5 Желтоқсан 2012, 11:00
Дүние жүзіндегі тұңғыш журнал Францияда 1665 жылы 5 қаңтарда “Журнал де Саван” деген атпен жарық көрді. Осы жылы Англияда, 1668 жылы Италияда, 1682 жылы Германияда журналдар шығарыла бастады. Алғашқы журналдар, негізінен, әр түрлі кітаптарға шолу жасап, көркем әдебиет, ғылым, көркемөнер, дін салаларындағы жаңалықтарды баяндаумен ғана шектелді. 19 ғасырдың 2-жартысында журналдың негізгі түрлері қалыптасты. Көпшілікке арналған аралас мазмұнды, безендірілген журналдар көбірек шығарылды. Орыс тіліндегі тұңғыш журнал “Месячные исторические, генеологические и географические примечания в Ведомостях” (1708 – 42) “Санкт-Петербургские ведомости” газетіне қосымша ретінде жарық көрді. 1913 жылы Ресейде 1331 журнал, оның ішінде орыс тілінде 1222, Ресей халықтарының тілінде 82, шет ел тілдерінде 27 журнал шығып тұрды. Қазақ тіліндегі алғашқы журнал – “Айқап”. 1911 – 15 жылы аралығында оның 88 саны жарық көрген. “Айқап” қазақ елінің экономикасы мен саяси жағдайы, тарихы, мәдениеті мен оқу-ағарту ісі, тілі мен әдебиеті хақында келелі сөз қозғаған, шығармаларының дені ғылыми әрі көркем туынды түрінде жарияланған журнал болды. Троицк қаласындағы “Энергия” баспаханасында басылып тұрған. Редакторы – М.Сералин. “Айқаппен” бірге “Ақмола” журналы да шығып тұрды (1911 – 16). Кейін “Садақ” (1917, татарша-қазақша), “Айна” (1918), “Мұғалім” (1919), “Қызыл Қазақстан” (1921 – 29, қазіргі “Ақиқат”), “Шолпан” (1921 – 24), “Темір қазық” (1923), “Жас қазақ” (1923 – 24), “Жас қайрат” (1923 – 24), “Сәуле” (1923 – 24), “Сана” (1923 – 24), “Жетісу әйелі” (1924), “Лениншіл жас” (1925 – 27), “Таң” (1925), “Әйел теңдігі” (1925 – 34, қазіргі “Қазақстан әйелдері”), “Жаңа мектеп” (1925 – 33, қазіргі “Қазақстан мектебі”), “Пионер” (1925 – 56), “Кедей айнасы” (1926 – 29), “Терме” (1926), “Жыл құсы” (1927), “Жаңа әдебиет” (1928 – 32, қазіргі “Жұлдыз”), “Жаршы” (1929 – 30), “Балға” (1932), “Екпінді тілші” (1932 – 33) сияқты журналдар жарық көрді. 1956 жылы “Ара”, 1958 жылы “Мәдениет және тұрмыс” (қазіргі “Парасат”), “Балдырған”, 1960 жылы “Білім және еңбек” (қазіргі “Зерде”), 1978 ж. “Пионер”, 1987 ж. “Арай”, 1994 ж. “Ұлағат”, 1996 ж. “Заң”, 1997 ж. “Алдаспан”, 1998 ж. “Амазонка”, 2000 ж. “Қазақстан”, т.б. журналдар шыға бастады. Қазақстан Республикасында демократиялық құндылықтардың берік орнығуына байланысты мемлекеттік және жеке меншік журналдар саны көбейді.