын еске салып тұр ғой. Сол ыстық газ суынып, сұйықтық пен қаттылыққа бөлініп, біреуі әуелі Жер шарын түгел қамтыған мұхитқа, екінші бөлігі қатпар-қатпар жер қыртысына айналуын зерделейтін геологиялық дәуірлердің тайға таңба басқандай іздерін түгел көргісі келген адам – Маңғыстауға келсін... Теңіз бен түбек астасқан құз жағаларға зер салсын. Атақты геолог Н. Андрусовтың Маңғыстауды палеонтология мен тектоника, планетология мен стратиграфияның беті ашық жатқан оқулығына теңеуінің өте орынды екеніне ден қояры даусыз. Күн сәулесі мен судағы көмірқышқылы атомдарының жалғасуынан бас алған жанды тірлік тарихына ынтызар адам Маңғыстауға келсін, Қаратауды қаусыра құшақтап жатқан ақ таулар мен күллі түбекті тұтас көміп жатқан қаспақ-қаспақ жер қыртыстарына көз салсын, – алғашқы анайы бактериялардан бастап, алып динозаврлар мен ихтиозаврлардың сүйектеріне дейінгі барлық органикалық дүние қалдықтарын түгел таба алар еді. Өйткені, бұл – күллі Евразияның ең терең жері. Мұхит деңгейінен санағанда ең еңіс жері. Күллі планетаның Өлі теңізден кейінгі ең терең екінші кіндігі. Сондықтан бір кездегі күллі Евразияны тегіс қамтып жатқан Татис мұхиты сарқылғанда оның бойындағы барлық минералдық және органикалық тұнбалар осы терең шұңқырларға құйылған. Сонау күлгін кебірлер, сарқаспақ бұйраттар, кесіртке тұмсық қыраттар, ақ шаңқан шындар сол шөгінділерден түзілген. Анау айдаһардың аузындай аңқиған аран-аран қапы аңғарлар да – сондағы мұхит асты ағындар мен ежелгі дариялардың арналарынан қалған жұрнақтар.

Ұшаққа отырып, осы бір ұланғайыр өлкені шыр айналып ұшып көріңізші... Көгілдір ауа тұна-тұна көк тұңғиыққа айналады. Мөлдіреп түбі көрінеді. Сонда Маңғыстаудың қиялы жетпестей қиыр-шиыр, оймыш-оймыш, шым-шытырық жер реңін де сол ежелгі мұхит ағындары мен толқындары қалыптастырғанын қапысыз аңғарар едіңіз. Маңғыстау кейде, көктен қарағанда, қақпақ сүйегі ашылып қалған адам миындай қыртыстанып жатады. Иә, бұл, расында да, ежелгі жаратылыс пен ежелгі тіршіліктің тылсым құпияға толы ғаламат ғимараттарының абайсыз ашық қалған қақпасындай. Ми демекші, саналы өмірдің сапырған мұхиттай сан тарау тарихының өрмегі үзіліп көрмеген өрнекті шежіресі де осы өлкеден табылады. Осыдан үш миллион жыл бұрын Африкада экватор бойында, ағаш басынан түсіп, денесін тіктеп жүріп, өз бетімен әрекетке көшкен адам нәсілі осыдан бір миллион жыл бұрын Таяу Шығыс арқылы, көшкен мұздың соңынан қашқан андарды қуалап, Европа мен Азияға аяқ басқанда әуелі көп тұрақтаған жерлері осы Қаратеңіз бен Атырау бойлары болатын. Кавказ нәсілдестер күллі Европаға Қаратеңіз аумағынан, ал алғашқы адамдардың рамапитектер деп аталатын шығыс бұтағы көбіне-көп осы Атыраудан айналаға шашырағанды. Өйткені, олардың табиғи панасы, суаты, аңы мен миуа дәні, балығы көп теңіз, көл, өзен бойларын қоныстайтыны түсінікті. Елу мың жыл бұрын санаға ие боп, күллі Азия құрлығын баса көктеп, қазіргі Беринг шығанағы жатқан тұстан Америкаға да өткен. Осыдан он мың жылдай бұрын табиғатта болып өткен өте күрт өзгерістер салдарынан егін егіп, мал асырауды меңгере бастаған. Маңғыстау мен Үстіртте адамзаттың көпғасырлық эволюциясының қай кезеңінің де жәдігерліктерін көптеп табуға болады. Орта палеолит дәуіріндегі, осыдан 30–40 мың жылдай бұрынғы алғашқы қауым тұрақтары, тас индустриясы, ежелгі металлургия жұрнақтары, керуен сарайлары мен әскери бекініс, шығырлар мен шыңыраулар, кеме айлақтары мен көне ғимараттар, отқа табынушылардың, пұтқа табынушылардың мінәжат орындары ию-қию араласып жатыр. Көне шығырдан атом станциясына дейін, шақпақ тастар кенішінен мұнай химиясына дейін, ежелгі кеуек баспаналардан атом қаруын сынайтын шахталарға дейінгі өркениеттік дамудың саты-саты жолдары түгел сайрап жатқан өлкеден адамзаттың саяси, рухани кемелденуінің кезеңдік көріністерінің кесек-кесек нұсқаларын да молынан таба аласыз.

