Адам анатомиясы

21 Қараша 2014, 09:46

Адам анатомиясы (латынша anatome – кесу, бөлшектеу деген ұғымды білдіреді) – адам денесінің құрылысын, пішінін, қимылдарын, мүшелердің өзара қарым-қатынасын зерттейтін жаратылыстану ғылымының бір саласы.

Адам анатомиясы (латынша anatome – кесу, бөлшектеу деген ұғымды білдіреді) – адам денесінің құрылысын, пішінін, қимылдарын, мүшелердің өзара қарым-қатынасын зерттейтін жаратылыстану ғылымының бір саласы. Адам анатомиясының негізін салушы – ежелгі рим дәрігері Гален, одан кейін шығыс ғалымдары: ар-Рази, ибн-Рушд, Әбу Әли ибн Сина адам анатомиясына елеулі жаңалықтар қосты. Қазақ даласында адам анатомиясы мәселелері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (15 ғасыр), Халел Досмұхамбетұлы (20 ғасыр) еңбектерінде баяндалды. Бүкіл тірі организмдер сияқты адам денесі торшадан (клеткадан) тұрады. Торшалар торшааралық затпен қосылып тін (ткань) құрайды. Тін: эпителиалдық, дәнекерлік, бұлшық еттік, жүйкелік болып 4 топқа бөлінеді. Тін қосылып ағзаларды (орган) құрайды. Жалпы құрылысы мен дамуы біртектес және ортақ қызмет атқаратын ағзалар – ағзалар жүйесіне біріктіріледі. Шығу тегі мен құрылыстары ұқсамайтын, бірақ ортақ қызмет атқаратын ағзалар – ағзалар аппараттары деген топқа бөлінеді. Ағзалар жүйесі мен аппараттары адам организмін құрайды. Ағзалар бірнеше жүйеге бөлінеді: 1) тірек-қимыл аппараты; 2) ас қорыту жүйесі; 3) тыныс алу жүйесі, 4) несеп-жыныс аппараты; 5) жүрек-тамыр жүйесі (бұл жүйе өз ішінде қан жасап шығаратын және иммундық жүйе ағзалары болып бөлінеді); 6) сезім ағзалары; 7) эндокриндік бездер; 8) жүйке жүйесі. Осылардың бәрі бірігіп, адамның қоршаған ортамен арақатынасын жүзеге асырады. Адам денесі бас, мойын, тұлға, қол және аяқ бөліктерінен тұрады. Адам қаңқасына тұлға қаңқасы (омыртқа бағанасы және кеуде клеткасын құрайтын сүйектер), бас сүйек және қол-аяқ қаңқалары жатады. Бас сүйек: ми сауыт пен бет сүйектеріне бөлінеді. Ми сауытының ішінде ми, есту және тепе-теңдікті сақтау, көру ағзалары орналасқан. Омыртқа бағанасы: мойын (7 омыртқа), кеуде (12), бел (5), сегізкөз (5) және құймышақ (3 – 5) бөліктерінен тұрады. Омыртқа бағанасының кеуделік бөлігіне 12 жұп қабырғалар бекиді. Олар алдыңғы жағында төс сүйекпен қосылып кеудені құрайды. Кеуде қуысында өкпе, жүрек, кеңірдек, өңеш, тамырлар мен жүйке талшықтары орналасқан. Омыртқа бағанасының бел бөлігі іш бұлшық еттерімен бірге іш қуысын түзеді. Yстіңгі жағында іш қуысы кеуде қуысынан көк ет арқылы бөлінеді. Іш қуысында бауыр, асқазан, талақ, ішек, ұйқы безі, бүйректер, тамырлар, жүйке талшықтары орналасқан. Іш қуысы төменгі жағында жамбас астауы қуысына жалғасады. Бұл қуыста несеп қуығы, тік ішек және жыныс ағзалары жатады. Қол қаңқаларын жауырын, бұғана, тоқпан жілік, шынтақ жілік, кәрі жілік, қол басы сүйектері құрайды. Аяқ қаңқасына жамбас сүйектері, ортан жілік, асықты жілік (кіші жілік) және аяқ басы сүйектері жатады. Сүйектер өзара буындар, шеміршектер арқылы жалғасады. Оларды бұлшық еттер жауып жатады. Адам анатомиясы зерттеу ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаларға бөлінеді: жүйелік немесе қалыпты анатомия – адам денесінің құрылысын ағзалар жүйелері бойынша баяндайды; патологиялық анатомия – ауруға шалдыққан ағзаларды зерттейді; топографиялық анатомия – денедегі ағзалардың, тамырлардың, жүйке талшықтарының өзара орналасуын, арақатынасын талдайды; пластикалық анатомия – адам денесінің сыртқы пішіні мен құрылысы туралы ілім; салыстырмалы анатомия – дамудың әр түрлі сатысында орналасқан тіршілік иелерінің дене құрылысын салыстыра зерттейді. 

 
Бөлісу: