5 Желтоқсан 2012, 10:28
Жолжазба – автордың жолсапары кезіндегі алған әсері мен көзбен көрген нақты оқиғалар суреттелетін шығарма. Күнделік, очерк, мемуар, т.б. түрінде жазылады. Жолжазбалар танымдық мәліметтерімен құнды. Сонымен қатар оларда саяси, философия, эстетика көзқарастар да баяндалады. Александр Македонскийдің (б.з.б. 4 ғ.) жорықтары жөніндегі Жолжазбалар әлем әдебиетінде осы жанрда жазылған шығармалардың ежелгі үлгілері болып табылады. Орта ғасырларда Дж.Карпини (“Моңғолдар тарихы”, 13 ғ.), Марко Поло (“Кітап”, 1298), т.б. Орталық Азияға жасаған сапарлары туралы Жолжазба еңбектер жазды. 18 – 19 ғасырларда Жолжазба очерк жанрының бір түрі ретінде қалыптасты. Ағылшын жазушысы Л.Стерн (“Сентиментальды саяхат”, 1768), орыс жазушысы А.Н. Радищев (“Мәскеуден Петербургке саяхат”, 1790), неміс ақыны И.В. Гете (“Италия саяхаты”, 1 – 3 т., 1816 – 1829), орыс ақыны А.С. Пушкин (“Арзрумға саяхат”,1835), орыс тарихшысы Н.М. Карамзин (“Орыс саяхатшысының хаттары”, 1 – 2 т., 1900) Жолжазбаның тамаша үлгілерін жасады. Қазақ әдебиетіндегі Жолжазба типті очерктер тарихы Ш.Уәлиханов шығармаларынан басталады (“Жолжазбалары”, 1855; “Алтышаһардың ... жай-күйі”, 1869; “Жоңғар очерктері”, 1860). Кейін М.Әуезов (“Түркістан солай туған”, 1956; “Индия очерктері”, 1958), С.Мұқанов (“Саяхатшылар”, 1963; “Адам Атаның шоқысында”, 1958), Ә.Әлімжанов (“Сумен, құрлықпен елу мың миль”, 1962), Б.Момышұлы (“Куба әсерлері”, 1963), т.б. қаламгерлер Жолжазбасында өздері болған елдер мен аймақтардағы қоғамдық, экономикалық-саяси өмірді ұштастыра баяндады. Шет елдерге түрлі ғылым сапарлармен (1970 – 80) барған А.Машанов, Ә.Дербісәлиев, Е.Букетов, т.б. ғалымдардың Жолжазба кітаптары жарық көрді. Жазушы Қ.Қайсеновтің Украина туралы, Қ.Тұрсынқұловтың Саха елі жайлы Жолжазбалары оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Ғ.Мүсірепов, С.Шаймерденов, Т.Әлімқұлов, С.Бердіқұлов, Ә.Нұршайықов, Т.Кәкішев, Ш.Мұртаза, т.б. қаламгерлер ел аралаған сапарынан жазған әр түрлі Жолжазба очерктерімен халыққа танылды. Мұрат Әуезовтің “Қытайдағы қазақтар” (1995) туралы, М.Құлкеновтің “Америка сапары” (1996), Қ.Олжайдың “Президент пырағы” (1995), Қ.Түменбаевтың “Жапон эскиздері” (2000), т.б. Жолжазбалар әлем халықтарының бүгінгі келбетін өткен тарихпен сабақтастырып, көркем де әсерлі етіп жеткізе білді. Соңғы жылдары Ә.Кекілбаев, К.Смайылов, Қ.Жұмаділов, М.Қабанбаев, Ж.Бейсебаев, Ә.Сараев, т.б. жазушылардың Жолжазба очерктері бұл жанрдың мол мүмкіндігін танытты.