5 Желтоқсан 2012, 05:40
Қазақ қызметкерлерінің міндеті
Кіндік хүкіметтің1 қазақ халқына автономия береміз деген жарлығын оқып, яки естіп білген қазақтардың осы күні сұрайтыны: «Автономияң қашан болады? Теңдігіміз қашан тиеді!? Ел қатарына қашан кіреміз?» — деген сауалдар болады. Бұл сауалдарға қарағанда, қазақ жұрты қазіргі істеліп отырған істерді, айтылып жүрген сөздерді қанағат қылмағаны.
Өзінің әр түрлі өмір жүзіндегі тілектерін алдына қойып, солардың шешуін сұрағаны. Шаруа тұрмыс жүзіндегі әр түрлі ауыр халдеріне көмек тілегені. Әрине, ол тілектерінің, наразылықтарының ішінде орынсызы да көп шығар. Надандық, қараңғылық және түсінбегендіктер арқасында үстірт қарайтын жерлері де бар шығар.
Тілегінің бәрі де өз аманшылығын сақтап, мемлекет халін, көпшіліктің жәйін ескермегісі келетін де шығар. Үйткенмен де, көп тілегінің, наразылығының ішіндегі дұрыс жерлерін біз теріске шығара алмаймыз.
Шынында, қазақтың бұл күнгі қызметіне қатысып отырған азамат қазақ елін қай қызметімен қанағаттандырады? Қандай еңбек, қандай өнер, қай ісімен ризалайды? Мен мынаны істегенім жоқ па, мынандай үлгі, пайдалы істі ортаңа орнатқам жоқ па? — деп, қай қызметімен елдің аузын буады? Мен сол сауалдарға жауап таба алмаймын.
Рас, дауласқан кісілер айтар, қазақтың тілегін орындаймын десең, алдымен разверсткеге малын алғанды тоқтат, қара жұмысқа кісісін алғанды тоқтат, жуанына ауыздық, салып, ерік бермегеніңді тоқтат, сонда ғана жағасың, сонда ғана наразылығынан құтыласың деп. Бірақ, мен мұны орынды жауап деп білмеймін. Елге бұның бәрін пышақ кескендей қып тастамай-ақ, жартылап орындасаң да жағатының шын шығар.
Елдің, жалшы халінің нашарлығын ойлап, шаруасының күйзелгендігін ойлап, ауыр салықтарды аздап кемітсе мұқтаж болып отырған өте қажет нәрселерінен аз ғана берсе, ел үсті-үстіне алғыс айтып, әрі қуанып, әрі риза болып, азаматын мақтап кететіні шын. Бірақ елдің арлы қызметкері болсаң, алдында жауап бергенде жалғыз осы секілді шаншулы мәселелеріне ғана жауап беріп құтылмайсың ғой. Әрі надан, әрі әлсіз, айласыз, көмексіз елге қызмет қылу, басшы болу міндетіне көп мойныңа алған соң оның барлық кемтарына ем іздеу, жетпегеніне жалғасу азаматтың міндеті. Бұл міндеттен қазақ азаматының партиядағысы болсын, партияда емесі болсын, қайсысы болса да құтылмайды. Бұған себеп: қазақтың надандығы, өзге жұрттан төмендігі, саяси пікірінің саймағандығы, жалпы тарихи халінің нашарлығы. Осы себептерден қазақ оқығандары социальный революцияны
Мақсұт қылса да, қазақтың қараңғыда жатқан қалың елінің бір тілегі соңынан қалмайды. Ол тілегі: елді мәдениетке жеткізу, ағарту, өнер-білім таратып, құралдандыру, дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілу. Міне, бұл тілектің бәрі де азаматтың мойнына қарыз Бұл тілектің дұрыстығын ешкім теріс деп айта алмайды. Егер бұл тілектерді теріс деп, біз бұл міндеттерді атқаруға міндетті емеспіз дейтін азамат болса, ол қазақ жұртының қызметкері емес. Ол елдің басшысы да, уәкілі де емес. Бұл міндеттерді қарызым еді деп, мойнына алмайтын азамат болса, оның қазақ елінің ішінде қызмет қылуына мағына жоқ. Не ол адам қазақ қызметінен шығып, кең байтақта, міндеті аз жерлерде қызмет қылуына керек. Егер оны да істей алмай, не мойнына міндет алмай, жылы орында жайланып отырмақ болса, оған айтар сөз де жоқ. Ол құдайдың берген қонағы. Елдің кішкене қазанына ортақ болып, еріксіз кірген еркелері.
