5 Желтоқсан 2012, 10:38
Жанұя - қос жүректің одағы.
Жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Сондықтан да Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке – екі жүректің қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөліскендіктен, тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. Аллаһ Тағала осы жайлы Рум сүресінің 25 – аятында: «Аллаһ бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған».
Демек, бақытты ғұмыр кешу үшін жанұя құруда жақсы жар таңдау барысында өте мұқият болу керекті. Бұл жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.а.у.) : «Бір кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некеленеді. Дүние-мүлкі, тектігі, сұлулығы және діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардан діндар болғанын таңда, үйің берекеттенсін» десе, Абай атамыз да өзінің өлең шумақтарында:
Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,
Кедей қызы арзан деп, құмарланба.
Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма – деген.
Қазіргі таңымызда үйленетін жастар көбінесе әйелдің сұлулығы мен дүниесіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленсе, бір-біріне деген махаббаты қу дүниеге ауып ақыры ажырасып тынуы әбден мүмкін. Сондықтанда ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай табуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): Әйел заты - адамгершілік тұрғыдан зайыбың, дінде бауырың»- деп насихаттайды. Міне,енді сол ерлі-зайыптылардың осы өмірдегі бір-біріне деген міндеті мен жауапкершіліктеріне аздап тоқтала кетсек.
Отбасында жауапкершілік.
Жанұяда ер кісі үйдің сыртқы істеріне жауапты болса, әйел кісі үйдің ішкі істеріне жауапты.
«Ер кісілер әйелдердің билеушісі» деп, Ниса сүресінің 34-аятында баян етілгендей, Ислам діні жанұяның отағасы ретінде хұқықты ер кісіге беріп отыр. Бұл жерде әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрғаны жоқ. Қайта Ислам діні - әйел затының хұқығын орны-орнымен тауып, бір жүйеге тізіп берген.
Тарихтан хабары бар әрбір жан білсе керек, Ислам діні келместен бұрын әйел заты қайсыбір қоғамда болмасын ешқандай маңызға ие болмаған. Сөзіміз дәлірек болуы үшін Исламнан алдыңғы тарихқа көз жүгіртсек. Имам Әл-Маудуди былай дейді: « Грек қоғамында әйел заты ешқандай әлеуметтік статусқа ие болмаған. Олардың түсінігінше әйел барлық қайғы-қасыреттің бастауы деп түсінген». Үндістер әйелдерді ну ормандағы аңдармен теңестіріп, жесір қалған әйелді күйеуінің өлігімен қоса өртеген. Ал Жапонияда мынадай қатаң қағида болған, күйеуге шыққан әйел заты төркінінен түбегейлі қол үзуге мәжбүр болған. XІX – ғас. Франциядағы христиан көсемдері: «Әйелдер – еркектерге қызмет етуге ғана жаратылған адам тектес жаратылыс» - деп шешім қабылдаған.
Ал Ислам діні әйел затының хұқығы мен намысын қорғау үшін Аллаһ Тағала Құранда 114 сүренің біріне «Ниса» яғни «Әйелдер» деп, өмірде әйелдердің дәрежесін көтеру мақсатында сүре есімін берген. Пайғамбарымыздың(с.а.у.) хадистерінде еркектерден әйел затының кейбір жағдайда жоғары тұратынын көре аламыз. Бір сахаба Пайғамбарымызға(с.а.у.) келіп: «Ей Аллаһтың елшісі! Дүниеде жасайтын жақсылығымды әуелі кімнен бастайын? деп сұрағанда, Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Қолыңнан келген жақсылықты анаңа және анаңа, тағы да анаңа жасап, содан кейін әкеңе жаса» - деп, бұйырған. Демек, Ислам ер кісі мен әйел кісінің абыройын бірдей қорғалуын қамтамасыз етеді. Бөтен еркек жат әйелге, жат әйел де бөгде еркекке тіктеп қарауына, қылжақтап тиісуіне, абыройына нұқсан келтіруіне қатаң тыйым салған. Пайғамбарымыз(с.а.у.); «Сендерге тыйым салған әйелге қол тигізгеннен көрі, төбелеріңді инемен тескілеткендерің әлдеқайда дұрысырақ болар еді» деп ескерткен.
Жоғарыдағы тілге тиек еткен жайтқа қайта келер болсақ, ер кісі - ең әуелі отбасының намысын қорғау, әйелінің, бала-шағасының напақасын тауып беру, үйге қажетті нәрселерді және сыртқы ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуді міндеттейді. Өйткені Құранда Бақара сүресінің 233-аятында «Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі»десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а) Пағамбарымызға(с.а.у.) келіп «Уа, Расулаллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не деп сұрағанда, Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Ішіп жегенің сияқты оны да ішіп жегізесің, кигенің сияқты оны да киіндіресің, сосын істегендеріңді еш міндетсінбейсің»-деген.
Ал, әйел заты - әуелі күйеуіне бағануы яғни итиағат етуі тиіс,содан кейін өз намысын, бала-шағасының қала берсе үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруы міндет.Пайғамбарымыз(с.а.у):«Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінен қалағанына кіреді»-деп, әйел кісінің міндетін дөп басып көрсеткен. Ал мына бір хадисте: «Егер адамның басқа бір адамға сәжде етуін қаласам, әйелінің күйеуіне сәжде етуін қалар едім»-деген.Бұл жерде зайыбы, жұбайының үйде отағасы басшысы екенін қабыл етіңкіремейтін,өз күйеуін менсінбейтін айтқан сөзін құлаққа елең қылмайтын,тәкәппар әйелдерге айтылған болса керек.
Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы.
Ерлі-зайыптылар қарым-қатынаста жақсы мәміледе болуы, бір-біріне уәжіб саналады.Ислам ілімі бойынша отбасындағы мәселелерді ер мен әйел бірге ойласып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.
Ер кісі – ең алдымен әйелін Аллаһтың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Ер кісі зайыбын нақақтан-нақақ қанауына, балағаттауына және қол жұмсауына болмайды.Құран Кәрімнің Ниса сүресінің 19- аятында: «Олармен жақсы мәміледе болыңдар»-деп үндесе, хадисте «Әйелдердің ақыларын орындауда Аллаһтан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Аллаһтың бір аманаты деп алдыңдар»-деген. Сонымен қоса жанұясын және жан –жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықты орындап, орындамағандықтарын бақылап , кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс.Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін ескерткені жөн.
Әйел кісі - әуелі жұбайының хабарынсыз бөгде жерлерге баруына болмайды. Барынша күйеуінің көңлінен шығуы керек. Құранда Бақара сүресінің 228-аятында «Ерлердің әйелдердегі ақысы сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар» деген. Әйел жаны үйдің айрандай ұйытқысы яғни берекетін келтіретін де, кетіретін де және күйеуін тамаша адам қылатын да,надан қылатын да әйел десек қателеспейміз.Сонымен қатар әйел кісі отағасы үйде болмаған кезде, бөгде кісіні үйге кіргізбеу, жұбайының тапқан табысын ысырап етпей орны-орнымен жұмсау, үй тіршілігін тиянақтап орындау және иман жүзді ұрпақ тәрбиелеу т.б. сол сияқты міндеттері бар.
Исламда әйел заты сыртқа шыққанда боянып,сыланып,үстіне бар жақсысын жапсырып онымен қоса иіс суын сеуіп шығуына қатаң тиым салады. Қайта бұл нәселерді жұбайының көңілінен шығуға және махаббат сезімін ояту үшін жасаса болады.Ал қазіргі таңда бұл түсінік мүлдем теріс қалыптасып қалған. Сондықтанда сүйікті зайыбы сылулығын сырт көзге көрсетіп, үйде олпы-солпы жүргендіктен, сүйікті жұбайының көзі бөгде қыз-келіншектерге түсуі әбден мүмкін. Негізінде жұбайын жіпсіз өзіне байлап қаратуы біле-білсе әйел затының өз қолында. Отбасында екі жан-жардың арасында кейде түсініспеушілік, кере қағарлық туындайды. Атам қазақ: «Үйде ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды» -деп бекер айтпаса керек.Мұндай жағдайда екеуі барынша бір-бірін түсіністікпен қарап, күйеуі ашуланып қаһарына мінгенде, зайыбы сабырлық сақтап,сөз қайтарып сөйлемесе болғаны.Дәл осы жәйт сүйікті жарында болса,жұбайыда шыдамдылық танытып, бір мәмілеге келсе, шаңырағы шайқалмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың шопансыңдар. Сендер қол астыңдағылардан жауаптысыңдар. Басшы - шопан, еркекте - отбасының шопаны. Ал әйел заты - балаларының және күйеуінің мүлкіне шопан»-деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.
Жанұяда екі жан-жардың психологиялық және жаратылыс ерекшеліктері
Аллаһ Тағала ер кісі мен әйел затын өзіне тән ерекшеліктермен жаратқан. Қоғамда және отбасында өз орындары және ақылары мен жауапкершіліктері өзгеше. Тәпсіршілердің кейбірі Құрандағы «Зәуж» яғни «жұбай» сөзінің бір мағынасы да аяқ киім дегенге келеді деп тәпсірлейді. Демек ерлі-зайыптылар аяқ киім іспеттес. Оң аяққа сол аяқтың аяқ киімін, сол аяққа да оң аяқ киімді кие алмауы мүмкін болмайтыны сияқты, ер кісінің міндеті мен жауапкершілігін әйел кісі, әйел кісінің де бала бағып тәрбиелеуі мен үйдегі тіршілікті ер кісінің орындай алмайтыны айдан анық.
Аллаһ Тағала ер кісіге – күш - қуат, шыдамдылық, төзімділік және сабырлылық, қандай да бір істің ақырын тұжырымдау, әрбір істің алдын алу, жігерлік сонымен қоса ақыл-парасат т.б. сол сияқты ерекшелік қасиеттермен қамтыған.
Ал әйел затына – сезімталдық, нәзіктік, мейірімділік және сыпайылық, ұялшақтық, ибалылық, бар жанын баласы үшін аянбайтын және нәсілдің қорғауы мен тәлім тәрбие міндеті т.б. көптеген ерекшелік қасиеттер берген. Психологтар жалпы алғанда ер кісі әйел затына қарағанда, қайғы-қасіретке төзімді, әрбір жағдайда ақыл-парасаттылығымен шешім қабылдайтындығын айтса, әйел кісі болса, жаратылыс жағынан өте нәзік жаратылғандықтан көбіне сезім арқылы шешім қабылдап,алданғыш және көп нәрсеге сенгіш келетіндігін айтады.Сонымен қоса Исламда отбасында түсініспеушілік кеңінен етек алғанда яғни шаңырақ шайқалар шақта, соңғы шешім ажырасуды яғни «талақ» айтуды еркісіге берілген. Ислам отбасын байлық немесе тек төсек ләззатына яки сыртқы әдемілікке емес, ең әуелі сенім мен сүіспеншілік және түсініспеншілік негізінде құруды қалайды. Сөзіміздің тобықтай түйінін Патрик Биюкененнің сөзімен тамамдасақ
1992-1996 ж.ж. АҚШ президенттігіне үміткер болған Патрик Биюкенен «Батыстың ажалы» атты кітабында: «Рас ғылым мен технология, экономика және қару-жарақ дайындау салалары Америка, Еуропа мен Жапония басқа елдерден әлде қайда озып кеткен. Дегенмен Ислам әлемі Батыс өркениеті бағалай алмаған ұлы құндылықты сақтап қала алды. Ол құндылық - отбасын құру, ұрпақ өрбіту, баланы тәрбиелеу және сол арқылы дінін өркениетін үздіксіз жалғастыруда. Иә, Батыс елдері Ислам әлемі біліп үлгермеген талай нәрсені білген болуы мүмкін, бірақ та, Ислам әлемі Батыс ұмытып үлгерген қағиданы әлі күнге жадында ұстап келеді. Иманға негізделмеген жанұя мен қоғамның ертеңі жоқ» деген.