6 Желтоқсан 2012, 11:48
Жұма күні Астанада Google Translate ғаламдық аударма сервисіне қазақ тілін енгізу туралы жобаның таныстырылымы өтеді, деп хабарлады ұйымдастырушылар.
7 желтоқсанда сағат 11.00-де Еуразия Ұлттық университетінің ОЗК корпусында (Астана қаласы, Мұңайтпасов көшесі, 5-ші үй, 8 қабат, 823 дәрісхана) Google Translate аударма сервисіне қазақ тілін енгізу бойынша «Google Translate+Kazakh» жобасының таныстырылымы өтеді. Жобаның ұйымдастырушысы - «Wikibilim» ҚҚ. Ал «Қазконтент» АҚ пен «Beeline» компаниясы жобаға қолдау көрсетсе, техникалық қолдауды Google компаниясы көрсетеді.
Жоба ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтың қамқорлығымен жүзеге асады.
Google Translate – бұл Google компаниясының мәтін бөлігі мен веб-парақты автоматты түрде басқа тілге аударуға арналған тегін веб-сервис. Бүгінгі таңда аталмыш сервиске 64 тіл енгізілген, дегенмен қазақ тілі онда әзірше жоқ. Оны Google Translate –ке енгізу үшін жүйеге ағылшын және орыс тілдерінен қазақ тіліне аударылған белгілі бір мөлшердегі мәтіндерді енгізу қажет.
Жобаның таныстырылымы аясында студенттер және жобаға қатысушыларға Google Translate Toolkit аталатын аударма құралы көрсетіледі. Ол барлық интернет қолданушыларға жүйеге аударма және қарапайым мәтіндерді енгізу арқылы жобаға қатысуға мүмкіндік береді.