Жел үйірер желпуіш

5 Желтоқсан 2012, 11:34

  Жел үйірер желпуіш Қарапайым бұйымның Шығыс мәдениеті мен шығармашылығындағы орны туралы Менің ойымша, жыл мезгілдерінің ішіндегі адам баласының ең асыға күтетіні – жаз айлары. Өз басым күздің күңгірт күндерінен, қыстың қалың қарынан, қаһарлы аязынан, көктемнің былжыраған балшығынан әбден ығыр болған сәтте жаздың жылы, шуақты күндерін қатты аңсаймын. Сөйтіп, асыға күткен жаз келеді. Күн ұзарып, түн қысқарады. Адамдар жеңіл киініп, оқушылар каникулға, ересектер жазғы демалыстарына шығып, қыдырыс науқаны басталады. Көп ұзамай шілде айы жетіп, күн қатты ысиды. Жұрт түс кезінде көбінесе далаға шықпай, үй ішінде демалады. Далада жүргендер көлеңке тауып, соны саналаумен болады. Осындай қатты ыстықта ауа тарылып, жаныңды қоюға жер таба алмаған сәттерде: «Шіркін-ай, қазір біреу менің қасымда тұрып, желпуішпен есіп тұрса ғой» – деп армандайсың. Бұл арман жақын арада орындалмайтынына көзі жеткендер дүкендерге барып, желпуіш сатып алып немесе оны қолдан жасап, жанына жұбаныш тапқандай болады. Кейіннен ыстықтау кезеңі өтіп, күн суыта бастаған сәтте бұл желпуіштер жөніне қалып, келесі аптапқа дейін естен шығады. Жел-пуіштер бір қарағанда адамзатқа пайдасы жоқ, адам өмірінде аса маңызды рөл атқармайтын сияқты көрінеді. Ал осы көмекші құрал ретінде саналатын желпуіштердің мәдениетте, тарихта өзіндік орны бар екенін білеміз бе? Тарихшылардың айтуы бойынша, бағзы бір заманда ежелгі адамды шыбын-шіркейлер қатты мазалайтын болған. Бұған қатты ызаланған адам қолына түскен әлдебір жалпақ затты алып, жәндіктерді әрі-бері соққылай береді. Соққылау барысында адам өзіне қарай ескен желді сезеді. Сол кезде оған ыстықтан да осылай қорғануға болатыны туралы ой келеді. Сөйтіп, адам желпуішті ойлап шығарған екен. Жалпы, желпуіштің шығу тарихы жайында әртүрлі деректер мен аңыздар бар. Солардың ішінде көп айтылатыны Еуропа жақта кеңінен таралған Хауа Ана жайындағы аңыз. Сол аңыз бойынша, жұмақта жүрген Хауа Ана жыланның сөзіне еріп, тыйым салынған жемістің дәмін татқаннан кейін жерге түсіріледі. Хауа Ананың жаратылысын көрген Адам Ата бұл құбылысты тамашалап, аң-таң болып, ұзақ қарап тұрады. Өзінің жалаңаш денесіне қадала зер салып тұрған Адам Атаны байқап қалған Хауа Ана ұялып, қатты қысылады. Ол өзінің ұялғанын білдіргісі келмей, дереу ағаштың үлкен бір жапырағын жұлып алып, денесін жауып, Адам Атаны байқамаған тәрізденіп, әлдебір қимыл жасаған болады. Сол жапырақтың қозғалысынан және Хауа Ананың өз қимылынан сәл жел ескен. Сондай-ақ Хауа Ананың қимылы желпуіш қимылына ұқсап кеткен көрінеді. Міне, содан бастап алғашқы желпуіштер пайда болған екен делінеді Еуропа аңыздарында. Желпуіштерді кім, қашан ойлап тапқандығы туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, қай елде алғаш кеңінен пайдаланыла бастағандығы туралы таласты пікірлер жетерлік. Солардың ішінде желпуіштің қолданылуы туралы ең көне деректер қытай жерінен табылғандығы туралы айтылады. Сондықтан да желпуіштің отаны Қытай деген тұжырым бар. Ең алғашқы желпуіштер жұқа тақтайдан жасалған. Жартылай дөңгелек пішіндес келген. Қытай зерттеушілері желпуіштердің пайда болуын б.з.д екінші мыңжылдыққа жатқызады. Алғашқы желпуіштердің қытай жерінде пайда болып, оның кеңінен қолданылуына негізгі дәлел саналатын археологиялық дүниелер Шығыс Чжоу мен Соғысушы патшалықтар (б.з.д. 770-221 жж) дәуірлеріне тиесілі. Осы қазба жұмыстары барысында бұл дәуірлерде қолданылған желпуіштердің қалдықтары және әртүрлі қолөнер бұйымдарына, ыдыс-аяқ беттеріне салынған желпуіш суреттері табылған. Бұл кездегі желпуіштердің басы қоладан жасалып, сабы ағаштан істелген. Шығыс Чжоу кезеңінде жұрт желпуішке қарап, адамның тұрмысы және желпуіш иесінің абырой-беделі жайында мәлімет алатын болған. Соғысушы патшалықтар дәуірінің соңғы жылдарында желпуіштер өзінің негізгі жартылай дөңгелек пішінін тапқан. Олар бамбук ағаштарынан жасалынған. Мұндай желпуіштерді императордан бастап қарапайым шаруаларға дейін пайдаланған. Императорлар бұл бұйымды әр түрлі әсем құс қауырсынымен безендіріп, пішінін үлкейтіп, көлеңке қылып, паналап, демалған. Ал шаруалар болса, тамақ әзірлегенде, дән, күріш еккенде, әртүрлі шаруашылықпен айналысқанда құрал ретінде пайдаланған. Кейіннен жел-пуіштің неше түрі шыққан. Басында жартылай дөңгелек болған желпуіштер уақыт өте келе нағыз дөңгелек пішінге айналған. Ондай желпуіштер деректерге жүгінсек, Суй және Таң династиялары кезінде (581-907 жж) кеңінен таралған. Ал кейіннен желпуіштер әр түрлі пішінге еніп, Сун және Юань династиялары кезеңінде тіпті жазылмады, жиналмалы түрлері пайда болған. Қытайлар арасында желпуішті әр деңгейдегі адам әртүрлі қолданған. Жоғарыда айтылғандай, император әуелгіде желпуішті көлеңке ретінде пайдаланса, кейін-нен таптырмас әшекей ретінде тұтынған. Император желпуішті өзіне ұнаған әйелдерге, жақын тартқан шенеуніктеріне қымбат сыйлық, айтқан алғысының белгісі ретінде таратыпты. Ал әйелдер болса, желпуішті пәранжа ретінде ұстапты. Әрине, бұлай істейтіндер тек қоғамдағы үстем тап өкілдерінің қыздары, әйелдері және императорлардың таңдаулылары болған. Ортағасырлық жапон және қытай әйелдері үнемі беттерін осы желпуіштермен жауып жүрген көрінеді. Олардың ұғымында бетті ашып жүру әдепсіздіктің белгісі саналған. Бетіне тек таңдаған жарлары ғана қарауға құқылы болған. Бұлай істеуінің тағы да бір себебі – өздерінің қарапайым шаруа отбасынан емес екенін басқаларға осы арқылы танытқысы келген. Күн астында жүріп, қара жұмыс істейтін қарапайым шаруа қыздарына ұқсамай, беттерін аппақ қалпында сақтау бұларға парыз сияқты болған. Ерлерге келетін болсақ, желпуіш тек жоғарғы лауазымдыларға тиесілі. Ал әскер қатарындағы қарапайым жауынгер желпуішті көбінесе суық қару ретінде қолданған. Кейде бірін-бірі жекпе-жекке шақырғандар әуелі қарсыласының алдына барып желпуіш лақтырған деседі. Мұны теледидардан жиі көрсетілетін ежелгі Қытай жайындағы көркем фильмдерден байқаймыз. Қытайдың қазіргі тұрғындары да желпуішке құрметпен қарайды. Кейбір үйлердің қабырғасында үлкен желпуіштер ілініп тұрады. Бұндай үлкен желпуіштер өзінің негізгі қызметін атқармаса да, үйдің сәнін келтіреді. Сол желпуіштерде көбінесе қытайдың әйгілі ақын-жазушыларының өлеңдері мен сөздері жазылады. Көбінесе құстардың суреті, табиғат көріністері бейнеленеді. Атақты суретшілердің туын-дылары да желпуішке басылады. Өйткені, қытай жерінде желпуіш бетінде өлең жазып қалдыру, оны безендіру, сурет салу ежелгі өнер түрі ретінде мойындалған. Осындай шығарма жазылған желпуіштердің ішіндегі ең бағалысы 63 жастағы атақты шебер Чжу Нянцзының қолынан шыққан. Бұл жазылмалы желпуіш «Таң дәуірінің он мың иероглифі» деп аталады. Шебер 1982 жылы әр таяқшаның ұзындығы отыз сантиметрден астам жазылмалы желпуішке әрқайсысының көлемі бір шаршы миллиметр болатын, жалпы саны 11199 иероглифтен тұратын бірнеше пожманы сыйғызып, әріптерінің барлығын алтынмен сырлатып шыққан. Жалпы, желпуіш әр қытайдың, әсіресе, жаз күндері күнделікті қалталарында жүретін тұрақты бұйымы болып саналады. Қытайдың жалпы тарихында онша әсерін қалдырмаса да, елдің мәдени тарихи туралы дерек көздерінен, көптеген поэмалардан, әңгіме, аңыздардан желпуіш жөніндегі мәліметтерді біраз кездестіреміз. Ал қазір алғашқы үлгілері Қытайда жасалған, өнерге өзек болған желпуіштерді әр елден, әр отбасынан табуға болады. Бірақ бүгінгі желпуіштер тек ыстықтан қорғану міндетін ғана атқарады.  

 

Жел үйірер желпуіш

Қарапайым бұйымның Шығыс мәдениеті мен шығармашылығындағы орны туралы

Менің ойымша, жыл мезгілдерінің ішіндегі адам баласының ең асыға күтетіні – жаз айлары. Өз басым күздің күңгірт күндерінен, қыстың қалың қарынан, қаһарлы аязынан, көктемнің былжыраған балшығынан әбден ығыр болған сәтте жаздың жылы, шуақты күндерін қатты аңсаймын. Сөйтіп, асыға күткен жаз келеді. Күн ұзарып, түн қысқарады. Адамдар жеңіл киініп, оқушылар каникулға, ересектер жазғы демалыстарына шығып, қыдырыс науқаны басталады. Көп ұзамай шілде айы жетіп, күн қатты ысиды. Жұрт түс кезінде көбінесе далаға шықпай, үй ішінде демалады. Далада жүргендер көлеңке тауып, соны саналаумен болады. Осындай қатты ыстықта ауа тарылып, жаныңды қоюға жер таба алмаған сәттерде: «Шіркін-ай, қазір біреу менің қасымда тұрып, желпуішпен есіп тұрса ғой» – деп армандайсың. Бұл арман жақын арада орындалмайтынына көзі жеткендер дүкендерге барып, желпуіш сатып алып немесе оны қолдан жасап, жанына жұбаныш тапқандай болады. Кейіннен ыстықтау кезеңі өтіп, күн суыта бастаған сәтте бұл желпуіштер жөніне қалып, келесі аптапқа дейін естен шығады. Жел-пуіштер бір қарағанда адамзатқа пайдасы жоқ, адам өмірінде аса маңызды рөл атқармайтын сияқты көрінеді. Ал осы көмекші құрал ретінде саналатын желпуіштердің мәдениетте, тарихта өзіндік орны бар екенін білеміз бе?

Тарихшылардың айтуы бойынша, бағзы бір заманда ежелгі адамды шыбын-шіркейлер қатты мазалайтын болған. Бұған қатты ызаланған адам қолына түскен әлдебір жалпақ затты алып, жәндіктерді әрі-бері соққылай береді. Соққылау барысында адам өзіне қарай ескен желді сезеді. Сол кезде оған ыстықтан да осылай қорғануға болатыны туралы ой келеді. Сөйтіп, адам желпуішті ойлап шығарған екен.

Жалпы, желпуіштің шығу тарихы жайында әртүрлі деректер мен аңыздар бар. Солардың ішінде көп айтылатыны Еуропа жақта кеңінен таралған Хауа Ана жайындағы аңыз. Сол аңыз бойынша, жұмақта жүрген Хауа Ана жыланның сөзіне еріп, тыйым салынған жемістің дәмін татқаннан кейін жерге түсіріледі. Хауа Ананың жаратылысын көрген Адам Ата бұл құбылысты тамашалап, аң-таң болып, ұзақ қарап тұрады. Өзінің жалаңаш денесіне қадала зер салып тұрған Адам Атаны байқап қалған Хауа Ана ұялып, қатты қысылады. Ол өзінің ұялғанын білдіргісі келмей, дереу ағаштың үлкен бір жапырағын жұлып алып, денесін жауып, Адам Атаны байқамаған тәрізденіп, әлдебір қимыл жасаған болады. Сол жапырақтың қозғалысынан және Хауа Ананың өз қимылынан сәл жел ескен. Сондай-ақ Хауа Ананың қимылы желпуіш қимылына ұқсап кеткен көрінеді. Міне, содан бастап алғашқы желпуіштер пайда болған екен делінеді Еуропа аңыздарында.

Желпуіштерді кім, қашан ойлап тапқандығы туралы нақты дерек жоқ. Бірақ, қай елде алғаш кеңінен пайдаланыла бастағандығы туралы таласты пікірлер жетерлік. Солардың ішінде желпуіштің қолданылуы туралы ең көне деректер қытай жерінен табылғандығы туралы айтылады. Сондықтан да желпуіштің отаны Қытай деген тұжырым бар. Ең алғашқы желпуіштер жұқа тақтайдан жасалған. Жартылай дөңгелек пішіндес келген. Қытай зерттеушілері желпуіштердің пайда болуын б.з.д екінші мыңжылдыққа жатқызады.

Алғашқы желпуіштердің қытай жерінде пайда болып, оның кеңінен қолданылуына негізгі дәлел саналатын археологиялық дүниелер Шығыс Чжоу мен Соғысушы патшалықтар (б.з.д. 770-221 жж) дәуірлеріне тиесілі. Осы қазба жұмыстары барысында бұл дәуірлерде қолданылған желпуіштердің қалдықтары және әртүрлі қолөнер бұйымдарына, ыдыс-аяқ беттеріне салынған желпуіш суреттері табылған. Бұл кездегі желпуіштердің басы қоладан жасалып, сабы ағаштан істелген. Шығыс Чжоу кезеңінде жұрт желпуішке қарап, адамның тұрмысы және желпуіш иесінің абырой-беделі жайында мәлімет алатын болған. Соғысушы патшалықтар дәуірінің соңғы жылдарында желпуіштер өзінің негізгі жартылай дөңгелек пішінін тапқан. Олар бамбук ағаштарынан жасалынған. Мұндай желпуіштерді императордан бастап қарапайым шаруаларға дейін пайдаланған. Императорлар бұл бұйымды әр түрлі әсем құс қауырсынымен безендіріп, пішінін үлкейтіп, көлеңке қылып, паналап, демалған. Ал шаруалар болса, тамақ әзірлегенде, дән, күріш еккенде, әртүрлі шаруашылықпен айналысқанда құрал ретінде пайдаланған. Кейіннен жел-пуіштің неше түрі шыққан. Басында жартылай дөңгелек болған желпуіштер уақыт өте келе нағыз дөңгелек пішінге айналған. Ондай желпуіштер деректерге жүгінсек, Суй және Таң династиялары кезінде (581-907 жж) кеңінен таралған. Ал кейіннен желпуіштер әр түрлі пішінге еніп, Сун және Юань династиялары кезеңінде тіпті жазылмады, жиналмалы түрлері пайда болған.

Қытайлар арасында желпуішті әр деңгейдегі адам әртүрлі қолданған. Жоғарыда айтылғандай, император әуелгіде желпуішті көлеңке ретінде пайдаланса, кейін-нен таптырмас әшекей ретінде тұтынған. Император желпуішті өзіне ұнаған әйелдерге, жақын тартқан шенеуніктеріне қымбат сыйлық, айтқан алғысының белгісі ретінде таратыпты. Ал әйелдер болса, желпуішті пәранжа ретінде ұстапты. Әрине, бұлай істейтіндер тек қоғамдағы үстем тап өкілдерінің қыздары, әйелдері және императорлардың таңдаулылары болған. Ортағасырлық жапон және қытай әйелдері үнемі беттерін осы желпуіштермен жауып жүрген көрінеді. Олардың ұғымында бетті ашып жүру әдепсіздіктің белгісі саналған. Бетіне тек таңдаған жарлары ғана қарауға құқылы болған.

Бұлай істеуінің тағы да бір себебі – өздерінің қарапайым шаруа отбасынан емес екенін басқаларға осы арқылы танытқысы келген. Күн астында жүріп, қара жұмыс істейтін қарапайым шаруа қыздарына ұқсамай, беттерін аппақ қалпында сақтау бұларға парыз сияқты болған. Ерлерге келетін болсақ, желпуіш тек жоғарғы лауазымдыларға тиесілі. Ал әскер қатарындағы қарапайым жауынгер желпуішті көбінесе суық қару ретінде қолданған. Кейде бірін-бірі жекпе-жекке шақырғандар әуелі қарсыласының алдына барып желпуіш лақтырған деседі. Мұны теледидардан жиі көрсетілетін ежелгі Қытай жайындағы көркем фильмдерден байқаймыз.

Қытайдың қазіргі тұрғындары да желпуішке құрметпен қарайды. Кейбір үйлердің қабырғасында үлкен желпуіштер ілініп тұрады. Бұндай үлкен желпуіштер өзінің негізгі қызметін атқармаса да, үйдің сәнін келтіреді. Сол желпуіштерде көбінесе қытайдың әйгілі ақын-жазушыларының өлеңдері мен сөздері жазылады. Көбінесе құстардың суреті, табиғат көріністері бейнеленеді. Атақты суретшілердің туын-дылары да желпуішке басылады. Өйткені, қытай жерінде желпуіш бетінде өлең жазып қалдыру, оны безендіру, сурет салу ежелгі өнер түрі ретінде мойындалған. Осындай шығарма жазылған желпуіштердің ішіндегі ең бағалысы 63 жастағы атақты шебер Чжу Нянцзының қолынан шыққан. Бұл жазылмалы желпуіш «Таң дәуірінің он мың иероглифі» деп аталады. Шебер 1982 жылы әр таяқшаның ұзындығы отыз сантиметрден астам жазылмалы желпуішке әрқайсысының көлемі бір шаршы миллиметр болатын, жалпы саны 11199 иероглифтен тұратын бірнеше пожманы сыйғызып, әріптерінің барлығын алтынмен сырлатып шыққан.

Жалпы, желпуіш әр қытайдың, әсіресе, жаз күндері күнделікті қалталарында жүретін тұрақты бұйымы болып саналады. Қытайдың жалпы тарихында онша әсерін қалдырмаса да, елдің мәдени тарихи туралы дерек көздерінен, көптеген поэмалардан, әңгіме, аңыздардан желпуіш жөніндегі мәліметтерді біраз кездестіреміз. Ал қазір алғашқы үлгілері Қытайда жасалған, өнерге өзек болған желпуіштерді әр елден, әр отбасынан табуға болады. Бірақ бүгінгі желпуіштер тек ыстықтан қорғану міндетін ғана атқарады.

 

Бөлісу: