Уәли ханның кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі
АЙҒАНЫМ Сарғалдаққызы (1783, Солт. Қазақстан обл. Сырымбет өңірі — 1853, сонда) — Уәли ханның кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі.
Солт. Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге ықпал етті. А. өз кезеңінің алдыңғы қатарлы адамы болған, шығыстың бірнеше тілдерін білген. Петербургтегі Солт. к-тімен, Ресей сыртқы істер мин-нің Азия департаментімен хат жазысып, Омбыдағы, Тобыл мен Петропавлдағы шенеуніктермен тығыз байланыс орнатқан.
А. Шоқан үшін нағыз даналықтың үлгісі болды. Әжесі оған халықтың ежелгі аңыздарын, әңгімелерін айтып, өткен тарихи оқиғаларды еске түсірді. Уәли ханның өлімінен кейін (1821) барлық мұра оның ұлдары арасында бөлінді. «Ханның қызыл ағашы» ордасы — үлкен ұлы Ғұбайдолланың ұрпақтарына, Сырымбет Уәлидің кіші әйелі — А-нан туған балалардың иелігіне қалды.
Уәли қайтыс болғанда Шоқанның әкесі — Шыңғыс небәрі 10 жаста болатын. Дәстүр бойынша әкенің барлық мұрасы Ғұбайдоллаға өтуге тиіс еді. Бірақ ол кейбір саяси жағдайларға байланысты мұраны иелене алмады. Ұзақ жылдар қудалауда жүріп, қаза тапты. Сондықтан халықты басқару тізгінін Уәлидің жесірі А. а, 30 жыл уақыт бойы үлкен округ билеушісі болды. Жергілікті тұрғындар оны аса қадірледі. Мұрағат материалдары куә болғандай, оның саяси-қоғамдық мүдде тұрғысынан аясы кең болды, Орт. және Солт. Қазақстандағы бірде-бір маңызды оқиға оның қатысуынсыз өтпеді.
А. дала төсіндегі әртүрлі әлеуметтік топтар мен рулар арасында, қазақтар мен орыстар арасында татулық қатынас болуына күш салды. Ол Қазақстанда геодезиялық және этногр. зерттеулер жүргізген ғалымдар мен инженерлерге көмектесті. П.П. Семенов-Тян-Шанский былай деп жазған еді: «Айғаным, ... Уәли ханның жесірі өзінің балаларымен бірге Ресейге адал күйінде қалды... І Александр жесір әйелді ерекше құрметтейді... және оған Сырымбетте Шоқан Уәлиханов тұрған үйді салуға жарлық етті».
А. ауылында мектеп болды, онда балалар тек діни ғана емес, зиялыларға тән білім алды, сондай-ақ мешіт, қонақтарға арналған үй, диірмен, монша, шаруашылық құрылыстар, ат кермелері, т.б. болды. 1828 ж. Батыс Сібірді тексеру үшін келген Сенат өкілдері В.К. Безродный және Б.А. Куракинмен Қызылжарда (Петропавлда) кездесіп, халықтың талап-тілегі жазылған хатты тапсырды.
Өзінің ұлы Шыңғысты Омбы әскери уч-щесіне оқуға жіберді. 12 жасар Шоқан өзінің анасы Зейнептің қарсылығына қарамай, ол да Омбыға оқуға аттанды. А. Шоқанның дүниетанымының қалыптасуына зор ықпал етті. С.Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында А-ның парасатты да тартымды бейнесін шебер сомдаған.