5 Желтоқсан 2012, 12:11
Тәжібаев және оның достары
(Мұхтар Әуезовтің сөзінен)
Сөйлеуші жолдастар, кемшілікті айтқан дұрыс. Бүгінгі мәжіліс кішімізге де, үлкенімізге де үлгі боларлық мәжіліс болып отыр. Бұдан Тәжібаевтың алатын сабағы көп қой деймін. Тәжібаевтың бір ортасы — жазушылар, екінші бір ортасы — комсомолдар. Осы екі ортаның Тәжібаевқа жақсы қарайтыны, жақсы қараймын деп кешіріммен қарайтыны байқалады. Әсіресе, комсомол ұйымында сол көбірек болған сияқты. Өйткені жазушылар ұйымынан бұрын біле тұрса да олар кемшілікті әшкерелеп сынамаған. Бүгінгі сөздерге қарағанда жазушылар ұйымы да Тәжібаевқа соны істеген болып отыр. Тәжібаевтың қоғамдық еңбегі туралы жазушылар ұйымында қорытынды жасалмаған. Жазушының өзі де ойланып, толғанып өз еңбегін өзі сынап көрмеген. Жаңағы жолдастардың айтқанының барлығы Тәжібаевтың жазушылық жолында соңғы уақытта едәуір үлкен олқылыққа, сырыпқа ұшырағанын көрсетеді.
Тәжібаев классиктердің жазғандарын көп оқығандығы рас. Бірақ оқығанда, және солардан үлгі алып жазғанда миханический жолмен кете береді, дұрыс түсінуі жеткілікті емес. Тәжібаев классиктердің лирикасын солар көрсеткен тура мазмұнда ғана алады. Сынап алмайды. Ол совет ақынына лайық жол емес. Бұлай кеткен соң жазушылық еңбегінің күр ғана еліктеуге, теріс жолда кеткені. Тәжібаев бүгінгі күннің саяси өткір мазмұнды тақырыптарына ат салмай ескі ақындар үлгісінде жалтарғанда, бірінші, өзін өрлетіп өсіретін соны жаңалықтан бір қалып қойып отыр. Екінші, ескіге барғанда да керексіз іздерді қайта басып, өзіне залал келтіретін шиырларды аралап кетті. Осы ретте дарашылдық, "меншілдік" сияқты сары жұрттарға қонақтап барады. Тәжібаевтың өлең жолдарында Жұмабаевтың өлеңдері кездесіп қалатыны сондықтан. Өзің соны тілемесең де андамай барып ұрынып отырсың. Зор қателік: "мен" дегенді молайтып барады. Барлық ой-сезімі "меннен" шыққансын қоғамдық сапа тудырмайды. Мұның жұртшылыққа зиян келтіретін жақтары бар. Тәжібаевтай адамның жастарға ықпалы болмай қоймайды. Колхозда, ауылда жазып жүрген жазушылардың кейбірі осы Тәжібаевқа еліктеп бара ма деймін. Классиктен үлгі алып, меңгеруді ентелегенін өз басындық күйлерге салмау керек. Шелли, Гейнені, әрине, оқуың керек. Ол жөнінде көп оқып келесің.
Бірақ олардың сол заманға лайықты боп құрылған мазмұн жөндері бар, оны байқау керек. Сен өз қоғамыңа олар атынан зиянды әкелме. Бүгінгі айтылып отырған сынның барлығы достық сын, түзеуші, жәрдемші сын деп қарсы алуың керек. Сенің алғашқы сөзің мойындау емес, қиялаған дау болып шықты, оған қанағат қылуға болмайды.