5 Желтоқсан 2012, 12:19
Өзбектер – ұлт, Өзбекстанның негізгі халқы. Жалпы саны 20 млн-дай адам (2004). ТМД шеңберінде, соның ішінде Тәжікстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда көп тұрады. Солт. Ауғанстанда, ҚХР-да, т.б. алыс шет елдерде де өмір сүреді. Антропол. жағынан ферғана-памир нәсіліне жатады, моңғол өңдесі аралас. Өзбек тілінде сөйлейді. Орыс және тәжік тілі кең тараған. Жазуы латын әліпбиіне негізделген. Ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады. Ө. этногенезіне Орт. Азияны мекендеген ежелгі соғдылық, хорезмдік, бактриялық, ферғаналық тайпалар мен сақ, массагет тайпалары аздап та болса өз үлесін қосты. Ө. ұлтының қалыптасуы ұзаққа созылды, оның құрамы үлкен үш топқа бөлінді. Бірінші топ – көгалды алаптардағы отырықшы халықтар арасындағы Ө-тер. Бұлардың басты белгілері ру мен тайпаға бөлінбеді, суармалы егіншілікпен, қолөнерімен, саудамен шұғылданды, қалалар мен ірі қыстақтарда тұрды. Ө-дің бұл тобы Ташкенттің көгалды алқабы мен Ферғана алқабын, Хорезмді мекендеген. Олар өзбек халқының қалыптасуына, көшпелі Ө. пен өзге де көшпелі түркі тайпаларының отырықшылануына едәуір ықпал жасады. Екінші топ – Мауераннахрға моңғол дәуіріне дейін және Шыңғыс хан заманында ауып келген түркі-моң-ғол тайпаларының ұрпақтары (қарлұқ, барлас, қалтатай, моғол, т.б.), бұлар отырықшы халыққа сіңіскен жоқ, жартылай көшпелі өмір сүріп, ру-тайпалық дәстүрлерін сақтап қалды. Олардың көпшілігі өздерін “түрікпіз” деп атады. Үшінші топ – 15 ғ-дың аяғында Дешті Қыпшақтан ауған өзбек тайпаларының ұрпағы. “Өзбек” атауы осы тайпалармен бірге келді. Бұл тайпалар шежіре деректерінде “92 баулы өзбек” деп аталады. Бұлардың көпшілігі орта ғасырларда-ақ әбден белгілі болған қыпшақ, найман, жалайыр, қаңлы, қытай (хитай), қоңырат, маңғыт, дүрмен, қатаған, қырық, сарай, кенегес, қият, құтты, ұйғыр, т.б. тайпалар мен халықтар еді. Бұлар, ең алдымен, қазақ, сосын барып Ө. секілді бірқатар түркі тілдес халықтардың құрамына кірді. Ө-дің этногр. қалыптасуына (әсіресе Хорезмде) оғыздар да қатысты. 16 ғ-да Бұхар хандығы, Хиуа хандығы, 18 ғ-дың бас кезінде Қоқан хандығының құрылуы Ө-дің ұлт ретінде қалыптасуын ұзақ уақыт тежеді. Олар тек 20 ғ-да Кеңес өкіметі тұсында ғана ұлт ретінде қалыптасты. Кеңестік жүйе олардың әрбір аудандағы өзіндік мәдениетін бір арнаға күштеп түсірді. Ө-дің дәстүрлі кәсібі – егіншілік, сауда және ұсталық. Ірі қалаларда сауда, ұстаханалар, үлкен ауылды жерлерде қолөнер, ұсталықтың әр түрі (тігіншілік, зергерлік, тері илеу, сабын жасау, нан басу, тәтті шығару, т.б.) дамыды. Жартылай көшпелі Ө. туыстық жағдайды қатаң сақтаған. Қазіргі отбасылары шағын, бірақ та ұлдары үйленген соң әке үйі қасына таяу орнығады (бір-біріне көмектесіп тұру үшін), қарашаңырақта кіші баласы қалады. Әйелдер қоғамдық өмірге көп араласпайды. Ерлер жейде, шапан; әйелдер слан матадан тігілген көйлек, шапан киді. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында белге дейін келетін камзол да киген. Бас киім ерлерде – тақия, жүн қалпақ, әйелдерде – орамал. Дәстүрлі аяқ киімі – тері етік, табаны жұмсақ мәсі, сыртынан галош киеді. Әйелдер мен қыздар бірінші баласы туғанша шаштарын көрсетпей ұсақ етіп өріп қояды (кейде 40 жасқа дейін), егде әйелдер екі бұрымнан өреді. Ө-дің негізгі тағамы өсімдік, сүт және сүт өнімдерінен жасалады. Сүйікті асы – палау. Басты сусыны шай, көбіне көк шай. Қазақстанда 410 мыңға тарта Ө. тұрады (2004). Өзбек мектептері жұмыс істейді. Өзбек тілінде газет-журналдар шығарылады. Қазақстан халықтары ассамблеясының құрамында Ө-дің ұлттық мәдени орт. жұмыс істейді.
А. Тоқтабай