ТАХАУИ АХТАНОВ
ҚАЛАМДАСТАР КЕЛБЕТІ
МҰХТАР ӘУЕЗОВ
Кең арна
Әдетте қазақ прозасын Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романынан бастайды. Хронологиялық жағынан оған дау айтқымыз келмейді. Бірақ таза хронология сөз болса — одан бұрынырақ та баспасөз бетіне жарияланған шағын жанрдағы прозалар табылып жүр. Және де сол әңгімелердің көркемдік бітімі тәп-тәуір, әдеби сауатты. «Қалың малға» ілесе шыққан. Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі», М. Әуезовтің алғашқы әңгімелері, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуы» және де қазіргі оқушыға беймағлұм кейбір туындыларды атауға болады. Бұлар қазақ прозасының алғашқы қарлығаштары.
Біздің қазақ прозасының бас жағына үңілгендегі мақсатымыз жеке шығармалар мен авторлардың қайсысы бұрын, қайсысы соң шыққанын анықтап, соны тәртіпке келтіру емес. Жаңа туа бастаған жас проза алғаш қадамында дүниеге не әкелді, қандай көркемдік, идеяның кредосын ұсынды? Оның келешекте дамыған өскелең тенденциялары қайсы еді? Азғана мысал төңірегінде осы мәселеге көңіл аудара кеткіміз келеді.
Алғашқы туа бастаған қазақ прозасының бізге дәл бүгін де үлгі боларлық тамаша бір қасиеті — оның арқалаған азаматтық жүгінде. Сол «Қалың мал», «Қамар сұлу», «Шұғаның белгісі» — ең алдымен сол кездегі қазақ өміріндегі ең қитығына жеткен, «ауру» мәселе көтерді. Бас бостандығын, ар намыс еркіндігін ту етіп көтеріп, феодализмнің тозығы жеткен салтына қарсы шықты. Осы жақсы дәстүрді — тұңғыш қадамынан-ақ қазақ әдебиетіне жарық жұлдыз болып енген Мұхтар Әуезов әрі қарай дамытып, ілгерілетіп әкетті. «Қорғансыздың күні» мен «Қараш-Қараш оқиғасы» жас қазақ прозасының азаматтық даусын одан әрі шыңдап, оның әлеуметтік мазмұнын тереңдете түсті. Осы екі тамаша шығармадан тек әлеуметтік қана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетіндегі көркемдік жаңа арна басталады. Осыдан бастап жас проза өмірді реалистік шыншыл тұрғыдан қамтып қана қоймай, адамның ішкі дүниесіне де үңіле бастайды. Өмірдегі әр түрлі құбылыстарды, адам тағдырларын көрсетіп, толып жатқан сурет, мүсін жасаумен ғана шектелмей, тұңғыш рет психологиялық, портрет жасайтын дәрежеге көтеріледі. Жас прозаға осы психологиялық арнаны мықтап енгізу үшін жомарт талант неше түрлі тәжірибелерге де барады. «Қаралы сұлу» әңгімесі адам психологиясының неше түрлі құбылыстары мен қалтарыстарын, адамның жан сезімімен қоса тән сезімінің де құбылмалы, лүпілдеген нәзік сырларын ашуға арналған. Бұл әңгіменің бәрінен бұрын жас әдебиет үшін педагогикалық мәні зор. Ол көзін жаңа ашып келе жатқан балаң прозаны реалистік нәзік суреткерлікке, психологиялық құбылысты дәл бере білуге, қысқасы жалпы көркемдік сауаттылыққа үйретті. «Көксерек» әңгімесін де осы алуандас бағалар едік. Өйткені ол да мөлтілдеген табиғат, хайуанат суреттерімен қоса, адам психологиясы мен адам табиғатының өзгеше бір жақтарын ашып берді. Осы соңғы екі әңгіменің алғашқы аталған екі шығарманы («Қорғансыздың күні», «Қараш-Қараш»), әлеуметтік мазмұны терең болмағанмен, біздің әдебиетіміздің сауатын ашып, шеберлікке баулу жолындағы алатын орны айрықша сияқты.
Талантты жазушы жеке шығармаларының ғана көркемдігі мен тереңдігін ойлаумен шектелмей, бүкіл халық өмірінің сан қилы салаларын, ұлттық психологияның жан-жақты қырларын, әйтеуір қазақ деген елдің өмірін кеңірек те, тереңірек қамтуға бой ұрады. Ол қыр өмірінен сериялы этюдтер жасап, ауыл тұрмысы, ел тіршілігі, қалаға жаңа сіңісе бастаған қазақ интеллигенциясының өмірі жайлы әңгімелер жазады. Сөйтіп жеке сәтті әңгімелер жазып қана қоймай — өзінің жастық шағымен тұстас заманның жап-жақсы панорамасын да ашып береді.
Қазақ, әдебиетінде өз алдына бір дәуір болған Әуезов прозасы осылай басталады.
Ол прозаның кейінгі қазақ әдебиетіне айрықша әсер еткен өзіндік сипаты бар. Әуезов прозасының алдымен көзге түсетін қасиеті — биік мәдениеті. Жазушы Европа әдебиетінің дәрежесін еркін меңгерген. Ең озық әдебиеттердің биік мәдениетін өз бойына сіңіріп, реалистік әдісін толық игерген. Ал нағыз ғажабы жазушы орыс және Европа әдебиетінен осынша нәр ала тұра, ешкімге еліктеп, ығында кетпейді. Оның көркемдік құралдары, сөз кестесі, суреттеген өмір құрылыстары, адам бейнелері өзге халыққа ұқсамас қазақы сипатты танытқаны өз алдына, тіпті жас Әуезовтің талант табиғатының өзі шынайы халықтық, ұлттық екені көрініп тұр. Ол бүгінгі әдебиетімізге қазақтың халық творчествосының эпикалық кеңдігін, романтикалық көтеріңкілігін, лирикалық нәзік сазды әуенін ала келді, оның шығармасында халық өнерінің мың сан құбылып, құлпырып тұратын бояу сиқыры мен от екпінді тегеуріні және бар.
Ал, Әуезов шығармаларының тілі әлі де талай-талай терең зерттеулерді керек етеді. Әуезов тұңғыш туындысы «Еңлік — Кебектен» бастап, жоғарыда аталған және де басқа көптеген әңгімелерінде, повестерінде қысқасы атақты «Абай жолы» эпопеясына дейінгі барша шығармаларында қазақ тілінің тамаша үлгісін танытты. Қазақтың ескіден келе жатқан шешендік сөздерінің не бір асыл үлгілерін, би сөздерінің ұтқыр тапқырлығын, халың тілінің орасан мол байлығымен қоса сұлулығы мен өткірлігін, сыртқы бейне мен ішкі ойды аудырмай түсіретін алғыр шеберлігін, адам көңілінің ыстық-суығын, не бір нәзік лебін жеткізе білетін тал жібектей жіңішке орамдығын әкелді. Мұхтар Әуезов шын мәніндегі қазақ тілінің королі болатын. Біз осы кісінің шығармалары арқылы өз тіліміздің бояуы мың құбылған сұлулығын, жыр ырғақты сұлу сазын, таусылмас сөз байлығын, шектелмес суреттеу мүмкіндігін көріп қайран қалдық. Қазақ тілінің, егер шынайы шебердің аузынан шықса, айтып жеткізе алмас сыры, суреттеп нәшін келтіре алмас құбылысы жоқ екенін білдік. Егер фантазиямыздың күші жетсе қазақ әдебиетін Әуезов шығармаларынсыз — дұрысырақ айтқанда — сол шығармалардың тілісіз көзге елестетіп көрелікші. Онда біздің әдебиеттің жалпы үңірейіп қалғаны былай тұрсын, тіл бояуы да кәдімгідей солып қалар еді. Оның үстіне Әуезов тілі — тек оның шығармаларын да ғана емес — бүкіл қазақ прозасының, қала берді, қазақ әдебиетінің қан тамырына тарап кеткен. Өйткені біздің бүгінгі әдеби тілімізді қалыптастыруда одан ірі тұлға болған емес. Сондықтан да Әуезовтен тіпті стилі бөлек жазушылардың өзі осы алып тіл сиқыршысының тәжірибесінен аттап кете алған жоқ.
