5 Желтоқсан 2012, 08:13
Майдағы ойдағылар
Жарқын жолды еңбек еліне жарық жүзді Май келеді. Жылында бір келсе де, әр келісінде жаңа нәсіл, жаңа тарих, жаңа әлем жарастығындай келеді. Анық күмәнсіз шындық бойынша, әлем жүзіндегі еңбекші халық атаулының бар шебін тұтастырып, біріктіре келетін жаңа Май — адамзаттың жаңа тарихы, жас нәсілі қош тұтатын қадірлі күн.
Әр келісі — жаңа келіс, бірде-бір келісінде дағдылы, үйреншікті, ескілікті жай боп келмейді. Жыл сайын тарихтың тағы бір ашылмаған тың бетін, нұр бетін желпи ашып келеді.
Біздің Отандағы туысқан халықтар мен олардың бар нәсілдері үшін Май — шат шұғылалы мереке мейрамы. Дәл осы күнде Отанымыздағы әрбір саналы жан өзінің айналасымен, асыл дүниесімен иық сүйескен байланысын, жалғасын, бекем берік достығын тандай түседі.
Үй ішіңе, еңбек еткен дос коллективіне, халқыңа, бар халықтар достығына және әсіресе ұлы Отаныңа көп сырыңмен, шыныңмен байланысты екенінді сезіну — анық бақыт, ырыс шағы. Май күніне сай көңіл біздің адам көңілінде ең алдымен осылай білінеді.
Бұндай ұлы күнде ырзалық, шаттық қос қанаттап, бойды өсіре, ойды қостай сезіледі. Әр көңілде, әр жүзде, әрбір тілден шыққан шын сөзінде, ең алдымен, ұлы Отан үшін зор мақтан аралас алғыс айтылғысы келеді. Отандық мақтан — тек біздің заман, біздің Отан адамы ғана мол сезінген, өзгеше қадірлі, ыстық сезім. Біз Отанымызды дәл бүгінгі шағының, бүгінгі ғана бір жарқын күнінің өз көлемінде алғанда да, шын мақтанышпен ойлаймыз. Ең әуелі бар әлемге барынша достық мейірбан көңіл танытқан асыл ұранда- рымыз үшін қуанамыз. Өзге Отан емес, біздің Отан ғана жер жүзіндегі дұрыс бағыттағы қауым, халық атаулының барлығына бар бейілден үлкен ұран, ұлы мұрат атауларын береді. Біздің Отан ғана бүгінгі Бірінші Май күні "Бейбітшілік үшін, демократия үшін, социализм үшін күресуші барлық халықтарға туысқандық сәлем!" дейді.
Біздің Отан ұраны: "Барлық елдердің еңбекшілері! Соғысты болдырмауға болады және болдырмау керек! Соғыс қаупіне қарсы, бейбітшілік үшін және халықтар арасындағы ынтымақ үшін күрестің туын жоғары ұстайық!" дейді. Және де біздің жаңа Майдың ұлы атой асыл ұрандары үн салады.
"Бейбітшілік, демократия және халықтардың тәуелсіздігі үшін күрестегі коммунистер, социалистер және басқа прогресшіл күштер арасындағы ынтымақ нығая берсін!" дейді. Осы ұлы мейір, мереке күнінде біздің Отан тағы да зор ұран, атой береді. "Отарлық езгінің бұғауларын сыпырып тастаған, бейбітшілік, бостандық және өздерінің ұлттық тәуелсіздігін нығайту үшін күресіп жатқан Шығыс халықтарына жалынды сәлем!" дейміз.
Тағы біздің Отан асыл ұран етіп, үлкен шынын айтады! "Әр түрлі қоғамдық системалардың бейбіт қатар өмір сүруінің лениндік саясаты жасасын!" Ол — Совет Одағының сыртқы саясатының ұлы арнасы, мемлекеттер арасындағы бейбітшілікті нығайтатын экономикалық, мәдениеттік байланыстарды дамытатын лениндік саясат.
Дүние жүзі халықтарына, мемлекеттеріне, қоғамдарына тұтас арнаған осындай жалынды ұран, жарқын сәлем — біздің Отан қуатының, әділдігінің, достық ниетінің шындық айғақтары. Дүние жүзі халықтарының, жұмысшы, еңбекші табының бәріне ортақ ұлы Май күніне сай осындай ұрандар тудырды біздің Отан. Май күні патриот совет азаматының өскелең ойы, қанатты қиялы, шат сезімі, мақтан ететін ұрандар — осылар.
Дәл осы тәрізді алдағы биік белдей, ұзақ өріске қалың жұртын бастаған асыл ұран біздің Одақтың өз ішіндегі халықтары, қауымдары мен әр саладағы еңбек топтары баршасына арналған тағы тың ұрандар тудырды. Ол - басшылық өзғын ойлар, социалистік өндіріс қайраткерлеріне, ауылшаруашылық қызметкерлеріне, мәдениет майданының қалың қауым, талай топтарына арналған алға бастар асыл атойлар.
"Социалистік өнеркәсіптің қызметкерлері! Техникалық прогресс үшін және еңбек өнімділігін мейлінше арттыру үшін күресіңдер! Отандық және шетелдік ғылым мен тех- никаның ең жаңа жетістіктерін, кәсіпорындардың өзат тәжірибесін өндіріске енгізіңдер!" деген қымбат қамқор талап айтылады.
"Ауыл шаруашылығының қызметкерлері! Бүкіл ауылшаруашылық өндірісінің негізі — астық шаруашылығын одан әрі өрге бастыру үшін күресіңдер!
Астықтың жыл сайынғы жалпы түсімін 11 миллиард пұтқа дейін жеткізейік" дейді. Тағы бір қадірлі ұран: "Тың және тыңайған жерлерді игеріп жатқан ауыл шаруашылығының қызметкерлеріне жалынды сәлем!
Еліміздің Шығыс аудандарында астық өндірудің қуатты базасын жасайық!" дейді. Социалистік Қазақстан тәрізді кен теңіз жүзіндей тыңдар даласын гүлдентіп жатқан өлкелерде бұл ұранның әр жүрекке, жекелей арналғандай, ыстық қымбат қадірі бар! Шексіз шаттық Май күні Отанның бізге арналған асыл сәлемін сол майдай ашық көңілмен қарсы аламыз!
Сан салалы мол салтанатымен өрге басып, дамып, өсіп келе жатқан мәдениет майданы да Отанның арнаулы талап тапсырмаларын өнімді еңбек жолдамасындай есітіп отыр, қадір тұтқан қалтқысыз көңілмен қабыл алып отыр. Бұл жөнінде ғылым қайраткерлері, әдебиет пен искусствоның шабытты өнерпаздары, халық ағарту майданының қайраткерлері мен басқа да барлық мәдениетті, гүлденген өмір көп саласының қайраткерлері, баршамыз да өзімізге арналған Отан сәлемін қош тұтамыз, құп аламыз.
Сол қатарда, мысалы, әдебиет майданының адамы есебінде, біз Қазақстан жазушылары атынан Отан ұранындағы ұлы тапсырманы ойдағыдай орындау асыл қарызымыз деп білеміз. Ол ұран, тапсырма: "Әдебиет пен искусство қызметкерлері! Әдебиет пен искусствоның жоғары идеялылығы үшін күресіңдер, суреткерлік шеберліктерінді тынбастан жетілдіре беріндер! Біздің ұлы халқымызға лайықты шығармалар жасаңдар!" — дейді.
Ұлы мереке күнінде барлық Отанды сүйген азамат көңілі әрбір совет адамын ең әуелі Отан үшін қуантады. Сонымен қатар және де өзі туған республикасы үшін де, өзі еңбек еткен облысы, қаласы, ауданы, өндірісі және талай жанға қадірлі қымбат жақын қоғамы — өз ортасы, коллективі үшін де қуанады. Мақтанатын жайлар мол, мейлінше орынды да сенімді! Сол ретте біз де республикамыз — бақытты Қазақстан үшін де қуанышпен мақтан ететін талай жарқын жайларымызды, майдай айқын күнде, ашық барлап еске аламыз.
Біз өзіміздің туған республикамыз — күншуақты Қазақстанды әрдайым сүйеміз де, қадір тұтамыз. Оның зор табыс-жеңісі мен гүлденіп өрлеу, өсуіне қарап, шат көңілмен шын қуанамыз. Бар сала тіршіліктегі көрнекті табыстарды алаңсыз көңілмен мақтан етеміз. Осы арада ерекше бір ойға оралатын жай — үстіміздегі бесжылдық пен келер бесжыл- дық көлемінде республикада күрделі өндіріс қатты өркендеп өсетіні жөнінде.
Бұрынғы күрек-шот, балта-балға, пышақ-шақпақ тәрізді қара темір ұстасы, мимырт еңбекпен жасайтын болымсыз қолөнері ғана болған өлкемізде қазір машина жасаудың өзі де өркендей өскелі түр. Жақын шақта Қазақстан машина, станок атаулының өзінен де 150 түрлі үлгісін шығарады. Бір Қазақстан емес, СССР, Қытай сияқты үлкен мемлекеттердің көп өлкелеріне Қазақстанда туған машина, станоктар тарап баратын боп отыр.
