5 Желтоқсан 2012, 04:57
Климатология (климат және logos – ілім) – климат және оның типтері, қалыптасуы, жер бетінде таралуы және уақыт бойынша өзгеруі туралы ғылым. География ғылымдары жүйесіне кіреді. Климат қалыптастырушы процестердің табиғаты геофиз. болғандықтан, К. геофиз. ғылым ретінде метеорологиямен тығыз байланысты. Кейде К-ны метеорологияның геогр. бөлімі ретінде қарастырады. Көп жылдық метеорологиялық бақылау деректерін статист. өңдеуден алынған климат типтері және олардың Жер шарында таралуы туралы нақты материалдар климатографияның (климат және грек. grapho – жазамын, сипаттаймын) мазмұны болып табылады. Климаттың түпкі тегі мен физ. жаратылысын физ. К. зерттейді. Физ. география алдымен жер беті мен атмосфераның жылу және су теңдестіктері және олардың климат қалыптастырушы рөлі туралы ұғымға арқа сүйейді. Физ. К-ның ерекше тарауы – динамикалық К. Динамикалық К. климаттың Жер шарында таралуын атмосфераның жалпы айналымы процестеріне байланысты қарастырады. Атмосфераның биік қабаттарын зерттеу мәселелерімен аэроклиматология, ал ауаның жер бетіне жақын қабатының климатын зерттеумен микроклиматология айналысады. Өткен тарихи және геол. замандардың климатын палеоклиматология зерттейді. Ол тарихи геологияға жақын. К. өзге пәндермен шекаралас бірқатар қолданбалы К-лық пәндердің қалыптасуына себепші болды. Бұл пәндерге биоклиматология (климаттың тірі табиғат пен адамға әсері туралы ғылым), агроклиматология (климаттың егіншілікке әсерін зерттейді), курорттық және мед. К., тех. К. (онда авиациялық К., көліктік К. және құрылыстық К. пәндері бөлек қарастырылады) жатады. Климат пен оның заңдылықтары туралы бастапқы көзқарастар Ежелгі Грекияда қалыптасты. 17–18 ғ-ларда арнаулы құралдардың көмегімен жүргізілген метеорол. бақылаулардың негізінде жазылған алғашқы климаттық деректер пайда болды. Ұлыбританияда Э.Галлей, Дж. Хэдли, Ресейде М.В.Ломоносов алғаш рет атмосф. айналымның климатқа әсері туралы ойларын айтты. 19 ғ-дың басында неміс жаратылыстанушысы А.Гумбольдт жүйелі түрде Жер шары климатының жазбасы мен түсінігін жасауды қолға алды және алғашқы климаттық карталарды құрастырды. 19 ғ-дың 2-жартысында К-лық зерттеулер жүйелі түрде жүргізіле бастады. Ресейдегі К-лық зерттеулер 1849 ж. ашылған Бас геофиз. обсерваторияда Г.И.Вильдтің басылығымен жүргізілді. Осы кезде А.И.Воейков та бірқатар зерттеулер жүргізіп, климаттың геогр. заңдылықтары мен геофиз. жаратылысын негіздеуге тырысты. К-ға зор үлес қосқан ғалымдар: А.А.Каминский (жел режимі және ылғал айналымы жөніндегі зерттеулер), Л.С.Берг (палеоклиматология мен биоклиматология саласындағы және Жер климатын топтау жөніндегі жұмыстар), белгілі полюс зерттеушісі В.Ю.Визе. 20 ғ-да тропиктерді, Арктика мен Антарктиданы, мұхиттарды қамтыған метеорологиялық бақылаулардың жаһандық жүйесі тез өсіп қалыптасты. Климаттық атластар жасалды. 20 ғ-дың ортасына таман К-лық зерттеулер атмосфераның жоғары қабаттарын да қамтыды. Осы кезде климаттың физ. негізі – Жер беті мен атмосфераның жылу теңдестігі (балансы) туралы ұғым қалыптасты. Атмосф. жалпы айналымның климатты қалыптастырушылық рөлін зерттеу КСРО-да (Б.П.Алисов, В.А.Бугаев, Т.В.Покровская, С.П.Хромов), Германияда (Г.Флон), Францияда (П.Педелаборд) жүргізілді. 20 ғ-дың 30-жылдарынан палеоклиматология саласындағы зерттеулер басталды. Қазақстанда К. саласынан белгілі ғалымдар: Х.Байдал, Х.Ахметжанов, Р.С.Голубев, А.А.Скаков, В.С.Чередниченко, П.Ж.Қожахметов, т.б. зерттеулерін жалғастыруда. Біздің елімізде К. мәселелерін зерттеумен «Қазгидромет» респ. мемл. кәсіпорны, Қазақ қоршаған орта мен климатының мониторингі ғыл.-зерт. ин-ты, ҚазҰУ-дың география ф-ті, ҚР Білім және ғыл. мин-лігіне қарасты Геогр. ин-ты айналысады. К. саласындағы халықар. ғыл. және ұйымдастырушылық шаралар Дүниежүз. метеорологиялық ұйым, Халықар. геогр. және геодезиялық одақ және Халықар. геогр. одақ арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанда К. мәселелері, негізінен, «Гидрометеорология және экология» (1995 жылдан), «ҚазҰУ хабаршысы. Географиялық серия» (1991 жылдан) журналдарында басылады.