Әдебиетіміздің шоқтығын шығарып, еңсесін көтеріп тұрған Әуезов шығармаларының бүкіл аумағын түгел қамтымай-ақ жазушының сонау алғашқы қадамына — жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы туындыларына көз жіберсек, бүгінгінің сәтті бастамасын, қазіргі кең дарияның мөлдіреген бастау бұлағын айқын көреміз. Мысалы автордың 1917 жылы жазылған «Еңлік —Кебек» трагедиясындағы Еспембет, Есен, Кеңгірбай, Көбей образдары өткен қазақ тұрмысын көрсетудегі реалистік кең тыныстың басы болды. Жас әдебиет аттап өте алмайтын образ жасаудың, өмірді суреттеудің жалаң, шартты схемаларын бірден аттап өтіп, Әуезов осы шығармасы арқылы қазақ әдебиетін толысқан, сауатты әдебиет дәрежесінен бастап кетті.
«Қорғансыздың күніндегі» жан түршігерлік шындық — жаңа ғана қаз тұрып, апыл-тапыл басып келе жатқан қазақ прозасы емес, тіпті көп ғасыр жасап кемеліне келіп тұрған әдебиеттер үшін де мақтаныш бола алар еді. Осы шағын әңгіме кейін тумақ «Абай жолы» эпопеясындағы Қодардың қазасымен үндесіп жатса, «Қараш-Қараштағы» Бақтығұл әрекеттері Базаралы қимылдарын еске салады. Бұл арада «автор өзін-өзі қайталап отыр» деуден әсте аулақпын. Жоқ, бұл автор бағытының, жазушы тенденциясының үзілмей жалғасып отырғаны.
Әуезовтің жазушылық стилінің бір ерекшелігі ол қашан да өз шығармасына ел өміріндегі кесек, ірі оқиғаларына арқау етеді. Және сол оқиғаларды жеріне жеткізе суреттеу арқылы қайталанбас кесек тұлғалар жасайды. Жазушы дәстүрлі махаббат тақырыбына бара қалғанда неше алуан сезімтал, нәзік, сыршыл лириканы құйқылжытып береді. Асқан шеберлікпен сезім сұлулығын жырлайды. Бірақ құштарлыққа мас, сезімге елжіреген шығыс ғашықтары емес, өз бақыттары үшін күреске даяр, асқақ ойлы, өршіл жандардың бейнесін жасайды. Шынында да Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы шағырмалары, қазақ прозасындағы ғұмырлы үлкен арнаның басы болды. Бұл арна құдіретті реализмді биік романтикамен астастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге халқымыздың рухына тән жыршыл да сыршыл лиризмді адамның ішкі дүниесін үңгіп көрсететін психоанализге жалғастырды. Осы жағдай біздің жас прозамызды екі қатерден, яки екі түрлі бағытқа қиғаш кетіп қалу қаупінен сақтандырды. Шынында да осындай реалистік күшті арна таппасақ, жалаң романтикаға бой ұрып, жасанды схемаға түсіп кету қаупі бар еді. Екінші жағынан халқымызға тән көңіл көркі — көтеріңкі романтикадан балауса, балғын сезімді лирикадан қол үзіп, тек фактіні тере беретін жер бауырлаған алымсыз, қанатсыз натурализмге немесе адамның ішек-қарнын, қыртыс-қыртысын түгел ақтарып, неше түрлі қоқыстарды сыртқа шығаруға ерінбейтін жалған психологизмге ойыстап кету қатері де жоқ емес еді.
Сөйтіп Әуезов қазақ прозасын ересек, кексе әдебиет дәрежесінде бастағанмен жаңа оянған жас халықтың рухани балғын қасиетін — көтеріңкі романтизм мен таңғы шықтай мөлдір лирикасын, керек десеңіз шығыстың асқақ, сөз бен нақышты суретке құмарлығын — бір бойына түгел сыйғызды. Бұл қасиет қазақ әдебиетінің рухани саламаттығына зор пайдасын тигізді және осылай келіп ескі мен жаңаның, халықтық қазына мен өнерлі озық әдебиеттің, шығыс пен батыстың құрыштай балқытып құйған ғажайып қоспасынан тамаша бір дәстүр кеп туды. Ол қазақ әдебиетіндегі, қала берді бүкіл совет әдебиетіндегі Әуезов дәстүрі. Бүгінгі қазақ прозасының сонау кездегі бастау бұлағы, қазіргі кең арнасының бірі де осы.
Халық сапары
Халықтың кемеңгер қайраткерлері туралы тарихи роман жазған автор сол адамның өмір тарихын ғана немесе шағын төңірегін таныстырын қоя алмайды. Халықтың өмірін кең қамтып, қоғамның негізгі күштерін көрсетіп, сол заманның тарихи даму бет алысын анық аңғартпайынша, социалистік реализм тұрғысында жазылған тарихи роман болып шығуы мүмкін емес. Совет жазушылары тарихи романдарды өткен күннің оқиғаларын көркем образдар арқылы бүгінгі оқушыға жеткізіп беру үшін ғана емес; ең алдымен біздің заманымыздың тұрғысынан өткен кесек оқиғаларын қайта қарап, екшеп, содан халық күшінің дамуына негіз болған қоғамдық мәні бар күрестерді, қозғалыс құбылыстарды баса көрсету үшін жазады. Тарихи романдардың міндеттері туралы Белинский былай деп жазған: «Біздің осы заманымызды түсіндіріп және болашағымызды мезгеу үшін өткен күнге көз жүгіртіп,ізденеміз». Тарихи тақырыпқа осы тұрғыдан келгенде ғана совет жазушылары идеялық құнды, әлеуметтік пайдалы шығармалар жазады.
Мұхтар Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» романдарының негізгі қасиеті осындай идеялық өткірлігінде.
Бұл романдардың негізгі жетекші бағыттаушы идеясы — қазақ халқы мен ұлы орыс халқының тарихи достығы.
Автор өз романдарын қазақ халқының ұлы ақыны, қоғам қайраткері және ойшылы Абай Құнанбаевтың өміріне арнайды. Ол негізгі кейіпкерінің өсіп, қалыптасуын халықтың тағдыры арқылы көрсетіп осы достықтың тарихи тамырларын дұрыс ашады, қазақ халқының өз тағдырын орыс халқының тағдырына ұштастыруы прогрессивтік қадам екенін романдарында айқын көрсетеді.
ХIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Россияға толық қосылды. Бұл прогресшіл тарихи оқиға халқымызға экономикалық, қоғамдық және мәдени даму жақтарынан үлкен әсер етті. Қазақстанның Россияға қосылуы патриархалдық, рулық салтқа күйрете соққы берді, қазақ қоғамының жіктеле түсуіне, соның нәтижесінде тап тартысының күшеюіне үлкен әсер етті.
Мәдени жағынан бұл қосылудың үлкен пайдасы қазақ халқының ұлы орыс мәдениетіне, сол арқылы дүние жүзілік мәдениетке бой ұруында. Сол заманға арнаған советтік тарихи романда ең алдымен осы тарихи маңызды оқиғалар айқын бейнеленуге тиіс. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сияқты Абай да қазақ халқының орыс мәдениетіне араласуының жемісі. Бұл қайраткерлер өз халқының ең игі ниеттері мен үміттерін айтып өтті. Олар өз өмірлерін халық игілігіне жұмсады.
М. Әуезов Абайдың образын халық өмірімен тығыз байланыстыра, оны заманының ірі-ірі оқиғаларының арасында көрсетіп, жан-жақты ашты. Романдарда XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің негізгі жақтары — патриархалдық-рулық салт, оның бірте-бірте күйреуі, ру тартыстары, оның бар салмағының кедей бұқараға түсуі, қалың бұқараның қаналуы, олардың қанаушыларға қарсы күресі, қазақ халқының арасынан қоғамдық жаңа күштердің пайда болуы, орыс демократтарының идеяларының Қазақстанға ене бастауы, ақыры, қазақ халқының орыс мәдениетіне бой ұруы кең көрсетілген. Абайдың ұлы ақын, ағартушы ойшыл болып бірте-бірте өсуі, қалыптасып кемеліне келуі жоғарыдағы айтылған тарихи жағдаймен астасып жатады.
Әуезов романдарында Абай өте күрделі, шытырман өмір кешеді. Абайдың балалық шағы, феодалдық ортада — патриархалдық-рулық салттың ең күшті ортасында өтеді. Оның әкесі ата-бабасынан келе жатқан озбырлық пен өктемдіктің бәрін бойына сіңірген, халықты аяусыз қанайтын нағыз көкжал феодал. Жас Абай өз әкесінің барлық қаталдығын, озбырлығы мен зорлығын, ру басшыларының арасындағы шытырман тартыстың бәрін көреді. Абай байлардың тепкісіндегі бұқара халықтың ауыр азабын да көреді. Сонымен бірге, ол патриархалдық-рулық қоғамның және оның экономикасының мешеулігін де сезеді. Ақырында, Абай ескі салттың рухани қысымынан да зор азап шегеді. Санасы оянып есейе бастағанынан-ақ өз халқына жол іздейді. Жас жігіт Абайдың Қыдырбай ақынмен әңгімелескендегі сөздері, оның халық үшін қайғыратын, болашаққа жол іздейтін жас ойыны екенін аңғартып тастайды.
