5 Желтоқсан 2012, 05:19
Атырау айнасы — 1938 жылы құрылған Гурьев облыстық радио хабары. 1938 жылы 2 наурызы күні алғаш рет радио хабары эфирге басқармасы құрамында жұмыс істейді. 1957 жылы Облыс кеңесі жанындағы радио комитеті болып құрылады. Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында теледидар хабары тұңғыш рет 1967 жылы 25 желтоқсан күні Одақтық теледидардын бағдарламаларын көруге мүмкіндік берген "Орбита" стсациясының іске қосылуымен байланысты болды.
Теледидардың алғашқы хабарын эфирге шығаруды режиссер — Гүлжиһан Өтебаева, диктор-редактор — Мәлике Құлпейсова, телеоператор Максим Өтемісов, редактор Қамал Ізмұхамбетов қамтамасыз етті. Осы күннен бастап Атырау қаласының халқы куніне 2 сағат көлемінде жергілікті теледидар хабарларын көру мүмкіндігіне ие болды. Оның 1 сағат 15 минутын көркем фильм, жарты сағатын жаңалықтар, қалған уақытын көңілді әуендер, концерт құрайтын. Мамандар тапшылығы өз алдына, қажетті құрал-жабдықтар жетіспейтін. Телестудия деген аты ғана, бар болғаны 12 шаршы метр аядай бөлме.
"Жаңалықтардың" өзі экранға суреттерді алмастырып қойып, мәтінді кадр сыртында оқу титрлар мен заставкалар жазылып, сызылып көрсетілетін. Таспаға жазылған, жанды хабарлар, таспаның тапшылығынан тек аса маңызды мерекелер мен салтанаттардан ғана репортаж ретінде берілетін. Сол кезеңде теледидарда журналистер Қазихан Қабдел, Әлібек Қайыров, Жолдасқали Ажиров, Сәуірбай Есімов, дикторлар болып Наталья Трилис пен Аққенже Ерәлиевалар еңбек етті.
Материалдық-техникалық жағдайы заман талабына сай болмауына байланысты Гурьев теледидары 1976 жылы 31 желтоқсан күні өзінің өмір сүруін тоқтатты. Облыстық теледидарды қайта өмірге келтіру оңай болған жоқ. 1986 жылы 29 қазанында Қазақ КСР Министірлігінің Кеңесі №310-р Жарлығымен теледидары жоқ облыстарда оны ашуға рұқсат бергенімен бюджет қаржысы есебінен емес, жанама қаржы, яғни мекеме, кәсіпорындар қаржысын жұмылдыру арқылы жүзеге асыруды міндеттеді. Жарлықты жузеге асыру мақсатында 1987 жылы 2 желтоқсанда Еңбекшілер депутаттары Гурьев облысы Кеңесі атқару комитеті "Облыстық телестудия ашуды ұйымдастыру туралы" №445 шешімін алып, облыстың ірі кәсіпорындарын телестудия ашуға қаржы бөлулерін міндеттеді. Елден асарлатып жиналған қаржы есебінен Ресейдің Новосібір, Литваның Шэуляй қалалары шығаратын теледидар құрал-жабдықтары орнатылып, КамАЗ негізінде жасалған жылжымалы телестудия алынды.
1990 жылы 1 Мамыр күні мерекелік репортажбен Атырау теледидары эфирге байқау-сынақ ретінде шыға бастады. Хабарды эфирге шығаруды бас режиссеры Лира Шарипова, телеоператорлар Серік Бахметов пен Синовер Усманов, инженерлер Айбек Ризуанов, Сергей Удовиченко, Болат Кереев, Расул Кенжеғалиев қамтамасыз етті.
Тұсаукесер репортажды бас редактор Мурат Думбаев пен комментатор Мұрат Диаров жүргізді. Атырау телестудиясы Гурьев қаласының 350 жылдығын тойлау кезінде 1990 жылы 1 қыркүйек күні тұсауын ресми түрде кесті. Сол күннен бастап аптаның бес жұмыс күндері эфирге бір сағат толыққанды хабармен шығу жүзеге асырылды. Телестудияның ашылуына сол кездегі облыс басшысы — Ғазиз Алдамжаров, қала басшысы Нұрпейіс Мақашев, "Қазақстан" Республикалық Телерадио комитеті төрағасының орынбасары Мұхамбет Мезгілбаев, студияны ашуға көмек берген мекеме басшылары қатысып, ел өміріндегі елеулі қоғамдық-саяси оқиға ретінде аталып өтті.
Телестудияны ашу кезінде Челябі қаласынан Вячеслав Мрякин, Актөбеден бас редакторлыққа Мұрат Дұмбаев, бас режисерлікке Лира Шарипова шақырылса да жергілікті кадрларды даярлауға ерекше мән берілді. Алғашқы дикторлар Жеміс Дияшева мен Орынша Қапанқызы, режиссеры Ұлбосын Мүсірова Мәскеу қаласындағы теледидар мен радио қызметкерлерінің мамандығын жетілдіру жөніндегі Бүкілодақтық институтын бітіріп келсе, бас дыбыс режиссеры Мұрат Әбілов, телеоператорлар марқұм Серік Бахметов, Синовер Усманов, Алпысбай Құсанов Алматы қаласында мамандықтарын жетілдіру курстарынан өтті. Атырау теледидары дуниеге келгеннен бергі 20 жылдай уақыт ішінде студия құрал-жабдықтарының төрт "ұрпағы" ауысты. Қазір ол түгелдей дерлік сандық қалыпта жұмыс істейтін техникамен жарақтанды. Бұрын бір ғана 120 шаршы метр студия болса, қазір ол екі студиядан тұрады. Хабар тарату жүйесі де төрт рет өзгертуге ұшырады.
Алғашында хабар Атырау қаласы маңында орналасқан елді мекендерге, одан таспаға жазып Алматыға "Кателко" компаниясына қолма-қол жеткізіп беру арқылы таратылса, кейін талшықты оптикалық жүйе арқылы "Кателкоға" жеткізіліп, ол спутниктік жуйе арқылы тәулігіне бір сағат көлемінде облыстың барлық елді мекеніне хабар таратуға қол жетті. 2007 жылы Атырау студиясының өзінде спутник жүйесінің орнатылуына байланысты бір сағат көлеміндегі телехабарлар енді тікелей облыстың барлық елді мекеніне тарайтын (98 пайыз) болды. Облыстық теледидардың тәуліктік 14 сағат көлеміндегі бағдарламасын ел-журттың толық көлемінде тамашалайтын күні де қашық емес. Бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілу үстінде. Техникалық жарақтану ерекше қарқынмен жүруде. Алыс ауданда болып жатқан оқиғадан тікелей хабар беру бұрын тек Алматыдағы орталық теледидарлардың қолынан келетін іс болса, қазір ондай мүмкіндікке Атырау теледидары да ие болып отыр.
Атырау теледидарының тарихында халықтың есінен кетпейтін оқиға 1991 жылы Қазақстанның тұңғыш Президентін сайлауы кезінде халықпен кездесуге келген Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау теледидары арқылы 1 сағат көлемінде терең мағыналы сұхбат беруі болды. Сұхбатты журналист, облыстық телерадиокомпанияның сол кездегі директоры Айтқали Нұрғалиев жүргізді. Жергілікті теледидарда мұндай кең көлемде Елбасымен емен-жарқын әңгіме сирек кездесетін құбылыс. Техникалық жарақтанудың жақсаруы ұжымның шығармашылық мүмкіндігін де арттырды. 2005 жылы бері теледидар ұжымы телефильмдер шығарумен айналысып келеді. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Волгоград қаласында өткен халықаралық конкурста атыраулықтар түсірген "Тағдыр" атты телефильм жүлделі екінші орын алды. Күнделікті өмір түйткілдерін қозғайтын журналист Айтқали Нурғалиевтің сценарийі бойынша режиссерлер Чапай Зулкашев пен Разия Қасымова, оператор — Талғат Қуанышев, бейнемонтажшылар Әзілхан Уахитов пен Нұрым Құдайберген түсірген "Өзен өз арнасымен ағады" 7 сериялы фильм көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шығармашылық ұжым облыс өмірінің әлеуметтік-экононмика саладағы тыныс-тіршілігін, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан, "Қазақстан-2030" стратегиялық бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан сан салалы жұмыстарды көрсетуді мақсат тұтады. Айдарлар мен бағдарламалар әр жылдың наурыз және қыркүйек айдарында жаңартылып, уақыт талабына сай қайта қаралып отырылады.