5 Желтоқсан 2012, 09:35
Алакөл мәдениеті, Алакөл мәдениетінің атасу нұсқасы – орта қола кезеңінің мәдениеті (б.з.б. 16 – 13 ғ-лар). Ескерткіштері Қазақстанның далалы, орманды-далалы алқаптарында, Оңт. Орал сыртында, сондай-ақ Батыс Сібірдің бірқатар өлкелерінде тараған. Ресейдің Қорған обл-ндағы Алакөл зиратын зерттеу нәтижесінде К.Ф. Сальников андрон мәдениетінің алакөл сатысы туралы пікірді ұсынды. Қазір А. м. андрон тарихи-мәдени қауымдастығына кіретін жеке мәдениет ретінде қарастырылады (бұл қауымдастыққа кіретін екінші бір мәдениет – федоров мәдениеті). Қазба деректері мен жан-жақты ғыл.-теор. мәселелері Ә.Марғұлан, К.Ақышев, Ә.Оразбаев, Е.Е. Кузьмина, М.Қадырбаев, Г.Б. Зданович, Ж.Құрманқұлов, В.В. Евдокимов, В.В. Варфоломеев, В.Г. Ломан, А.А. Ткачев, Э.Р. Усманова, И.А. Кукушкин, т.б. көптеген ғалымдардың еңбектерінде зерттелген. Көптеген ғалымдардың пікірінше, ол Қазақстанның солт. өлкелері мен Оңт. Оралда кеңінен тараған петров мәдениетінің негізінде қалыптасқан. Орт. Қазақстан аумағындағы ескерткіштері өзіне тән жергілікті ерекшеліктеріне сәйкес мәдениеттің атасу нұсқасы ретінде сипатталады. Аса маңызды деректер берген зираттарының қатарында Амангелді-1, Семипалатное (Солт. Қазақстан), Айшырақ, Былқылдақ-1, Атасу-1, Атасу-2, Мыржық, Ақмұстафа (Орт. Қазақстан) сияқты ескерткіштер бар. Біршама жақсы зерттелген қо-ныстардан Новоникольское-1, Петровка-2, Конезавод-3 (Солт. Қазақстан), Атасу-1, Атасу-2, Мыржық (Орт. Қазақстан) қоныстары белгілі. Ескерткіштері өзен-көл алқаптарында, суға біршама жақын орналасқан. Жерлеу ескерткіштерінің негізгі түрін құрайтын қоршаулар дөңгелек, сопақ, төртбұрыш пішіндес болып, тігінен орнатылған ірі қақпақтастардан тұрғызылған. Онша биік емес топырақ үйіндісі бар оба-қоршаулар да кездеседі. Қоршаудың ортасында орналасқан тас жәшіктерде мүрделер басымен күнбатысқа қаратылып, аяқтары бүгіліп бір бүйіріне жатқызылған. Жартылай жертөле түріндегі үйлерінің қабырғалары ағашпен өріледі, оларға, әдетте, 1 – 3 ошақ тән. Маңызды деректердің ішінде көптеп табылатын қыш ыдыстар және бір жарым орамды шекеліктер, мойын алқалары, шеттері шиыршық бұралған білезіктер, пышақтар, садақ, найза жебелері сияқты қола бұйымдар, тас, сүйектен жасалған құ-ралдар бар. Мойыннан иыққа өтетін тұста шағын кертпіштің болуы, үш жерінде (мойын, дене, түпке жақын) орналасқан онша күрделі емес оюлар алакөл қышының аса маңызды ерекше белгілеріне жатады. Зерттеу нәтижелері бойынша, патриархалды-рулық тұрмыс қалпында өмір сүрген алакөл тайпаларының экон. негізін үй маңындағы мал ш., жақсы дамыған металлургия, қосалқы бағыттағы егіншілік құраған.
Әдеб.: Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М., Древняя культура Центрального Казахстана, А., 1966; Зданович Г.Б., Бронзовый век Урало-Казахстанских степей (основы периодизации), Свердловск, 1988; Кадырбаев М.К., Курманкулов Ж., Культура древних скотоводов и металлургов Сары-Арки, А., 1992; Евдокимов В.В., Варфоломеев В.В., Эпоха бронзы Центрального и Северного Казахстана, Караганда, 2002.
В. Варфоломеев, А. Бейсенов