Арғы бабаларымыз осындай кемелдену жолында талай сүргінді бастан кешті. Өз-өзінен өніп-өсіп жататын табиғи өрістерге тәуелді заманда ауа райының қабағына қарап, біресе қиыр батыстан қиыр шығысқа қарай, біресе қиыр шығыстан қиыр батысқа қарай жөңкіді. Аңшы, терімші көздерінде ну ормандарға, малшы көздерінде ну шалғынды кең өрістерге, дихан көздерінде өзен бойларына, балықшы көздерінде су айдындарына ұмтылды. Ал қайым замандарда бұл өлкеден соның бәрі табылды. Маңғыстау бір кезде мұхит астында жатса, кейін сыңсыған субтропика аймағына айналды. Субтропика тұсындағы хайуандардың сарқыншақтары өткен ғасыр ортасына дейін жетті. Қызылтас пен Кетікте әскери бекіністерді салған патша әскерлері жабайы түйе (қапсағай немесе тау талақты), жабайы жылқы тарпандарды, мешіндерді (мартышкаларды) өз көздерімен көргендерін жазады. Демек, мұнда сонау тас дәуірінен бермен қарай тірлік үзілген жоқ. Қола дәуірінің үйшіктері мен балбал тастарынан көз аша алмайсыз. Көшпелі дәуірдің сүрлеулері орта ғасырларда жартылай керуен жолы күйін кешіп, кейін темір жолдар мен тас жолдарына айналды. Үстірт пен Маңғыстаудағы тау шыңдарынан, ежелгі құлпытастардан бағзы аңшылар мен терімшілердің де, кейінгі көшпенді жауынгерлер мен малшылардың да қолтаңбалары, салған сүреттері самсап тұр. Солардың кескін-келбеті, ежелгі зираттардағы жерлеу тәсілдері мен ескерткіш орнату үрдістеріндегі өзгерістер бұл аймақтың ежелгі Евразия кеңістігіндегі этнонәсілдік процестерден еш уақытта қалыс қалып көрмегенін байқатады. Эллиндер мен римдіктердің замандастары скифтер Танаистан шығысқа беттегесін сарматтар қонысына ұласады да, олар Үстірт арқылы Маңғыстауға ойысып, Аралдың терістігінде сақтармен, күнгейінде массагеттермен ұштасады. Ежелгі Евразияның үш ұлы ұлысының тоғысындағы бұл өлке сол замандардағы саяси, экономикалық, мәдени-рухани ағымдарының бәрі көп шарпысқан тарих бұғазына ұқсайды. Сол шарпысулардан жаратылған этнонәсілдік, дүниетанымдық, өркениеттік өзгерістердің бәрі де сол тарихи тар бұғаздың сүзгісінен сүзіліп шыққандай. Бір жағынан жауынгер, бір жағынан бақташы, бір жағынан аңшы сол бір жиһангез ұлыстардың ықпалдастық өрісіне айналған өлкенің ерекше маңызы мен орны тек ескі қолжазбалардан ғана емес, осындағы мол қордаланған тарихи, табиғи ескерткіштерден де айқын байқалады. Кейін олардан қалған субстраттар Сібір, Алтай, Гоби аралығындағы ұлан-ғайыр аумақтардағы рамапитек аңшылар мен терімшілер қалыптастырған этникалық түзілімдермен мидай араласып, күні бүгінге дейін жетіп отырған этностарға тектік ұйтқы болғандары белгілі. Егер батыстағы Балқантау мен Шығыстағы Байқал көлі арасындағы жазықтар көшпенді тайпалардың қоныс аудару маршруттарының негізгі өрісі болса, олардың жолдарындағы