5 Желтоқсан 2012, 11:18
Банконг храмы — сол кездегі Ролуостағы онша ескі емес, тәптәуір сақталған храм-таулардың қатарына жатады. Бұл ғимарат Ченладан кейінгі кезеңге жатқанымен, мейлінше, көне дәуірмен байланысты болғандықтан алынып отыр. Мұндай храм-таулар кхмер сәулетінің барлық кезеңдеріне тән, сонымен бірге уақыт өткен сайын храмның және оның айналасындағы қосалқы құрылыстар көлемінің ұлғая түскендігі байқалады. Храмның сыртқы үлгісі мен табанының ұзындығы 65 метрлік, бес террасаға бөлінген, құмтастан жасалған жасанды төбе құрылысы мейлінше қарапайым. VIII ғасырда Ченланың бір бөлегін явалық Шайлендрлер әулетінің билеушісі біраз уақытқа басып алған сияқты. Алайда, мұндай оқиға орын алғанымен, көне кхмер өнерінің стильдік мұраларына әсер ете қоймады. Джаяварман II патшалық құруымен кхмерлік кезең басталады да, билеушілердің ролі де өзгере бастайды. Оған жоғарыда айтылған Ролуос ғимараттары куә бола алады. Билеуші өзін Девараджа (патша-құдай) немесе «Таулар патшасы» деп атайды. Соңғы атақты фунань билеушілері де пайдаланды. Индонезияның Шайлендра әулетінің де атауы («Индра — тау әміршісі») Оңтүстік-Шығыс Азияда патшалықты құдай әміршілері тұратын әлем орталығы тәрізді құдайлар тауымен теңестіру жайлы көне ұнділік танымның өріс алғандығын көрсетеді. Патшалардың құдайға табынушылығы сонымен бірге өздерінің құдайдың ізбасарымыз деген ұғымын туғызады. Соған орай табиғи және жасанды төбелердегі «храм-таулар» идеялары одан әрі дамып, көне камбоджа әміршілерінің сакральды-символдық резиденциясына айналды.
Осындай танымдар Ертедегі Шығыста біздің дәуірімізге дейінгі III мыңжылдықтарда-ақ белгілі болды. Бұл жөнінде Ертедегі Месопотамиядағы зиккураттарды еске алсақ та жеткілікті.
Кхмер өнері кезеңінде, өкімет басына Джаяварман II (802—805) келуіне орай, Ангкор маңындағы таудың атымен аталатын кулен стилі басымдық алды. Оның ұшар басына , Шива құдайдың фаллос түріндегі белгісі салынды.
Лингаға табыну брахмандардың көмегімен үнділік үлгі бойынша енгізілді. Осыған байланысты кхмерлер өздерінің бұрынғы буддизмге ортақтас діні индуизмді жетекші дін дәрежесіне көтерді. Ченла кезеңіне (VI—VIII ғғ.) үнді құдайларын бейнелейтін кісі бойындай құмтастан құйылған бірқатар мүсіндер жатады. (Олардың кейбіреулерінің бұдан кейін, IX ғасырларда жасалғандығын білдіретін жазулары бар.) Осы мүсіндер арасында Вишну құдай мен Харихараның (Вишну мен Шиваның бөліктерінен құралған), әйел құдай Лакшмидің, сондай-ақ Вишнудің және бір бейнесі ретінде алынған, Үндістандағы сүйкімді құдай Кришнаның мұсіндері бар. Сонымен бірге олардың қатарына индуистік құдайлар мен қатар құмтастан құйылған түрегеп тұрған және отырған Будда мүсіндері де кіреді. Адам бейнесінің образдық-пластикалық шешімі Гупттар дәуіріндегі үнді стиліне ұқсас. Бірақ ұнділік нұсқаларға қарағанда камбоджалық мүсіндердің айқын байқалатын өзіндік айырмашылықтары бар. Мүсіндерді жақындап келіп, мұқият қарағанда олардың шын мәнісіндегі дөңгелек мүсіндер емес екендігі, қашалып жасалған тас блоктардың қырлары байқалады. Бұл, әсіресе, мүсіндерді алдынан қарағанда жақсы байқалады. Үнділік мүсіндерге қарағанда жергілікті этникалық топтарға жататын адамдардың бейнелері мүлде өзгеше, атап айтқанда, оларда өзіндік ерекшеліктері бар адам көздері, дүрдиген, қалың еріндері айқын да әрлі берілген. Адам денесі де мәнерлі бейнеленген. Мұнда адамның шын бейнесін дәл көрсету оншалық маңызды емес, мәселе оның көлемін, ішкі сезімін көрсете білуде жатыр.