Әйтсе де Абай жолы қалтқысыз, тұп-тура емес: бұл заңды да.
Алғашқы жылдары Абай байлар мен күштілерге адамгершілік пен аяушылықты да ұқтырмақ болады. Байлардың малын ұрлаған кекшіл қарақшылардың әрекетін құптайтын да кезі болады; ру таласын бітістіруге әрекет те жасап көреді.
Абай бірте-бірте өсіп, ой өрісі кеңи түседі. Алдындағы үлкендердің ықпалынан шығып, әке жауыздығына қарсы күреседі, әділетсіздікпен жекпе-жек айқасқа шығады. Бірақ бұл кездерінің өзінде де ол қоғамдық әділетсіздіктің негізгі себептерін түсінуге жете алмайды, қоғамдық қайшылық жеке адамдар әділетсіздігінен деген ұғымда болады.
Әйтсе де өмір жолының осындай шытырмандығына қарамастан, Абайдың негізгі тілегі, игі ниеті дұрыс; бар арманы өзінің халқына дұрыс жол табуға бағышталған. Ол ылғи қараңғылыққа, мешеулікке қарсы күреседі. Осы туып келе жатқан жаңаның қараңғылыққа, мешеулікке қарсы күресі — романның негізгі желісі. Өз ортасынан, феодалдардан қол үзіп, төменгі бұқарамен көп араласқаннан кейін барып Абай халықтың мұң-мұқтажын тереңірек көре бастайды. Ол Дәркембайға былай дейді: «Жоқшылық пен жаманшылық ел ішін кеулеген ғой. Сенің көзіңді де қыран көзіндей қырағы етіп сол ашқан екен... Менің көзімді де қоса ашып отырсың...»
Осыдан сатылып ол халыққа қамқоршы дәрежесіне көтеріледі, жұтап қалған кедейлерге қолынан келгенше көмек көрсетеді, кедей жақтарды байлардың озбырлығынан қызғыштай қориды. Абайдың күші халықпен тығыз байланыстылығында; мұны автор өте дұрыс және жақсы көрсеткен. Бір кезде балғын Абай әке зорлығынан өз махаббатын қорғап, сүйген жарына қосыла алмаса, халық арасында беделі өскеннен кейін ол ірі-ірі феодалдардың өзі ығысатын үлкен күшке айналады.
Абайдың орыс мәдениетіне бой ұруына себеп болған да халықтың мұң-мұқтажы мен өмірдің талабы: «Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы білім, өнер, сол өнер орыста, мен барлық тірлікпен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап кашқақтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас...». Мінеки Абайдың алдына қойған мақсаты осы. Тек орыстың революцияшыл-демократиялық интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерімен дос болуы арқылы ғана, алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінен нәр алуы арқылы ғана Абайдың дүниеге көзі ашылып, ой өрісі дами түседі.
Орыс адамы Михайлов Абайдың көз алдында Россияның екеу екенін, оның бірі патшаның және оның итаршы әкімдерінің Россиясы екенін, екіншісі орыстың ұлы ер халқының, Пушкин мен Лермонтовтың, Белинский мен Чернышевскийдің, Добролюбов пен Некрасовтың Россиясы екенін ашады.
Абай Михайлов арқылы Чернышевскийдің көзқарастарымен танысып бақыт пен азаттыққа апаратын бірден-бір жол орыс халқының жолы екенін, осы жолмен жүру үшін қазақ халқы ең алдымен орыс мәдениетін игеріп, орыс халқымен жақындасуы керек екенін, екі халықтың негізгі мақсатының бір екенін ұғады. Осы арқылы барып Абай өз өмірін халықты ағарту жолына арнап орыс-қазақ достығының жаршысы болады. Өзінің тамаша ақындық талантына осы идеяны арқау етеді.
Абай осылай кітаптан кітапқа өсіп отырады, оның халық өмірімен байланысы да күшейді. «Абай жолы» романында ол қоғамдық әділеттік үшін күрескер дәрежесіне көтеріліп, халықты аяусыз қанайтын озбырларды аямай әшкерелейді. Ертерек кезінде бас бостандығын аңсаған «Айттым сәлем қаламқас» өлеңін жазған Абай кейін келе қанаушыларды барынша әшкерелейтін, әлеуметтік зор маңызы бар «Қараша желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңін жазады. Автор Абайдың осы өсу жолын өте әсерлі және дұрыс көрсеткен. Халық, мұңын өз көзімен көріп, жанымен ұққан Абай халыққа қамқор болады. Оның төңірегіне Базаралы, Дәркембай, Дәрмен сияқты шынайы халық өкілдері жиналады. Ол халықтың зарын көріп, оған қайғырып қана қоймай, солармен күрес жолын іздейді. Қара шығын жинаған жендеттермен айқасқаннан кейін Абай досы Ерболға ойын толқытқан шын сырын айтады.
— Мұның үлкені кешегі өткен соңғы әлектен туып отыр.
— О, несін айтасың... Бірақ көп сорлыны бұғалықтан босатқан жоқсың ба?— дейді Ербол.
— Ол бір шөкім, қасымдағы аз топ қой. Көпті қайтесің? Өзге жерде бар жайлауда сол пәле әлі жүріп жатыр ғой. Тіпті осы бір болыс па? Бір тобықты ма? Бар қазақ даласында тамам сорлы күңіреніп жатыр ғой. Соның күйі қалың сор ғой. Халқым, қазағым, жұртым сол ғой... Соған не көмек, не басшылық еттім?..
Ойшыл ақын Абай өз халқы үшін бақыт жолын, күрес жолын осылай іздейді. Ал халық Базаралының аузымен ақынына өз талабын қояды:
«Елімнің диқаншысы сен емессің бе? Жеміс күтіп нәр алатыны сенсің ғой. Еліңнің анық қалың көшін бастайтын жолың даңғыл болсын».
Тек халықтың жақындығы, халықтың көмегі ғана Абайға ақындық қуат береді. Сондықтан Абайдың Базаралыға айтқан сыры оның ақындық программасы:
«Базеке, ат мінгізіп, атан жетектеткен сыйдың қайсысы да тап осы айтқаныңа тең болсын, қасыңа кеп, қанатымды бүтіндеп бекітіп қайтқандай болдым ғой. Ендігі жазарым өлең болса, сен үшін ғана жазармын, сенің дертіңе емші болуға жарасам арманым бар ма?»
Абай халықты қанаушы озбырларға қарсы күрес үстінде үйретіп өзі одан үйреніп, алдыңғы қатарлы орыс ойшылдары мен күрескерлерінен азық алып, рухани және саяси өседі. Бірте-бірте ой өрісі кеңіп, көрегендігі артады. «Абай жолы» романының соңында ол өзінің ең талантты шәкірті Дәрмен ақынды Некрасов жолына сілтейді. Әуезов романдарының үш кітабында көрсетілген Абайдың өсу жолы осындай. Осы арада ескерте кететін нәрсе, бұл Абайдың өсу жолын автордың орынсыз «жақсартуы» емес, Абай Герцен, Чернышевскийлердің шаруаларды қолға балта алуға шақырғанын қабылдамады, бірақ ол алдыңғы қатарлы орыс қайраткерлерінен әлеуметтік теңсіздікті, өмірдегі зұлымдықты сатирамен әшкерелеуді үйренді. Сондықтан да өз шәкіртін өзінен ілгеріге, Некрасов жолына сілтеуі заңды және автор ойлап шығарған көркемдік шындыққа сыйымды.
Автop Абайдың образын сол заман өмірінің кең ортасында үлкен-үлкен әлеуметтік оқиғалардың арасында көрсетеді. Абайдың қатысуымен не болмаса соның көзқарасы арқылы автор әр түрлі қоғамдық оқиғаларға, халықтың өсіп келе жатқан күшіне, сол сияқты, қанаушы таптардың өкілдерінің озбырлығына, айуандығына баға береді.
Романдарда Абай үлкен жаны бар, жалаң қабат емес, мінезге бай, өмірдің алуан әсерін терең сезінетін адам етіп көрсетілген. Ол халықтың ең жақсы — адалдық, әділдік, ерлік және қайырымдылық сияқты қасиеттерін, мол талантын бойына сіңірген. Абай образы — біздің әдебиетіміздегі өте шебер жасалған кесек образ.
Қазақ кедейлерінің ояна бастауы, олардың байлардың қанауы мен озбырлығына қарсыласуы, күреске шығуы негізінен дұрыс көрсетілген. Артта қалған қараңғы қазақ кедейлері бірте-бірте өздерінің қолын байлаған рулық салттан арылып, ояна бастайды. Байлардан көп қорлық көрген Балағаз, Әділхан сияқты кедейлер ашыққан ағайындарын асырау үшін байлардың жылқысына құрық салады, бұл бір жағынан халыққа қорлық көрсеткен — озбырлардан кек алу ісімен астасады. Бұл сияқты «ерекше» қарсылық сол заманның қоғамдық жағдайынан — кедейлердің артта қалған қараңғылығынан туған нәрсе. Бірте-бірте бірігіп қимылдау керек екенін халық ұғына бастайды. Шатақтар тентек ояз Кошкиннің сорақы зорлығына қатты қарсылық көрсетеді. Халық қимылы осылай өсе келе үлкен-үлкен сілкінулерге ұштасады.
Романдарда халық өкілдерінің есте қаларлық кесек образдары жасалған, әсіресе, Базаралы, Дәркембай, Дәрмен образдары жан-жақты кең ашылған. Кішіпейіл қайырымды, Абайдың қамқор досы Ербол; халық арасынан шыққан ақылды, ерекше мінезді, дарынды әйел Әйгерім образда да өте әсерлі. Бұл образдар халықтың асыл қасиеттерін өте жақсы бейнелейді. Базаралы бойына халықтың ақ көңіл, адалдығы, қайсар ерлігі, кең дарқан мінезі тән болса, Дәркембай бойына оның ақылы, қайырымдылығы тән.
Дәрмен халықтың тамаша ақындық талантын аңғартады. Ұлжан, Әйгерім образдары қазақ әйелдерінің ең асыл рухани қасиеттерін бойына жинаған.
Тамаша шеберлік, шынайы сүйіспеншілікпен жазылған Дәркембай образын ерекше атап кету қажет. Автор Дәркембайды әр түрлі жағдайда көрсетіп, оның образын бірте-бірте дамыта түседі. Оқушы бірінші кітаптың басында Дәркембайды халықтың жерін тартып алған Құнанбайға қарсы күреске көпшілікті жинап жүрген кезінде көреді шынында да Құнанбайға нағыз қарсылық көрсеткен осы Дәркембай сияқты кедейлер болады. Елі ішіндегі ең мықты жауыз Құнанбайға қарсы күресу Дәркембайдың жақсы қасиеттерін анықтай түседі. Кітаптың бас кезінде Дәркембай да ру басы Бөжейге үміт артып, рулық салт-сана шегінен шыға алмайды. Бірақ бірте-бірте ол өзінің бұл ойының қате екеніне көзі жетеді. Өмірдің бар ауыртпалығын басынан кешіріп, «Атасы туыс емес, тірлігі туыс» адамдардың қасіретінің де, мақсатының да бір екенін ұғынады. Өмірдің бар ащысын татқан Дәркембай халықтың қамқоршысы, ақылшысы, оның мұң-мұқтажын жоқтайтын өкілі болады.
Романдардағы ең бір қызғылықты образ — Базаралы. Көркемдік шындықтан айнымай автор оны жан-жақты, әрқилы мінезді адам етіп көрсетеді. Заманына, ортасына сай емес мінездерді беріп, Базаралыны «жөндемей», автор оның да образын терең ашады. Базаралы өз заманының, өз қауымының баласы, заманына тән кемшілік Базаралыға да тән. Автор Базаралының заманынан жұққан кейбір кемшіліктерін жасырмай отырып, оның негізгі жақсылық қасиеттерін терең ашады. Оның әділеттігі, қорлыққа көнбейтін өр мінезі, айқастағы батырлығы мен қиын-қыстаудағы төзімділігі, жайдары дархан мінезі шебер суретшінің қолымен аса әсерлі жасалған. Сонымен бірге, осы кедей шаруалардың басшысының өсу жолы да нанымды суреттеледі. Сібірде айдауда жүріп, айдаудағы орыс адамдарымен танысуы Базаралыға үлкен мектеп болады. Орыс шаруаларының өз байларына қарсы күресі мұны да еліктіреді. Ол кедей шаруаларды бастап Тәкежан сияқты көкжал байдан кек алуға аттанады. Бұл сияқты батыл қимыл жұрттың көңілін оятып, күреске талпындырады. Ауырып төсек тартып жатқанның өзінде Базаралы өз бойынан үлкен рухани күш тауып, жатақтардың егінін малына таптатқан Тәкежан баласы Әзімбайдың айуандығына қарсы халықты бастайды. Базаралының шынайы ерлік қимылын автор терең толғанып, шын сүйсіне суреттейді.
Базаралының нұрлы образы романдарға ерекше көрік беріп, Абай образын толықтыра түседі. Абай да Базаралы,Дәрмен, Дәркембай сияқты халықтың шын өкілдеріне өзінің ең жақсы үмітін артады.
Осы адамдардың іс-әрекеті, ой-армандары арқылы жазушы көркем түрде халықтың мұң-мұқтажын, күрес әрекетін бейнелейді. Тағы да басқа толып жатқан көріністер халық өмірінің картинасын толықтырып, оның алуан түрлі қасиеттерін аңғарта түседі. Жанпейіс қойшының Қодарға деген тамаша қамқорлығы, өз баласының ұрлық қылғанын жасыра алмаған Қаумен шалдың адалдығы жай халықтың бойындағы жақсы қасиетті аңғартады. Рулық салттың рухани қысымына шыдамаған, өзінің үлкен махаббат сезіміне бар жанымен беріліп, ғашық жарын аянбай қорғаған жарқын мінезді, батыр жігіт Оралбайдың қасіретті тағдырын, қарапайым адам, еңбекші,кішіпейіл батыр жігіт Исаның шынайы ерлігін, оның арманда кеткен ғазиз өмірін автор шын жүректен тебіреніп, өте әсерлі суреттейді.
Абай халықтың осы өмірімен, осы адамдармен тығыз байланысты. Жай халықтың азапты ауыр өмірі, оның қанаушылар мен озбырларға қарсы күресі, оның ерлігі мен болашаққа деген өшпес үміті — Абайдың ақындық творчествосының негізгі бұлағы.
Романда басқа да күш, басқа да дүние көрсетілген. Ол байлардың, болыстардың, атқамінерлердің дүниесі. Автор олардың озбырлығын, айуандығын, қорқақтығы мен сатылғыштығын саяси өткір, көркемдік жағынан оқушының көзіне елестете, дәл суреттейді.
Құнанбай образы айрықша тоқталуды керек етерлік ерекше тұлға. Біздің қазақ прозасында күні бүгінге дейін дәл осындай ірі, кесек тұлға жасалған емес. Құнанбай сөз жоқ ру басы феодалдардың ең ірі өкілі. Бірақ оның тұлғасы шыншыл да қомақты, ерен жасалған соншалық ол өз бойымен тұтас бір дәуірдің, әрі-беріден соң халықтың да сипатын ашып тұр. Иә, ол ғасырлар бойы қалыптасқан рулық-патриархалдық қоғамның жасаған алып тұлғасы сияқты, соның жиынтық бейнесі. Сол патриархалдық қоғамның эстетикалық, этикалық, моральдық кредолары осы кісінің бойына түгел сыйған. Онда өз халқының даналығы мол тапқыр шешендігі, өжет ерлігі мен құнарлы қайраты жатыр. Құнанбай өз дәуірінің, өз табының бел баласы бойындағы мол қасиет талантын ол өз керегіне жұмсайды. Оның мән-мақсаты, бар идеалы сол патриархалдық феодалдық қоғамға тән. Сондықтан да жоғарыда аталған мол күш пен таланттың жұмсалар бағыты да бөлек. Ақыл мен талант жақсылыққа емес, жауыздыққа бағышталған. Аға сұлтан болғаннан кейін, ол төңірегіндегі байлардың бәрінен жоғары көтеріледі. «Онда әкімдік те бар, әрі қолы ұзын, малды, сөзге жүйрік, мінез бен іске де алғыр, бетті, қырыс... Өз ортасынан бойымен асып, жыға беретін адам». Ол ру басыларымен қырқысып жүрсе де, құрығын негізінен кедей бұқараға салады. Реті келген жерде-ақ жай халықтың есесінен өзіне қарсы ру басылары мен байлардың көмейін бітей қоятын айлалы қу. Қылмысы асқан Құнанбай ақыры келіп құлайды. Құнанбайдың құлауы жай, жеке уақиға емес.
