5 Желтоқсан 2012, 07:35
Форт-Шевченко – қала. Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Каспий теңізінің шығыс жағасында, облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км жерде орналасқан. Тұрғыны 4,5 мың адам (2007). Орта ғасырларда бұл жерде теңіз айлағы – Кетікқала қалашығы орналасқан. Бекініс аумағында жүргізілген археол. қазбалар нәтижесі бойынша Кетікқала қалашығы 10 – 15 ғ-ларда Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық орталықтарымен сауда байланыстары болғанын айғақтайды. Каспий теңізінің шығыс жағалауын игеру мақсатында 1716 ж. Ресей патшасы Петр І-нің әмірімен А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция осы жерде алғашқы «Әулие Петр» орыс қамалының іргетасын қалады. 1846 ж. штабс-капитан М.И. Иваниннің басшылығымен Ново-Петровск бекінісі бой көтерді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған қала Форт-Александровск, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Форт-Урицкий, 1939 жылдан қазіргі атымен аталады. Қаланың шетінде Қорғантас тауында қираған бекіністің қалдықтары сақталған. 1882 ж. Форт-Александровск Маңғыстау уезінің орталығы болып, 1896 ж. оған қала атағы берілді. 1850 – 57 ж. мұнда украинның ұлы ақыны Т.Г. Шевченко айдауда болды. 1932 ж. Шевченконың мемориалдық мұражайы ашылды. 1928 ж. Форт-Шевченкоға қала мәртебесі берілді. 1938 – 63 ж. Шевченко ауданының орталығы, 2001 – 92 ж. облысы бағыныстағы қала болып келді. 1992 жылдан жаңадан құрылған Түпқараған ауданының орт., ауд. бағыныстағы қала. Каспий теңізі қайраңынан табылған мұнайды игеруге байланысты Форт-Шевченко соңғы 5 жыл ішінде қауырт дами бастады. Шет ел мұнай-газ компаниялары базасы осы қалада орналасқан. 2006 ж. қаланың 160 жылдық мерейтойы өтті. Қалада ӨК, комбинат, автокөлік кәсіпорны, т.б. мекемелер бар. Баспахана, ауданға байланыс бөлімі, 2 мектеп, 4 балабақша, мәдениет үйі, 2 кітапхана, 3 мұражай, қонақ үй, автоматты телефон станция, аудандық аурухана мен емхана, дәріхана, санэпидемиологиялық станция жұмыс істейді. Облыс орталығымен және аудандағы елді мекендермен автомоб. жолы арқылы байланысады. Форт-Шевченко қаласында 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басындағы азаматтық сәулет ескерткіштері орналасқан. Қалада Маңғыстау өлкесі тарихында елеулі із қалдырған белгілі тас өңдеу шебері Ідіріс Серікбаев, бай кәсіпкер, меценат З.Дубский, түрікмен ақыны Хатам-шайыр, жырау Мұрын Сеңгірбайұлы, т.б. тұрған. Қаладағы тарихи ғимараттар: Ново-Петровск бекінісінің қалдықтары (1846), Шевченко мемориалдық мұражайы (1847 – 57), Төменгі (1851) және Жоғарғы (1862) Түпқараған шамшырақтары, халық үйі (1880 – 82), Қорғантас түбіндегі ғибадатхана (1891), қалалық байланыс торабының ғимараттары (1912), Қ.Серікбаевтың тұрған үйі (1929), М.Сеңгірбайұлының тұрған үйі (20 ғ-дың ортасы, қазіргі Мұрын жырау мемориалдық мұражайы), т.б.; бұлардың барлығы да мемл. қорғауға алынған.