Өліп таусылу қаупі

5 Желтоқсан 2012, 11:05

Өліп таусылу қаупі Адам баласының тұрмысы тарих тезіне ілінгеннен бері қарай дүние майданына талай жұрт келіп көрнекті орын алып, азды-көпті өмір сүріп артынан іріген қардай тартылып келіп, заман тұманында арасы өшті. Сол жұрттардың тарихын алсақ, һәр қайсысының бастарынан кешірген һәр түрлі дәуірлері бар. Бір дәуірі: өзгеден шоқтығы асып ісі өркендеп, «тасы өрге домалаған» кез. Бұл уақыттың адамы өмірдің қуанышты, көрікті жағын көп көріп, күліп туып, күліп өткенге ұқсайды. Бұдан соңғы бір дәуір: елдің шебі жарылып, ірге ыдырап, «Ері мойнына кетіп» жұртшылығымен қоштасуға айналған кезі. Бұл уақыттың адамы жанашыр жақыны жоқ, жетім қалған жас баладай; тірлігінде баға жоқ, азып туған, жылап туып, жылап өткенге ұқсайды. һәр адамның туып өскен елі, жасынан жаттап өскен ғадаты, нанымы, тұрмыш қалпы сол адамның ақыл, мінезіне із қалдырмай тұра алмайды. Бұл қалдырған із көңілге кіріп, ерікті билеп һәр адамға өзінің елін сүйгізіп, елдігін іздетеді. Елдікке келген қауіпке оқыған, оқымаған бірдей күйініп, қарсысына бірдей шығады. Елдігі аман қалуы үшін екінің бірі бейнетке, өлімге, ия басқа түрлі қазаға шыдап кететінін тарих жүзінен көріп отырмыз. Ерте заманнан бері болып келе жатқан бес-он, жиырма-отыз жылдық соғыстардың бәрінде болатын екі-ақ түрлі мақсат бар. Бір мақсат — бір жұртты жем қылу, екіншісі — елдіктен айырылмау, өзгеге жем болмау. Соғыс деген нәрсе — адам баласының жыртқыштық құлқына айғақ болған бір іс. Соғысып жеңіп алған жұртына жеңген жуан ел не істейді!? Бұған ескіден келе жатқан даңғыл жол, жеңілген елді өз бетіндегі жұрттық қалпынан айырып, өн бойына сіңіріп, бөтен ниет ойлатпай, бөтен тілеу тілетпейді. Алдымен торыған елдің дінін қақпайға алады, бұдан соң ғұрып-ғадатын араластырады, артынан аламыштап жүріп тілін жоғалтып, елдің белгісін күңгірттендіріп, ақырында бір ұлтты жұтып кете барады. Әрине, бұл айтылғандай болып жұтылып кететін қандай ел: мәдениеті төмен болған ғана ел. Бұлай болғанда мәдениет жүзінде төмен болған елдің дүние жүзінен жоғалатын зор себебінің бірі осы. Бұдан басқа, жолына жалпақ ел болып, жанды қиып отырған сонша қымбатты елдіктің жоғалуына тағы бір үлкен қауіп бар. Ол — елдің өсімі азайып, өлімі көбейіп ақырында өліп таусылуы. Бұндай хал мәдениеті аса төмен болып иен жүрген бір ел, мәдениетті алдыңғы қатардағы іргелі елмен араласқан уақытта болатын іс мәдениетті елмен араласқан соң бұрынғы санаусыз еркін жүріс бола алмайды. Тіршілікті сақтау үшін өзге жолға түсіп алдындағы жорықтың қалпынан үлгі алу керек. Бұл ықтиярсыз мойынұсынатын нәрсе. Бірақ мәдениет жолында төмен болған жұрт үлгілі елдің қалпын толық сіңіре алмайды, әр істі қорытып зиянды, зиянсызға айыра алмайды. Өзінің ескі жолымен басқа жұрттың үйлеспейтін бір жолын араластырады, былықтырады. Ақырында белгілі тәртіпті бір кәсіп, бір қалып ұстай алмай кедейшілікке, неше түрлі ауруға ұшырап азып-тозып таусылады. Европа ғалымдары һәртүрлі ірі патшалықтардың қол астына қараған ұсақ бұратаналардың өліп таусылып жатқанына қарап, мәдениеттің алғашқы кірісі ауыртпалықтан басталады дейді. Бұл ауыртпалықты көтере алмай салмағымен жаншылып таусылып қалатын жұрт көп шығып жатыр. Мысалы: орыс патшалығының ішінде самоед, остяк, чукча, камчадал деген жұрттар осы ретпен бітуге айналып отыр. Бұларда өсім аз, арасын кеулеген неше түрлі өзге жұртта жоқ аурулар. Бұлардан басқа да орыс ішіндегі ұсақ жұрттардың еріген қардай таусылып келе жатқаны көбіне осы хал Солтүстік Америкадағы индейц деген жұртта да болып отыр. Орыс ішіндегі самоед, остяктарды тоздырып отырған себеп не? Соған келейік. Бұл жұрттар солтүстікте мұз