"Жәңгір" жыры қазақ тілінде

5 Желтоқсан 2012, 04:28

"Жәңгір" жыры қазақ тілінде   Биыл Қазақстан жазушылар союзы мен көркем әдебиет баспасы бір үлкен жаңа жұмысқа басшылық еткен еді. Ол қалмақ халқының атақты жыры "Жәңгірді" қазақ тіліне аударып, жарыққа шығару ісі болатын.   Сол "Жәңгір" қазір аударылып болып, баспаға беріліп отыр. Осы 1940 жылдың май айында болатын бес жүз жылдық "Жәңгір" юбилейіне дейін бұл кітап шығып, біздің оқушыға да жетер деп сенеміз.   "Жәңгірді" аударған бір топ ақын — көбі жас ақындар. Түбегейлі аударушылар — Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин және қосымша көмек еткен Абдолла Жұмағалиев, Қапан Сатыбалдин. "Жәңгір" жырының бір кесегін Асқар Тоқмағанбетов та аударып, ойдағыдай атсалысты. Міне, осы адамдардың еңбегімен қазақ тіліне аударылған "Жәңгірдің" жайы қандай?   Бұл сұраққа жауап беруден бұрын, әуелі жалпы аударма атаулыдан нені талап етеміз, соны айтайық. Поэзия аудармасы ойдағыдай шыққан уақытта ең бірінші қасиеті — аударма екені білінбеу керек. Шығарманың асыл нұсқасы, осы аударылған тілдің өзінде жазылғандай сезілсін. Мысалы, Пушкин, Маяковский шығармалары қазақ тілінің өзінде жазылған сияқты болсын. Бірақ, осы арада, бір үлкен мән тағы бар. Пушкин жыры, сол аударушы қазақ жазушысы жазған жыр сияқты боп кетпесін. Қазақ тілінде жазылған, бірақ Александр Сергеевич Пушкиннің қаламымен жазылған шығарма боп сезілсін. Қысқасы — қазақшылансын, бірақ қазақыланбасын. Бұл екі жайдың арасы көш-құлаш жер. Шығарма қазақшыланады екен деп өзінің анайы топырағындағы өзіндік бітім кескінінен, исі, лебінен айырылып қалмасын. Ұғымды болсын деп қазақтың тон, тымағын кигізсек жол болмайды. Онда Пушкинді Пушкин тұлғасымен, өз орнымен әкелмей, өз ауылымызға қоңсы қондыра әкелген боламыз.   Ал жақсы аудармаға келсек, үлкен шығарманы ойдағыдай аудара білген ақын, ең алдымен өз күшін сарапқа салады. Аударма да ақындықтың үлкен сыны. Жаңа тарих, тәжірибеге қарасақ үлкен ақынның барлығы әрі үлкен аударушы да болған.   Осымен "Жәңгір" аудармасына көз салсақ, жалпы айтқанда, күдіксіз жақсы шыққан аударманың бірі дейміз. Аударманың жақсылығы екі алуан. Бір жағынан мұнда қалмақ халқының эпосы "Жәңгірдің" өзіндік ерекшеліктері, өзгеше бітімі жақсы таныстырылады. Екінші жағынан барлық дастан қазақ оқушы сынына аса бір жақын, өз мұрасы сияқты сезіледі.   "Жәңгірдің" стиль, мазмұн ерекшеліктеріне қарасақ осы күнде жарыққа шығып жатқан көп эпостан сонағұрлым басқаша көрінеді. Басқашалығы, бұл дастанның аса көп жасаған кәрілік, көнелігінде. "Жәңгір" ертегі мен эпостың, миф пен ертегінің аралығынан туған жыр. Мұнда шынға бейім жайлармен қатар, фантастика үлкен орын алады. Ертегілік әсірелеу, дамытулар көп. Ертегі персонаждары да бұл жырда көп көрінеді. Жәңгірмен салыстырғанда қазақтың батыр жырлары әлдеқайда реалистік жыр болады. Бізде Қобыланды жеті қабат жер астына да түспейді, жалмауыз кемпірмен де кездеспейді. Қазақтың батыр жырлары кей кезде тарихи жыр тәрізді, бергі заманға бой ұрғандай болады.   "Жәңгірдің" мазмұндылығы жаңағы фантастикалық өскелеңдік, сыртқы стиліне де тегіс әсер етіп, өзінше қалыптасып отырады. Оның тіл теңеулері, образ құрылысы да молдан келеді. Айтам деген көрініс суретінің барлығын әзірлеп, іріктеп, хан көтеріп ап кетеді. Сол себепті ноян Жәңгірдің немесе ер Қоңырдың Аранзал деп аталатын тұлпарлары сауырына Алтай тауын арта салсаң да бұйым көрмейді. Әншейін бір қоржын артқандай ғана сезеді. Сол себепті ерлердің жотасы да жүкті түйе жүріп өткендей кең сай боп жатады. Сол себепті "жетпіс кісі көтерген жез тегешке қара арзадай" арақ құйып үш толтырып ішкенде батыр Қоңыр ішкілік ішкен екем демейді, құр сусын ғана жұттым, тамақ қана жібіттім деп біледі.   