Ертіс, Балқаш, Сырдария, Қаратау, Арал, Жайық, Еділ, Атырау алабы баяғыдан келе жатқан байырғы тайпалармен әуелі сауда-саттық, шаруашылық, сосын қыз алысып, қыз берісетін, тектік, қандастық, саяси одақтар құрып, бір мемлекетке, кейін жаңа этностарға кейін жаңа этностарға бірігетін араластық аймақтар еді. Шығыс Европа мен Азияны мекендейтін қазіргі этностар дәл әлгіндей жүйемен өрістеп келген ғасырлар сапырылыстары нәтижесінде қалыптасқан-ды. Сол бір аударма-төңкермелердің жаңа бір қалыпқа түсетін аймақтарының негізгі біреуі – осы Маңғыстау. Оған осы өлкенің топонимдері, гидронимдері, қазіргі тұрғындарының атаулары айқын айғақ бола алады. Теңіздің біресе Каспий, біресе Хазар, біресе Әбескүн, түбектің біресе Сиях-Кук, біресе Маңғышлақ, біресе Маңғыстау аталуы да әлгіндей миграциялық жөңкілістерден хабар бергендей. Отман, Ман ата, Манашы, Маңғышлақ, Маңғыс-тау, Ман-Суалмас, Ас-Мантай, бәлкім кейін санскритке, Авеста мен ригведаға, тәңіршілік пен зороастризмге негіз болған ежелгі рамапитектер дүниетанымынан өрбіп жатқан атаулар шығар. Демек, алғашқы адам қауымдары бұл аймаққа тек табиғи кеуек тұрақтарын, суаттарын, тас қазған шахталарын ғана емес, жер атаулары мен кейін материкке дендеп кірген жол бағыттарын да тастап кеткен шығар. Бұл түбек – Тұран аймағындағы Үйсін, Қаңлы, Түрік, Оғыз, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда, Шағатай мемлекеттерінің де, ежелгі Хорезмнің де, Еділ бойындағы Бұлғар, Хазар, Алтын Орда, Днепрдегі Русь тарихи тағдырына өз үлесін қосқан өлке. Евразияға тәңіршілік, зороастризм, иудей, мұсылман діндерінің таралуы да бұл өлкені айналып өте алмаған. Сондықтан да, Геродот тұсындағы Аристей, орта ғасырдағы Фадлан, Ибн Батута, Әл Макдисиден кейінгі Вамбери, Гмелин, Карутц, Бартольд сынды әлемге әйгілі дүниетанушылар бұл өлкеге көп көңіл бөлді. Бұл жерге көп жиһангездердің де, жиһангерлердің де аяғы жиі тиді. Кир мен Дарийдің, Аттила мен Ескендірдің, Хорезм шахтары Атсыз, Текеш, Мұхаммедтердің, Бату мен Ақсақ Темірдің, Нәдір шах пен орыс императорларының самсаған сары қолдары өтті. Атақты Жалелетдин, Алтын Орда тұсындағы билеушілер Түйе қожа, Орысхан, Тоқтамыс, Едіге, Орманбет, Ақ Орданың ыдырау тұсындағы Асфендиярхан, Әбілғазы, Мұхаммед Шайбанидің тарих қойнауына ұлы сапарлары осы арадан басталды. Мәңгілік даңққа бөлейтін шешуші жорықтарына қолды осы арадан жинады. Саяси қысталаңдарда осы арадан көп пана тапты. Ос арада қазір жер аты, су аты, ру аты боп қалған ономастикалық ұғымдар бұл өлкенің Евразия, Орталық Азия, Қазақстан тарихына қосқан сүбелі үлестерінен хабар бергендей. Салжұқтар тарихында қомақты орын иеленетін Ақман мен Қараманның біреуінің ұрпағы жеке этноним болып, осындағы қазақтардың құрамында жүрсе, біреуі топонимге айналып, осы арадан мәңгілік қонысын тапқан. Қожа Ахмет Иассауи тұсындағы оғыздар бөлінуінде көзге түске Есен Гөзлі Атаға да, одан туған Омар Атаға да осы арадан топырақ бұйырған. Бес өгіз, тәнкі (таңғут), бәйті (байыт), бесбұлақ – бесбуляк – бес бөлік, өмір, еміл, аусары (афшар), қарқын, бозашы, айладыр, шайыр, шетпе, қаңға, ерсары, кертті, қошқар, оғланды, онды, дәнішман, өңеже, шытжа, мерет, түбіжік, бұрыншық, сенек, сұмса, үдек, басыгүрлі, жазыгүрлі, байтақ, алан қала, ноғай төбе, уа сынды топонимдер, алшын, байұлы, адай, қызылқұрт, масқар, таз, ноғай, маңғыт, бұзау, айтумыс, жеменей, мұңал, тобыш, ақпан, балықшы, кедей (күдей), байбол, тіней, әйтей, бегей, жомарт, жары, қырық мылтық, әлмембет, тәзіке, қосай, қалша, матай, қараш, қожағұл, шоғы, мұңал, әли, бәйімбет, бегімбет, өрөзек, қалша, абдал, т.б. этнонимдер хазар-Хорезм, қаңлы-үйсін, оғыз-қыпшақ, ноғайлы-қыпшақ, қыпшақ-монғол одақтастықтары тұсындағы миграциялық, этногенетикалық процестерден хабар бергендей. Ол ежелгі бабаларымыздың емшектестігінен гөрі, ежелгі тайпалардың қоныстас, сулас, еншілес, одақтастығынан көбірек дерек танытқандай. Аталмыш этнонимдер үш жүзде емес, түркі халықтары мен оған көршілес үндіевропалық халықтардың этникалық құрамдарынан да ұшырасатындығы тегіннен-тегін болмаса керек. Алтын Орда, Дешті Қыпшақ заманындағы тарихи болмысымызды баяндайтын «Қырымның қырық батыры» атты батырлар жырының топтамасының осы аймақта ғана тұтасымен сақталып, атақты Мұрын Сеңгірбекұлы жыраудың аузымен біздің заманымызға жетуі де кездейсоқ құбылыс емес. Ежелгі ноғайлы заманындағы Сыпыра жырау осы өлкеде туып, өмір сүріпті деген мәлімет бар. Демек, Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл, Зәкәрия, Сүгір «қаһармандық жыраулық мектебінің» бүгінге дейін мұрты сынбай жетуінің де тарихи тамыры тым тереңде. Маңғыстау мен маңғыстаулықтар қазіргі елі мен қазақ жерінің қалыптасуына да белсене ат салысты. Сонау VII– VIII ғасырлардағы Атырау, Арал, Қаратау маңындағы ежелгі сақ, массагет, кейінгі печенег, қаңлы, оғыз субстраттарының Сібір мен Алтайдан келген қыпшақ, қалмақ, қидан, алшын, байұлы тайпаларымен араласуынан осы заманғы Кіші жүз рулары түзілді. Олар Алтын Орданың ыдырауына байланысты, әр түрлі халықтардың құрамына быт-шыт шашырап кетті. Қазіргі Еділ, Жайық, Маңғыстау, Үстірт, Жем, Ырғыз бойларын жайлаған бөліктері Ақ Орда мен Шағатай ұлысындағы қандастары мен тілдестеріне қосылып, дербес ұлт, дербес мемлекет болып бірігуіне тікелей үлес қосты. Ол замандарда Ноғай Ордасына қарап келген бұл өлке тұрғындарының оғыз тілдес бір бөлігі торғауыт қалмақтарының қол астына қарап кетсе, қыпшақ тілдес бөлігі Ақназар хан тұсында Қаратау мен Жетісу бойында шаңырақ көтерген қазақ хандығына барып кірді. Қазақ ұлтының бастан кешкен тауқыметтерінің бәрінде де көресінді көппен бірге көрді. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада Сауран айналған Алшын руларымен бірге Әмудария мен Сырдария, Нұратау мен Қаратау арасындағы жаңа қоныстарын тастап, әуелі Ырғыз, Торғай, кейін Еділ, Жайық бойларына ығысып, кейін Сырым, Атағозы, Арынғазы, Сүйінқара көтерілістері тұсында ежелгі этникалық қоныстарына түпкілікті ауып қонды. Отаршыл Ресей мен Хиуа зорлығына бірдей қарсы болған қайсар маңғыстаулықтарды қалған қазақтардан бөліп тастау үшін неше қилы айла-тәсілдің бәрі істелді. Қазақ даласын жаңаша билеуге тырысқан патша әкімшілігіне қарсы ереуілдеген Иса, Досан көтерілісіне дейін Маңғыстау Кавказ сырты өлкесіне қарап, Тифлиске бағындырылды. Көтеріліс жанышталған соң Түркістан өлкесінің Каспий сырты облысының қарауына беріліп, Ташкент пен Ашхабадқа бағындырылды. Әкімшілік әрі-сәрілікке ұшыраған өлке көп уақыт бойы көрші халықтар түгілі өз қандастары тарапынан көз түрткі көруге мәжбүр болды. Оның үстіне, қызыл тоталитаризмнің зорлық-зомбылығына мойын ұсынбаған атышулы Адай көтерілісінен кейін «жұмысшы табы қалыптаспаған» «арда аймақ» ретінде көз алара алалаушылық саясатының құрбандығына айналды. XVIII ғасыр тұсынан қос құрлық арасындағы транзиттік қақпа, стратегиялық маңызы зор, табиғи байлықтарға аса бай қазыналы өлке саналып келген Маңғыстау өңірі алпысыншы жылдар ортасына дейін қасақана дамытылмай қойды.

Бірақ, алтын жерде, алмас белде құр жатар ма? Бұйығы түбек алпысыншы жылдар ортасынан бастап, қазба байлықтары игеріліп, қатынас жолдары салынып, экономикалық тұрғыдан дами бастады. Жетпісінші жылдар ортасында өз алдына әкімшілік-территориялық облыс боп құрылды. Содан бермен қарай өлкенің тек табиғи байлықтары ғана емес, тарихи-рухани байлықтарына да назар аударыла бастады.

Кейінгі жылдар зерттеулері көп уақыт шет аймақ саналып келген өлкенің ұлттық болмысымыздың көп ғасырлық кескіндемесін қаз қалпында сақтай алған аспан асты музей, асыл қазынаға толы алып қорық екендігін анықтады. Бірақ, Маңғыстаудың рухани қазыналары табиғи қазыналарындай жете зерттеліп, толық игеріле қойған жоқ. Оның көп жұмбағы әлі шешілген жоқ. Көп сырлары әлі ашылған жоқ.

Назарларыңызға ұсынылып отырған «Маңғыстау» атты энциклопедия алтын толы алып сандықтағы қазыналардың тек үстіңгі қабатының ғана бетін ашады. Ал, одан арғы терең қабаттарына бойлап еніп, жете зерделеу болашақ ұрпақтар мен кітаптардың үлестеріне тимек.

Алайда, алғашқы адым әрдайым қиын. Бірақ, алыс сапар онсыз басталмайды. Ендеше, оқырман қауым көп мамандардың көп жылғы  ізденістерінен туындаған бұл еңбекті ризашылықпен оқып шығады деп сенеміз.

Әбіш Кекілбайұлы
 

Бөлісу: