5 Желтоқсан 2012, 10:39
Черкасск қорғанысы — Азамат соғысы жылдарында Жетісу майданының солтүстік-шығыс шебіндегі, Черкасск ауд-нда болған шайқас. Ол 1918 ж. тамыздан 1919 ж. қазанның ортасына дейін созылып, негізінен Орт. Ресейден келген қоныс аударушылар (орыс, украин шаруалары) қоныстанған елді мекендерді қамтыды. Қорғаныс орт. Черкасск а. болды (қ. Қазақстан азаматтық қарама-қарсылық жылдарында). “Ақ” пен “қы-зылға” бөлініп, қисапсыз қан төккен бұл шайқасқа көршілес қазақ ауылдарының, осы ауданға көшірілген Лепсі қ-ның тұрғындары да қатысты. 1918 ж. 10 қыркүйекте Черкасск а-на келген Лепсі уездік Кеңесі мәжілісінде Ч. қ. ауд-ның соғыс кеңесі құрылды. Қорғанысшылар негізінен кедей және орта шаруалар өкілдерінен тұрды. Ч. қ. ауд-ның ұз. 90 км-ден астам, ені 20 — 25 км шамасында болды. Әлбетте, осыншама кең алқапта черкастықтар біртұтас қорғаныс шебін құра алған жоқ. Оған қорғанысшылардың тех. жабдықталуы да, қару-жарағы да жетіспеді. Қорғаныс ауд-на кірген ауылдардағы тұрғындардың саны (сырттан келгендерді қосқанда) 40 — 50 мыңға жетті. Ал қолдарына қару алып ақ гвардияшыларға қарсы күрес жүргізген қорғанысшылар саны әр кезде 5 мыңнан 11 мыңға дейін өзгеріп отырды. Қорғанысшылардың ірі гарнизондары Черкасск, Антоновка, Петропавловка және Андреевкада орналасты. Қорғаныс ауд-ның қарулы күштері Қызыл Армияның тұрақты бөлімдерінен (қорғаныс күштерінің үштен бірі) және әр ауылдың өзіндік қорғаныс жасақтарынан тұрды. Қорғанысшылар қатарында 1918 ж. қыркүйек — қазанда 12 эскадрон болса, 1919 ж. мамырда 19-ға жетті. Олар бірнеше ұлт өкілдерінен құралды. Қазақ дәрігері Ә.Көтібаров қорғаныс ауданындағы әскери лазаретті басқарды. Черкасск қорғанысшылары жау тылындағы ерлік қимылдары арқылы Солт. Жетісудағы ақ казактардың Верный (Алматы) және Ташкентке шабуыл жасамақ болған жоспарларын іске асырмай тастады. Жауынгерлер ақ гвардияшылардың үш шабуылын (1918 ж. қазан — қараша, 1919 ж. қаңтар, 1919 ж. наурыз) тойтарып, жау күштерін үлкен шығынға ұшыратты. Алайда қорғанысшылар жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Жетісу майданындағы Қызыл Армия бөлімдерінің Черкасскіні қорғаушылармен қосылу үшін жасаған шабуылдары сәтсіздікпен аяқталды. Қорғанысшыларға қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік жетіспеді. Осыны пайдаланған ақ гвардияшылар 1919 ж. шілдеде кезекті шабуылға шықты. Үш айға созылған соғыстан кейін, 14 қазанда Ч. қ. құлады. Ақ гвардияшылар қорғаныс ауданындағы партизандар мен ауыл тұрғындарын аяусыз жазалады. 1967 ж. қазіргі Алматы обл., Сарқант ауд-ндағы Черкасск а-нда Ч. қ-ның музейі ашылды. 1973 ж. 12 шілдеде музейдің жанынан Ч. қ-ның қаҺармандарына арналып ескерткіш-мемориал орнатылды.