Романдарда тағы да толып жатқан бай, феодалдардың өкілдері көрінеді, бұлар Құнанбайдың жолын қуған, одан күші мен өкімдігі кем болғанмен, қаталдығы мен жауыздығы кем емес Тәкежан, тойымсыз обыр, бұлтартпас пәлеқор, әрі қыңыр, әрі қу Оразбай, қу мүйіз, алаяқ Жиренше және де Майбасар, Байдалы, Бөжей, Қаратай, Рақыш сияқты аз да болса айқын суреттелген кейіпкерлер. Азулы жас жыртқыш Әзімбай образына ерекше тоқталып өткен жөн. Бұл ата-бабасынан келе жатқан қулық-сұмдықтың, қаныпезер қаталдықтың, озбырлықтың барлық уытын сығып алып, бойына сіңірген адам. Мұнда Тәкежан мен Оразбай бойына біткен мінездердің көбісі-ақ бар, бірақ ол оның үстіне өте салқын қанды, жымысқы, жасырын. Тәкежан мен Оразбай сияқты бұл дақпыртты мақтаншақтықты сүймейді, ол шоқпардың орнына у жұмсағанды, қанжарды қаға берісте сілтегенді жақсы көреді; өз мақсатына жету үшін жан түршігер арамдықтан, екіжүзділіктен тайсалмайды, өз пайдасы үшін феодалдық салттың кейбір әдеттерін бұзудан да тартынбайды. Оның психологиясы капитализмге бейім.
Бұлардың бәрі қорқаулар дүниесінің өкілдері, олар ескілік үшін, халықтың қараңғылығы үшін күреседі, феодалдық салт-сана халық бұқарасын қанауда оларға үлкен құрал. Жыртқыштар дүниесіне тән ала ауыздық, өзара жауығу бұларда да бар, бірақ бәріне бірдей жалпы қауіп төнгенде олар бас қосады. Патриархалды-рулық салттың қалың бұқараны қанауға кең жағдай жасағаны белгілі. Сондықтан да бай-феодалдар осы ескі салттың жақтаушысы, қорғанышы болғаны рас. Жазушы ағайыншылықты жақтаушы ру басыларының таптық мақсатын өте шебер ашқан. Оразбай мен Жиренше Базаралыға ағайын қамқор болғансып, оны қолшоқпар етіп өздерінің дұшпандарына айдап салмақ болады. Бірақ Базаралы кедей халықтың мақсатын көздеп, олардың есесін қайтару үшін таптық батыл қимыл жасағанда бай ағайындар одан арасын ашып шыға келеді.
«Қорқыт дегенде, осылай қорқыт деп пе едім? Бұл Базаралы тартыс бастаған жоқ; құшағын толтырып пәле әкеліп тастады. Серігің боп келген жоқ, сергелдең әкелді. Қостап жылқы, мыңдап мал өргізіп отырған осы атқамінерлердің бәрінің жатқан малына ертең ашпа-жалап кедейді осылайша қаптатып, қырғыза бастаса не болмақ?»
Miне, қырық рудың байларын кедейлерге қарсы бір майданға біріктіретін де осы қорқыныш, осы үрей. Осылай өзара жауыққан байларды олардың таптық мақсаты біріктіреді.
Романдарда байлардың халыққа жасаған озбырлығы,қиянаты ащы ызамен әшкереленеді. Тәкежан және басқа күштілерден тепкі көрген халықтың қайғысы, елді қан қақсатқан «қара шығын», кедей малшылардың аянышты күйі үлкен күшпен суреттелген. Жатақтардың егінін малына таптатқан Әзімбайдың зұлымдығын суреттегенде автор оны ызалы, өткір отты сөздермен таңбалайды. Әзімбайдың зұлымдығы жазықсыз Қодарды дарға асқан Құнанбайдың қаныпезер қаталдығына үндес. Мұнда да автор контрасты пайдаланып, екі оқиғаны қарама-қарсы қойып, Әзімбайдың жауыздығын аса айқын суреттейді. Осы оқиғаның алдындағы кеште жатақтардың аш балалары қорек ету үшін егіннің піскен масақтарын жинап жүргенін көреміз. Кішкене сәбилер жас егінді таптамау үшін, аяқтарын ептеп басып, піскен масақтарды тереді. Егіннің пісетін күнін, тоқшылық күнін арман етеді. Дәл осы түні жас сәбилердің арман еткен үмітін — жатақтардың аз ғана егінін Тәкежанның мыңғырған жылқысы таптап, жоқ қылып жібереді. «Күндізгі жас жетімдердің кішкентай әлсіз саусақтары сонша қорғанып, қалтырап күтіп ұстаған бидай сабақтары қазір өрттен де ауыр өштік, дұшпандық соққысына ұшырады. Пышақтай өткір сан мың тістер мен тастай қатты шақпақ тұяқтар жеп жойып, құртып жатыр, кедей шаруаның еңбегі, ащы тері, аз тілегі, үміті, жүдеу тірлігі — бәрі осы тұяқтардың жау тепкісінде тапталды».
Абай романында алдыңғы қатарлы орыс интеллигенциясы өкілінің образдары елеулі орын алған.
Орыс халқының өкілдері Михайлов пен Андреев Абайдың ойлы ақылшысы, қамқор досы болып көрінеді Михайлов пен Андреев образдары көркемдік жағынан болсын, идеялық құндылық жағынан болсын есте қаларлық кесек образдар.
Михайлов — кішіпейіл, бірақ қажырлы ер жүрек адам. Өз өмірін үлкен мақсатқа бағыштаған Михайлов қазақ халқына зор ықылас аударып, оның қиын тағдырына шын жанашырлық көрсетеді. Қазақ қауымының өміріндегі аса маңызды мәселелерге жауап таба біледі. Михайловпен кездесу Абай өміріндегі аса үлкен белес екенін автор өте сенімді көрсеткен.
Абайдың Пушкин шығармаларын аударып, халық арасына таратқанын жазушы үлкен көркемдік күшпен, шабытпен суреттейді. Оны оқығанда оқушы орыс-қазақ халқының рухани достығының қайнар көзін көргендей болады. Орыстың данасы Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан жетектеп келіп, кең қазақ сахарасына алғаш рет қадам басқанын, «өз тыңдаушысын ұйытқан қадірлі ақын» болғанын, «Татьянасы қазақ жасының жүрек сезіміне бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген көркем, шебер тіл бітіріп, жандай жақын туысы бола» келгенін оқушы аса әсерлі, нанымды ұғынады.
Всеволод Ивановтың төмендегі айтқан пікіріне толық қосылуға болады: «Россия деген не? Оның мәдениетінің қазақ мәдениетіндегі рөлі қандай? Орыс поэзиясы деген не? Орыстың әлеуметтік ойы деген не? Ақын қай жолға түсу керек? Кіммен бірге болу керек? М. Әуезов «Абайда» осы сұраулардың бәріне дұрыс және анық жауап берді».
Бұл романның көркемдік қасиеттері әлі де талай-талай кең талдауды қажет етеді. Біз бүгін романның социологиялық, әлеуметтік жағын баса айтып, көркемдік ерекшеліктеріне тоқтала алмай отырмыз. Осы романдардың көркемдік сапасын үстінен жеңіл қарпып айтқанның өзінде талай диссертацияға ауыр жүк болар еді. Егер шын мәніндегі қазақтың көркем прозасы осыдан басталады демесек те, бұл осы кезге дейінгі қазақ прозасының көркемдік шыңы деп айтудан қорықпас едік. Шынында да «Абай» романы қырық-отыз жылдық өмірі бар қазақ прозасының көркемдік тәжірибесінің жиынтығы, жетелі есейген елдер мәдениетін бойына сіңіріп толысқан шағының белгісі. Бүгінгі күнгі көркем ой өрнегінің ең шебер үлгісі.
Бұл романдар жетілген шебердің қолынан шыққан. Автор үлкен көркемдік жинақтауға көтеріліп, толып жатқан тамаша әсерлі образдар жасады. Шеберлік жағынан ең алдымен басты кейіпкер Абайдың, Базаралы, Дәркембайдың, Тоғжан мен Әйгерімнің құнарлы образдарын Құнанбай, Оразбай, Бөжей, Әзімбайлардың кесек бейнелерін атап айтамыз. Автор Абай өлеңдерінің туу сәттерін өте нанымды, көркем және дәл суреттейді. Романда Абай ең алдымен ақындық жағымен көрінеді. Жазушы халық тұрмысының әр саласын, қазақ даласының табиғатын, халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын, өзіндік қасиеттерін жіті көзбен шебер бейнелеп, суреттеп отырған дәуірінің картинасын кеңінен толықтырады. Осыдан барып оқушы өткен дәуірдегі қазақ халқының өзіндік қасиеттерін, мәдениетін, психологиясы, ой-ұғымын, жақсысы мен жаманын өз көзімен көргендей болады.
Автоp табиғат суреттерін жасауға да шебер. Кітаптағы оқиғалар мен кейіпкерлердің көңіл күйімен астастыра отырып, жазушы қазақ даласының табиғатын, оның алуан түрлі құбылыс — кейде жан тебірентер тартымдылығын, кейде көңіл зеріктірер сүреңсіздігін, кейде мылқау қаталдығын елестетеді. Бірінші кітаптағы тамаша көктем, екінші кітаптағы мылқау ақ боран, «Абай жолы» романының бас жағындағы түнеріңкі, бұлыңғыр күз, әсіресе есте қалады. Роман тіл көркемдігі, сөз байлығы жағынан қазақ прозасын елеулі белеске көтерген шығарма. Ғасырлар бойы жасалған қазақ тілінің мол байлығын ашуда, қазақтың әдеби тілінің мәдениетін көтеруге бұл шығарманың орны ерекше.
Жұртшылығымыздың «Абай» романына берген жақсы бағасын аңғартып, «Правда» былай деп жазды: «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы қазақ әдебиетінде ғана емес,бүкіл совет әдебиетінде үлкен оқиға, ол қазақ халқының ұлы данасы ақын Абай Құнанбаевқа арналған. Роман ақынның өмірі туралы ғана айтып қоймайды — жазушы «Абайда» тұтас халықтың өмірін, оның тарихи тағдырын баян етеді. Абай өз заманының алдыңғы қатарлы прогресшіл адамы етіп көрсетілген. Өзінің іздену жолында ол орыстың классикалық поэзиясына, Пушкин мен Лермонтовқа келеді. «Абай» халық туралы, оның ақыны туралы, өз халқын сүйген, оны орыс халқымен достыққа шақырған жалынды патриоты туралы кітап». («Правда», 1 май, 1949 жыл.)
Романның негізінен осындай жоғары баға алуы, оны кейбір кемшіліктерін көрсетуге бөгет болуға тиіс емес. «Правда» газеті романның жақсылық жақтарын ешбір кемітпей, оның кемшіліктерін де әділ көрсетті. Бұл сын партияның жазушыға деген, оның еңбегіне деген қамқорлығының айғағы.
Роман өзінің қарабасының құлқыны үшін жазықсыз жандар Қодар мен Қамқаны дарға асқан ірі феодал Құнанбайдың жан түршігерлік қылмысынан басталады. Осы сұмдық оқиғаны көрген жас Абай балалық бейқамдығынан арылып, әділетсіздікке қарсы шығады. Одан әр жазушы Абайдың көз алдына феодалдық тағылықтың озбырлық, зорлықтың бар сырын терең аша түседі. Жазушы ру басыларының екіжүзділігін де әшкерелейді. Құнанбайдың зорлығының негізгі салмағы өзіне қас ру басыларына түспейді, әлсіз рулардың кедейлеріне түседі Сол заманның ауыр қасіреті, арылмас дерті, ру араздығының таптың сырын жазушы дұрыс ашқан. «Абай романының бірінші кітабында Құнанбай Бөкенші руының қыстауын тартып алғанда орайын қайтарып Сүйіндік, Жексен сияқты сол рудың байларын риза қылады. Жазушының патриархалдық ру басыларын дәріптеуден аулақ екенін айта кету керек. Романда ру басыларының екіжүзділігі, опасыздығы ылғи әшкереленіп отырады Бай ағайындары өздерінің қарабастарының қамы үшін жазықсыз Қодарды Құнанбайға матап береді. Қай уақыт та болмасын жеме-жемге келгенде Құнанбаймен араз ру басылары кедей ағайындарын сатып, өз басының қамын көздейді.
Феодалдық таптың өкілдері кертартпа, қараңғылыққа бастаушы етіп көрсетілген. Әр түрлі феодалдық ортадан алынған
ТАХАУИ АХТАНОВ
ҚАЛАМДАСТАР КЕЛБЕТІ
МҰХТАР ӘУЕЗОВ
Кең арна
Әдетте қазақ прозасын Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романынан бастайды. Хронологиялық жағынан оған дау айтқымыз келмейді. Бірақ таза хронология сөз болса — одан бұрынырақ та баспасөз бетіне жарияланған шағын жанрдағы прозалар табылып жүр. Және де сол әңгімелердің көркемдік бітімі тәп-тәуір, әдеби сауатты. «Қалың малға» ілесе шыққан. Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі», М. Әуезовтің алғашқы әңгімелері, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуы» және де қазіргі оқушыға беймағлұм кейбір туындыларды атауға болады. Бұлар қазақ прозасының алғашқы қарлығаштары.
Біздің қазақ прозасының бас жағына үңілгендегі мақсатымыз жеке шығармалар мен авторлардың қайсысы бұрын, қайсысы соң шыққанын анықтап, соны тәртіпке келтіру емес. Жаңа туа бастаған жас проза алғаш қадамында дүниеге не әкелді, қандай көркемдік, идеяның кредосын ұсынды? Оның келешекте дамыған өскелең тенденциялары қайсы еді? Азғана мысал төңірегінде осы мәселеге көңіл аудара кеткіміз келеді.
Алғашқы туа бастаған қазақ прозасының бізге дәл бүгін де үлгі боларлық тамаша бір қасиеті — оның арқалаған азаматтық жүгінде. Сол «Қалың мал», «Қамар сұлу», «Шұғаның белгісі» — ең алдымен сол кездегі қазақ өміріндегі ең қитығына жеткен, «ауру» мәселе көтерді. Бас бостандығын, ар намыс еркіндігін ту етіп көтеріп, феодализмнің тозығы жеткен салтына қарсы шықты. Осы жақсы дәстүрді — тұңғыш қадамынан-ақ қазақ әдебиетіне жарық жұлдыз болып енген Мұхтар Әуезов әрі қарай дамытып, ілгерілетіп әкетті. «Қорғансыздың күні» мен «Қараш-Қараш оқиғасы» жас қазақ прозасының азаматтық даусын одан әрі шыңдап, оның әлеуметтік мазмұнын тереңдете түсті. Осы екі тамаша шығармадан тек әлеуметтік қана емес, сонымен бірге қазақ әдебиетіндегі көркемдік жаңа арна басталады. Осыдан бастап жас проза өмірді реалистік шыншыл тұрғыдан қамтып қана қоймай, адамның ішкі дүниесіне де үңіле бастайды. Өмірдегі әр түрлі құбылыстарды, адам тағдырларын көрсетіп, толып жатқан сурет, мүсін жасаумен ғана шектелмей, тұңғыш рет психологиялық, портрет жасайтын дәрежеге көтеріледі. Жас прозаға осы психологиялық арнаны мықтап енгізу үшін жомарт талант неше түрлі тәжірибелерге де барады. «Қаралы сұлу» әңгімесі адам психологиясының неше түрлі құбылыстары мен қалтарыстарын, адамның жан сезімімен қоса тән сезімінің де құбылмалы, лүпілдеген нәзік сырларын ашуға арналған. Бұл әңгіменің бәрінен бұрын жас әдебиет үшін педагогикалық мәні зор. Ол көзін жаңа ашып келе жатқан балаң прозаны реалистік нәзік суреткерлікке, психологиялық құбылысты дәл бере білуге, қысқасы жалпы көркемдік сауаттылыққа үйретті. «Көксерек» әңгімесін де осы алуандас бағалар едік. Өйткені ол да мөлтілдеген табиғат, хайуанат суреттерімен қоса, адам психологиясы мен адам табиғатының өзгеше бір жақтарын ашып берді. Осы соңғы екі әңгіменің алғашқы аталған екі шығарманы («Қорғансыздың күні», «Қараш-Қараш»), әлеуметтік мазмұны терең болмағанмен, біздің әдебиетіміздің сауатын ашып, шеберлікке баулу жолындағы алатын орны айрықша сияқты.
Талантты жазушы жеке шығармаларының ғана көркемдігі мен тереңдігін ойлаумен шектелмей, бүкіл халық өмірінің сан қилы салаларын, ұлттық психологияның жан-жақты қырларын, әйтеуір қазақ деген елдің өмірін кеңірек те, тереңірек қамтуға бой ұрады. Ол қыр өмірінен сериялы этюдтер жасап, ауыл тұрмысы, ел тіршілігі, қалаға жаңа сіңісе бастаған қазақ интеллигенциясының өмірі жайлы әңгімелер жазады. Сөйтіп жеке сәтті әңгімелер жазып қана қоймай — өзінің жастық шағымен тұстас заманның жап-жақсы панорамасын да ашып береді.
