5 Желтоқсан 2012, 04:48
Құжат (лат. documentum – куәлік, дәлелдеу) – 1) техникада – құрал-жабдықтың қысқаша сипаттамасы берілген тех. төлқұжат. Қ-та құрал-жабдықтың белгісі, оның негізгі параметрлері көрсетіледі. Пішініне байланысты Қ. мәтіндік (кітаптар, қолжазбалар, т.б.), графиктік немесе кескіндемелік (сызбалар, сұлбалар, карталар, т.б.), аудио (грампластинка, т.б.), аудиовизуалдық (кинотаспалар), т.б. болып ажыратылады. Қ-тың мазмұны мен көлемі пайдаланылатын құрал-жабдықтың тегіне (арнаулы немесе әмбебап) байланысты жасалады. Қ. тұтынушыларға құрал-жабдықпен бірге беріледі. Технологияны жетілдіру және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі шаралар Қ-тағы мәліметтерді, нұсқауларды дұрыс қолдануды талап етеді; 2) компьютерде – қолданбалы бағдарламалар көмегімен пернелер арқылы енгізілген тілшелерді пайдаланып құрастырылған немесе дискіде сақталып тұрған, бұрын даярланған ақпараты бар, кез келген материалдық нысан. Қазіргі компьютерлер мен олардың желілерінде пайдаланылатын ақпараттардың ішкі мазмұнына байланысты мәтіндік, график., дыбыстық, бейнелік Қ-тар (word-құжаттар) болады. Интернет желісінде гипермәтіндік (web-құжат) Қ. кең тараған. Оның ішінде басқа Қ-қа сілтеме түрінде ерекшеленіп тұрған түйінді сөздер орналасады. Сол сөзді “тышқан қолтетігімен” қозғағанда экранда жаңа Қ. ашылады. Сілтеме сөздер көмегімен гипербайланыс жүзеге асырылып, интернетте орналасқан миллиондаған ақпараттарды кез келген тұтынушы іздеп тауып ала алады. Гипермәтіндік Қ-тар HTML (Hyper Text Markup Language) тілінде – мәтіндерді арнайы белгілеу тілінде жазылады. Интернеттегі осы HTML тілі элементтерін құрайтын ақпараттар: сілтемелер, тізімдер, суреттер, тақырыптар гипермәтіндік Қ-тардың негізгі бөлігі болып табылады; 3) заңда фактілер туралы мәліметтер, жазулар, рәміздер, таңбалар, суреттер арқылы тиянақталған ақпаратты материалдық нысан. Мазмұнына қарай ғыл.-тех. (мақалалар, кітаптар, патенттер, сызбалар, т.б.), құқықтық (қаулылар, жарлықтар, шарттар, т.б.), басқарушылық (бұйрықтар, директивалар) Қ-тарға бөлінеді.
4) социологияда – фактілер туралы мәліметтер; эмпирик. мағлұмат жинауда қолданылатын ақпарат көзі. Қ. айналымы көптеген мекемелер мен әлеум. топтар арасындағы қарым-қатынас процестерінің сипатын айқындап, әлеум. процестердің нақтылы жай-күйі мен өзгерістерін көрсетеді.
Б. Бөрібаев, А. Сәдуақасова