5 Желтоқсан 2012, 05:42
Қазақ оқығандарына ашық хат
Россияның ішінде көбігі аспанға атып жүз толғанып, бұлқынып жатқан революция толқыны дүние жүзіндегі еңбекшілерді құлданған патшалықтардың бәрінің жүз жылдап құрған құлдық қорғандарын іргесімен теңселтіп, жапсарын ашып, жігін үлкейтіп тұрғаны әркімге мәлім. Енді біраз заманның ішінде осы толқын осы күйінде бетін аудармай харжыт қылса, ол қорғандар құлайтыны анық, һәм кең жалғаннан пана таба алмай, сол қорғанның түбіне тығылған ақ сүйек жуандар қалтырап отырып соның астында жан беретіні де мәлім. Бүгінгі күні кешегі қараңғы құлдық күннің күңгірт жүзді қожасы — жуандардың басына келетін ауыр күннің қаһарлы бұлттарын Россия жуандарының төбесіне заман желі айдап келіп түр
Мақшар күнінде ақ-қараның таразысы құрылғандағы сағаттай, өткен күннің күнәсі есіне түскен адамдар басына күн туып, қашып-пысып, сорлы жанды қорғаудың айласында жүр.
Орыстың жуаны басына айналып келе жатқан қара бұлттың қатерлі пішінінен, бірінші, өмірі үшін қорықса, екінші, кешегі күндегі істеген қаталдық жауыздығынан ары қысылып айдап отыр. Басына келе жатқан бұлттың арасынан қысылып үріккен көзіне дария болған нахақ қан, көздің ыстық жасы, қажып тозған дененің ащы арам тері көрінеді.
Осының бәрі ескі күнде өзі туғызған бақытсыздық болған соң, солардың суреті елестейді. Қорқатын жөні бар, қашпасқа шарасы жоқ.
Жә! Кешегі сол жуандардан көпшілік бұқарамен қатар қуғын көріп соққы жеген кең заманды сағынып көксеген қазақтардың неше қилы замандағы басшысы, оқығандары қайда? Олар неден қашып жүр? Өзге жұрттың қашып жүргендерін көрсек, неше жүз жылдар елді жеп келген, қылығы асқан, жауыздар, обыр бек. Қашушының ішінде болып, қазақ оқығандары да өзінің ақ жүзіне сол қара таңбаны салғысы келе ме? Жоқ әлде олардың да жуан болып қазақтың нашарының дәнін сорған жері бар ма?
— Қой, қазақтың баласы ол күйге жеткен жоқ. Бұл күнге шейін бар қазақтың баласында бір-ақ түрлі құлдықтың ноқтасы болатын. Бірінен-бірінің қара үзіп, артып кеткен еш жері жоқ. Бәрінің көргені де өгейлік, жетімдік. Бәрінің көргені де қуғын-сүргін болатын. Әсіресе оқығандарының бой жазып кең отырған күні бұл күнге шейін болған жоқ. Қашан болса күні қысылу, бұғып қорқу болатын. Олай болса, кешегі басынан сырық, малынан құрық артпаған жауыз үкіметтің артынан қай қызығын көксеп кетіп отыр. Осы күнде сол үкіметтің жауының бәрі тік көтеріліп, совет өкіметінің қатарына кіріп отыр қазақ оқығанының жартысы солардың ішінде. Қырда жатқан, қашып-пысып жүрген жартысы не оймен жүргені мәлім емес. Оқығанының да бірінен-бірі айырылып жарылатын заманы болған жоқ секілді еді. Олай болса, осы қашудың себебі не? Жұрт артқы күндердегі күнәсінен қорқып қашса, ол күнә қазақ оқығанының мойнында жоқ. Жұрт жуан болып біреуді жылатқандығынан қашса, кісі жылатпақ түгілі жылағанның бірі болып, жігері құм болып, кең заманды қашан бересің деп жүрген қазақ оқығаны еді.
Жұрт кең заманнан пайдаланып, тиісті сыбағамды жырып алып қаламын десе, ауыр заманда ауыр бейнет, қиын жұмыста бар қайратын салып келіп, мақсаты іске асатын күні, еңбегінің жемісін оратын күні қашып кетуінің не мағынасы бар? Бұл шалалық, елдік сезімінің әлі күнге басшы мен деп жүрген оқығанның өз бойына сіңбегендік. Әйтпесе, осынша сыңар езу болуға мүмкін бе? Қазақ оқығаны екі жарылатын замандар әлі күнге туған жоқ. Оның тууына да талай жылдар бар.