теңіздің бергі жағасында, одан бергі тайга деген тоғайдың ішін тұрақ қылып, кәсіптері аңшылық, балықшылық етіп, бір жағынан бұғы асырайтын. Бұлардың тұрмыс қалпы көшпелі, бірақ қазақша бір жерді қыстап, бір жерді жайлап, белгілі мекенге ие болмай, кезбе өмір қалпына жақын еді. Көшкенде ата-ата, тап-табымен көшіп, қонғанда сығылысып бір араға үйіле қонатын. Бұл жұрттардың тұрған жері түсінбеген жұрт өмір сүруге қолайсыз болса да бертін заманда мәдениетті жұрттың халқы бір жағынан кеміртіп, татымды жерлерін алып, сол араны мекен қылып тұрған халқын ар жағындағы суық өсімдігі жоқ, өмір сүруге қолайсыз, үнемі қыс үзілмейтін далаға айдап тастады. Тоғай арасында аңшылыққа, су бойында балықшылыққа соңғы келген жұрт айбынды болды. Аңды азайта бастады. Суыққа, қу далаға сығылып шыққан елдер бұрынғысындай ру-румен жүріп аң тауып, балық алып, мал бағып жүре алмады, бытырау керек болды. Бұрынғы қазына жию, баю үшін істеген кәсіптері енді күндегі өлместік қорек болуға әрең жарайтын болды. Егін егіп, отырықшылықты қалып қылуға жүрген жерінің ыңғайы жоқ. Шығуға қолайлы өсімдіктерді егіп көбірек еңбек сіңіруге оларда білім, тәсіл жоқ. Осымен бір жағынан тамақ табудың ауыр бейнеті, бір жағынан қысы-жазы қабағы жадырамайтын табиғаттың ызғарлы қалпы, мұның үстіне мәдениеті жоқтық солтүстік халқын тіршілік тартысында айласыз қып, неше түрлі сорлылыққа душар қылып отыр. Бұл жұрттардың жаңа туған баласынан қартайған шалына шейін пішіндерінде түнерген аспан, күңгірт өмірдің ізі айқын көрініп тұрады. Бар адамдардың бет ажарында жалыққан, талған, қажыған, жоғалып тегіс келіп тұрғанның белгісі бар. Енді бірнеше жылдарда бұл жұрттардан белгі қалмауы мүмкін. Міне, осы аянышты халдың барлық белгісі қазіргі уақытта қазақ ішінде білініп келеді. Жетісу, Сырдария облыстарындағы жаудан, аштықтан көріп жатқан бөгде шығынды есептемегенде тоқ, тыныш отырған облыстардың бәрінде қазақ әуелі сансыз көп, көрші отырған мұжықта, ноғайда, басқа жұртта еш белгісі жоқ аурулар қазақ ішін кеулеп отыр. Аз жылдардан бері қарай кейбір аурулар белгілі әрі жұқпалы аурулардай бір уезден бір уезге, бір облыстан бір облысқа қалыпты сапар жасап, талай жерді жалпақ аралап отыр. Өлімін елетпей көтеріп кетерлік өсім де қазақ ішінде азға ұқсайды. Жалғыз санақтың жоқтығы себеп болып, қанша азайғанымызды білмей отырмыз. Россия патшалығында өсім мен өлім қаралас болып, жұқпалы аурулар болмаған уақытта ең өсімі көп облыстарда жылына жүз адамға екі-үш өсім болып жамалады. Барлық Россиядағы жылдық өсім жүзге бір жарымның шамасындай. Арасында ауруы жоқ, әрі өсімтал мұжықтың өсімі мұндайлық шабан болғанда не өсімтал емес, әрі арасынан ауру арылмайтын қазақ халқы өліп таусылады деуге әбден болады. Мәдениетті орыс патшалығымен араласқалы біздің қалпымыз да солтүстік халқының қалпындай көп өзгерісті көрді. Мысалы кей жердің қазағы көшпелі өмір қалпын біржолата жоғалтып, отырықты егіншілікке айналды, көп ел бұл күнге шейін көшпелі қалыпта болса да бұрынғы нағыз көшпелі түрін көп бұзып алды. Қазіргі қазақтың өмір қалпы көшпелі мен отырықшылықтың арасында түр. Бұрынғы уақыттағы қыстың суығын киіз үйдің ішінде өткізген қазақ пен қазіргі жер үйде тұратын қазақ бір емес. Бұрынғы аязда, боранда аласа, төбесі ашық тас қорада жататын мал мен қазіргі тығыз, жылы қорада тұрып, азғантай суық көрсе пішенге тығылатын мал бір емес. Қора салу, үй салу қазақтың орыстан алған үлгісі. Үлгі алуы жақсы-ақ, бірақ ұқсата алмағандық сол үлгіні зиянға шығарып отыр. Отырықшылдыққа түсініп, егіншілікті кәсіп қылған жұрттың үй, қорасы қазақтікіне ұқсамайды. Үйі болса таза, жарық, денсаулыққа қолайлы, қорасы да аз малына арнаулы, күйлі болады. Қазақ отырықшылдықты ұқсата алмай отырса, мал бағушылықты тағы ұқсата алмай отыр. Себебі бұрынғы таза көшпелі қалыпта жүргендегі малынан қазіргі малы көп төмен. Қазақ қысқы қорасына, үйіне аз уақыттық баспана деп қарайды. Қазіргіден жүз жыл бұрын киіз үйде отырған қазақ тас қорасына осы көзбен қараушы еді. Тұратын үйінің іші жарық болуы, дым болмай құрғақ болуы, бүтін болуы, әсіресе мал жататын қора мен өзі тұратын үй аралас болса, бұзық ауа қатынасып, аурулы болатын бұл уақытқа шейін қазақ байқаған жұмыстар емес, жаз шыққан соң көшіп кетеміз, шыдар керек дейді. Бірақ қыстауда жеті-сегіз айдан кем отыратын қазақ жоқ. Сонша уақытта ылғи бұзылған ауаның ортасында келетін қонақпен сығылысып, өмір сүрген адам ауруға жақын болмасқа шарасы жоқ. Бұның үстіне таза ауада қозғалыс жасап, қызмет қылу аз. Осындай себептерден қыстан қандай күйлі шыққан елді алсақ та, жазғытұрымғы уақытта үлкеннің де, баласының да пішіні аса ажарсыз, қурап, сарғайған өзгеше ауруға ұшырағандай болады. Әрине, тек жүрген уақытта мұндай болып жүрген қазақ бір ауру келсе, «айтқан тоқтыдай» іліне кетуі оп-оңай. Бұның үстіне ел арасының сапырылысқан қатынасы көп. Мінеки, неше түрлі өзге де аурудың қазақ ішін ұя қылып алып жүргенінің себебі осы және биылғы Сібірдің бірнеше облысында шет жағасы білінген оба ауруы да қазаққа өзгеше қауіпті. Бұл ауру қазіргі суықпен жоғалған сияқтанып отыр, бірақ оба ауруында көп болған дәрігерлердің тәжірибесіне қарағанда бұл биыл ұрығын ғана көмеді, «жемісін» ендігі жылы, одан арғы жылдар тартқызса керек. Бұл «қонақтың» қазақтан алатын бүйімтайы[1]  қандайлық болады оны уақыт көрсетер. Мәдениеттің кірісінің бізге салып отырған ауыртпалығы — осы. Көшпелі қалыптың әуелгі түрін өзгертпеске болмады. Ен жайылып, еркін қона беруге кең қоныстардың өрісі тарылды. Қаскүнем хүкіметтің шырғалаған қазақты жақсы жерлердің көбінен айырған, сыйымсыз көршілерді көбейткен, бір жағынан ел өсті, ақырында бұрынғы қалып өзгерді. Бірақ өзгеден алып отырған үлгі пайдалы ма, зиянды ма? Қайтсе тұрмысына қолайлы болып, пайдасы артық болатынын мәдениеті жоқ елдің айыруы қиын. Осымен қазіргі қазақ қалпы не отырықшы егіншілік, не көшпелі мал баққандық қалпының ешбіріне толық қосылмайды. Әртүрлі тұрмысты араластырған, былықтырған, бір беткей қалыпты тәртіптен айырылған, істеп жүрген кәсіптің бірін ұқсата алмай, жылдан-жылға кедейшілікке аяқ басып біздің жұрт азып келеді. Көшпелі қалпы — мәдениетке жанастырмайды, отырықшы болу керек дейміз, бірақ Европа ғалымдарының егінші болған ел бай болмайды деген сөзіне қарағанда егіншіліктің тәртібін білмеген ел кедей болады және қай ел болсын мәдениетті буынын бекітпей, егіншілікті ғылым жолына сүйеп тәртіппен жүргізе алмайды. Оның үстіне қазіргі қауырт ауру, күтімсіздік қазаққа бұл күнгіден де үлкен соққы болуы мүмкін. Бұлай болғанда отырықшылдыққа тез түсіп кетеді ғой деп айтуға да бірталай көзді жұмған ерлік керек. Қазақтың өзгеден ала бөтен түрлі-түрлі ауруларға, жиі өлімге ұшырап, өліп таусылуға аяқ басып келе жатқан халі, оқыған басшының өзгеше ойланып, тез ескеріп, ерекше қам қылатын жұмысы. Рас, елдің толып жатқан басты мұқтажының ішінде, бір жағынан ел қамына арналған күштің аздығы, бір жағынан саясат тұсауы себеп болып бұл секілді халдерге әдейілеп көп-көп күш бөліп шығару қиын шығар. Бірақ дәрігерлердің жасаған белгі жобасымен земстволар яки басқа ұйымдар болсын өзге алдыңғы қатардағы тығыз-таяң мәселелермен бірге осы халді де қатардағы міндетті жұмысының бірі деп білулері керек. Себебі бұл хал ел қамқорының алдынан шыққан өзгеше міндетті, әсіресе, сынды мәселенің бірі. Мұхтар. Мұхтар Әуезов   [1]Бүйымтайы − бұйымтайы.

Өліп таусылу қаупі

Адам баласының тұрмысы тарих тезіне ілінгеннен бері қарай дүние майданына талай жұрт келіп көрнекті орын алып, азды-көпті өмір сүріп артынан іріген қардай тартылып келіп, заман тұманында арасы өшті. Сол жұрттардың тарихын алсақ, һәр қайсысының бастарынан кешірген һәр түрлі дәуірлері бар. Бір дәуірі: өзгеден шоқтығы асып ісі өркендеп, «тасы өрге домалаған» кез. Бұл уақыттың адамы өмірдің қуанышты, көрікті жағын көп көріп, күліп туып, күліп өткенге ұқсайды. Бұдан соңғы бір дәуір: елдің шебі жарылып, ірге ыдырап, «Ері мойнына кетіп» жұртшылығымен қоштасуға айналған кезі. Бұл уақыттың адамы жанашыр жақыны жоқ, жетім қалған жас баладай; тірлігінде баға жоқ, азып туған, жылап туып, жылап өткенге ұқсайды.

һәр адамның туып өскен елі, жасынан жаттап өскен ғадаты, нанымы, тұрмыш қалпы сол адамның ақыл, мінезіне із қалдырмай тұра алмайды. Бұл қалдырған із көңілге кіріп, ерікті билеп һәр адамға өзінің елін сүйгізіп, елдігін іздетеді. Елдікке келген қауіпке оқыған, оқымаған бірдей күйініп, қарсысына бірдей шығады. Елдігі аман қалуы үшін екінің бірі бейнетке, өлімге, ия басқа түрлі қазаға шыдап кететінін тарих жүзінен көріп отырмыз. Ерте заманнан бері болып келе жатқан бес-он, жиырма-отыз жылдық соғыстардың бәрінде болатын екі-ақ түрлі мақсат бар. Бір мақсат — бір жұртты жем қылу, екіншісі — елдіктен айырылмау, өзгеге жем болмау.

Соғыс деген нәрсе — адам баласының жыртқыштық құлқына айғақ болған бір іс. Соғысып жеңіп алған жұртына жеңген жуан ел не істейді!? Бұған ескіден келе жатқан даңғыл жол, жеңілген елді өз бетіндегі жұрттық қалпынан айырып, өн бойына сіңіріп, бөтен ниет ойлатпай, бөтен тілеу тілетпейді. Алдымен торыған елдің дінін қақпайға алады, бұдан соң ғұрып-ғадатын араластырады, артынан аламыштап жүріп тілін жоғалтып, елдің белгісін күңгірттендіріп, ақырында бір ұлтты жұтып кете барады. Әрине, бұл айтылғандай болып жұтылып кететін қандай ел: мәдениеті төмен болған ғана ел. Бұлай болғанда мәдениет жүзінде төмен болған елдің дүние жүзінен жоғалатын зор себебінің бірі осы.

Бұдан басқа, жолына жалпақ ел болып, жанды қиып отырған сонша қымбатты елдіктің жоғалуына тағы бір үлкен қауіп бар. Ол — елдің өсімі азайып, өлімі көбейіп ақырында өліп таусылуы. Бұндай хал мәдениеті аса төмен болып иен жүрген бір ел, мәдениетті алдыңғы қатардағы іргелі елмен араласқан уақытта болатын іс мәдениетті елмен араласқан соң бұрынғы санаусыз еркін жүріс бола алмайды. Тіршілікті сақтау үшін өзге жолға түсіп алдындағы жорықтың қалпынан үлгі алу керек. Бұл ықтиярсыз мойынұсынатын нәрсе. Бірақ мәдениет жолында төмен болған жұрт үлгілі елдің қалпын толық сіңіре алмайды, әр істі қорытып зиянды, зиянсызға айыра алмайды. Өзінің ескі жолымен басқа жұрттың үйлеспейтін бір жолын араластырады, былықтырады. Ақырында белгілі тәртіпті бір кәсіп, бір қалып ұстай алмай кедейшілікке, неше түрлі ауруға ұшырап азып-тозып таусылады. Европа ғалымдары һәртүрлі ірі патшалықтардың қол астына қараған ұсақ бұратаналардың өліп таусылып жатқанына қарап, мәдениеттің алғашқы кірісі ауыртпалықтан басталады дейді. Бұл ауыртпалықты көтере алмай салмағымен жаншылып таусылып қалатын жұрт көп шығып жатыр. Мысалы: орыс патшалығының ішінде самоед, остяк, чукча, камчадал деген жұрттар осы ретпен бітуге айналып отыр. Бұларда өсім аз, арасын кеулеген неше түрлі өзге жұртта жоқ аурулар. Бұлардан басқа да орыс ішіндегі ұсақ жұрттардың еріген қардай таусылып келе жатқаны көбіне осы хал Солтүстік Америкадағы индейц деген жұртта да болып отыр. Орыс ішіндегі самоед, остяктарды тоздырып отырған себеп не? Соған келейік. Бұл жұрттар солтүстікте мұз теңіздің бергі жағасында, одан бергі тайга деген тоғайдың ішін тұрақ қылып, кәсіптері аңшылық, балықшылық етіп, бір жағынан бұғы асырайтын. Бұлардың тұрмыс қалпы көшпелі, бірақ қазақша бір жерді қыстап, бір жерді жайлап, белгілі мекенге ие болмай, кезбе өмір қалпына жақын еді. Көшкенде ата-ата, тап-табымен көшіп, қонғанда сығылысып бір араға үйіле қонатын.

Бұл жұрттардың тұрған жері түсінбеген жұрт өмір сүруге қолайсыз болса да бертін заманда мәдениетті жұрттың халқы бір жағынан кеміртіп, татымды жерлерін алып, сол араны мекен қылып тұрған халқын ар жағындағы суық өсімдігі жоқ, өмір сүруге қолайсыз, үнемі қыс үзілмейтін далаға айдап тастады. Тоғай арасында аңшылыққа, су бойында балықшылыққа соңғы келген жұрт айбынды болды. Аңды азайта бастады.

