5 Желтоқсан 2012, 05:53
Ұлытау ұлттық қорығы (Ұлытау ұлттық тарихи, мәдени және табиғи мұражай қорығы).
Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 990 жылы 29 қарашадағы қаулысына орай құрылған. Ұлытау ұлттық қорығы республикадағы тарихи-мәдени ескерткіштердің үлкен бір шоғыры орналасқан өлкені қамтиды.
География-ботаникалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының анықтауы бойынша бұл өңірде дәрі-дәрмектік өсімдіктердің 400 түрі, малазықтық шөптің – 100, тағамдық өсімдіктің – 50, техникалық өсімдіктің – 70, улы өсімдіктердің 40-тан астам түрі, оның ішінде басқа жерлерде сирек ұшырасатын түрлері де бар. Бұл өсімдіктердің бірсыпырасы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Мұнда таулы қыратты мекендейтін жануарлардың да (мыс., арқар, ақбастырна, безгелдек, дуадақ. жыланжегіш, қара дегелек, қыран, тағы басқалар) түрі мол.
Ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның тұжырымдауынша, Ұлытау өңірі қола дәуірінің ірі металлургия ошағы болған, оның айғағыАрғанаты, Алтынқазған, Жартас, Қарашоқыдан табылған ертедегі тұрақтар болып табылады. Бұл өңірде байырғы көшпелі елдің ескерткіштері де кездеседі. Ұлытау тарихындағы бір ерекшелік – Кіші Жібек жолы бойымен Орталық АзияныСібірмен жалғастырған үлкен керуен жолы өткен.
Орталық Қазақстандағы жаңа зерттеулердің нәтижесінде Ұлытау төңірегінде мыңдаған жылдар бұрын мәдениеттің дамуы мен алмасуында күрделі өсу кезеңінің болғаны анықталды. 18–19 ғасырлардың басында жүргізілген зерттеулер тек ескерткіштерді тізімдеумен ғана шектелген.
1946 жылы Байқоңыр, Бұланты, Жезді, Кеңгір, тағы басқа өзендердің бойында үлкен барлау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде Жезді–Сарыкеңгір өзендерінің алаптарындаҰлытау, Арғанаты тауларындағы ежелгі адамдардың тұрағы анықталды. Әсіресе ертедегі дала көшпенділерінің тастан үйілген белгі-қорғандары осы өркениеттің көп құпиясын өз ішінде сақтап келді. Ұлытау ұлттық қорының географиялық-тарихи, табиғи-мәдени ескерткіштері республика ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектерінің нысанына айналды.
«Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи ұлттық қорық-мұражайы - Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау селосында орналасқан.
Республикалық маңызы бар мұражайлардың бірі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1990 жылы 29 қарашадағы № 466 қаулысымен құрылған, алып жатқан жер көлемі 1883 шаршы км.
Мұражай қорық аумағында ежелден келе жатқан (шамамен б. д. д. 5000 жылдар) некропольдар орналасқан. Олардың жалпы саны 200 -ге жуық.
Осы өңірде яғни қорық көлеміне 700 ден астам тарихи-археологиялық және архитектуралық ескерткіштер орналасқан, оның ішінде Республикалық маңызы бар 12 ескерткіш. Атап айтқанда: Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Лабақ, Мақат саханасы, Ерден, Кетебай, Жакуда-Ишан, Басқамыр қалашығы, Ақмешіт әулие, Едіге, Айранбай мазарлары.
Оның сыртында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 20 қараша № 295 бұйрығымен «Мемлекеттің тұтастығы мен Қазақстан халықтарының бірілігінің белгісі» «Ұлытау» мұражай-қорығына 2006 жылы 6 желтоқсанда қабылданды. Ұлытау өңірі өзінің тарихқа толы ескерткіштерімен ғана белгілі емес, табиғатында да ерекшелігі бар. Жалпы аумағы 18 млн. Гектарды алатын қорық солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатқан Ұлытау, Арғанаты, Желдіадыр, Байқоңыр, Майтөбе, Аралтөбе, Үш қағыл тау бөктерінен тұрады
Географиялық, ботаникалық зерттеулердің анықтауы бойынша бұл өңірде жалпы өсімдіктің 617 түрі өседі, оның ішінде 90 түрлі өсімдіктің дәрілік қасиеті бар.
Мұражай 2 қабатты ғимараттан тұрады. Жалпы ауданы 583,2 кв. м.
Мұражай ғимаратында 8 бөлме орналасқан:
1. Сирек қол жазбалар бөлмесі;
2. Тарихи бөлме;
3. Ұлытау зиялыларына арналған бөлме;
4. Этнографиялық бөлме;
5. Қазақ хандарына арналған бөлме;
6. Ұлытау табиғатына арналған бөлме;
7. Минералдар бөлмесі;
8. Ұлытау өңірінің сирек жәндіктер бөлмесі.
Мұражай қызметкерлері тарихи археологиялық ескерткіштерді қорғау, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында жұмыстар атқаруда.