7 Желтоқсан 2012, 23:43
Кәсіп пен нәсіп
Қалыңдықтың көйлегі қандай көркем
Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз де – өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бірі. Жас та болса жеке іс бастауға батыл қадам жасаған тігінші Гауһар Нұрсұлтанқызы бүгінде жеке шаруасын дөңгелетіп отыр.
Шымқаладағы «Баян-сұлу» сауда орталығының дүңгіршектерінің бірінде сатылымға ұсынылған ұлттық үлгідегі қалыңдық көйлектері елдің назарын ерекше аударады. Бұл киімдерді Гауһардың өзі тігіп, дайындайды екен. Жас модельер дизайн мамандығы бойынша былтыр жоғарғы оқу орнын тәмамдапты. Міне, сол кезден бері осы сауда орталығында ұлттық киім тігіп, оны сатумен және жалға берумен айналысады.
– Алғашында қыздардың еуропалық стильдегі сәнді киімдері қызықтыратын. Университет қабырғасында жүргенде қаладағы тігін шеберханаларының бірінде іс-тәжірибеден өттім. Ол жерде тек ұлттық киімдер мен бұйымдарын дайындаумен айналысады екен. Сол кезден бастап этностильдегі қалыңдық көйлегін тігу туралы ой келді. Дипломым қолыма тиген соң «Баян-Сұлудан» сауда дүңгіршегін жалға алып, нартәуекелмен жеке ісімді бастадым, - деген тігінші одан әрі кәсібінің қыр-сырына қанықтыра бастады.
Әрине, кез келген кәсіпке мамандану үшін көптеген қиындықтарды жеңуге тура келеді. Көйлек тігу секілді ұсақ-түйек шаруасы көп іске үлкен төзім керек. Көзге көрінбейтін сәндеу жұмыстары аса ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді әрі уақытты көп алады. Жас маман ілулі тұрған көйлектердің басым бөлігінің арнайы тапсырыспен тігілгенін баян етті. «Әрбір клиентімнің қалауына аса мән беремін. Қыздардың көпшілігі ұлттық нақышта тігілген көйлекке таңдау жасауы қуантады», - деген кейіпкеріміз әрбір әшекейдің, оюдың мән-маңызына тоқталды. Айтуынша, оюлардың түріне қарап олардың сырын оқуға болады екен. Мата, фурнитура секілді бұйымдарды Қытайдан алдырады. Соңғы кезде қазақша қалыңдық көйлектерінің де неше түрлі үлгісі көбейіп келеді. Дегенмен, Гауһар тігетін жеңсіз қамзол етегінің ұзын болып келуімен ерекшеленеді. Ол жасаған нұсқаларда бұл киім тіпті тізеден төмен түсіп тұрады. Шебер ұлттық үлгідегі қалыңдық көйлегін заманауи талапқа лайықтап та тігеді.
Әрине, маркеттер мен салондардан еуропалық стильдегі қалыңдық көйлектерінің сан алуан түрін табуға болады. Қытай, Корея, Түркия елдерінен келетін ақ көйлектер өз алдына бір әлем. Дегенмен, Гауһардың пікірінше, кез келген қазақ қызы үйлену тойында ұлттық сипаттағы көйлекті таңдауы тиіс. Тойда киетін қалыңдық көйлегі арқылы ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып жүргеніне ол сенімді.
– О баста күнделікті қолданыстан шықпайтын киімдерді тігу жайлы ойлағанмын. Дәстүрлі киімдерді таңдаған себебім, қарапайым көйлектер осыған дейін де тігілген және жалғаса бермек. Ал, ұлттық қалыңдық көйлегін тігуде мен жаңа өзгеріс, тың жобалар жасағым келді. Сондай-ақ «Этностильдегі заманауи киім үлгілерін тігу» атты дипломдық жұмысымды өте жақсы бағаға қорғап шықтым. Соңғы кездері оңтүстік өңірінде қыз ұзату тойында қалыңдық ұлттық көйлекпен, ал үлкен тойда еуропалық көйлекпен шығып жүр. Кез келген шетелдік ақ көйлектен қазақша ою-өрнекпен әспеттелген ұлттық киімнің кем түспейтінін және олардың тәрбиелік мәні де ерекше екенін айтқым келеді. Мәселен, көйлектің жеңі, етегі, жиегіндегі оюлардың мән-мағынасына үңілер болсаңыз, қазақ халқының тұрмысынан, шаруашылығынан мағлұмат ала аласыз, - дейді ол.
Жанерке ЖҮСІПБЕКОВА.