Жақын заманда Павлодар қаласында комбайн заводы іске қосылуымен қатар, барлық Отанымызда, тіпті бар дүниеде бұрын құрылып болмаған комбайн өндірісі іске басады. Сол қалада және де алюминий заводы, ферросплав заводы, Петропавлда прокат заводы өзіне бөлек өзгеше зор. Олар Одақ көлеміндегі ең елеулі өндіріс орындары болмақшы. Тыңнан қосылатын, біздің республикада жасалатын зор өндіріс қазаны болады. Солардай зор масштабта өз алуанымен Қостанайдағы Соколов-Сарыбай кені іске қосылады. Ертіс бойындағы зор ГЭС-тер: Шульба ГЭС-і, Бұқтырма ГЭС-і қазір Өскеменде құрылған "Ертісстройдың" бүгінгі зор табыстық қалпынан да асып түспекші. Екібастұз кен құрылысымен қатар, Қазақстанда туған талай асыл қазына жас қалалары жарқырай жайнайды. Қазақстан картасына көңіл бөліп, көз тастасаң, солар шеттерінен "мен мұндалап" лебімен тартып тұрғандай.
Бір топ қызық атты қалалар ерекше есіңе түседі. Теміртау, Кентау, Шолақтау, Хромтау, Жезқазған, Қоңыраттар— өздері де бір жаңа елдік, жаңа мемлекеттік тірлік жайын жырлаған жырдың әсем ұйқастары тәрізді. Аттарымен де заттарын ыстық танытқандай болады.
Осындай, немесе бұдан да зор шат көңіл жұбанышы, тірегі боп Қазақстанның соңғы жылдардағы ауыл шаруашылық өндірісі де ерекше еске келеді. Тың мен тыңайған жерді құт даласына айналдырып жатқан еңбекші Қазақстан бұл күндерде барлық Отан көлеміндегі кәрі-жастың бәр-бәріне қымбат та, қадірлі өлкеге айналған. Жалғыз Қазақстан емес, Одақ емес, бүкіл әлем көлеміне де біздің туған республикамыздың алтын астық кені болған жайлары мол тарап жатыр.
Жылдан жыл аса түсіп, үдей түскен кен еңбек біздің республикада да одақтық ауыл шаруашылығы тарихының жаңа беттерін тудырып отыр. Дағдылы дала ғана, сан сала өлкелер ғана емес, көлденеңі мен ұзыны қайсы екенін айырып болмас, шалқар ұзақ сахара да алтын астық өлкесіне айналды. Сол иесіз, елсіз тұрған кен жерлердің бұрынғы құлазыған қыбырсыз қалпы, меңіреудей тыныштық, үнсіздік күйі мүлде өзгерді. Ырыс үшін өзгерді. Отан байлығы, халық қазынасы боп өзгерді. Алтын дән туып жатқан тындарда сол дәнмен барабар кішігірім совхоз қалалары, МТС орталықтары, жаңа колхоз, жас үй дүкендері орнап жатыр. Жүздеп, мыңдап, сан мыңдап туып отыр.
Бұл жайды ойлағанда да жарқыраған май күніндей көңіл жайды, қуанышты ырзалық күйді сезінесің. Өзіңе бөлек үлкен өмір саласы — Қазақстанда күн санап көркейіп дамып келе жатқан мәдениет жайы. Өткен заман мен бүгінгіні, арада қырық шамалы жыл өтсе де, еске алмай-ақ қоямыз. Орта жасқа келген, қырық-елу жыл ғана өмір сүрген қазақ ер-әйелінің өмір жолының өзі-ақ, бүгінгі бақытты дәуірге қазақ халқының қаншалық ғасырлардан аттап өтіп жеткенін танытады. Ол жөнге ұзап бойламай-ақ, дәл соңғы жылдар ішінде Қазақстанда өнер, мәдениет ұдайы үдей түсіп, өрлеп келе жатқанын көреміз. Жоғары дәрежелі жаңа оқу орындары ашылып жатыр. Бұрын орнаған Ғылым академиясы, баспа орындары, әдебиет-көркемөнер саласы да советтік қазақ халқының өзгеше нәрлі, нұрлы жаңа мәдениетін танытып отыр.