Суыққа, қу далаға сығылып шыққан елдер бұрынғысындай ру-румен жүріп аң тауып, балық алып, мал бағып жүре алмады, бытырау керек болды. Бұрынғы қазына жию, баю үшін істеген кәсіптері енді күндегі өлместік қорек болуға әрең жарайтын болды. Егін егіп, отырықшылықты қалып қылуға жүрген жерінің ыңғайы жоқ. Шығуға қолайлы өсімдіктерді егіп көбірек еңбек сіңіруге оларда білім, тәсіл жоқ. Осымен бір жағынан тамақ табудың ауыр бейнеті, бір жағынан қысы-жазы қабағы жадырамайтын табиғаттың ызғарлы қалпы, мұның үстіне мәдениеті жоқтық солтүстік халқын тіршілік тартысында айласыз қып, неше түрлі сорлылыққа душар қылып отыр. Бұл жұрттардың жаңа туған баласынан қартайған шалына шейін пішіндерінде түнерген аспан, күңгірт өмірдің ізі айқын көрініп тұрады. Бар адамдардың бет ажарында жалыққан, талған, қажыған, жоғалып тегіс келіп тұрғанның белгісі бар. Енді бірнеше жылдарда бұл жұрттардан белгі қалмауы мүмкін.

Міне, осы аянышты халдың барлық белгісі қазіргі уақытта қазақ ішінде білініп келеді. Жетісу, Сырдария облыстарындағы жаудан, аштықтан көріп жатқан бөгде шығынды есептемегенде тоқ, тыныш отырған облыстардың бәрінде қазақ әуелі сансыз көп, көрші отырған мұжықта, ноғайда, басқа жұртта еш белгісі жоқ аурулар қазақ ішін кеулеп отыр. Аз жылдардан бері қарай кейбір аурулар белгілі әрі жұқпалы аурулардай бір уезден бір уезге, бір облыстан бір облысқа қалыпты сапар жасап, талай жерді жалпақ аралап отыр. Өлімін елетпей көтеріп кетерлік өсім де қазақ ішінде азға ұқсайды. Жалғыз санақтың жоқтығы себеп болып, қанша азайғанымызды білмей отырмыз. Россия патшалығында өсім мен өлім қаралас болып, жұқпалы аурулар болмаған уақытта ең өсімі көп облыстарда жылына жүз адамға екі-үш өсім болып жамалады. Барлық Россиядағы жылдық өсім жүзге бір жарымның шамасындай. Арасында ауруы жоқ, әрі өсімтал мұжықтың өсімі мұндайлық шабан болғанда не өсімтал емес, әрі арасынан ауру арылмайтын қазақ халқы өліп таусылады деуге әбден болады.

Мәдениетті орыс патшалығымен араласқалы біздің қалпымыз да солтүстік халқының қалпындай көп өзгерісті көрді. Мысалы кей жердің қазағы көшпелі өмір қалпын біржолата жоғалтып, отырықты егіншілікке айналды, көп ел бұл күнге шейін көшпелі қалыпта болса да бұрынғы нағыз көшпелі түрін көп бұзып алды. Қазіргі қазақтың өмір қалпы көшпелі мен отырықшылықтың арасында түр.

Бұрынғы уақыттағы қыстың суығын киіз үйдің ішінде өткізген қазақ пен қазіргі жер үйде тұратын қазақ бір емес. Бұрынғы аязда, боранда аласа, төбесі ашық тас қорада жататын мал мен қазіргі тығыз, жылы қорада тұрып, азғантай суық көрсе пішенге тығылатын мал бір емес. Қора салу, үй салу қазақтың орыстан алған үлгісі. Үлгі алуы жақсы-ақ, бірақ ұқсата алмағандық сол үлгіні зиянға шығарып отыр. Отырықшылдыққа түсініп, егіншілікті кәсіп қылған жұрттың үй, қорасы қазақтікіне ұқсамайды. Үйі болса таза, жарық, денсаулыққа қолайлы, қорасы да аз малына арнаулы, күйлі болады. Қазақ отырықшылдықты ұқсата алмай отырса, мал бағушылықты тағы ұқсата алмай отыр. Себебі бұрынғы таза көшпелі қалыпта жүргендегі малынан қазіргі малы көп төмен. Қазақ қысқы қорасына, үйіне аз уақыттық баспана деп қарайды. Қазіргіден жүз жыл бұрын киіз үйде отырған қазақ тас қорасына осы көзбен қараушы еді. Тұратын үйінің іші жарық болуы, дым болмай құрғақ болуы, бүтін болуы, әсіресе мал жататын қора мен өзі тұратын үй аралас болса, бұзық ауа қатынасып, аурулы болатын бұл уақытқа шейін қазақ байқаған жұмыстар емес, жаз шыққан соң көшіп кетеміз, шыдар керек дейді.

