5 Желтоқсан 2012, 10:51
Октябрь өркені
Бүгін қырық жылдық той үстінде, Ұлы Отанымыз сан сала майдандағы табыс, жеңіс өрістерін түгелдей еске алып отырған шақта кей жайларды біз де әдейілеп, арнап сөз етеміз.
Жаңа дүние, жаңа тарих, жаңа мәдениет туып, өрлеген сәттерін ескереміз. Октябрь тудырып өсірген тамаша өренінің бірі — қазақ совет әдебиетінің талайы мен тағдырын айтамыз. Тірлік еңбегіміздің ең зор мүддесі сол әдебиет болғандықтан, барлық халқымызбен бірге табыстарына қуаныш, мақтан ете отырып, көп жайларын тілектес көңілмен шоламыз.
Октябрь революциясы халқымызға әперген азаттық арқасында қалың жұрт халқымыз өнер, білімге жетілді. Сол халық жүрегінде шабытты қуат оянып, ақындық талант қанат қақты.
Жас шағынан бастап, құлаш соза, жетіле түскен кезіне шейін жүріп өткен жолын аңдасақ, қазақ совет әдебиеті де көп салалы, күрделі өмір кешкенін көреміз. Тарихтық өсу сапарында нелер ауыр қақтығыстар да болды. Идеялықтартыстар да көп ұшырады. Көркемдік, шеберлік тұрғысына жету талабында талпыну, іздену де мол болды. Осы жол- дың бәрінде революциялық жаңа әдіс — социалистік реализм әдісін меңгеріп, баурап алу барлық өсу сапарымыздың мазмұны, мұраты еді.
Сондайлық көп күйлерді қазақ совет әдебиетіндей қырық жылдың қырқасында тұрған әдебиет жөнінде бір мақалаға сыйғызып айту оңай емес, мүмкін де емес. Әсіресе, бұл қырық жыл жалпы қазақ әдебиеті тарихының сан мен сапаға бай, түрлері де мол дәуірі болғандықтан, оңай емес. Және де осы дәуір әдебиетінде жаңадан оянған халық қуаты бұрынғы замандардан әлдеқайда шабыттырақ, данарақ, өнерлірек күйде көрінді. Сондықтан да оңай емес.
Қазақ совет әдебиетінің, қырық жылдық дәуірі деген сөз - ол, ең алдымен, әдебиеттік нақты фактілердің, ағымдардың, Қозғалыстардың және үлкенді-кішілі шығармалық шабытты процестердің тарихы деген сөз. Бұл тарих, сонымен қатар, деректі, қомақты дүние. Жалпы бағыт жайларымен қатар, бұл жөніндегі әрбір деректер жеке шығармалар түрінде, жеке жазушылардың өмір тартысы ретінде өте айқын, салмақты келеді.
Бірақ әдебиет тарихы соншалық көп түрлі болғанымен, социалистік мәдениет тарихы не тапқанын жалпы сөз қылған шақта жалпылай жинай бейнелеуге мүмкіндік береді. Сырт көзге құрғақ деректер тәрізденгенмен, бұндай дәлелдердің халық тірлігіндегі ұлы өзгерістерді оңай аңғартатын сыры да мәлім. Мен совет әдебиет жемісі саналған шығармаларымыздың басылу реттерін атап өтпекпін. Және де Қазақстандағы әдебиеттану ғылымының жайын атап, сонымен бірге жалпы қазақтың филологиясының, тілтану ғылымының да табыстарын шола кетпекпін.
Бүкілодақтық баспа палатасының Қазақстан бөлімі берген деректер бойынша қазақ тілінде басылып шыққан қырық жыл бойындағы әдебиеттік шығармалардың жайлары төмендегідей.
1918 жылдан 1956 жылға дейін қазақ тілінде туып, басылған көркем әдебиет үлгілерінің жиын саны 904, тиражи 11 миллион 870 дана болыпты. 1951—1956 жылдар арасында, бес жыл бойында, қазақ тілінде басылған көркем әдебиет шығармаларының жалпы саны 1013, тиражы 16 миллион 615 мың. Бұл санның қазақ тілінде жазылған шығармалары 445. Ал одақтық туысқан елдер тілі мен шет елдер тілінен қазақшаға аударылғаны 568. Осының ішінде одақтық туысқан елдердің жиырмасының тілінен аударылған, шет елдердің 16 халқының тілінен аударылған шығармалар есепке алынады.
Ал 1918 жылдарға дейін қазақ тілінде жалғыз ғана орыс әдебиетінің классикалық үлгілерінің бірен-сараны ғана аударылып басылған болушы еді. Енді қазақ тілінен аударылып басылған шығармалар қандайлық? Соны да шолып өтейік.
1946 жыл мен 1956 жылдың арасында, 10 жыл бойында қазақ тілінен басқа елдер тіліне аударылған шығармалар саны 342 болғанда, соның 251 шығармасы орыс тіліне ауда- рылған. Басқа халықтар тіліне 91 шығарма аударылған екен.
Жалпы санын алғанда, СССР халықтарының 25 елінің тіліне қазақ кітаптары аударылғанын көреміз. Тарихтық жаңа дәуірдің мақтаныш табысы ретінде тағы да еске алатын бір жайымыз бар. Революциядан бұрын өзге халықтың тіліне қазақ әдебиетінің бірде-бір шығармасы аударылмаған екен.
Жеке жазушылардың кітаптары жөніндегі деректер де еске алуға тұрарлық. Мысалы, Абай Құнанбаевтың шығармалары 7 елдің тілінде 320 мың дана болып шығыпты. Жамбыл шығармалары 24 елдің тілінде 1 миллион 423 мың дана болып шығыпты. Сәбит Мұқанов шығармалары 14 елдің тілінде 1 миллион 125 мың дана болып шығыпты. Ғабиден Мұстафин шығармалары 566 мың дана, Ғабит Мүсірепов шығармалары 323 мың дана болып шыққан.
Орыс тілінде шыққан мөлшерлерін алсақ, Жамбыл шығармалары 960 мың дана болып шығыпты. Мұқанов шығармалары 456 мың, Мұстафин шығармалары 340 мың, Мұсірепов шығармалары 76 мың дана болып шыққан. СССР халықтарының тілдерінде Жамбыл шығармалары 238 мың, Мұқанов шығармалары 121 мың, Мұстафин шығармалары 84 мың боп шыққан.
1950 жыл мен 1956 жылдар арасында орыстың классикалық әдебиетінен 83 шығарма, дүние жүзі әдебиетінің 23 шығармасы, халықтық демократия елдерінің ұлы жазушы- ларының 30 шығармасы қазақ тілінде басылып шыққан.
Сан жағынан осындай мол болып, әр салалы кең көріністер аңғартатын табыстардың сапалық жағы да ойдағыдай. Бір адамның өмірінен де қысқа дәуір ішінде дүниежүзілік майданға шығуға жараған, жаңа әдебиет пайда болды. Енді осы цифр деректермен қатар, революция тудырған қазақ әдебиетінің анық өскелеңдік, сапалық сыпатын, табысын танытатын кей көрнекті жайларын арнайы атау керек.
Бұл жөнде біз бар табысы тың болған көркем прөза мен драматургияны ең алдымен ауызға аламыз. Қазақ көркем прөзасы революциядан бұрынғы кезде үлкен табыс дәстүрге жетпегеніне қарамай, қырықжын ішінде анықзор өріске жетті. Осы аталған санаулы жылдар ішінде біздің көркем прөзамыз өз оқушысына сан алуан үлгі, өрнектер әкелді. Бұл қатарда: терең драмалық құрылысы бар, сюжеті қызықты құрылған немесе психологиялық әңгімелер баяндайтын, болмаса тарихтық жайларды суреттейтін, тарихтық-революциялық шындықтарды бейнелейтін және өмірбаяндық, қызық оқиғалық романдар да туды. Өткір сана — мүдделі күнделік тартыс көрінісін бейнелейтін очерктер, әңгімелер жазылды.
Соғыстың қатал күні мен бейбітшілік күндерді немесе тынды көтеру күндерінде де еңбек қарқынын суреттеген көркем прөза үлгілері шықты. Осының бәрімен қазақ прөзасы партияның өткір құралы болуға жарады. Біздің прөзаның табыстарын Одақтағы барлық халықтарымыздың бәрінің де тілінде таныған, танытқан бағалар бар екені белгілі.
Дүниежүзілік әдебиеттің барша мәдениеттік дәстүріне сүйенетін реалистік прөзамызды жасаған жазушылар — роман жазушылар мен әңгімелер жазушылар. Мысалы, қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасынан танылатын. Ірі формалы прөзаның роман үлгілері: Сәбит Мұқановтың "Ботагөзі", Ғабит Мүсіреповтің "Оянған өлкесі", Ғабиден Мұстафиннің "Шығанағы" деп санаймыз.
Мен қазақ көркем прөзасының ең ірікті шығармаларын ғана екшеп алып отырмын. Бұл шығармалар — мезгіл сынын көтерген, тұрақты табыс есебінде бағалануға мейлінше жараған кітаптар. Осы азғана еңбектердің бәріне ортақ ерекшелік жайлары бар және, әрине, әрқайсысының өзіне ғана тән, өзіндік жекешелік қасиеттері тағы да бар. Бұлардағы жалпы жақсы белгі — әрбір жас әдебиеттің алғашқы дәуірінде болатын шикілік, шалағайлығынан таза.
Осы еңбектер Абайдан соңғы дәуірде қазақтың көркем сөзінің сапасы артып, жалпы әдебиеттік мәдениеттің жаңа үлгісін жасайтын жазушылар туғанын аңғартады. Сонымен қатар әрқайсысының жекеше бағалы қасиеттері бар. Мысалы, Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды боп шығады. Және бұл шығармалардың түр, үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады. Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін совет дәуірінде қазақ аулында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады.
Сәбиттің "Ботагөз" романындағы ерекшелік қасиет: бұнда лирикалық жан күйлері мен драмалық жайлар жақсы қабысады да, соның бәрі тарихтық, қоғамдық қозғалыспен, революция дәуіріндегі үлкен тартыс шындығымен жақсы үйлесіп бейнеленеді.
Ерте күндерде бізде Шоқан Уәлиханов пен Абай тәрізді ағартушы-демократтарымыз болды. Бұлар өздерінің бағы мен өз халқының бағына қарай орыс мәдениетінің ең ал- дыңғы дәстүрлері мен үлгілерін бойларына сіңірген еді.
Ал солардан бері қарайғыны алсақ, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басында майданға талантты ақын Шәңгерей Бөкеев шығады. Бұл да Абай тәрізді орысша білім алған, өзі хан тұқымы, Самар губерниясындағы орыс дворяндарының лауазымына ие болған адам. Бірақ ол өзінің сезім күйін таратқан сыршылдық өлендерін Абай үлгісінде жазбайды. Одан бөлек кетіп, алпысыншы жылдардағы "көркем - өнер — өнер үшін" деп, буржуаздық бағытқа берілген орыстың Фет сияқты ақынына еліктейді.
Революцияның өз алдында Россиядағы жадидтік медресе "Ғалиядан" бір топ қазақ мұғалімдері оқып шығады. Бұлардың молдалары Мединеде, ескі Бұхарада, Стамбұлда оқып қайтқан адамдар еді. Солардан оқыған жаңағы қазақ мұғалімдері енді таза қазақ тілінде исламның шарттарын оқытатын кітаптар шығара бастайды. Бұрынғы діншілдік кітаптар ескі шағатай тілінде, кітапша — түркі тілінде болушы еді. Исламның жаңа шыққан, қазақ ішіндегі үгітші молдалары: Н. Күзембаев, М. Тұрғанбаев сияқтылар қазақ тілінде "Дін ислам", "Пайғамбар заманы" деген кітаптар бастырып шығарады. Бұл кітаптар, әрине, ислам үстемдігін үгіттейтін жадидтік схоластикалық идеяға толы реакцияшыл кітаптар еді.
Сол кездерде орыс мектептерінде толық білім алған кей қазақ ақындары Шоқан, Абай, Ыбырай тәрізді адамдардың алдыңғы қатар реалистік дәстүрін өздеріне үлгі етпейді. Оның орнына Октябрь революциясының алдында Россияда болған декадент ақындарға еліктейді. Үлгі етіп алғандары Бальмонт, Мережковский тәрізділер болады. Мысалы, буржуазиялық ұлтшыл ақын Жұмабаев Бальмонтқа еліктеп: "Я ветер, я вольно вею" деген жолды қайталап, қазақша: "Мен желмін, желдей есемін" дейді. Немесе Бальмонт жазған бір өлеңінде: "Смерть, убаюкай меня" десе, Жұмабаев та: "Мені де, өлім, әлдиле" деп зар қосады.
Өзі қазақ сахарасында өскен Жұмабаев ақынға оның туған өлкесі қорқынышты, өлі дүние тәрізді сезіледі. Бұл және де тағы да орыстың символист ақындарына еліктеп:
Дала, дала, cap дала,
Бейне өлік айнала, —
деп күңіренеді. Немесе:
Сар дала бейне өлік сұлап жатқан,
Кебіндей аң селеулер бетін жапқан, —
дейді.
Осылайша сахараны сөз етсе, талай рет өлім күйін құлақ күйдей қатар күңірентеді. Бұл сарын оның шығармаларының арылмас дертіне айналған "cap ауру" болатын.
Осы аталған сарында өзі туған табиғатты, көріністі мансұқ ету ғана емес, жалпы өмірден түңілудің, реалдық шындықтан бет бұрудың сыры көрінеді. Соған орай даралықты, күйреген жалғыздықты, жадау көңілді жырлағыштық туады. Халық өмірінен жырылып кеткен, революция өздерін қанаушы топ өкілдері есебінде айдап тастаған қауымның реакцияшыл мистикалық күй сарынын күйлеген жыршы-ақындар осылар болады. Өзінің көптеген шығармаларында махаббат сыршылдығын жырлаған Жұмабаев ақын қазақ әдебиетіне әр алуан дертті: ыңырана күңіренуді, мистиканы және жұртқа жат эклектизм (әркімге елікгегіштікті), декаденттікті екпек болған ақын еді. Бұл жайды сөз қылғанда, әсіресе күн нұрындай ашық жарқын, әрі дені дерттен сау Абай поэзиясының халықтық сыпатын қатар еске алмай болмайды. Абай болса, өз халқының бойындағы жақсылық қасиеттің бәрін де өз ақындығына сыйғызып, сезімнің сарасын, ойдың асыл санасын ғана мұра қып қалдырған еді.
Жаңағы атағандай, әдебиетшілердің шығармалары революцияның алғашқы жылдарында пантюркистік, ұлтшылдық саналарын дамыта түсіп, Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің, Кенесарының аттарын да әйгілей бергіш болған. Шығыс тарихындағы ең қатал, қаны шыққан деспоттық пен тирандықтың өкілдерін буржуаздық-ұлтшылдықтың санасына қосқан. Сонымен қатар кейбір жазушылардың буржуаздық-реакциялық романтиканы үлгі еткісі келгені де мәлім еді.
Октябрь революциясының алды мен алғашқы жылдарында болған, осы аталғандай көрініс күйлерді еске алғанда, Абайдан бергі дәуірдің ішінде қазақ әдебиетінде халыққа қарсы едәуір реакцияшыл ағымдар болғанын көреміз. Бұлар еңбекші елдің талап талайына залалды, қараңғы мистика жолына түсіп, әдебиеттің өсу бағытын теріске бұру талабында әрекет еткен ақындар болды.
Ал енді осы айтқан жайларды басқа да барлық әдебиеттерге жанастыра ойлап көріңіз. Россиялық шығыстың барлық әдебиетіне де панисламистік, буржуаздық-ұлтшылдық, декаденттік және мистикалық идеясымақ сарындар әбден жайылуға мүмкін еді. Біз бүгін өзіміз сондайлық залалды күйлерден аттап өттік дегенде, тек қана қазақ әдебиетін айтпаймыз. Осы алуандас халді жалпыға бірдей жай деп түсіну лайық. Бұндайлық күйлерді атап, анықтаған сайын Октябрьден кейінгі дәуірде біздің халықтарымыздың рухани мәдениеті жеткен табыстардың тарихтық мәні қаншалық зор екенін аңдай түсесің.
Қазақ совет әдебиетінің негізін туғызушы алғашқы қазақ жазушыларының зор қасиеті, олар революция орнай салысымен, Лениннің жарқын жолды іліміне сүйене отырып, әуелгі адымдарынан бастап, сол жаңағыдай реакциялық ағымдардың бәріне қарсы бітімсіз күрес ашты.
Еңбекші қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихында осы бағыт ең жемісті, зор жаңалық басы болып, беки берді. Бұл жөнде анық тарихтық бағалы еңбек етушілер қазақ совет әдебиетінің көрнекті қайраткерлері: Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сияқты адамдар еді.
Сырттай жаңалық тәрізденгенмен, мазмұн сыры бойынша арзан еліктеу үлгісіндегі реакциялық шығармаларға күрес ашумен бірге, қазақ совет әдебиеті анық, үлкен, ха- лықтық арна тапты. Бұл жолда Горькийдің дәстүрін меңгеруден бастап, жалпы революциялық идеяны бойына сіңіріп, орыс совет әдебиетінің ең ірі өкілдері бастаған дәстүрлерді баурап, меңгере берді. Сол бағытта Маяковскийдің, Демьян Бедныйдың, Багрицкийдің, Фурмановтың, Серафимовичтің, Фадеевтің, Шолоховтың үлгілерінен үйрену, өсу дәуірі басталды.
Өзінің содан арғы өсу кезеңдерінде қазақ әдебиеті, әсіресе прөза мен драматургия саласында, біздің жұртшылығымыздың және дос-туыстарымыздың бағалауы бойынша, енді барлық совет әдебиетіне де үлес қосарлық жаңа дәстүрлер жасап келе жатқанын көреміз. Бұл процесте қазақ әдебиетінің сапасы өсті. Біз, қазақ жазушылары, сол жайды ойлағанда, әрине, ең алдымен эволюция дәуіріндегі ғажайып жақсы жағдайымызды, барлық сапалы өсуімізді — ең бірінші себепшісі деп санаймыз. Бұл жөнде Октябрь революциясының келуі, қоғамның социалистік құрылысы, қалың елдің арасындағы ағартушылық жұмыс, әдебиет кадрының өзінің мәдениеттеніп өсуі — бәрі де жиын үлкен негізіміз. Әрине, бұндайлық шарттарды барлық совет әдебиеттері көріп отырған ортақ игілік, революция берген бақытты жағдайымыз деп санаймыз. Осыны алдымен атаумен қатар, біздің және де зор алғыспен ауызға алатынымыз — өз мәдениетіміздің топырағында туған өз алдымыздағы кейбір ата буын ағартушыларымыз болады.
Шоқан Уәлиханов елуінші-алпысыншы жылдарда орыстың ұлы демократтарынан аса жақсы үлгі алып өтті. Абай болса, орыс классиктерінен нәрлі үлгіні тамаша шеберлікпен ала білді. Сонымен дара жол салып, алдыңғы қатар ойшыл, мәдениетті ақын болған қалпымен қазақ әдебиетінің болашақта да өнімді жолмен өсуіне жақсы шарттар жасап кетті. Сондай қасиеттері әсіресе бір жөнде өзгеше оқшау көрінеді. Бұл орайда олардың классикалық алдыңғы қатардағы демократтық әдебиеттерден өте сапалы, аса бағалы үлгі ала білгендігін айтамыз.
Енді бүгін біз алдымызда өткен Шоқан еңбегін оқып, Пушкин, Лермонтовтан Абай жасаған аудармалар бойынша тәрбиеленіп отырмыз. Орыс поэзиясының ұлы мәдениетін меңгеріп тудырған Абайдың өз шығармалары бойынша тәрбиеленіп отырмыз. Және бүгінгі социалистік дәуірде Абайдың әрі мұрагерлері, әрі оның ісін ілгері қарай созушы біз екеміз. Ендеше, біз, қазақ совет жазушылары, сол алдыңғы ұстаздарымыздың үлкен үлгілерін ескермей отыра алмаймыз.
Мысалы, прөза жазушы есебінде, сол Абайдың Пушкин, Лермонтовтан үлгі алғаны тәрізді, біз де Толстойдың, Тургеневтің, Чеховтың, Горькийдің, Шолоховтың эстети- калық, көркемдік дәстүрлерін қалай баурау жөнін ойламай қоя алмаймыз. Драматург есебінде біз орыс драматургиясының Островский, Чехов, Горький, Тургеневтер тудыр- ған тәжірибелерін ескермей қоя алмаймыз. Ақындар есебінде, біз орыс поэзиясының асыл үлгілері болған Некрасов поэмалары мен Маяковский мұраларын ойламай да қоя алмаймыз.
Осылайша Октябрь берген ұлы жағдайларын, марксизм-ленинизм ғылымының мол жемістерін өзіміздегі әдебиеттің жақсы дәстүрлерімен үйлестіре, жалғастыра отырып, біз, қазақ жазушылары, еңбек етеміз, ізденеміз, өсіп өрлейміз. Сондайлық сыпатпен бүгінгі жазушыларымыздың бар буындарының ырысты, асыл, жарқын шабыттары алда әлі талай қасиетті қазыналар туғызады деп сенеміз! Сол үшін де бүгінгі күніміз турасында жауапты ойлар — басшымыз болады. Өткен дәуірлерімізге де саналы сынмен қарай өсеміз. Әсіресе өз әдебиетіміздің келешек көрнекті табыстарына зор сеніммен қараймыз. Ол табыстарымыз әр майдандағы қаһармандық қасиеттер танытып жатқан заман- дастарымызды ойдағыдай бейнелеуге арналады.
Советтік ерлік жеңіс, табыстарымызды еліміз, Отанымыз сүйсінердей етіп суреттеу ең асыл арман-мүддеміз болады. Өйткені біз — Ұлы Октябрь тудырған дәуірдің ұлы жолды өркеніміз.
Ғабиттің "Оянған өлке" романы — көркемдігі де, ойы да терең шығарма. Өзіндік даралық, жекеше жайлары мен тіл кестесі, сөз шеберлігі оқшау сезіледі. Осындай стильдік те толық сыпаттары арқасында оң-теріс адам бейнелерін ішкі сыр-сыпаттарымен жақсы ашады. Бұнда жазушының өзіндік психологиялық суреттеу үлгісі талай жандарды сатиралық мысқыл, ажуамен бейнелеуге бейімделіп, дұрыс дамып отырады. Осы әдіс, нақыстар бұл жазушы шығармасының өзгеше өзіндік қасиеті болып айқын байқалады.
Ғабиденнің "Шығанақ" атты романы да — өзгеше қызықты шығарма. Замандасымыздың ішіндегі аса өнерлі егіншісі Шығанақ бейнесін жазушы халық бойындағы даналық қасиеттің жаңа сападағы бір үлгісі, өнегелі адам сыпаты етіп көтере көрсеткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында сусыз сараң сахарада ғажайып мол егін — өнім алған еңбек даналығын келісті қып көрсете білген. Шығанақ бейнесінде еңбек батырлығын танытатын өзі дана, барынша адал бейілді, совет патриоты жақсы сыпатталған. Бұл шығарманың өзгеше бір қасиеті: роман дағдылы өндіріс жөніндегі шығарма ғана болып қалмай, зор көркем шығарма боп қалыпталған. Себебі бұнда геройдың ішкі-тысқы сан сыпаттарын тұтас ашып суреттейді. Адамның ішкі сезімдері, ой толғауы, қажырлы арманы халықтық кең, қызықты мінездер ретінде әдемі үйлесіп, тұтаса қалыптасқан. Бұл кітаптың осындай өзіндік өзгешелік, қымбат сымбаты бар.
Аталып өткен төрт жазушының төрт алуан шығармалары қазақ көркем прөзасының ең көрнекті, ең елеулі табысы саналуға татиды. Осылардағы алдыңғы аға буын жазу- шылармен қатар, соларға ілесе жедел келе жатқан тағы бір топ талантты жазушыларды еске аламыз. Бұлар реалистік әнгімелердің, очерктердің, повестердің және романдардың жазушылары — С. Ерубаев, Ә. Әбішев, С. Омаров, Ғ. Сланов, М. Иманжанов, Ә. Сәрсенбаев, Т. Ахтанов, З. Қабдолов, С. Шәймерденов, Ә. Нүрпейісов, З. Шашкин, С. Сар- ғасқаев, Ә. Нұршайықов, т. б.
Біздің жаңа әдебиеттің соңғы қырық жыл ішінде тауып, баураған жаңа жанрының бірі — драматургия. Қырық жыл ішінде сол драматургия ең алғаш киіз үйде, балаған күрке астында көміліп жүрген жастар ойын-сауығынан бастап, үлкен шеберлікке, реалистік көркемдікке жеткен шығармалар тудырды. Бұл қатарда айрықша атап өтетін ірі пьесалар: Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" және "Ақын трагедиясы" атты (Ақан сері туралы жазылған) пьесалары.
Біздің жұртшылық анық жоғары бағалайтын Мүсіреповтің бұл драмалық шығармалары адамның сезімін, көңіл-мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындықпен сипаттайды. Сол қасиеттері жаңа аталған шығармалардың дүниежүзілік драматургия мәдениетінің жақсы дәстүрінде жазылғандығын байқатады. Тек революциядан кейін ғана туған қазақ драматургиясы Мүсіреповтің сол трагедияларының табыстары арқылы жалпы драматургиялық мәдениеттің биік сатысына көтерілді.
Оқиғалық жағынан өткір, тартымды, қызғылықгы, шабытты құрылған күйлер бұндағы тартыс пен қақтығыс кездерінде адам мінездерінің ішкі-сыртқы қалыптарын қатар ашып отырады. Осындай ерекше жайлары шығарманың монолог, диалог сөздерінде және де шебер, шешен, тапқыр тілмен жақсы үйлеседі.
Майлин, Жансүгіров, Сейфуллин, Мүсірепов, Әбішев, Мұқанов, Тәжібаев, Хұсайынов, Ақынжанов — қазақ совет драматургиясының көрнекті жазушылары. Қазақстандағы академиялық драма театры, опера театры, жастар театры, облыстық театрлар коллективтерімен қосылып әрекет етіп, бұл аталған жазушылар революциядан бұрынғы қазақ қауымы білмеген жаңа бағалы, оригиналдық көркемөнер үлгілерін туғызып жүр.
Бірнеше буын ақындардың еңбек ізденулері арқасында қазақ поэзиясы да революция жылдарында, әсіресе реалистік поэмалар туғызу жөнінде биік сапаға жетті. Оның ірі көркем шығармалары Сейфуллиннің кейбір поэмаларында, Сәбиттің отызыншы жылдардағы кейбір жаңа өлеңдерінде, Ерғалиев пен Бекхожиннің поэмаларында, Қасым Аманжоловтың, Ғали Орманов пен Сырбай Мәуленовтің лирикалық қысқа шығармаларында және әсіресе Ілияс Жансүгіровтің ірі поэмалары: "Дала", "Күйші", "Құлагер" сияқты шығармаларында айқын танылады.
Ілияс Жансүгіровтің ақындық мұраларының ішінде жаңағы үш поэма қазақ совет поэмасының екі үлгісін аңғартады. Бір алуаны — лирикалық-философиялық, екіншісі — оқиғалы, сюжетті поэма үлгісі. Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік, ірі сапа табады. Бұлардағы дүниені көрер көз, сезіну сыры, жалпы дүние тану қалпы, ақындық сыр, өмірге қараған көзқарас — барлығы да бұрынғы қазақ поэзиясы тудырмаған тың жаңалықты аңғартады. Осы поэмаларда бейнелегіштік (образность) кенеулі тапқыр оймен ұдайы жақсы үйлесіп отырады. Жансүгіров поэмалары сезім сырына да толы. Ал өлең үлгісіндегі мәдениет те басқа.
Жаңа қоғамды жасау жолында көркем сөз - поэзиянын міндет, мүддесі қандай болатыны да бунда терең сыпатталады. "Күйші" мен "Құлагер" поэмалары әрі поэма, әрі өлеңмен жазылған роман болумен бірге, дүниежүзілік революцияшыл поэзияның алдыңғы қатар дәстүрлерін өз бойларынан жақсы танытады. Бұл шығармалар біздегі поэзия мәдениеті Абайдан соңғы дәуірде, революциялық тәрбие нәтижесінде биік сатыға шыққанын дәлелдейді.
Халқымыздың ақындық шеберлігінің көп-көп сыпатын біздің советтік поэзиямыз өз бойынан жақсы анғартады. Халық шығармасындағы суретшіл бейнелегіштік, образға байлық, азаматтық өткір сана, азат ойдың еркін серпіні — біздің оқиғалы, оқиғасыз поэмаларымыздың бәрінде де сол халықтық сипатты өсіре түскенін көреміз. Шеберлікке мағыналылықты қосады. Және әсіресе сол халықтық сипатты орыс поэзиясының үлкен формадағы реалистік дәстүрлерімен жақсы үйлестіріп, келісті күйде тоғысқандық бай- қатады.
Бірнеше буын ақындардың аттарын атасақ, олар: Тоқмағамбетов, Орманов, Тәжібаев, Жароков, Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Саин, Бекхожин, Әбілев, Сәрсенбаев, Ерғалиев, Хакімжанова, Сатыбалдин, Молдағалиев, Шаңғытбаев, Әлімбаев, Жармағамбетов, Сейітов, Мәмбетов сияқты жемісті талантты ақындарымыз болады. Бұлар — қазақ совет поэзиясының көп ізденіп, өнерленіп өсіп келе жатқан тобы. Кейбірінің басып өткен жолы жемісті, тағы біразының алдағы болашағы қызықты. Қазақ поэзиясының табыскер талапты легі осылар.
Көне күндер, қарт замандар шағында шебер жырлар туғызған халық дәстүрін біздің заманымыздағы жаңа үлгідегі ақындық шеберлікпен үйлестіре білген халық өнерпаздары — Жамбыл, Нүрпейіс бастаған қазақ халық ақындарының өрлеу, даму жолы да өзгеше. Революциядан кейінгі дәуірде халықтық шабыт — өнер жаңа сапа табады. Бұл тұста мәдениеттің егіз екі саласының бір-біріне қарым-қатынасты терең әсер етіскенін байқауға болады. Жазба әдебиет үшін ауызша әдебиет тек ескі дәстүрдің көркемдік бейнелегіштік үлгісі ғана емес. Сонымен қатар ауызша әдебиет өзі де жазба әдебиеттің қымбатты дәстүрлерін бойына сіңіре өседі. Солайша, социалистік реализм әдісін халық ақындары неғұрлым өздеріне қанықты үлгі етіп алған сайын, олардың ақындық табысы да жемісті бола түсетіні байқалды.
Жаңа жанрлардың туғаны, ескінің жаңғырғаны, екі сала ақындықтың, шеберліктің бір-біріне иық сүйесе өсуі — біздің іздену жолымыздағы асыл сырлы, қымбат сыпаттар. Ол, біздің әдебиетіміздің бар бітімін алғанда, соның ұлы жүрегінің жақсы соққан ырғағын танытады. Ол сыр, ырғақ — коммунистік партиялылықты, терең идеялдықты, халықтық қасиетті танытқан жүрек ырғағы болады.
Қазақ совет әдебиетінің өсу, даму жолдарын шолып өткенде, сол әдебиетіміздің өрлеу табысына көп көмек ететін бір топ жандардың аттарын қоса атамасақ, сөз сыңаржақ болар еді. Біздің әдебиетіміздің бар жаңалығын, батыл ізденгіш өзгешелік қасиеттерін өзіміздің заманымызбен нық байланыстырып, өсіре түсуге айнымас көмекшілеріміз де себепші болды. Олар — бар жазушылар мен тізе қосып, білекке білек жалғасып, қатар жасасып келе жатқан біздің сыншыларымыз бен әдебиет тарихшыларымыз. Бұлардың кейбірінің өздері де жазушы. Ол: Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов. Ал зерттеуші сыншылар аттарын атасақ, олар: Ысмайылов, Кенжебаев, Жұмалиев, Шалабаев, Мәлік Ғабдуллин, Қаратаев, Дүйсенбаев, Нұртазин, Ахметов, Сәрсекеев, Нұрқатов, Сейітов, Жармағамбетов, Қирабаев, Ақтанов, Шашкин, Шаңғытбаев, Әлімқұлов, Қабдолов, Сахариев, Сүйіншәлиев, Сармурзина, Құттыбаев, Ордалиев сияқты жолдастар. Бұл топқа Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында көптен бері талапты еңбек етіп келе жатқан жас ғалымдарымыз — Базарбаев, Ғұмарова, Нұрмағамбетова, Хасенов, Дүйсенов, Әбетовтерді қосамыз. Осы аталған адамдардың бәрі бірігіп еңбек еткелі біздің республикада ғылымдық зерттеу жұмысы дамып, сыншыл ойдың өрісі ұзарып, кеңейіп келеді.
Жиырмасыншы жылдардың ортасында қазақ әдебиетінің тарихына арналған зерттеу еңбектері туа бастаса, отызыншы жылдардың басында әдебиет тарихы жөнінде орта мек- тепке арналған оқу құралдары шығады. Содан бері қарай қазақ филологтерінің жоғарыда аталған көп адамдарының еңбегі, ізденулері бойынша жалпы қазақ фольклорын және XVIII—XIX—XX ғасырлардағы қазақ әдебиетін зерттейтін әдебиет тарихының ғылымы туа бастайды. Қазір, міне, жоғары дәрежелі мектептерге арналып, қазақ совет әдебиеті- нің де очеркі биыл екінші рет толық түрде қайта шықпақшы. Оның жазылуына жаңағы аталған көп сыншы — тарихшыларымыздың қатынасы болды. Жалпы редакциясын Сәбит Мұқанов пен тағы бірнеше жолдастар басқарады.
Отызыншы жылдардан бері карай қазақ әдебиетіне үлкен достық көмек ететін орыс достарымыз көбейе түсті. Бұлар қазақ халқының арғы-бергі әдебиетін зор бейіл беріп, дос- тықпен зерттеп келудің үстіне, біздің әдебиетіміздің табыстарын мол үгіттеуші, көпке танытушы достар. Аттарын атасақ, олар: З. Кедрина, М. Сильченко, Н. Смирнова, Е. Лизунова, К. Зелинский, М. Фетисов. Осындай достардың тағы бір мол тобы орыс жазушылары. Бұлар Қазақстан туралы өз шығармаларын жазудың үстіне, қазақ жазушы- ларының өсу, даму жайына туысқандық қамқорлықпен қатынасып отырады. Аттарын атасақ, олар: Леонид Соболев, Всеволод Иванов, Николай Анов, Иван Шухов, Павел Кузнецов, Илья Сельвинский, Николай Сидоренко, Дмитрий Снегин, Николай Титов сияқты жазушы, ақындар.
Қазақстандағы филология ғылымының терендеп өсіп, дамуы да біздегі әдебиет тілінің өсіп, көркеюіне күнделік көмек етеді. Халқымыздың жалпы тіл байлығы, тіл мәдениеті, сөз өнері өсу жөніне көп әсер, көмегін тигізетін біздің тілші ғалымдарымыз, оқымысты түркологтеріміз. Бұлардың көп жылғы іздену, зерттеу тапқырлығының жемісі де мол, ол тарихтық табыстар. Солар еңбегімен бір заманда арабша, кейін латынша, ал қазір орыс графикасы бойынша туған жаңа жазу үлгіміз жасалды. Олар оқу құралдары мен методикалық әдебиетті туғызды. Әлденеше түрде екі тілді сөздіктер жасады. Ұлттық терминология атаулыны қалыптастырды. Көп еңбектерін арнап, зерттеушілік ізденулерін дамытып, әлденеше докторлық және кандидаттық диссертациялар жазды.
Жеке мектептеріміз бен республикалық жоғары дәрежелі оқу орындарымызда қазақ тілін оқытатын да сол ғалымдарымыз. Бұл қатарда бар қазақ филологиясының ең көрнекті ғалымдары деп атайтындарымыз: профессорлар С. Кеңесбаев, С. Аманжолов, М. Балақаев, Н. Сауранбаев, ғьшым кандидаттарынан көрнекті еңбектерімен танылған: А. Ысқақов, F. Мұсабаев. К. Махмудов, F. Бегалиев, А. Хасенова, Ш. Сарыбаев сияқты жолдастар. Бұлардың бәрі өздерінің күрделі зерттеуші еңбектерімен қазақ тіліндегі терминологияны, бүгінгі заң тілінің тарихын талдайды. Сондай еңбек зерттеулерімен қазақтың қазіргі көркем әдебиетінің мүмкіншілігін молайта түсіп отыр. Көркем әдебиетке жасалған көмектердің көрнекті бір алуаны осындай.
Әдебиет пен лингвистика ғылымының қанаттас іздену, өсу жолында біріне бірі сүйенісе, нәр берісе айқаса өсу процесі осылайша болатыны - занды күй. Рас, бұның әлі түгел анықталмаған, ашылмаған күйлері де көп болу керек. Бірақ, олай бола тұрса да, қазіргі мәлім табыстардың өзі де социалистік дәуірдегі қазақ халқының ой мәдениеті жеткен қымбат жаңалықтардың белгісі деп бағалануға тиіс.
Осылайша саналған табыстардың барлығы да социалистік қазақ ұлтының рухани мәдениеті ірілеп, өрлеп өскенін аңғартады. Тарихтық дамудың осынша жоғары биігіне ескі Россияда езгіде өскен бұратана елдің бірі тек социалистік революция арқасында жетіп отыр.
Сондайлық табыстарымызды еске алу үстінде, қазақ халқының тағдыры мен тарихы Октябрь революциясы болмаса, қандайлық басқа қиракезік жолдарға соғып, не күйлер басынан кешіруіне мүмкін болар еді? Соны да кейде болжап көру теріс емес.
Тегінде, біз Лениннің тарихтық жағынан аса терең толғаған бір ойын жиі еске аламыз. Ол ойы: Россияның отары болған бұратана елдер социализмге келгенде, капиталистік дамудың азап дәуірін аттап өтіп жетеді деген болатын. Біз осы шындықты еске алғанда, өзіміздің қоғамның экономикалық, қоғамдық-тарихтық, азаттық-тендік, заттық-тех- никалық, тірлік-салттық жағдайдағы өсулеріне өлшеу етіп еске аламыз. Ал сол ойларды біздің халықтарымыздың рухани мәдениеті, әдебиеті жөніне салыстыра сөз қыла қой- маймыз. Қазір біз сол Ленин толғаған ойды қазақ әдебиетінің Абайдан соңғы Октябрь революциясының алғашқы жылдарына шейінгі өткен кезеңіне мегзеп, еске алайық.
Осы тұрғыдан қарағанда, Октябрь революциясы қазақ халқының рухани мәдениетін неден тазартты, қандай жайларды мансұқ етіп сыртқа тепті? Нақтылай сөйлегенде, біз неден аттап өттік, нені тәрк еттік? Әдебиеттегі революциялық тұрғыларға қалайша шықтық? Қырық жылдықтың қарсаңында бұл жайға да тоқтап өту әбден орынды.
Мұхтар Әуезов