Енді елдің жоғарыда айтқан тілектеріне келейік. Ел тілегі белгілі — ағарту, көзін aшy. Мүмкін қадар шаруасын түзеп, ортасына өнер-білімнің жарығын, үлгісін орнату.
Міне, қазіргі күнде осы тілектерді орындауға уақыт жетіп, кезі келген секілді. Қазақтың автономиясы жарияланып, кіндік үкіметі іргесін орнатып, ісіне кірісіп отыр. Қазақ, азаматтарының іс қылуға жарарлық өнерлілері сол кіндікке жиылып, қызмет басына мініп отыр, ал қазақ даласын билейтін комитеттің сайланып, іске кірісе бастағанына жылдан асты. Осы күнді естіп білген кісінің басына еріксіз келетін сауал: «Ендігі бөгет неде? Неге іс істелмейді, не себептен ойдағы қиял іске аспайды?» — деген болады.
Бұл сауалдарға әлі күнге орынды жауап берілген жоқ және істелген істің де ешбірі көзге көрінген жоқ; Жолына ешбір бөгет жоқ, ашық жолды оқу жұмысын алсақ, өніп кеткен еш нәрсе әлі көзге көрінген жоқ. Не қалада, не қырда мектептің үйі салынсын яки пәлендей үлгілі жақсы мектептер салынсын деген де ниеттер, жобалар естілмейді. Ал ел ішіндегі шаруа жұмыстарына келсек, істелетін жұмыстар бастан асып жатыр. Бұның өзгелері жұмыстарын қоя тұрып, бүгінгі елдің мұқтаж болып отырған істеріне келсек, толып жүрген жігіттерді қолөнеріне үйретіп, елдің мұқтаж нәрселерін жасатып отырса, қазіргі күнде ол да үлкен қызмет болар еді. Міне, осы секілді істердің не жайда болып жатқаны, қандай мақсұттар бар екені әлі күнге елге мәлім емес. Сондықтан елдің, «қашан қатарға қосыламыз?» — деп сұраған сауалы орынды секілденеді. Көңілге шынымен айтылған сөз секілденеді.
Және осы секілді сауалдарына елдің қайдан жауап алары белгісіз. Кіндік үкіметтің тілі болып отырған газеттерді алсақ, олардың бетінен жартымды хабар алуға болмайды. Жазылған сездің көбі түпсіз терең мәселеге арналады. Бүгінгі күнде өнімі жоқ ұзақ қиялды шұбатылған жобаға арналады. Кіндік үкіметтің тілінен күткен хабарын ала алмаған кісілер аздан соң, оқуға да көңілсіз тартады. Терең пікір, ұзақ сөздердің орны бар. Егер сонымен қатар іс істеліп отырса. Әйтпесе, «мың сіз-бізден бір шыж-быж» деушілерге айтарлық дауымыз да қалмайды.
Мінекей, осы сөздерді айтып келгендегі менің ойымдағы пікірім: Қазіргі уақыттағы барлық күшті де, уақытты да, сөзді де бүгінгі күнде енетін оқу жұмысына, шаруа жұмысына салу керек. Түбінде қазақ жұртының басынан әлденеше төңкерістер өтер. Бірақ іс басында жүрген азаматтардың. сол замандардан белгі алып қалмауы ұят. Қолдан іс келетін заманда елдің бір тілегін орындай алмауы — ұят іс, істейтін уақытты сөзбен өткізсек, қараңғы елдің алдындағы міндетімізді сөз деп ұққанымыз, одан басқа жауапқа орын да қалмайды.
Мұхтар.
Мұхтар Әуезов