5 Желтоқсан 2012, 12:28
Өндіріс – қоғам мүшелерінің пайдалы өнім жасау қызметі және соның ілеспе нәтижесі ретінде табиғи ресурстарды түрлендіруі. Ө. қоғамда толып жатқан элементтер мен факторларды (ресурстарды) қамтитын белгілі бір өндіргіш күштердің жұмыс істеуін көздейді. Адамзат қоғамы дамуының барлық сатыларында дәстүрлі түрде жұмыс күші (өзіндік немесе адам факторы) және өндіріс құрал-жабдығы (заттық немесе материалдық фактор) Ө-тің басты факторлары болды. Қазіргі ғыл.-тех. төңкеріс жағдайында өндіргіш күштердің күрделілене түсуі байқалады: оларға Ө-ті ұйымдастыру (бүкіл Ө. үдерісінің бірлігі мен тізбектілігін қамтамасыз ететін ішкі байланыстардың белгілі бір құрылымы) және экол. фактор (адамның өзара қатынастарымен, қоршаған ортамен, табиғатты қорғау, сақтау және қалпына келтіру қажеттігімен байланысты мәселелер кешені) қосылып отыр. Соңғы екі фактор технологияны, ақпаратты, ғылымды, өндірістік және әлеум. инфрақұрылымды қамтиды. Ө-тің мақсаты қоғамның жекелеген мүшелеріне және жалпы қоғамға қажетті материалдық (материалдық-заттай нысандағы экон. өнім) және бейматериалдық (қызмет көрсету, ақпарат, рухани құндылықтар аясында) игіліктер жасау. Ө. экономиканың өзекті бөлігін құрайды. Ө. ұдайы өндірістің негізгі кезеңі ретінде бөлуді, айырбасты, тұтынуды айқындайды. Алайда тұтыну Ө-ке тәуелді болғандықтан, оған кері байланыстар жүйесі арқылы әсер етеді. Тұтыну, қоғамның, адамның қанағаттандырылмаған қажеттері Ө-ті дамытуға, оның құрылымын өзгертуге, тех. деңгейді және экономиканың басқа параметрлерін көтеруге ынталандырады. Ө. үдерісінде өндіріс құрал-жабдығы мен жұмыс күші тұтынылады, өндіріс құрал-жабдығы мен еңбек ресурстары Ө. салалары бойынша, аймақтар бойынша, т.б. бөлінеді және қайта бөлінеді, қызметтің түрлі аялары арасында айырбас қамтамасыз етіледі. Ө. үдерісінде адамдар өндіріс құрал-жабдығына меншік нысанымен айқындалатын қарым-қатынасқа түседі. Қоғамдық жиынтық өнім жасау Ө-тің нәтижесі болып табылады және ол өнімнің қандай мақсатпен өндірілетініне қарай мынадай түрлерге бөлінеді: өндіріс құрал-жабдығын (кейіннен Ө-тің өзінде пайдаланылатын құрал-жабдықты) өндіру, түпкі тұтынушылар пайдаланатын тұтыну заттарын, тұтыну тауарларын өндіру, тұтыну қызметтерін көрсету; ақпарат өндірісі. Тарихи тұрғыдан натуралдық Ө. (жасалған өнімді өндірушінің өзі тұтынады) және тауарлық Ө. (өнімді базарда айырбастау үшін жасайды) түрлеріне бөлінеді.
С. Тоқсанбай