Бір Қазақстан көлемі емес, барлық Одақ шеңберінде, одан қала берсе, едәуір мол сырт мемлекеттерге де Қазақстан мәдениет табыстары әр саладан биіктеп шығып, бой сөзып көрініп, танылып жүр. Искусство мен әдебиет жөніндегі біздің республика табысы жақын заманда барлық Отан орталығы Москваға баратын әзірлікпен күшейе түспек.
Социалистік Отанымыздың барлық мол сала тіршілігіне жүйелік жай мен практикалық, ұйыстырушылық жағынан да зор басшылық ойлар тудырған Коммунистік партияның XX съезі біздің бар сала мәдениет құрылысымызға да көптен-көп ойлар мен бағыт-бағдар белгілеп берді. Сол ретте Қазақстанның әдебиеті мен искусствосы алдағы жылдарда үлкен көрмеге апаратын өз табыстарын партияның XX съезі қойып отырған талаптарға мейлінше сай етіп, ойдағыдай жауап боларлық етіп әзірлеу керек. Бүгінгі күн біз қуаныш- пен, мактанышпен бар халқымыз боп қабылдап отырған Май ұрандарының ішінде, әдебиет пен искусствоны өркендету жөніндегі шарт-талаптарды айрықша ықылас-ынтамен қабыл аламыз.
Және қазақ совет әдебиеті мен искусствосын, ғылым табыстарын өрлете, өсіру үшін мол сенім, зор санамен кірісеміз. Әдебиет те, искусство да, ғылым саласында көрінетін социалистік Қазақстан да ірі өндіріс пен тың жерлер даласында ұлы табыстарға жетіп отырған Қазақстанға сай келсін дейміз.
Совет адамының мол қажыр, биік санамен ерлік еңбек етіп, ірі табыстарға жетіп жүрген қабілет-қасиеттеріне тең боларлық ғылым жаңалықтары үдей түссін. Әдебиет пен искусство майданында шынайы, сапалы табыстар саны молайсын. Сол ретте бізде, социалистік Қазақстанда да, қажырлы патриот совет ғалымдары өзі еңбек еткен ғылым саласынан Одақ көлеміне даңқты болар соңы ғылым еңбектерін тудырсын. Бізде — социалистік Қазақстанда Одақ көлеміне және барлық прогресшіл мәдениет әлеміне қасиеті, шеберлігі танылып, баға алатын еңсесі биік, сапасы зор, көріктілігі көңіл қуантар роман тусын. Сондай зор сапалы пьесалар сахнаға шықсын және сондайлық достық, тілектестік көңілмен совет халқының талабына сай айтылған ән, жазылған жыр, поэмалар көбейсін. ... Сондайлық республика мен барлық Отан ырза боларлық, мақтан етерлік опералар, кино-суреттер, шынайы көркемөнерлі спектакльдер тусын дейміз. Сол спектакльдерде ән-әуендермен, шебер ойындармен ойдағыдай образдар жасайтын артистер еңбегі көруші жұртшылығын қуантсын дейміз!
Қазақстан суретшілері биік фантазиясымен, өнерлі шебер композициясымен мәдениетті, шынайы өнерлі, өскелең шеберлік тапсын дейміз. Қазақстан композиторларының табыстан табысқа қарай аса түскен әсем күйлері түрлене толқысын!
Советтік Қазақстанның қоғамдық, шаруашылық, мәдениеттік және өнерлі шеберлік салаларындағы барлық іс-ізденулер осы аталғандай өрге басады. Осылай болу мүмкіндігіне біздің жұртымыз, партия, үкімет басшылығымыз мейлінше сенеді. Сене отырып, анық заманымызға сай жемістер, табыстар тосады. Сол табыстардың ойдағыдай оралып келуіне кепіл болатын, зор сенім тірегі — біздің бар саладағы тірлігімізді, табыс, жеңісімізді бастаушы Коммунистік партия басшылығы. Ленинизм жолына берік бағытта біздің бар тарихтық тірлігімізді бастайтын, алыс - жақын тарихымызды алып баратын ұлы Партия!
Шарықтаған шабытқа, алғыр ойға, асқын қиялға жетелеуші де, жеткізуші де ұлы Ленин нұсқаған жолмен берік басып келе жатқан партия басшылығы! Халықтарымыз бен тарихымыздың өткен кездердегі бар сенім мүддесін ақтап, адал қып келген партияға барынша сенім артамыз! Сүйінішті тілек қосқан көңілмен біз бүгінгі мейірлі мейрам Май күні: "Коммунизм орнатушы - ұлы совет халқы жасасын!" дейміз.
Коммунизм орнату жолында совет халқының тартысын бастаушы, рухтандырушы ұлы Совет Одағының Коммунистік партиясы жасасын!
Мұхтар Әуезов