Міне, бұл мысалдардың барлығы "Жәңгір" дастанының ішіне сай тысы, тысынан танылатын іші қандай екенін танытады. Мықты, ірі өзгешеліктері осылайша келеді.   Біздің ақындардың аудармаларында оқушыны қатты риза қылатын бір жай осы жаңағы өскелең, лебі күшті суреттерді аударма сияқты қып бермеген. Аса қонымды, келісті, көркем етіп қазақтың өз ескілігінен қалған бір байырғы жырдың кестесіндей етіп береді.   Рас өлеңдік ұқсас, ырғақ, буын өлшеулеріне келсек аударма үнемі қалмақ жырының өзіндегі түрмен дәлме-дәл түсіп отырмас. Қалмақ жырында жол өлшеулері кейде 11 буын боп, кейде 7-8 буынға ауысып отырса, тағы бір уақыттарда 13 буын, 10 буын боп та ауыса беретін көрінеді. Біздің аударушылар қалмақта бар өлшеуден 11 буын, 7 буын, 8 буын өлшеулерін алып, осы өлшеулермен жазады. Жаңа дыбыс үндестігі, ұқсас заңдары сияқты қазақтың халық жырымен қабысатын ұқсастық қалмақ жырының өзінде де бар екен. Бұл да аударманың әрі "Жәңгір" түріне үйлесіп, әрі қазақ көзіне таныс боп көрінуге жәрдем еткен.   Ескі тарихтан бері қарай бақташы, әрі көшпелі боп тіршілік еткен және соған сай қоғамдық құрылыста болып, онысының барлығы қазақ елінің өзгешеліктеріне ұқсас болған қалмақ халқының тіл теңеуінің өзінде де қазақ фольклорына жақын жайлар көп екен. Кейбір салыстыру, суреттеулері, табиғаттан, жан-жануардан алатын мысал образдары қазақ құлағына тіпті аударма емес, өз тәні, өз тумасы тәрізді сезіледі. Бұл жайлар біздің аударушылардың кең сілтеп, көсіле құлаштауына жақсы жағдай жасаған. Ондай-ондай жерлеріне келгенде аударманы нағыз қазақ тілінде туған, өзінің анайы топырағында тұрған жырдың түбегейлі текісі сияқты көресің. Жалғыз-ақ ескертетін өзгешелік: қазақ құлағына жат кісі аттары, жер-су, ел аттары және будда дінінің өзінше ұғым-нанымдары. Аспап, бұйым, киім атауларының да кейде қалмақтың өз тілінде аталған қалпынша кіргені бар. Аудармада мұндайларды жоқ қылуға болмайды. Ол, өзіндік өзгеше бояулардың бір нақышы ғой. Бірақ осы атаулар кейде екі-үш бунақ боп ұзын келсе немесе айтуға ауыр, өлеңге тұтқыр келсеˡ, аудармашылар жартылай алып отырған.   Бұл жолғы аударуда "Жәңгір" дастаны қазақшаға түгел қотарылған жоқ². Бар "Жәңгір" 12 мың жол болса, бізде 5,5 мың жолдайы аударылған. Мұнда Жәңгір мен Қоңырдың екі жорығы бар. "Қара Қынасқа қарсы жорық", "Шара ғұрғының жеңілгені" деген бөлімдер. Осы екі үлкен бөлім "Жәңгір" дастанының бар мазмұн, бар тұлғасы туралы толық әсер, түсінік бере алады.   Ал аударушы ақындардың жеке-жеке ерекшеліктеріне келгенде әр ақынның өзді-өзінің пішіні де сезіліп отырады. Поэзиялық шығарманы ортақтасып аударса да, жалпы әлгі сарындары бір аңғардан шығып отырса да ақындардың ішінара өзді-өзі мәнер, нақышы білінбеске мүмкін емес. Өйткені бұл еңбек анық ақындық еңбек болған соң аударушы ақынның өзіндік қасиеті де көрінбей қоймайды. Оған қарсы болу дұрыс та емес. Тек бәрінің қосылған арнасы "Жәңгірдің" өз арқауын, өз сүрлеуін жаңсақ әпкетпесе болғаны. Тұтасынан алғанда, "Жәңгір" аудармасы біріңғай шықты, шыққанда орташа емес, едәуір жоғары дәрежеде жақсы шықты деп отырмыз.   Міне, осы ақындардың осындай бір біріккен еңбегінің нәтижесінде жақсы боп аударылған "Жәңгір" оқушыларымызға бір сый болады деп әбден сенеміз.   Мұхтар Әуезов

"Жәңгір" жыры қазақ тілінде

 

Биыл Қазақстан жазушылар союзы мен көркем әдебиет баспасы бір үлкен жаңа жұмысқа басшылық еткен еді. Ол қалмақ халқының атақты жыры "Жәңгірді" қазақ тіліне аударып, жарыққа шығару ісі болатын.

 

Сол "Жәңгір" қазір аударылып болып, баспаға беріліп отыр. Осы 1940 жылдың май айында болатын бес жүз жылдық "Жәңгір" юбилейіне дейін бұл кітап шығып, біздің оқушыға да жетер деп сенеміз.

 

"Жәңгірді" аударған бір топ ақын — көбі жас ақындар. Түбегейлі аударушылар — Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин және қосымша көмек еткен Абдолла Жұмағалиев, Қапан Сатыбалдин. "Жәңгір" жырының бір кесегін Асқар Тоқмағанбетов та аударып, ойдағыдай атсалысты. Міне, осы адамдардың еңбегімен қазақ тіліне аударылған "Жәңгірдің" жайы қандай?

 

Бұл сұраққа жауап беруден бұрын, әуелі жалпы аударма атаулыдан нені талап етеміз, соны айтайық. Поэзия аудармасы ойдағыдай шыққан уақытта ең бірінші қасиеті — аударма екені білінбеу керек. Шығарманың асыл нұсқасы, осы аударылған тілдің өзінде жазылғандай сезілсін. Мысалы, Пушкин, Маяковский шығармалары қазақ тілінің өзінде жазылған сияқты болсын. Бірақ, осы арада, бір үлкен мән тағы бар. Пушкин жыры, сол аударушы қазақ жазушысы жазған жыр сияқты боп кетпесін. Қазақ тілінде жазылған, бірақ Александр Сергеевич Пушкиннің қаламымен жазылған шығарма боп сезілсін. Қысқасы — қазақшылансын, бірақ қазақыланбасын. Бұл екі жайдың арасы көш-құлаш жер. Шығарма қазақшыланады екен деп өзінің анайы топырағындағы өзіндік бітім кескінінен, исі, лебінен айырылып қалмасын. Ұғымды болсын деп қазақтың тон, тымағын кигізсек жол болмайды. Онда Пушкинді Пушкин тұлғасымен, өз орнымен әкелмей, өз ауылымызға қоңсы қондыра әкелген боламыз.

 

Ал жақсы аудармаға келсек, үлкен шығарманы ойдағыдай аудара білген ақын, ең алдымен өз күшін сарапқа салады. Аударма да ақындықтың үлкен сыны. Жаңа тарих, тәжірибеге қарасақ үлкен ақынның барлығы әрі үлкен аударушы да болған.

 

Осымен "Жәңгір" аудармасына көз салсақ, жалпы айтқанда, күдіксіз жақсы шыққан аударманың бірі дейміз. Аударманың жақсылығы екі алуан. Бір жағынан мұнда қалмақ халқының эпосы "Жәңгірдің" өзіндік ерекшеліктері, өзгеше бітімі жақсы таныстырылады. Екінші жағынан барлық дастан қазақ оқушы сынына аса бір жақын, өз мұрасы сияқты сезіледі.

 

"Жәңгірдің" стиль, мазмұн ерекшеліктеріне қарасақ осы күнде жарыққа шығып жатқан көп эпостан сонағұрлым басқаша көрінеді. Басқашалығы, бұл дастанның аса көп жасаған кәрілік, көнелігінде. "Жәңгір" ертегі мен эпостың, миф пен ертегінің аралығынан туған жыр. Мұнда шынға бейім жайлармен қатар, фантастика үлкен орын алады. Ертегілік әсірелеу, дамытулар көп. Ертегі персонаждары да бұл жырда көп көрінеді. Жәңгірмен салыстырғанда қазақтың батыр жырлары әлдеқайда реалистік жыр болады. Бізде Қобыланды жеті қабат жер астына да түспейді, жалмауыз кемпірмен де кездеспейді. Қазақтың батыр жырлары кей кезде тарихи жыр тәрізді, бергі заманға бой ұрғандай болады.

 

"Жәңгірдің" мазмұндылығы жаңағы фантастикалық өскелеңдік, сыртқы стиліне де тегіс әсер етіп, өзінше қалыптасып отырады. Оның тіл теңеулері, образ құрылысы да молдан келеді. Айтам деген көрініс суретінің барлығын әзірлеп, іріктеп, хан көтеріп ап кетеді. Сол себепті ноян Жәңгірдің немесе ер Қоңырдың Аранзал деп аталатын тұлпарлары сауырына Алтай тауын арта салсаң да бұйым көрмейді. Әншейін бір қоржын артқандай ғана сезеді. Сол себепті ерлердің жотасы да жүкті түйе жүріп өткендей кең сай боп жатады. Сол себепті "жетпіс кісі көтерген жез тегешке қара арзадай" арақ құйып үш толтырып ішкенде батыр Қоңыр ішкілік ішкен екем демейді, құр сусын ғана жұттым, тамақ қана жібіттім деп біледі.

 

Міне, бұл мысалдардың барлығы "Жәңгір" дастанының ішіне сай тысы, тысынан танылатын іші қандай екенін танытады. Мықты, ірі өзгешеліктері осылайша келеді.

 

Біздің ақындардың аудармаларында оқушыны қатты риза қылатын бір жай осы жаңағы өскелең, лебі күшті суреттерді аударма сияқты қып бермеген. Аса қонымды, келісті, көркем етіп қазақтың өз ескілігінен қалған бір байырғы жырдың кестесіндей етіп береді.

 

Рас өлеңдік ұқсас, ырғақ, буын өлшеулеріне келсек аударма үнемі қалмақ жырының өзіндегі түрмен дәлме-дәл түсіп отырмас. Қалмақ жырында жол өлшеулері кейде 11 буын боп, кейде 7-8 буынға ауысып отырса, тағы бір уақыттарда 13 буын, 10 буын боп та ауыса беретін көрінеді. Біздің аударушылар қалмақта бар өлшеуден 11 буын, 7 буын, 8 буын өлшеулерін алып, осы өлшеулермен жазады. Жаңа дыбыс үндестігі, ұқсас заңдары сияқты қазақтың халық жырымен қабысатын ұқсастық қалмақ жырының өзінде де бар екен. Бұл да аударманың әрі "Жәңгір" түріне үйлесіп, әрі қазақ көзіне таныс боп көрінуге жәрдем еткен.

 

Ескі тарихтан бері қарай бақташы, әрі көшпелі боп тіршілік еткен және соған сай қоғамдық құрылыста болып, онысының барлығы қазақ елінің өзгешеліктеріне ұқсас болған қалмақ халқының тіл теңеуінің өзінде де қазақ фольклорына жақын жайлар көп екен. Кейбір салыстыру, суреттеулері, табиғаттан, жан-жануардан алатын мысал образдары қазақ құлағына тіпті аударма емес, өз тәні, өз тумасы тәрізді сезіледі. Бұл жайлар біздің аударушылардың кең сілтеп, көсіле құлаштауына жақсы жағдай жасаған. Ондай-ондай жерлеріне келгенде аударманы нағыз қазақ тілінде туған, өзінің анайы топырағында тұрған жырдың түбегейлі текісі сияқты көресің. Жалғыз-ақ ескертетін өзгешелік: қазақ құлағына жат кісі аттары, жер-су, ел аттары және будда дінінің өзінше ұғым-нанымдары. Аспап, бұйым, киім атауларының да кейде қалмақтың өз тілінде аталған қалпынша кіргені бар. Аудармада мұндайларды жоқ қылуға болмайды. Ол, өзіндік өзгеше бояулардың бір нақышы ғой. Бірақ осы атаулар кейде екі-үш бунақ боп ұзын келсе немесе айтуға ауыр, өлеңге тұтқыр келсеˡ, аудармашылар жартылай алып отырған.

 

Бұл жолғы аударуда "Жәңгір" дастаны қазақшаға түгел қотарылған жоқ². Бар "Жәңгір" 12 мың жол болса, бізде 5,5 мың жолдайы аударылған. Мұнда Жәңгір мен Қоңырдың екі жорығы бар. "Қара Қынасқа қарсы жорық", "Шара ғұрғының жеңілгені" деген бөлімдер. Осы екі үлкен бөлім "Жәңгір" дастанының бар мазмұн, бар тұлғасы туралы толық әсер, түсінік бере алады.

 

Ал аударушы ақындардың жеке-жеке ерекшеліктеріне келгенде әр ақынның өзді-өзінің пішіні де сезіліп отырады. Поэзиялық шығарманы ортақтасып аударса да, жалпы әлгі сарындары бір аңғардан шығып отырса да ақындардың ішінара өзді-өзі мәнер, нақышы білінбеске мүмкін емес. Өйткені бұл еңбек анық ақындық еңбек болған соң аударушы ақынның өзіндік қасиеті де көрінбей қоймайды. Оған қарсы болу дұрыс та емес. Тек бәрінің қосылған арнасы "Жәңгірдің" өз арқауын, өз сүрлеуін жаңсақ әпкетпесе болғаны. Тұтасынан алғанда, "Жәңгір" аудармасы біріңғай шықты, шыққанда орташа емес, едәуір жоғары дәрежеде жақсы шықты деп отырмыз.

 

Міне, осы ақындардың осындай бір біріккен еңбегінің нәтижесінде жақсы боп аударылған "Жәңгір" оқушыларымызға бір сый болады деп әбден сенеміз.

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу: