5 Желтоқсан 2012, 06:21
Қопарылыс – белгілі бір шектелген аумақта өте мол энергия бөліп шығаратын процесс. Қопарғыш заттар Қ. әсерінен лезде бір күйден екінші күйге ауысып, аса қызған жоғары қысымдағы газға айналады, әрі бастапқы көлемін мыңдаған есе ұлғайтып, айналасындағы заттарға кенеттен әсер етеді, қиратады немесе оларды қозғалысқа келтіреді. Қ-тың ең жиі қолданылатын түрі – химиялық қопарғыш заттар Қ-ы. Қопарғыш заттар сыртқы әсерлер (мыс., оттың, мех. соққының, детонацияның, т.б.) нәтижесінде тез арада хим. өзгеріске түсіп, молекулалардың арасындағы байланыс энергиясы жылу түрінде бөлінеді. Белгілі бір көлемдегі заттың кез келген нүктесіндегі хим. өзгерістен туындаған жылу лезде қопарғыш заттан тысқары шығып үлгірмейтіндіктен, темп-ра артады да, процесс үдеп жылулық Қ. пайда болады. Заттың соққы толқынымен сығылған қабаты хим. ыдырауға бейім келеді. Атом ядроларының бөлшектенуі кезінде ядролық Қ. туады. Мұнда бір атом ядросы бөлшектену арқылы екінші бір элементтердің ядросына айналады да, өте мол энергия бөлінеді. Ядр. Қ. уран мен плутоний изотоптары ядроларының бөлшектену әсерінен басқа жеңіл элемент ядроларын түзу құбылысына негізделген. Ядр. Қ-тың екінші бір түрі – жеңіл ядроларды синтездеу реакциясы. Одан бөлінетін энергияның мөлшері ауыр ядролардың бөлшектенуінен туатын энергиядан әлде қайда көп болады. Күннің хромосфералық жарқылдауы да қуатты Қ. болып есептелінеді. ұарыш кеңістігінде жаңа жұлдыздардың пайда болуы және галактика ядроларының жарқылынан болған Қ. бірнеше сағат ішінде шамамен 1038 – 1050 Дж энергия бөледі. Қ-тардан бөлінетін энергия қоры қопарғыш заттың бойында молек. не ядр. байланыс ретінде ұшырасады. Сыртқы энергия әсерінен физикалық Қ-тар туындайды. Оларға: 1) кез келген ортада өтетін қуатты эл. разряды. Бұл разряд өзі өткен ортаны қыздырады әрі жоғары қысымды иондалған газға айналдырады; 2) металл өткізгіштерден өте күшті ток өткенде жоғарыдағыдай құбылыс (металл бірден буға айналады) байқалады; 3) жоғары қысымдағы газ баллондарының (жабулы қазандар, сұйық не балқыған зат құйылған түтіктер, т.б.) қопарылуы; 4) жоғары жылдамдықпен (ондаған км/с) қозғалған қатты денелердің соқтығысуы, т.б. мысалдар бола алады. Табиғатта Қ-ты әр түрлі құбылыстар тудырады. Мыс., найзағай жарқылындағы қуатты эл. разряды, жанартаудың кенет атқылауы, аспаннан Жер бетіне метеориттің құлап түсуі. Қ-тың қолдан жасалатын жасанды түрлері кен қазу мен барлау істерінде, құрылыс (үлкен су бөгеттерін, жолдар, туннельдер, т.б.) жұмыстарында кең қолданылады.