8 Желтоқсан 2012, 05:21
Мен Халықаралық "Қазақ тілі қоғамының 1 Құрылтайынан келген соң, 2 айдан кейін 1989 жылдың 19 желтоқсанында Жаңа өзенде қалалық конференция шақырылып, "Қазақ тілі қалалық ұйымы құрылды.Ұйым төрағасы болып, сол кездегі қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі Айдаров Асылбек сайланды. Делегаттар оның орынбасарлығына мені сайлады. Содан кейінгі 1991 жылдың 9 ақпанындағы "Қазақ тілі ұйымының 2 Құрылтайында ұйым төрағасы болып мен сайландым.
Ұйым қызметі қыза түсті. Мемлекеттік дәреже алған ана тіліміздің буына мастанған біздер, Басқарма мүшелері, ақындар мен жыршылар, жорналшылар мен әдебиетшілер, газет қызметкерлері, ұжым басшылары қаламыздағы қаймағы бұзылмаған ұлтсыздықпен аянбай күрес жүргіздік. Барлық жердегі бір-бірімізбен орыс тіліндегі түсінісу, жұмысқа кіру үшін, қазақ тілінде арыз беруге салынған тыйым, оқу орындарындағы орыс тілінде білім беру, жиын, басқосулардағы орысша сөйлеу, т.б. біздердің намысымызды қамшылады.
Сөйтіп қаламыздың арлы әлеуметі "Қазақ тілі" ұйымының "тілім", "салтым","дәстүрім" деген ұранына үн қосты, барынша қолдады, демеушілік көрсетті.
Қазақ елінің егемендік декларациясы жарияланып,одан кейін тәуелсіз Республика болып, өмірге қайта оралуы тіл жанашырларын бұрынғыдан бетер рухтандырды. Ендігі жерде "Қазақ тілі" ұйымының Басқарма мүшелері қала өміріндегі өнер мен мәдени шаралардың ұйымдастырушысы қызметін атқарды.
1990 жылдың 7 шілдесіндегі "Мұнайшылар" алаңында өткізілген 1 Құрбан айт мерекесінің негізгі ұйымдастырушылары "Қазақ тілі" ұйымы мен "Намыс" қозғалысы болғанын жұртшылық жақсы біледі.Осыдан кейін қала көлеміндегі өткізілген ақындар айтысы, термешілер жарысы, мектеп оқушыларының облыстық айтысына оқушылар таңдау, С.Мұқанов пен Махамбетке арналған, жергілікті ақын X Мыңжасовтың авторлық кешін өткізу, "Абай арманы" атты мектеп оқушыларының арасындағы өнер сайысы, драма үйірмелерінің жарысы, "Ұлтжанды ұрпақ қандайсың?" атты Тіл мерекесінің қарсаңында өткізілген оқу орындарының өнер сайысы, т.б. "Қазақ тілі" ұйымы белсенділерінің тікелей ұйымдастыруымен өткізілді.
Осындай қызметтермен қатар қала ұжымдарында "Қазақ тілі" бастауыш ұйымдары сайлана бастады. Басқарма мүшелері ұйым маңдайшаларындағы жазуларды, қала көшелеріндегі көрнекі үгіт сөздер мен ұрандарды қазақшаға аудару, автокөлік іші-сыртындағы жазуларды қазақшалау қала, балабақша, саяжай көшелеріндегі бұрынғы атауларды халқымызға аянбай қызмет етіп, жазықсыз жазаланған арыстарымыздың аттарымен ауыстыру, облысымыздағы табиғаты әсем жер аттарымен атау, т.б. мәселелерді қала басшыларының алдына ұсыныс етіп қойды. Олар "Жаңаөзен" газетінің 1990 жылғы 4 ақпанындағы және 1991 жылғы 13 шілдедегі сандарында басылды. Ұйымның осы ұсынысы Жаңа өзен қалалық кеңесі атқару комитетінің 1991 жылғы 19 қыркүйектегі мәжілісінде мақұлданып, шешім болып шықты.
VI ғасырда өмір сүрген Наушардан ғұлама: "Шалқақтап-ақ жүргім келеді, бірақ тілімнің еңкейіңкі күйі еңсемді көтертпейді", - деген екен. Ол кезде бізді осы сағатқа шейін еңсені көтертпеген орыс отаршылдығы мен қызыл империяның рухани езгісіне қарсы ұлт болып өре түрегелгендей сезім баураған еді. Айтса айтқандай еді ғой. 90-жылдары облыста /ол кезде Гурьев облысы/ 293 орта мектептің 4-еуі қазақ, Шевченкода /әлі Ақтау атын алмаған кез/20 мектептің 2 —еуі ғана қазақша болғанын айтсақ та, құлдыраудың қай сатысында болғанымызды аңғару қиын емес . Ал жан-жағымызға жіті көз тастасақ, одан да сорақысын көрдік: 1991 жылы Ақтөбе облысының Мартөк ауданында 27 мектептің 3 сабағы ғана қазақ тілінде жүрген, өл да қазақ тілі мен әдебиеті еді. Ал Ақтөбе ауданында бірде-бір қазақ мектебі болмаған. Біздің Басқарма бұндай рухани апаттың болашағын жақсы түсінген еді. Оны бұрынғыдан да санамызға берік шегелеген осы 1989 жылдың дүние жүзін құлағдар еткен дүмпуі атақты Жаңаөзендегі Маусым оқиғасы болды. / Биыл қала жұртшылығы мен әкімшілік Маусым құрбандарына арнап, "17 маусым" көшесінің бойына ескерткіш орнатып, оқиғаның 10 жылдығын атап өтті. Мұндай абыройлы қызмет тарихта өз бағасын алады деп есептейміз /. Ал Жаңа өзеніміздегі жағдай да Ақтөбе мен Гурьевтің сәл алдында еді: 1991 жылы қаламызда 8 орта, 1 сегізжылдық, 1 бастауыш-небәрі 10 мектеп болған екен. Оның 4 мектебі орыс тілінде, 4-еуі қазақша , 2-еуі аралас тілде білім берген екен. Орыс мектептеріндегі балалардың 85-90 пайызы қазақ балалары болған. 27 балабақшаның таза қазақтар орналасқан "Қызыл сай", "Теңге" кенттеріндегі 2-еуі ғана таза қазақ тілінде жұмыс жасаған.
Қазір кейінгі 10 жылға көз жіберіп , ойға батамын. Біз жұмысқа кіріскен сол 90-жылдары қала тұрғындарының, әсіресе жас толқынның арасында қазақшылыққа, мұсылманшылыққа деген бір ерекше, ешқандай күш тоқтата алмастай өрекпу, талпыныс пайда болды. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, ұстаздар, ақындар, жыршылар, молдалар тіліміз бен ата салтымызды қалыптастыруға ниеттене кірісті. Мысалы, сол кезде бетше болып, баспаханада көбейтіліп, қаланың әр бұрышында ілулі тұрған, мұнайшы - ақын Рейімбайұлы Қаржаубайдың "Қазақ тілге" мүше бол! " өлеңі мектеп оқушыларының аузынан түспейтін:
— Ел сенімін ақталық,
Тіл кенішін сақталық.
Өлмеу үшін тіліміз,
Өшпеу үшін үніміз,
"Қазақ тілге " мүше бол!
Болсын риза бабамыз,
Болсын риза даламыз.
Кетірме тілдің киесін,
Үйрен тілдің жүйесін,
"Қазақ тілге" мүше бол !
Елді, жерді сақтауға,
Ана сүтін ақтауға,
Халқымыздың қамы үшін,
Ұрпағыңның ары үшін,
"Қазақ тілге " мүше бол!
Бұл "жұмысты" кей кезде субординация сақтап, сіз-біздескен әдіспен бітпейтінін кейбір намысты кәсіпорын басшылары да жақсы түсінді. Осыған тағы бір мысал. 1991 жылдың жазы болуы керек. Барлық автокөлік ұжымдарында техникалық байқау басталып, жүргізушілер мен бөлім басшылары абыр-сабыр күйде. Мен де осы кезде бұрынғы 5 автокөлік кәсіпорнына бара қалдым./АТП-5/. Онда біздің Басқарма мүшеміз Байтілеуов Аманқос директордың пайдалану жөніндегі орынбасары болып істейтін.
Мен бір нәрсе жоспарлап отырмын, соған сіз қалай қарайсыз?- деді Аманқос. - Қазіргі техникалық байқауды пайдаланып, зауытқа, қала ішінде,мұнай кәсіпшіліктеріне жүріп тұрған автокөліктердің бағыттарын,олардың іші-сыртындағы жазуларды, жол қауіпсіздігі сөздерін түгел қазақша жаздыртқым келіп отыр. Осындай бір қимыл жасамасақ, қызметіміздегі тасбақа тырбың жалғаса беретін сияқты,- деді. Мен оның бастамасын қуана қоштадым. Содан бір айдың ішінде бүкіл қала маңайында қыбырлап жүрген автокөліктердің іші-сырттарының қазақшаланып шыға келгені.
Бір күні бізді Қалалық Партия комитетінің 1 хатшысы шақырды. Оған Қатешова Ағиба /талантты жорналшы/АТП-5-тің партия ұйымының хатшысы Сағат, сол кеңседегі Байтілеуов Аманқос, мен - төртеуіміз кірдік.
Мәселе мынада екен. Автокөліктердегі жазулар қазақшаланғанда, зауытқа жұмысшылар тасып тұрған "Икарустың" маңдайындағы "ГПЗ" жазуы "ГӨЗ" / Газ өңдеу зауыты / болып өзгеріпті.Осыны "түсінбеген" кейбір басқа ұлттың жұмысшылары жұмысқа бара алмай қалыпты. Осы жағдай жөнінде шағым түскен екен. Ол шағым Ұйымдастыру бөліміне тап болып, ол қызметкер АТП-дағы партия ұйымының хатшысы Сағатқа телефон шалады: Сіздердегі дүниені бүлдіріп, өзімбілемділікке салынып жатқан Байтілеуовтің партиялық мәселесін қарап, партиядан шығаруға құжаттарын даярлаңыз,- дейді. Біз осы мәселе төңірегінде 1 хатшымен хабарласып, оның қабылдауын сұрағанбыз. Сағат жарым бойы "қазақша жарнаманы ала тұрыңыз" деген 1 хатшының ұсынысын қабылдамастан, кабинетінен шықтық. Бұл мысал біздің тілімізді тірілту жолындағы алғашқы кездердегі көрген құқайымыздың біреуі ғана.