Оқығанның өзі жартысын ауыр күндерде-ақ Совет үкіметіне қосып бірігіп іс қылмақ болып, енді қырға барып бұғып жатуларының ешбір көрнекті себебі жоқ. Рас бұрынғы тұрған қалаларында өшті-қасты жазықсыздан зиян келтірерлік адамдары болса, басқа қалаларға бару керек. Қазіргі күнде қай қалада болса да мекеме атаулыда үйіліп, қақтығып, арызын жеткізе алмай көзін сүзіп жүрген қазақ көп. Өзге уақыттардан осы күнде олардың арыздары, мұңдары тіпті көп. Себебі көп ел ары-бері өткен қазақтан көп зиян шекті және мына үкімет езілген жылаулардың досы деген сөздерді оқыған соң талайдан айта алмай, сөзін жеткізе алмай жүрген қышулы мәселесінің бәрін де көп тобымен келіп айтып жатыр.
Бірақ бұрыннан саны аз оқығандардың көбі бытырап кетіп, қала-қалада жоқ болған соң, әрін әлі де жеткізе алмай, ешкіммен ұғыса алмай, бостан бос қамалып жүр. Осы халдерді ойлағанда елдің қамын жеген оқыған азаматтар не қылса да қолынан келген шарасын істеп; осы үкіметтің арасына кіріп, қазақтың есесін әперіп қалатын уақыты келді деп білеміз.
Қазақтың оқығаны елдің қамын шынымен жейтін болса, қай күнде болсын пайда келтіре аларлық шағулы жерін аңду керек емес пе? Қазіргі заман қазақтың басына келіп тұрған әрі ең қиын, әрі ең пайдалы жайлы заман, құр елдің мұңы тыңдалмайтын бірен-саран кісінің басына ғана жайлы, ет азу келген заманда ғана оны істеймін, мұны істеймін деп, анығында еш нәрсені істей алмай, шағулы заман келгенде қашып жүрсек, елдің қамы деген сөзді айтып не керек. Осы күнде не қылса да оқығанның бәрі де барын салып еңбек қылып, осы өкіметті сендіру керек. Сонымен бүгінгі мекеме атаулыда бос қалып жүрген қазақтардың мұң-мұқтажын орындау керек. Қашып бұғудың ешбір себебі жоқ. Қазақ оқығанының Совет өкіметі үлкен жазығы бар адамдарды да қатарына кіріп пайдалы қызметімді істеймін десе, қумайды.
Егер қазақ оқығандары Совет өкіметінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы: оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтіре аларлығы болса, тезінен қала-қалаға келіп қызметке кіруіне керек. Ел шақырып отыр. Талай-талай пайдалы жұмыстар шешілуін күтіп дайын отыр. Қазақтың қамын жейтін оқыған болса, қашқаны болсын, қашпағаны болсын, қырда бос жүргенінің бәрі де келуі керек.
Жоқ, егер де кешегі ананың қатыны маған өш еді, мынаның малшы-қосшысы өкпелі еді деп қашып жүрген болса, олардың жолы болсын, игілікті сол ұзақ жолынан тапсын.
Жылы күнде жайлы орында отырып, еріккенінен елге тәтті сөзді сайрап-сайрап, күннің түсі бұзыла бастағанда жылы жаққа ауа жөнелетін жаздың гүлі, қарлығаш тоты болмақ болса, оның жөні бір басқа. Айналып келгенде жақсы жігіттердің көбінің себебі осы болып шығатыны да мәлім. Әйтпесе, қазіргі күнде қалада отырып Совет өкіметімен қызмет қылып отырған кейбір кісілерден жазықты емес сол қашып жүргендер. Бірақ қайтеміз. Дүние дүние болғанда оған жарастық үшін де жаралатын нәрселер бар. Кейбір азаматтар, қарлығаш, тоты болғандар, дүниенің сол кетігін толтырмақ шығар. Ол да болса мақсұт, жолдары болсын.
Мұхтар.
Мұхтар Әуезов