Қазақ, әдебиетінде өз алдына бір дәуір болған Әуезов прозасы осылай басталады.
Ол прозаның кейінгі қазақ әдебиетіне айрықша әсер еткен өзіндік сипаты бар. Әуезов прозасының алдымен көзге түсетін қасиеті — биік мәдениеті. Жазушы Европа әдебиетінің дәрежесін еркін меңгерген. Ең озық әдебиеттердің биік мәдениетін өз бойына сіңіріп, реалистік әдісін толық игерген. Ал нағыз ғажабы жазушы орыс және Европа әдебиетінен осынша нәр ала тұра, ешкімге еліктеп, ығында кетпейді. Оның көркемдік құралдары, сөз кестесі, суреттеген өмір құрылыстары, адам бейнелері өзге халыққа ұқсамас қазақы сипатты танытқаны өз алдына, тіпті жас Әуезовтің талант табиғатының өзі шынайы халықтық, ұлттық екені көрініп тұр. Ол бүгінгі әдебиетімізге қазақтың халық творчествосының эпикалық кеңдігін, романтикалық көтеріңкілігін, лирикалық нәзік сазды әуенін ала келді, оның шығармасында халық өнерінің мың сан құбылып, құлпырып тұратын бояу сиқыры мен от екпінді тегеуріні және бар.
Ал, Әуезов шығармаларының тілі әлі де талай-талай терең зерттеулерді керек етеді. Әуезов тұңғыш туындысы «Еңлік — Кебектен» бастап, жоғарыда аталған және де басқа көптеген әңгімелерінде, повестерінде қысқасы атақты «Абай жолы» эпопеясына дейінгі барша шығармаларында қазақ тілінің тамаша үлгісін танытты. Қазақтың ескіден келе жатқан шешендік сөздерінің не бір асыл үлгілерін, би сөздерінің ұтқыр тапқырлығын, халың тілінің орасан мол байлығымен қоса сұлулығы мен өткірлігін, сыртқы бейне мен ішкі ойды аудырмай түсіретін алғыр шеберлігін, адам көңілінің ыстық-суығын, не бір нәзік лебін жеткізе білетін тал жібектей жіңішке орамдығын әкелді. Мұхтар Әуезов шын мәніндегі қазақ тілінің королі болатын. Біз осы кісінің шығармалары арқылы өз тіліміздің бояуы мың құбылған сұлулығын, жыр ырғақты сұлу сазын, таусылмас сөз байлығын, шектелмес суреттеу мүмкіндігін көріп қайран қалдық. Қазақ тілінің, егер шынайы шебердің аузынан шықса, айтып жеткізе алмас сыры, суреттеп нәшін келтіре алмас құбылысы жоқ екенін білдік. Егер фантазиямыздың күші жетсе қазақ әдебиетін Әуезов шығармаларынсыз — дұрысырақ айтқанда — сол шығармалардың тілісіз көзге елестетіп көрелікші. Онда біздің әдебиеттің жалпы үңірейіп қалғаны былай тұрсын, тіл бояуы да кәдімгідей солып қалар еді. Оның үстіне Әуезов тілі — тек оның шығармаларын да ғана емес — бүкіл қазақ прозасының, қала берді, қазақ әдебиетінің қан тамырына тарап кеткен. Өйткені біздің бүгінгі әдеби тілімізді қалыптастыруда одан ірі тұлға болған емес. Сондықтан да Әуезовтен тіпті стилі бөлек жазушылардың өзі осы алып тіл сиқыршысының тәжірибесінен аттап кете алған жоқ.
Әдебиетіміздің шоқтығын шығарып, еңсесін көтеріп тұрған Әуезов шығармаларының бүкіл аумағын түгел қамтымай-ақ жазушының сонау алғашқы қадамына — жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы туындыларына көз жіберсек, бүгінгінің сәтті бастамасын, қазіргі кең дарияның мөлдіреген бастау бұлағын айқын көреміз. Мысалы автордың 1917 жылы жазылған «Еңлік —Кебек» трагедиясындағы Еспембет, Есен, Кеңгірбай, Көбей образдары өткен қазақ тұрмысын көрсетудегі реалистік кең тыныстың басы болды. Жас әдебиет аттап өте алмайтын образ жасаудың, өмірді суреттеудің жалаң, шартты схемаларын бірден аттап өтіп, Әуезов осы шығармасы арқылы қазақ әдебиетін толысқан, сауатты әдебиет дәрежесінен бастап кетті.
«Қорғансыздың күніндегі» жан түршігерлік шындық — жаңа ғана қаз тұрып, апыл-тапыл басып келе жатқан қазақ прозасы емес, тіпті көп ғасыр жасап кемеліне келіп тұрған әдебиеттер үшін де мақтаныш бола алар еді. Осы шағын әңгіме кейін тумақ «Абай жолы» эпопеясындағы Қодардың қазасымен үндесіп жатса, «Қараш-Қараштағы» Бақтығұл әрекеттері Базаралы қимылдарын еске салады. Бұл арада «автор өзін-өзі қайталап отыр» деуден әсте аулақпын. Жоқ, бұл автор бағытының, жазушы тенденциясының үзілмей жалғасып отырғаны.
Әуезовтің жазушылық стилінің бір ерекшелігі ол қашан да өз шығармасына ел өміріндегі кесек, ірі оқиғаларына арқау етеді. Және сол оқиғаларды жеріне жеткізе суреттеу арқылы қайталанбас кесек тұлғалар жасайды. Жазушы дәстүрлі махаббат тақырыбына бара қалғанда неше алуан сезімтал, нәзік, сыршыл лириканы құйқылжытып береді. Асқан шеберлікпен сезім сұлулығын жырлайды. Бірақ құштарлыққа мас, сезімге елжіреген шығыс ғашықтары емес, өз бақыттары үшін күреске даяр, асқақ ойлы, өршіл жандардың бейнесін жасайды. Шынында да Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы шағырмалары, қазақ прозасындағы ғұмырлы үлкен арнаның басы болды. Бұл арна құдіретті реализмді биік романтикамен астастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге халқымыздың рухына тән жыршыл да сыршыл лиризмді адамның ішкі дүниесін үңгіп көрсететін психоанализге жалғастырды. Осы жағдай біздің жас прозамызды екі қатерден, яки екі түрлі бағытқа қиғаш кетіп қалу қаупінен сақтандырды. Шынында да осындай реалистік күшті арна таппасақ, жалаң романтикаға бой ұрып, жасанды схемаға түсіп кету қаупі бар еді. Екінші жағынан халқымызға тән көңіл көркі — көтеріңкі романтикадан балауса, балғын сезімді лирикадан қол үзіп, тек фактіні тере беретін жер бауырлаған алымсыз, қанатсыз натурализмге немесе адамның ішек-қарнын, қыртыс-қыртысын түгел ақтарып, неше түрлі қоқыстарды сыртқа шығаруға ерінбейтін жалған психологизмге ойыстап кету қатері де жоқ емес еді.
Сөйтіп Әуезов қазақ прозасын ересек, кексе әдебиет дәрежесінде бастағанмен жаңа оянған жас халықтың рухани балғын қасиетін — көтеріңкі романтизм мен таңғы шықтай мөлдір лирикасын, керек десеңіз шығыстың асқақ, сөз бен нақышты суретке құмарлығын — бір бойына түгел сыйғызды. Бұл қасиет қазақ әдебиетінің рухани саламаттығына зор пайдасын тигізді және осылай келіп ескі мен жаңаның, халықтық қазына мен өнерлі озық әдебиеттің, шығыс пен батыстың құрыштай балқытып құйған ғажайып қоспасынан тамаша бір дәстүр кеп туды. Ол қазақ әдебиетіндегі, қала берді бүкіл совет әдебиетіндегі Әуезов дәстүрі. Бүгінгі қазақ прозасының сонау кездегі бастау бұлағы, қазіргі кең арнасының бірі де осы.
Халық сапары
Халықтың кемеңгер қайраткерлері туралы тарихи роман жазған автор сол адамның өмір тарихын ғана немесе шағын төңірегін таныстырын қоя алмайды. Халықтың өмірін кең қамтып, қоғамның негізгі күштерін көрсетіп, сол заманның тарихи даму бет алысын анық аңғартпайынша, социалистік реализм тұрғысында жазылған тарихи роман болып шығуы мүмкін емес. Совет жазушылары тарихи романдарды өткен күннің оқиғаларын көркем образдар арқылы бүгінгі оқушыға жеткізіп беру үшін ғана емес; ең алдымен біздің заманымыздың тұрғысынан өткен кесек оқиғаларын қайта қарап, екшеп, содан халық күшінің дамуына негіз болған қоғамдық мәні бар күрестерді, қозғалыс құбылыстарды баса көрсету үшін жазады. Тарихи романдардың міндеттері туралы Белинский былай деп жазған: «Біздің осы заманымызды түсіндіріп және болашағымызды мезгеу үшін өткен күнге көз жүгіртіп,ізденеміз». Тарихи тақырыпқа осы тұрғыдан келгенде ғана совет жазушылары идеялық құнды, әлеуметтік пайдалы шығармалар жазады.
Мұхтар Әуезовтің «Абай» және «Абай жолы» романдарының негізгі қасиеті осындай идеялық өткірлігінде.
Бұл романдардың негізгі жетекші бағыттаушы идеясы — қазақ халқы мен ұлы орыс халқының тарихи достығы.
Автор өз романдарын қазақ халқының ұлы ақыны, қоғам қайраткері және ойшылы Абай Құнанбаевтың өміріне арнайды. Ол негізгі кейіпкерінің өсіп, қалыптасуын халықтың тағдыры арқылы көрсетіп осы достықтың тарихи тамырларын дұрыс ашады, қазақ халқының өз тағдырын орыс халқының тағдырына ұштастыруы прогрессивтік қадам екенін романдарында айқын көрсетеді.
ХIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Россияға толық қосылды. Бұл прогресшіл тарихи оқиға халқымызға экономикалық, қоғамдық және мәдени даму жақтарынан үлкен әсер етті. Қазақстанның Россияға қосылуы патриархалдық, рулық салтқа күйрете соққы берді, қазақ қоғамының жіктеле түсуіне, соның нәтижесінде тап тартысының күшеюіне үлкен әсер етті.
Мәдени жағынан бұл қосылудың үлкен пайдасы қазақ халқының ұлы орыс мәдениетіне, сол арқылы дүние жүзілік мәдениетке бой ұруында. Сол заманға арнаған советтік тарихи романда ең алдымен осы тарихи маңызды оқиғалар айқын бейнеленуге тиіс. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сияқты Абай да қазақ халқының орыс мәдениетіне араласуының жемісі. Бұл қайраткерлер өз халқының ең игі ниеттері мен үміттерін айтып өтті. Олар өз өмірлерін халық игілігіне жұмсады.
М. Әуезов Абайдың образын халық өмірімен тығыз байланыстыра, оны заманының ірі-ірі оқиғаларының арасында көрсетіп, жан-жақты ашты. Романдарда XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ өмірінің негізгі жақтары — патриархалдық-рулық салт, оның бірте-бірте күйреуі, ру тартыстары, оның бар салмағының кедей бұқараға түсуі, қалың бұқараның қаналуы, олардың қанаушыларға қарсы күресі, қазақ халқының арасынан қоғамдық жаңа күштердің пайда болуы, орыс демократтарының идеяларының Қазақстанға ене бастауы, ақыры, қазақ халқының орыс мәдениетіне бой ұруы кең көрсетілген. Абайдың ұлы ақын, ағартушы ойшыл болып бірте-бірте өсуі, қалыптасып кемеліне келуі жоғарыдағы айтылған тарихи жағдаймен астасып жатады.
Әуезов романдарында Абай өте күрделі, шытырман өмір кешеді. Абайдың балалық шағы, феодалдық ортада — патриархалдық-рулық салттың ең күшті ортасында өтеді. Оның әкесі ата-бабасынан келе жатқан озбырлық пен өктемдіктің бәрін бойына сіңірген, халықты аяусыз қанайтын нағыз көкжал феодал. Жас Абай өз әкесінің барлық қаталдығын, озбырлығы мен зорлығын, ру басшыларының арасындағы шытырман тартыстың бәрін көреді. Абай байлардың тепкісіндегі бұқара халықтың ауыр азабын да көреді. Сонымен бірге, ол патриархалдық-рулық қоғамның және оның экономикасының мешеулігін де сезеді. Ақырында, Абай ескі салттың рухани қысымынан да зор азап шегеді. Санасы оянып есейе бастағанынан-ақ өз халқына жол іздейді. Жас жігіт Абайдың Қыдырбай ақынмен әңгімелескендегі сөздері, оның халық үшін қайғыратын, болашаққа жол іздейтін жас ойыны екенін аңғартып тастайды.
Әйтсе де Абай жолы қалтқысыз, тұп-тура емес: бұл заңды да.
Алғашқы жылдары Абай байлар мен күштілерге адамгершілік пен аяушылықты да ұқтырмақ болады. Байлардың малын ұрлаған кекшіл қарақшылардың әрекетін құптайтын да кезі болады; ру таласын бітістіруге әрекет те жасап көреді.
Абай бірте-бірте өсіп, ой өрісі кеңи түседі. Алдындағы үлкендердің ықпалынан шығып, әке жауыздығына қарсы күреседі, әділетсіздікпен жекпе-жек айқасқа шығады. Бірақ бұл кездерінің өзінде де ол қоғамдық әділетсіздіктің негізгі себептерін түсінуге жете алмайды, қоғамдық қайшылық жеке адамдар әділетсіздігінен деген ұғымда болады.
Әйтсе де өмір жолының осындай шытырмандығына қарамастан, Абайдың негізгі тілегі, игі ниеті дұрыс; бар арманы өзінің халқына дұрыс жол табуға бағышталған. Ол ылғи қараңғылыққа, мешеулікке қарсы күреседі. Осы туып келе жатқан жаңаның қараңғылыққа, мешеулікке қарсы күресі — романның негізгі желісі. Өз ортасынан, феодалдардан қол үзіп, төменгі бұқарамен көп араласқаннан кейін барып Абай халықтың мұң-мұқтажын тереңірек көре бастайды. Ол Дәркембайға былай дейді: «Жоқшылық пен жаманшылық ел ішін кеулеген ғой. Сенің көзіңді де қыран көзіндей қырағы етіп сол ашқан екен... Менің көзімді де қоса ашып отырсың...»
Осыдан сатылып ол халыққа қамқоршы дәрежесіне көтеріледі, жұтап қалған кедейлерге қолынан келгенше көмек көрсетеді, кедей жақтарды байлардың озбырлығынан қызғыштай қориды. Абайдың күші халықпен тығыз байланыстылығында; мұны автор өте дұрыс және жақсы көрсеткен. Бір кезде балғын Абай әке зорлығынан өз махаббатын қорғап, сүйген жарына қосыла алмаса, халық арасында беделі өскеннен кейін ол ірі-ірі феодалдардың өзі ығысатын үлкен күшке айналады.
Абайдың орыс мәдениетіне бой ұруына себеп болған да халықтың мұң-мұқтажы мен өмірдің талабы: «Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы білім, өнер, сол өнер орыста, мен барлық тірлікпен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап кашқақтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас...». Мінеки Абайдың алдына қойған мақсаты осы. Тек орыстың революцияшыл-демократиялық интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерімен дос болуы арқылы ғана, алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінен нәр алуы арқылы ғана Абайдың дүниеге көзі ашылып, ой өрісі дами түседі.
Орыс адамы Михайлов Абайдың көз алдында Россияның екеу екенін, оның бірі патшаның және оның итаршы әкімдерінің Россиясы екенін, екіншісі орыстың ұлы ер халқының, Пушкин мен Лермонтовтың, Белинский мен Чернышевскийдің, Добролюбов пен Некрасовтың Россиясы екенін ашады.
Абай Михайлов арқылы Чернышевскийдің көзқарастарымен танысып бақыт пен азаттыққа апаратын бірден-бір жол орыс халқының жолы екенін, осы жолмен жүру үшін қазақ халқы ең алдымен орыс мәдениетін игеріп, орыс халқымен жақындасуы керек екенін, екі халықтың негізгі мақсатының бір екенін ұғады. Осы арқылы барып Абай өз өмірін халықты ағарту жолына арнап орыс-қазақ достығының жаршысы болады. Өзінің тамаша ақындық талантына осы идеяны арқау етеді.
Абай осылай кітаптан кітапқа өсіп отырады, оның халық өмірімен байланысы да күшейді. «Абай жолы» романында ол қоғамдық әділеттік үшін күрескер дәрежесіне көтеріліп, халықты аяусыз қанайтын озбырларды аямай әшкерелейді. Ертерек кезінде бас бостандығын аңсаған «Айттым сәлем қаламқас» өлеңін жазған Абай кейін келе қанаушыларды барынша әшкерелейтін, әлеуметтік зор маңызы бар «Қараша желтоқсан ме