5 Желтоқсан 2012, 09:21
Хараппа өркениеті - қазіргі Үндістан мен Пәкстан аумағындағы ежелгі мәдениет. Біздің заманымыздан бұрынғы 3-мыңжылдық пен біздің заманымыздан бұрынғы 16 ғасырлар аралығын қамтиды. Пәкстандағы Мултан облысы Рави өзеннің ескі арнасы маңындағы Хараппа атына байланысты Хараппа өркениеті деп аталған. Кейде оны инд мәдениеті, инд өркениеті деп те атайды.
Алғаш рет 1921 жылы бұл ескерткішті Р.Сахин тапқан. Кейіннен М.С. Ватс, М.Уилер, Дж. Ф. Дейлс қазба жұмыстарын жүргізді. Хараппа өркениетін зерттеуге 20 ғасырдың 20 — 50-жылдары Дж. Маршалл, Э.Маккей, Б.Б. Лала, Р.Банерджи. ғалымдар көп үлес қосты. Қазіргі таңда бұл өркениетке жататын 500-ден астам ескерткіш анықталып отыр. Қазба жұмыстары барысында астаналық қалалардың (Хараппа, Мохенджо-Даро, Каливанган) қирандылары, теңіз порттарының орындары, қоныстар мен қорымдар аршылған.
Хараппа қаласының цитаделін (батыс бөлікте орналасқан) қазған кезде қабырғасының қалыңд. 12,2 м-ге, ішкі алаңы 182,9 - 365,8 м болғандығы анықталған. Хараппа өркениетіндегі құрылыстар шикі кірпіштен тұрғызылды. Баспаналар бір, кейде екі қабат болып осы кірпіштерден қаланған. Іргесі таспен көтерілді. Олар 4 — 6 бөлмелі болып, баспаналар орталық аулаға шоғырланған. Аулада құдық қазылды. Цитадельдер мұнаралармен күшейтілді. Хараппа өркениетін қалдырған халық мал шарушылық және егіншілікпен айналысты. Олардың буйвол, шошқа өсіргендігі анықталған. Дәнді дақылдардан бидай, арпа, тары, бұршақ, күріш өсірген. Егіншіліктің дамығандығын күрделі ирригациялық жүйелер, сан алуан қыш ыдыстары, мыстан және қоладан жасалған еңбек құралдары (пышақ, орақ, ара, дәнүккіш) да айғақтайды. Тайпааралық қақтығыстардың болғандығы соғыс және қорғануға арналған қару-жарақ түрлерінен (жебе және найза ұштары, қысқа семсер) де байқалады. Теңіз кәсіпшілігін айғақтайтын заттар (желкенді қайық қалдығы, кемелердің суреттері) да табылған. Қазба барысында көрші елдерде жасалынған көптеген бұйымдар аршылып алынған. Бұлардың барлығы халықаралық сауда қатынастары жақсы жолға қойылғандығын көрсетеді. Ғалымдардың пайымдауынша, мұнда құрғақ және су жолдары болған.
Хараппа өркениетінің қалаларынан табылған таразы тастары, халық арасында күрделі экономиялық қатынастар дамығандығын дәлелдейді. Қолөнер бұйымдары металл, ағаш, сүйек, піл сүйегі. материалдардан жасалды. Сан алуан тұрмыстық-шаруашылық бұйымдарына хайуанаттар суреттері, пиктограммалық жазулар түсірілді. Сол кездегі адамдардың мүсіндері де жасалған. Өркениеттің негізгі ерекшеліктерін көрсететін материалдар Пәкстандағы Хараппа, Мохенджо-Даро мен Чанху-Даро және Үндістандағы Лотхал, Калибанган, Рупарқалаларынан алынған. Жерлеу орындарының мәліметтері, негізінен Хараппа мен Лотхал маңындағы қорымдардан алынған. Оған қарағанда, ежелгі хараппалықтар мүрдені шалқасынан жатқызып, шұңқырларға жерлеген, қасына қыш ыдыстар, тағы басқа заттар қойған. Хараппа өркениетін қалдырған халық құдай-анаға, Шива құдай прототипіне, отқа, ағашқа, жан-жануарларға табынды. Зерттеушілер Хараппа өркениетінің құлдырауына алып келген тектоникалық қозғалыстар мен су тасқыны, топырақ құнарлылығының төмендеуі, эпидемия мен соғыстар деп пайымдайды. Хараппа өркениетінің ықпалы Пәкстан мен Үндістан халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталып келеді.