5 Желтоқсан 2012, 05:34
Қазақ институты
Өткен февральдың аяқ шенінен бастап Семейдегі орыс институтының жанынан қазақ институтының бөлімі ашылды. Биылша ашылғаны екі класс. Біреуі дайындайтын, біреуі институттың нағыз өз сабағын бастайтын кластар. Қазіргі күнде осы екі класта оқитын шәкірттердің саны 70 шамалы болды. Институттың бекілуі, оқитын айы (белгіленбегендіктен — ред.) һәм оқытушылары мезгілімен табылмағандықтан, табылғаны болса көңілдегідей сайлы болмағандықтан, сабақ өте кеш басталды. Сондықтан биылғы оқуды өнімді, көңілдегідей жемісті болады, оқушылар жартымды білім ала қояды деп сенуге болмайды. Биылғы жылдың олжасы сол институтке негіз салғандық, тәртібін түзегендік. Көзге түсерлік көрнекті жемісті келесі жылғы ісінен күтеміз.
Қазіргі уақытта бұл институт турасынан айтатын сөз құрылған негізі турасында. Бұның аты қазақ институты болса да оқытатын тілі орыс тілі болып отыр. Қазақ тілімен дайындайтын класында ғана оқытады. Одан кейін бірінші кластан бастап орыс тілімен оқылады.
Институтта орыс тілімен оқыту қазақ қызметкерлерінің мақұлдауымен кіріп отыр. Бұл турасында қазақ қызметкерлерінің қолданған пікірі: бірінші төңкеріс заманы туғаннан бері қарай оқу жұмысын көркейтеміз, осыған жұмыламыз дегенмен әлі күнге өнген оқу жоқ.
Қазақтың қай жерін алсақ та өз тілімен оқылып жатқан оқудың ең үлкені мұғалімдік курстарында ғана болады. Бірақ олардан шала мұғалімнен басқа ешкім де шығарғанымыз жоқ. Бұның бәрінің себебі амалға, епке келмейтін істерден туып отыр. Қазақта орта дәрежелі мектепке мұғалім болатын тәжірибесі, білімі мол учительдер жоқ, ертеден орта дәрежелі мектепке арналған кітаптар жоқ.
Miнеки, осы амалсыздық, жоқтықтардың бәрі еріксіз бір жол табуды керек қылып отыр. Сондықтан уақытша жол деп біздің алып отырғанымыз осы орыс тілімен оқыту, екінші —орыс тілімен оқыта бастасақ, әрі білім бар, зор тәжірибесі бар молдалар оңай табылатын болады. Оқушылар көңілді болып, көп табылатын болды. Ерікті болып шығатын болды. Үшінші — қазақ тіліндегі оқудың орысы аз болғандықтан, қазақ баласының бір буынын орысша оқытып, тезірек жетілтіп, тереңірек білім беріп, бастауыш мектептердің мұғалімдерін түлету болды.
Төртінші — осы үстіміздегі заманда қазақ тілінде (түсініксіз сөз — ред.) оқитын оқудың өте өнімсіз болатынына көзіміз жетті. Себебі: мұғалім қылып сайлайтын оқырмандарымыз да, оқушыларымыз да қызметтерінің бір иығын саясатқа сүйеп жүр. Жалғыз оқу жұмысымен тұрған жоқ. Сондықтан оқыту оқуларының да тұрлауы болмайтын болды. Оқуға белгіленген уақыттың жартысы оқумен өтсе, қақ жартысы оқылмай өтетін болды. Оқушылардың көп уақыты бос жүріспен рәсуә болатын болды
Мінеки, орыс тілін кіргізуге қамшы болған зор себептер осы.
Біздің пікірімізше осы ретпен қазақтың орта дәрежелі мектептерінде қазақ тілінде оқытумен қатар, орыс тілінде оқыту да бірталай уақытқа шейін жарыса жүріп отыру керек.
Қазақтың оқыған азаматтарының санын көбейтуге және көбінесе талабы болса да оқи алмай қалған ересек азаматтарды ретке кіргізуге бұл еріксіз қолданатын жол қазіргі күнде біздің институтте жоғарыдағы айтылған шарттардың көбі орындалып отыр. Бірінші класта оқытуға алған учительдердің бәрі де орыстың гимназия, семинарияларының оқытушылары. Оқытуларынан шәкірттер жақсы мағлұмат аларлық тәжірибесі, білімі жақсы учительдер. Дайындайтын кластағы оқу әзірше қазақ тілінде. Ондағы уақыттың көбі орыс тілінде беріледі. Мақсаты: биыл орыс тілін күштеп оқытып, келесі жылдағы орыс тіліндегі сабақтарды ұғатын қылу. Оқу орыс тілінде болған кластағы шәкірттерге әзіргі қойылатын шарт: орысша сөйленген сабақты ұғатын болу, сабақты орысша сөйлеп айтып бере білу, әзірше үлкен шарт деп саналмайды.
Институтта оқылатын сабақтар орыс институтындағыдан басқа: қазақ тілі, қазақ тарихы — бұл орысша оқылады және қазақ әдебиеті. Қазақ тарихын оқытуға ертеден осы мәселені көп қарастырған, толық мағлұмат жиған, қазақ мәселесіне көптен білген, қызыққан кісілер алынып отыр.
Мінеки, Семей институтының әзіргі құрылып отырған қалпы осы. Бұл негізінен аумаса келешекте оқуы өнімді болуына сенеміз.
Мұхтар Әуезов