5 Желтоқсан 2012, 05:21
Ер Едіге – тарихи қаһармандық жырлардың ортақ атауы.Әмір Темір заманында өмір сүрген көреген мемлекет қайраткері, ерен ерлігімен қоса әділ билігімен де есімі аңызға айналып, Алтын Орда хандарының ақылшысы, халық қамқоры болған Едіге батырдың Тоқтамыспен арадағы соғыстарын арқау еткен аңыз-әңгіме, дастан-жырлар халық арасына кең тараған. Едіге жайлы тарихи құжаттар Мәскеу мұрағаттарында, Никоновшежіресінде, «Дүние жүзі тарихының» 3-томында кездеседі. Оның өмірі мен соғыстары туралы жырлар мен аңыздар қазақ қана емес, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, қырым татарлары, құмық, түрікмен, т.б. халықтар арасында да кездеседі. Жырдың әр түрлі нұсқаларын кезінде Ш.Уәлиханов, П.М. Мелиоранский, Г.Н. Потанин, В.В. Радлов, И.Н. Березин,И.А. Беляев, Н.И. Веселовский, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты белгілі ғалымдар зерттеп, жоғары бағалаған.
Академик В.М. Жирмунскийдің айтуынша, «Ер Едіге» жырының орыс тіліне аударылған 30 нұсқасы (оның 15-і қолжазба күйінде сақтаулы) бар. Ал, Қазақстанның Орталық ғылыми кітапханасында оның 6 нұсқасы сақталған. «Ер Едіге» туралы жырлар XIX ғасырда жариялана бастады. 1820 ж. «Сибирский вестник» газетінде жырдың қысқаша мазмұны орыс тілінде алғаш рет қара сөзбен жарияланған. Бұдан кейін жырдың ноғайша нұсқасы ағылшын тілінде 1842 ж. Лондонда жарық көрген «Парсының халық өлеңдері» деген фольклорлық жинаққа енгізілді. 1873 ж. Радлов жырдың өлең аралас қара сөзбен баяндалған татар тіліндегі нұсқасын, 1898 ж. Потанин Едіге туралы төрт ертегіні өз еңбектерінде жариялаған. 1896 ж. Ташкентқаласында баспадан шыққан Диваевтың этнографиялық материалдарының «Мырза Едіге батыр» деген тарауында Едіге мен Тоқтамысқа байланысты аңыздардың орыс тіліндегі аудармасы берілген. Ғалым бұл еңбегін «Мырза Едіге» деген атпен 1922 ж. араб әрпімен қайта бастырды. Бұл нұсқада ел арасындағы аңыздың толық мазмұны баяндалған. Қазақзерттеушісі Уәлиханов ұсынған алғашқы нұсқа оның 1904 ж. Санкт-Петербургте Веселовскийдің редакциялауымен жарық көрген жинағында жарияланған. Шоқан бұл жырды алғаш 1841ж. Аманқарағай округінде Жұмағұл ақыннан естігенін жазады. Кейін әкесі Шыңғыс екеуі Арыстанбай ақынның айтып жүрген нұсқасымен салыстырып, қағазға түсірген. Жырдың осы түрін ұлы ғалым өзі орыс тіліне аударған. Ал оның қазақша нұсқасын 1905 ж. Мелиоранский баспадан шығарды. Жирмунскийдің пікірінше, бұл Едіге батыр туралы жырлардың ішіндегі неғұрлым толық әрі көркем нұсқасы болып табылады. Бірақ бұл басылым, Қ.Сәтбаевтың айтуынша, қайта көшіру кезінде Ахмет ноғайдың көп өзгертуіне ұшырап, «кітапша жазудың», «ноғайша сөйлеудің» ықпалына түсіп кеткен. Осы кемшілікті түзету мақсатымен Сәтбаев 1927 ж. Мәскеудегі КСРО халықтарының орталық баспасынан «Ер Едіге» жырының жаңа басылымын шығарды. Дастан қазақ тілінде 3 мың дана болып басылған. Сәтбаев кітапқа көлемді алғысөз жазып, эпостың генезисі, жанрлық ерекшелігі, дәуір шындығын елестету жөнінде терең ғылыми талдау жасаған. Эпостың тарихи шындықпен қабыспайтын тұстарын көрсете отырып, оның мейлінше жатық, нағыз халықтық тілмен жазылғанына назар аударды, жырдың көркемдік, идеялық құнын жоғары бағалады. Ғалым Баянауыл аймағындағы Қопабай деген кісі айтатын нұсқа бойынша жыр толғауларын қайта тізіп, татарша сөздерден тазартқан. «Ер Едіге» жырының Сәтбаев нұсқасындағы Едіге – халқы ардақ тұтқан батыр, турасын айтатын шешен де әділ би.
Едігенің өмірге келуі мен ата тегі аңыздық болмыстармен байланыстырылса да, оның өсу, қалыптасу жолы кәдімгі қарапайым адамдардың тағдыры сияқты. Ешкім біле қоймайтын қойшы бала тапқыр ақылымен, әділ билігімен Тоқтамыс ханның көзіне ілігеді, ел билігіне араласып, халық қорғанына айналады. Жырдың өн бойында Едігенің батырлығынан гөрі ақыл-парасатын, турасын айтқан әділ би ретіндегі тұлғасын алға тарту нышаны көбірек көрініс тапқан. Жырда тарихи оқиғалармен қатар ертегілік, аңыздық сарындар да аралас желі тартып отырады. Эпостың бас қаһарманы туралы «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді, ел шетіне жау келсе, мен барайын дер еді; ел ішінде дау болса, мен шешейін дер еді» деген аңыздама сөздердің шығуы Едігенің даңқы мен дақпырты биік болғанын сипаттайды. Тіпті, оның қазасының өзі нағыз мәрттік пен арлылықтың үлгісі іспеттес. Ол қапылыста үстінен аттап өткен Тоқтамыстың баласы Қадырбердінің қылығына күйініп, құсалықпен жан тапсырады. Сөйтіп, жырда басынан бақ тайып, қуаты қайтқан қарт батырдың әлсіздігі оның өлімімен аяқталады. Ұзақ жылдарға созылған үзілістен кейін жырды зерттеудегі жаңа серпіліс XX ғасырдың 80-жылдарының орта тұсынан, мәдени мұраны игеруге жол ашылған кезден басталды. Бұдан бұрын «Ер Едіге» жыры С.Сейфулиннің (1934), С.Мұқановтың (1939) құрастыруымен жарық көрген. Сәтбаев нұсқасы жоғарыда аталған алғы сөзбен бірге 1989 ж. Сәтбаевтің бір томдық таңдамалы мақалалар жинағына енгізілді.
Едіге батыр туралы жырлардың жеті нұсқасы бір кітап көлемінде топтастырылып (құрастырған, түсініктемесін жазған филология ғылымының докторы О.Нұрмағамбетова, алғы сөзін жазған және редакциясын басқарған Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Р.Бердібай) 1995 ж. «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Осы жинаққа енген жыр нұсқалары мыналар: «Едіге жыр» (Ш.Уәлиханов нұсқасы), «Ер Едіге» (Қ.Сәтбаев нұсқасы), «Мырза Едіге батыр» (Ә.Диваев нұсқасы), «Ер Едіге» (Мәшһүр Жүсіп нұсқасы), «Едіге»(Мұрын жырау нұсқасы), «Мәулімнияз – Едіге» (Нұртуған нұсқасы), «Едіге батыр эпосы» (қарақалпақ нұсқасы). Едіге Мағауин «Едіге батыр» жөнінде зерттеу еңбек жазған.