5 Желтоқсан 2012, 05:47
Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар
Бұл жөнде сөз қылатынымыз Қазақстанның мемлекеттік драма театрының ғана тәжірибесі. Өйткені біздің облыстық, аудандық театрларымыз әзір аударма пьесаларды қоюға кірісе алмай келеді.
Мемлекеттік драма театрының аударма пьесаларды қоюға ең алғаш дұрыстап кірісе бастаған уақыты 1932—33 жылдардан басталады. 1932 жылдың көктемінде режиссер Танеевтің басқаруымен "Сүңгуір қайық" қойылды.
1933 жылдың басында драма театрының көрнекті режиссері, қазірде еңбегі сіңген артистің атын алып отырған Насонов жолдас "Астық" пьесасын қойды. Содан бері қарай Насонов "Досымды", "Жойқын князь Мстиславты" қойды.
Өткен 1936 жылы драма театрына ірі білімді, тәжірибелі, талантты режиссер, қазіргі халық артисі Боров жолдас келісімен "Ақсүйектер" қойылып еді. Биыл "Ревизорды" қойып беріп отыр.
Осы тәжірибелер мемлекеттік драма театрының бұл саладағы алға қарай беттеген даңғыл жолын белгілеп берді. Жақын заманда біздің театр классиктен Шекспирді, жаңа пьесадан биыл Октябрьдің 20 жылдығына арналып шығатын пьесаның бірін қоймақ. Келесі сезонда осы сияқты екі түрлі аударма пьеса біздің сахнаға шығатыны анық. Шекспирден алынатын пьесаның аты, әзірше дәлдеп белгіленбегенмен, не "Отелло" немесе "Ромео-Джульетта" екеуінің бірі болатыны анық. Театрдың басшылығы бұл жөнде өзінің әзірлігін істеп отыр. Аударушыға қойылған шарт бойынша Шекспирдің пьесасы ағылшын тілінен аударылады. Орыс тілінен жасалған аудармалар, жай қосымша мағлұмат есебінде ғана пайдаланылады.
Міне, соңғы жылдарда Қазақстанда Мәдениет революциясының ұлы өріске басып өркендеуінің ішінде мемлекеттік драма театрының дамуы көрнекті ірі бөлегінің бірі болса, сол дамудың бір өлшеуіші осы аудармалар.
Бірақ драма театрының он жылдық тарихын шолып өтсек, аударма пьесаны қою жалғыз 1932 жылдан ғана басталмайды. Ерте кезде де бірен-саран пьесаны қойып көргені бар. Гогольдің "Үйлену" деген пьесасын, Пушкиннің "Сараң серісін" де қойып көрген. Бірақ бұл пьесаларды актерлер тіленіп қойғызғанмен, театрдың ол кездегі басшылығы әрі білімсіз надан болып, өрі әсіресе ұлтшылдық дертімен ылаңданып, қыңыратқып жүріп, анау классик пьесалардың қадір-қасиетін түсінбеген, бағаламаған. Соның салдарынан классик пьесаларды қазақ халқына нәрлі етіп көрсетуді ойламай, құнсыз, ажарсыз етіп көрсеткен. Осымен қазақ театрының сахнасында аударма пьесаның болуына мүмкіндік бермей, қайта жақсы пьесалардың құнын кетіріп, зиянды әрекет еткен. Көпшілікті аударма пьесалардан түңілткендей істер істеген.
Сондықтан да, мәдениетті режиссер келіп жаңа пьесаны дұрыстап қойғанша, бірнеше жыл бойына драма театры аударма пьесаларға жанаса алмай, қол үзіп қалған.
Ал енді аударма пьесаларды жалпы алғанда, біздің театрдың коллективі үшін, және жалпы жаңа жұртшылығымыз үшін қандай тарихи ірі қасиеттері бар?
Мұндай, басы ашық тұрған екі үлкен жайды айту керек. Бірінші — совет драматургиясының алдыңғы қатарлы пьесаларын қою арқылы драма театры интернационалдық тәрбиені күшейтеді. Көпшілікке совет мәдениетінің табыстарын танытып, ұғымды, қонымды етіп танытып, сол мәдениетті сүюге, "өз тәнім" деп тануға баулиды. Совет пьесасы мен сол пьесаның образдарын қазақ жұртшылығы "жалпы социалистік, интернационалдық қазынам, және сол себепті өз пьесам, өз образдарым" деп таниды. Қазақ тіліндегі жас әдебиетімізбен саны аз ғана оригиналдарымызда жаңа тарихтың геройлары әзірше жарым-жартылап қана көрсетілсе, жалпы совет драматургиясында олар көлемдірек, кеңірек боп алуан-алуан саладан көрінеді. Партия мен совет құрылысының үлкен адамдарын болсын, немесе сүңгуірлер, ұшқыштар, қызыл әскерлер геройларын болсын — барлығын да жалпы совет қорынан көбірек табамыз. Осыларды қазақ артисінің ойнап бере алуы, театрдың мәдениетті түрде қоя білуі, бір жағынан біздегі мәдениет фронтының дамуын көрсетеді. Екінші жағынан драма театры көпшілікке, төңкерісші реалист театрдың беретін үлгі, нәрін береді, тәрбие береді.
Бұл пьесалардың зор қасиеті қазақ актерін жалғыз қазақ пьесасының көлемінде қалдырмай, сол актер типінің өзін де өзгерте, өсіреді. Қазақ актерін советтің интернационалдық мүсіні бар қайраткер етеді.
Ол пьесалардың ірі образдарын жақсы қып ойнап шығу арқылы біздің бүгінгі бірнеше ірі актеріміз үлкен сыннан өткендей боп, тәжірибе көріп, ірі табыс тапқаны бар. Мысалы, "Астық" пьесасын ойнағанда Елубай, Қапан, Қанабек, Шара, Құрманбек, Камалдар қандай белге шықты? "Ақсүйектерді" ойнағанда Мәлике, Елубай, Қалыбек, Серке, Қапан, Шәкен, Жағдайлар қандай іріледі? Жалғыз бас рольдегі актерлер емес, "Астық", "Жойқын", "Ақсүйектерде" өте көрнекті ажарлы боп көтерілген көпшілік болды.
Қазақ драма театрының тарихында бұл тәжірибелер ұмытылмайтын үлкен-үлкен тұрғылар сияқты. Бұл жердегі орыс режиссерлерінің еңбегі де шын тарихи еңбек. Ал аудармалардың ішінде совет пьесаларынан бөлек, классик пьесалар тағы бар. Оларды қою арқылы ең әуелі, біз қазақ жұртшылығын неше алуан тарихпен, неше түрлі ұлттардың, қоғамдардың, таптардың өмірімен таныстырамыз. Сол орталардағы қоғамдық мінез-құлық, мүсін-пішіндерді танытамыз.
Осыларды үлгілі режиссердің басшылығымен, өнерлі актер болып ойнап беру, біздің барлық коллективімізді үлкен өнер мұраларын баурап алуға үйретеді. Біздің актердің бұл жөніндегі өсуі, бүкіл дүние тарихының мәдениет қорына қарай қадам басып өсуді көрсетеді. Соны дұрыстап баурап алып, мәдениетті түрде пайдалануымыз арқылы біздің театрымыз да мәдениеттіліктің, өнерліліктің сынынан өтеді. Ол жалғыз театр коллективінің ғана сыны емес, барлық республиканың мәдениетінің өсу жолындағы үлкен саты, үлкен сын - белгінің бірі.
Драма театры классик мұраларына партияның берген бағасы бойынша, совет мәдениетінің негізгі көзқарасы бойынша қарайды. Сондықтан бұл жөнінде біздің театр өзіне дұрыс та, берік те бағыт белгілеп алды. Осы жолдағы істің бірінші үлкен адымы биыл қойылған "Ревизор" еді.
Бұл постановканың қазақ театры үшін тарихи табыс екенін басшы жұртшылық әбден бағалады. Қуана қарсы алды.
Актерлердің ішінде Қалыбек, Камал, Елубай, Мәлике, Серке, Шәкен, Сейфулла, Айша, Сабира, Әбен, Жанысбектер болсын, және тіпті басқа кішігірім рольдердегі жастар болсын, барлығы да ойдағыдай, сүйсінерліктей еңбек етіп шықты.
Бұрын көбінесе қазақ рольдерімен өскен актерлер "осы жолы қайтер екен" деген күдіктің бәрін жойып, қайда апарып салсаң да сүбелі актер боп шыға алатынын танытты.
Драма театры "Ревизорды" жақсы қойып шыққаннан бері "енді қай классикті болса да меңгеріп ала біледі" деген сенім тудырып отыр.
Әрине, бұл жөндегі ірі еңбек режиссер Боров жолдастікі болды.
Аударма пьесаларды мәдениетті орыс режиссеріне қойғызып, сол арқылы коллективті оқыта өсіру — ең дұрыс, ең қажет жол екенін Боров, Насонов жолдастардың еңбектері әбден танытты.
Осымен катар қойылатын бір мәселе — мемлекеттік драма театрының осы тәжірибесінен, енді Қазақстанның өзге театрлары үлгі ала бастайтын мезгіл жетті. Әсіресе облыстық театрларымыз осыны ойлану керек. Бұл күнге шейін ол театрлар аударма пьесаларға жуи алмай келеді. Мәселе режиссерге тірелгендіктен солай болып отыр. Енді сол театрлардың іс жүзінде колға алатын міндеті: мезгіл сайын өздерінің режиссерлерін қазақ драма театрына жіберіп, ұзақ уақыт мұндағы режиссер мен актерлердің ісімен таныстырып алып, сол үлгімен өз театрларына аударма пьесаны апарып қоятын болуы керек. Облыстық театрлардың аударма пьесаларға жанаспай, кешеуілдей беруі бұдан былай үлкен олқылыққа, қателікке де айналады.
Олардың әуелі классик пьесадан бастауы шарт емес. Қайта дұрысы бүгінгі пьесадан бастауы керек. Сонда жаңа пьесаны мемлекет театры қолға ала бастағанда әр облыстық театрдың режиссерлері келіп, мұндағы тәжірибені тура лаборатория үстінде танып алуына болады.
Екінші — көркемөнер комитетінің есінде болатын тағы бір нәрсе, кейбір облыстық театрға бір жаңа пьесаны апарып қойып беріп қайтуға Алматыдағы тәжірибелі режиссерлерді жіберіп отыру да дұрыс болар еді дейміз.
Ал енді аудармалар жайындағы осындай сөздермен катар, оригиналдар жайынан да біраз мәселені жеке ала кету керек. Жалпы жайды алғанда аударма мен оригинал арасында талас жоқ. Бұл екеуі драма театрының сахнасында процентпен үлеспейді. Бірде оригинал 70 процент болса, тағы бірде аударма да 70 процент бола алады. Бірақ сонымен қатар Қазақстанның драма театрының өсу жолындағы ең зор міндет оригинал жағында жатқанын ұмытпау керек.
Әсіресе жаңа тақырыпқа жазылған, партия ұйымы басшысының, қазақ стахановшысының, колхоз, совхоз далаларының қаһармандарының образдары, білім-мәдениет қызметшілерінің мүсіндері көрсетілген жаңа пьесалар жасау керек. Сондай пьесаларды театр барлық жазушыға жаздырып ала білуге күш салу қажет.
Әрбір ұлт республикасындағы театр жалпы одақтық мәдениеттің табысына жаңа табыс қосуды ең бірінші қатардағы міндетім деп біледі. Социалистік революцияның арқасында табылған табыстарды өз жеріндегі дәлел, белгілермен мол қып, көлемді көркем етіп көрсетсе, ол нұр үстіне нұр. Қазақ театры қазақ сахнасында Балқаш, Қарағанды жұмысшыларының немесе Қазақстан көлеміндегі шекарашылардың қаһармандығын ұлы образ етіп көрсете алса, ондағы сәттілік одақтық үлкен жаңалық, табыс болмақшы.
Бұл жөндегі режиссер мен актердің міндеті де ерекше зор. Драма театрының қазіргі халінде аударма пьесаларды жақсы қып қоятын режиссер күші қамтамасыз. Бірақ оригиналды да осындай етіп өсіріп, ұлғайтып қоярлық күш соншалық жеткілікті емес. Аударма пьесаларда соншалық күшті болған Боров, Насонов жолдастардың оригиналға келгенде анандай көсіле қимылдап, сенімді боп кірісуі әзірше қиындау. Бұл жөнде салмақтың көбі актердің өзінің ізденгіштігіне, өзінің тапқырлығына байланысты. Егер актер көрсеткенді ғана орындағыш, және ізденуге шабан актер болса, онда образ ұлғаймай, өспей бәсең болып шығады. Шынында бұл жөнде режиссерлерге актер үлкен көмекші болуға міндетті. Және сонымен қатар кейбір оригиналды басты актердің өзіне қойдырып, режиссерлер үнемі қасында болып, мықты басшы, жәрдемші боп отыратын да болу керек.
Үлкен актердің ішінен үлкен режиссер болып шығып, оригинал пьесаларды өз күшімен қоя алатын кісілерді де екшеу керек.
Қазақстанның мемлекеттік драма театры Боров, Насоповтай ірі режиссерлерді аударма пьесаларда толық басшы етуімен қатар, оригиналға келгенде бұларға актерлердің ішінен көмекшілер беруі де міндет сияқты. Сол көмекшілерден өндіріс үстінде оқып өсетін режиссерлер әзірлену керек.
Мұхтар Әуезов