7 Желтоқсан 2012, 07:19
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО-2017 көрмесін Қазақстанда өткізу жөнінде Президент Әкімшілігінің басшы қызметкерлері, Үкімет мүшелері, Астана қаласының әкімі қатысқан алғашқы ұйымдастыру кеңесін өткізді, деп хабарлайды BNews.kz.
Ең алдымен, осы көрмені өткізу құқығын жеңіп алуымызбен осы жерде отырған барлығыңызды және барлық қазақстандықтарды тағы да бір рет құттықтаймын, деп бастады Президент өзінің сөзін. Бұл – әлемнің біздің еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен қол жеткізген биіктерін мойындағандығының белгісі. Сондықтан ол – жалпы еліміздің жарқын табысы. Әрине, жетістік бізге оңай келген жоқ, оны жеңіп алу жолында көптеген адам жұмыс істеді. Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылды, Астана қаласы әкімдігі де көптеген кәсіпорын-мекемелермен, шетелдік арнайы органдармен қыруар жұмыс істеді, тек соның арқасында ғана жеңіске жете алдық. Нәтижелі табысқа қол жеткізген жұмыстары үшін осы іске қатысқан барлық мамандар мен қызметкерлерге өзімнің алғысымды білдіремін. Бұл – жалғыз Астананың емес, жалпы Қазақстанның жеңісі, деді Президент.
Одан әрі Елбасы ЕХРО-ның маңызына тоқталды. Соның ішінде оның әлемдегі ең үлкен шаралардың бірі болып саналатынын айтты. Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпия ойындары немесе футболдан әлем чемпионатымен бара-бар шара болып табылады. Оның үстіне бұл – Қазақстан экономикасының болашақ дамуына үлкен септігін тигізетін, дүниежүзілік тәжірибелерді Қазақстанға алып келетін, елімізге инвестицияны еселеп тартуға ықпал ететін шара. Осы ЕХРО арқылы біз елімізге жаңа инновациялық технологияларды да тарта алатын боламыз, деді Елбасы.
Әрине, ЕХРО өткізу құқын жеңіп алу табыстың тек бірінші кезеңі ғана. Енді алда көрмені тіркеу кезеңі тұр. Келесі жылдың аяғына дейін біз тіркеу досьесін бекітіп, көрмені есепке қабылдайтын халықаралық көрме бюросынан ресми белгі мен жалауын алуымыз керек. Бұл да өте жауапты кезең, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Сондықтан, қазірден бастап, уақытты шығын қылмай, осы іске қызу кірісіп кеткеніміз мақұл. Осылай дей келіп, Президент бұл жұмысты атқаратын арнайы Мемлекеттік комиссия құрылғанын айтты. Оның төрағасы болып Премьер-Министр Серік Ахметов бекітіліпті және оның екі орынбасары да тағайындалған екен.
Осы комиссия еліміз үшін өте маңызды болып табылатын шараны өткізуді дайындау бойынша жасалатын барлық органдардың жұмысын үйлестіретін болады. Ал басшылыққа алатындары «Көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұзақ мерзімдік ұлттық жоспар» деп аталатын құжат. Енді соны жасауға шұғыл кірісетін болады. Мемлекеттік комиссия көптеген құқықтық процедуралар мен қаржылық құжаттарды талқылап, қабылдаулары керек. Қазіргі ұйымдастыру комитеті өз жұмысын ендігі жерде Мемлекеттік комиссияның бақылауымен жүргізетін болады. Осы жерде Мемлекет басшысы Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қайрат Келімбетовке оның құрамын қажетті жаңа мамандармен және ҮЕҰ толықтыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, Президент дайындық жұмыстарын өзі қадағалап, Мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы есепті үнемі тыңдап отыратынын жеткізді.
Елбасы дайындық жұмыстарының қазіргі кезеңдегі басты бағыты – Халықаралық көрме бюросымен келісе отырып, тіркелу досьесін барынша сапалы етіп дайындау екендігін ескертті. Халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып, ЕХРО болатын аумақта жасалатын нысандардың эскиздік жобасын жасау керек. Сонымен бірге, олардың көрмеден кейін қандай мақсатқа пайдаланылатындығы алдын ала анықталсын. Кейбір қалалар, мәселен, Лиссабон өзінде өткізген ЕХРО-ға арнап салынған нысандарын артынан ештеңеге жарата алмай, Халықаралық бюродан төменгі баға алды. Мұндай келеңсіз мысалдар басқа елдерде де болды. Осыны біз қатты ескеруіміз керек, деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Париждегі Халықаралық көрме бюросында қазақстандық офистің, ал бізде осы бюроның ЕХРО өткізу жөніндегі кеңесшісінің кеңсесін ашу мәселесін шешуді қарастыру қажеттігі айтылды. Президент сөзінің ішіндегі басты жаңалықтың бірі – ЕХРО-2017-ні өткізуге байланысты барлық мемлекеттік органдардың, жеке меншік құрылымдардың, демеушілердің, облыстардың, министрліктер мен ведомостволардың жұмыстарын үйлестіретін арнайы мемлекеттік корпорация құрылатындығы болды. Үкімет ауысуы, өзгеруі мүмкін, ал корпорация – осы жұмысты басынан аяғына дейін қолға алып, атқарып шығатын орган. Оның құрамына барлық ведомостволардың бірінші басшылары мүше болып енеді. Қазір біз осы органның басшысын тауып, қаржыландырылуы мен құрамын белгілеу мәселесімен айналысатын боламыз, деді Елбасы. Бұл корпорация тіркелу досьесі есепке алынған күннен бастап өзінің жұмысына толыққанды кіріседі.
Көрменің тақырыбы бойынша елімізде көптеген бастамалар ұсынылған екен. Соның ішінде суды, электр қуатын үнемдеу, ауыл шаруашылығы қалдықтарынан биогаз дайындау және т.б. бар. Президент олардың бәрін ЕХРО-2017-ні ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі ұлттық жоспарға үйлестіріп, бірыңғай жобамен шығу керектігін айтты. Алдымыздағы бес жылда бүкіл Қазақстан мен Үкімет бірлесе жұмылдырылып, таза энергетикалық қуат алу бойынша инновациялық секіріс жасайтын болсын. Сондықтан да, мен осы бағыттағы кешенді әрекеттерді үйлестіретін 2013-2017 жылдарға арналған жоспар дайындауды тапсырамын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Екінші басты міндеттер Астана қаласын дамытуға жаңа көзқарас қалыптастыруға арналды. Бұл арада қала әкімдігіне де ұшы-қиырсыз жауапкершілік жүктелетіндігі айтылды. Елбасы көрмені өткізуге ұсыныс жасалғанда инфрақұрылымдық нысандарды, темір жол вокзалын, әуежай және тұрғын үйлерді жақсартамыз деп айтқан едік, сол жұмыстарға осы күннен кірісу керек, деді. Осы орайда 5 млн.-ға жуық қонақтарды қабылдауға үйлестіріп, қаланың даму жоспарын қайта қарау қажеттігі атап көрсетілді. Қазірдің өзінде қандай қуаттылықтағы үйлер салынып, оларға қажетті инфрақұрылымдар, коммуникациялар, т.б. сәйкестігі анықталсын. Бұл арада ЕХРО-2017 өткізілетін аумақтың соңынан шағын қалашыққа айналатындығы да ескерілуі керек, деді Президент.
Елбасы көрме өткізілетін аумақтан түрлі себепті сылтау етіп жер үлестерін алуға тырысатын пысықайлар табылатынын ескертті. Олардың мақсаты – кейін осы үлестерді Үкіметке бірнеше есе бағаға сату. Сондықтан, Елбасы Премьер-Министрге Астананың айналасынан, тіпті жалпы облыстан ешкімге де ешқандай жер үлесі сатылмасын деген нақты тапсырма берді.
Сонымен бірге, Елбасы ЕХРО-2017-нің артынан әлемдік архитектуралық жәдігерлер қатарына енетін символын жасауға сәулетшілер мен суретшілер арасында конкурс жариялау қажеттігін айтты. Бұл арада бізге Париждегі көрменің символы ретінде салынған «Эйфель мұнарасы» үлгі болып, артынан ол жалпы қаламыздың мақтан тұтарлық нышаны қатарына енетіндей болсын, деді Мемлекет басшысы.
Өзінің сөзінде Президент Астанадағы қалтафон байланысының жұмысын қатты сынап өтті. Осыған байланысты Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевке арнайы тапсырма беріп, олқылықтарды болдырмауды тапсырды.
Астананың өзі де көрменің тақырыбына сәйкес келетіндей болып күрделі өзгеріске түсуі керек. Бұл іспен әкімдік айналысып, маған ұсыныс жасасын, деді Президент.
Одан кейін Елбасы қаражат мәселесіне тоқталып, бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы қатты қадағалануын тапсырды. Ең алдымен, жуық шамамен, қанша қаражат қажеттігі есептеліп, оның әр жылдың бюджетіне түсетін үлесі анықталсын. Тартылатын жекеменшік инвестицияның көлемі де белгіленсін. Жалпы, көрмені өткізуге барлық қаражат көздері тартылсын. Бүкіл көздерден жұмсалған қаражат көлемі барынша мөлдір болуы керек. Сонымен бірге, ЕХРО-2017 қорын қолдауды жалғастыру қажеттігі айтылды. Салынатын нысандардың бәрі де артынан халыққа пәтер ретінде сатылатындай болып жоспарлануы керек. Сонда жұмсалған қаражатты орнына келтіруге болатындығы ескертілді.
ЕХРО көрмесінің экономиканың түрлі саласын дамытуға тигізетін игі ықпалын барынша тиімді пайдалану қажеттігі де атап өтілді. Осы орайда, ең бірінші кезекте, көрменің туризм саласына тигізетін пайдасы атап көрсетіліп, үш айда келетін 5 млн.-дай қонақ үшін жалпы Қазақстан бойынша туристік маршруттар дайындау қажет. Олардың көлік жолдары жоғары деңгейде, жергілікті авиацияның дамуы да қалыпты болуын қамтамасыз етуіміз керек, деді Президент. Сонымен бірге, тіл білетін, елдің тарихын айта алатын мамандар дайындалып, оларды идеологиялық тұрғыдан ұстамды болуға дайындау қажеттігі ескертілді. Баратын жерлерде қонақтар түсетін үйлер болып, олардың инфрақұрылымдары жоғары деңгейде болсын. Бұл қатарда Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді елдердің тәжірибесін үйренген жөн. Міне, осы тапсырмалар Мемлекеттік комиссияда бөлек-бөлек қарастырылып, әрқайсысына тиісінше жауапты адамдар белгіленсін, деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге, Астанада жаңадан бірнеше қонақүй салынатындығы, қаланың маңындағы 30-50 шақырым радиуста «олимпиялық ауылдар» үлгісімен «ЕХРО-ауылдар» бой көтеретіні белгілі болды. Бұлардың бәрі, сайып келгенде, біздің халқымызға жаңа жұмыс орындары ретінде пайдасын келтірмекші.
Орта және шағын бизнестің дамуын да ЕХРО-мен байланыстыру тапсырылған міндеттердің бірі болды. Олардың көрмеге қаншалықты дәрежеде, қандай ұсыныстармен қатыса алатындығын анықтау Мемлекеттік комиссияға тапсырылды. Қала қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалпы тәртіп бұзушылықты болдырмау үшін қажетті құрал-жабдықтар, бейнекамералар және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі керек. Туристердің жоғалған, ұмытылып кеткен заттары осылардың көмегімен дер кезінде табылып отырса, бұл да еліміз туралы жақсы пікір қалыптастырады.
Кеңесте көрменің елімізге әкелетін экономикалық тиімділігі туралы да айтылды. Осыған байланысты барлық тура және жанама табыс көздерін қарастыру туралы Мемлекеттік комиссияға жүктелді. Сондай-ақ, Президент ЕХРО-ның ақпараттық жағынан қамтамасыз етілуі туралы да нақты тапсырмалар берілуі керектігін атап өтті.