5 Желтоқсан 2012, 07:37
ЕСЕНБЕРЛИН Ілияс (1915, Атбасар қ. – 1983, Алматы) – жазушы. Қазақ тау-кен және металлургия ин-тын бітірген (1940). 2-дүниежүз. соғысына қатысқан. 1942 – 47 ж. Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы, 1947 – 51 ж. Қазақ филармониясының директоры, 1953 – 54 ж. Қазақстан Геология мин-нде аға инспектор, 1954 – 55 ж. Ақтөбе обл-ндағы Берсүгір шахта басқармасының бастығы, 1955 – 57 ж. Қазақ мемл. көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958 – 67 ж. «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967 – 71 ж. «Жазушы» баспасының директоры, 1971 – 75 ж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы қызметтерін атқарды. Е-нің алғашқы шығармалары баспасөз бетінде 1940 жылдан бастап жарық көрді. Ол поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия саласында жемісті еңбек етті. Алғашында ақын ретінде танылды. «Сұлтан», «Айша» (1945), «Адамгершілік туралы жыр» (1949), «Большевик туралы поэма» (1957), «Біржан сал трагедиясы» (1959) дастандары жарияланды. 20 ғ-дың 60-жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965), орыс тілінде жазылған «Адам туралы ән» (1957) повестері жарық көрді. Жазушы қазақ әдебиетінде роман жанрын дамытуға, әсіресе, тарихи тақырыпты игеруге елеулі үлес қосты. «Айқас» (1966), «Ғашықтар» (1968), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974), «Көшпенділер» трилогиясы (1976), т.б. романдары жарияланды. Жазушының «Айқас», «Қатерлі өткел» романдары – қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасу жолындағы күрделі әлеум. және рухани құбылыстарды суреттеген патриоттық рухтағы шығармалар. Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресін, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісін алғаш рет ұлттық көзқарас тұрғысынан шынайы суреттеген «Қаһар» романы ұлттық сананы оятып, қоғамда рухани қозғалыс тудырған, әдебиеттегі елеулі құбылыс болды. Дүниетанымдық көзқарастар тартысын шынайы бейнелеген «Айқас» романы үшін жазушыға 1968 ж. Қазақстан Мемл. сыйл. берілді. Е. – 40-тан астам ән мәтіндерінің авторы. Е-нің шығармалары орыс, украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, болгар, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілдерінде жарияланды. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. Атбасар қ-ндағы, Алматыдағы мектептерге, көшелерге Е-нің есімі берілген.
Әдеб.: Тілепов Ж., Есенберлин романдарындағы конфликт мәселелері, А., 1969; Бердібаев Р., Тарихи роман мәселелері, А., 1978; Алпысбаев Қ., Тарихи шығарма: таным және көркемдік, А., 1999.