Бірақ қыстауда жеті-сегіз айдан кем отыратын қазақ жоқ. Сонша уақытта ылғи бұзылған ауаның ортасында келетін қонақпен сығылысып, өмір сүрген адам ауруға жақын болмасқа шарасы жоқ. Бұның үстіне таза ауада қозғалыс жасап, қызмет қылу аз. Осындай себептерден қыстан қандай күйлі шыққан елді алсақ та, жазғытұрымғы уақытта үлкеннің де, баласының да пішіні аса ажарсыз, қурап, сарғайған өзгеше ауруға ұшырағандай болады. Әрине, тек жүрген уақытта мұндай болып жүрген қазақ бір ауру келсе, «айтқан тоқтыдай» іліне кетуі оп-оңай. Бұның үстіне ел арасының сапырылысқан қатынасы көп. Мінеки, неше түрлі өзге де аурудың қазақ ішін ұя қылып алып жүргенінің себебі осы және биылғы Сібірдің бірнеше облысында шет жағасы білінген оба ауруы да қазаққа өзгеше қауіпті. Бұл ауру қазіргі суықпен жоғалған сияқтанып отыр, бірақ оба ауруында көп болған дәрігерлердің тәжірибесіне қарағанда бұл биыл ұрығын ғана көмеді, «жемісін» ендігі жылы, одан арғы жылдар тартқызса керек. Бұл «қонақтың» қазақтан алатын бүйімтайы[1]  қандайлық болады оны уақыт көрсетер.

Мәдениеттің кірісінің бізге салып отырған ауыртпалығы — осы. Көшпелі қалыптың әуелгі түрін өзгертпеске болмады. Ен жайылып, еркін қона беруге кең қоныстардың өрісі тарылды.

Қаскүнем хүкіметтің шырғалаған қазақты жақсы жерлердің көбінен айырған, сыйымсыз көршілерді көбейткен, бір жағынан ел өсті, ақырында бұрынғы қалып өзгерді. Бірақ өзгеден алып отырған үлгі пайдалы ма, зиянды ма? Қайтсе тұрмысына қолайлы болып, пайдасы артық болатынын мәдениеті жоқ елдің айыруы қиын. Осымен қазіргі қазақ қалпы не отырықшы егіншілік, не көшпелі мал баққандық қалпының ешбіріне толық қосылмайды.

Әртүрлі тұрмысты араластырған, былықтырған, бір беткей қалыпты тәртіптен айырылған, істеп жүрген кәсіптің бірін ұқсата алмай, жылдан-жылға кедейшілікке аяқ басып біздің жұрт азып келеді. Көшпелі қалпы — мәдениетке жанастырмайды, отырықшы болу керек дейміз, бірақ Европа ғалымдарының егінші болған ел бай болмайды деген сөзіне қарағанда егіншіліктің тәртібін білмеген ел кедей болады және қай ел болсын мәдениетті буынын бекітпей, егіншілікті ғылым жолына сүйеп тәртіппен жүргізе алмайды. Оның үстіне қазіргі қауырт ауру, күтімсіздік қазаққа бұл күнгіден де үлкен соққы болуы мүмкін. Бұлай болғанда отырықшылдыққа тез түсіп кетеді ғой деп айтуға да бірталай көзді жұмған ерлік керек.

Қазақтың өзгеден ала бөтен түрлі-түрлі ауруларға, жиі өлімге ұшырап, өліп таусылуға аяқ басып келе жатқан халі, оқыған басшының өзгеше ойланып, тез ескеріп, ерекше қам қылатын жұмысы. Рас, елдің толып жатқан басты мұқтажының ішінде, бір жағынан ел қамына арналған күштің аздығы, бір жағынан саясат тұсауы себеп болып бұл секілді халдерге әдейілеп көп-көп күш бөліп шығару қиын шығар. Бірақ дәрігерлердің жасаған белгі жобасымен земстволар яки басқа ұйымдар болсын өзге алдыңғы қатардағы тығыз-таяң мәселелермен бірге осы халді де қатардағы міндетті жұмысының бірі деп білулері керек. Себебі бұл хал ел қамқорының алдынан шыққан өзгеше міндетті, әсіресе, сынды мәселенің бірі.

Мұхтар.

Мұхтар Әуезов

 



[1]Бүйымтайы − бұйымтайы.

Бөлісу: