5 Желтоқсан 2012, 04:06
Есте болар сөздер
Көп сөз — қола, аз сөз — алтын.
Дау мұраты — біту, сауда мұраты — ұту, қыз мұраты — кету, жол мұраты — жету.
Бардан пайда, жоқтан залал.
Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді.
Ас тасыса, қатығы төгілер, ашу тасыса, ақылы төгілер.
Көп сөздісің дегенге біреу жауап айтыпты: "екі жүз қырық беті бар Құраннан көп сөзді емеспін" деп.
Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айту керек.
Қойды қой деп қомсынбаңдар, қойсыз елге үй бітпейді.
Көнеден дәурен озды, атадан ұл озды, анадан қыз озды.
Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады.
Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз оба қорған емес.
Не керек? Ой керек... ойсыздық қатер... Жасқа да, кәріге де бір шарт, жалғыз шарт: ішіндегі өзіңнің шыныңды, өз көңіл төріндегі шыныңды (шын) шалғандай, орағандай ойың қайда?. Үлкен шығарманың үлкен сырынан, шыңынан соның білінсін... Шығарма – қарақ суынан суарылған, әр жанның өз түп-түкпірінде туған меруерті болсын.
Кейбір жеке әзіл ретінде қолданатын арнаулы сөздер: жансебіл, иісалмас, итжемес, алақұйын, аласұр.
"Ара" журналы жөніндегі әзіл!
Өзін таразы санайтын жігіт жөніндегі әзіл.
Тентек бала жөніндегі әзіл.
Араққор, сырақорлар туралы әзіл. Зинақор, винақор жөнінде.
Түйеге қанат бітпесін, қанат бітсе, аспанды әлек етпесін.
Аспан латунь (жез) түсті еді. Бұл күн шығар алды.
Осы бөтелкелер қатарына ашқарақ көзбен сұғына қарап: "Біреуінің мойнын үзсек қайтеді", — деді.
Мынау шарап иісі сондай ғажап екен. Бұған теңеу табу үшін ең биік поэзияға бару шарт.
Машинада келе жатқанда алдағы қала кешкі жарықтарымен жалтырай жарқырап және қалықтап толқып қарсы келе жатады.
Таңертең тұрғандағы қаланың, үй сыртының дыбысы, дабылдары есте қаларлықтай.
Мен махаббат мәселесінде чемпионмын, гроссмейстрмін.
Оның жанының топас сезімсіздігі отқа күймес шкафтай болатын.
Өсекші әйелдер ордалы жыландай: сусылдап, ысқырып кетісті.
Ол бір алуан қиялға кеткен шағында келеңсіз аюдай қопал еді.
Оның момындығы жаңа ғана туған киіктің лағындай болатын.
Біздің машина өзге қатар көп машиналар ішінде көше-көшемен сырғып, қалқып келеді. Екі жақта магазиндер, есіктер, терезелер, гүл газондар, кішкене бақшалар, шарбақтар, ательелер, аптектер тізіліп өтіп, сыртта қалып жатыр.
Кішкене ғана әдемі бояулы үйлер көгі қалың, жемісті бақшалар ішінде қалғып, ұйықтап тұрған тәрізді.
Мен хозяйкамен халықаралық жағдайлар туралы сөйлестім.
Жырақ көшеден итше ұлып келе жатқан мотоциклдің дыбысы естілді.
Машина дөңгелегінің сыдыртқан дыбысына қарап, біз қандай жолмен келе жатқанымызды сезіл, аңғара отырдық.
Көрікті, биязы, әсем тәрбиелі, өзі сәнді әйелдің айна алдында өзін-өзі көріктеуі, бояуы көруге соншалық сүйкімді суреттің бірі болса керек.
Ат бәйгесінде егесе таласқан біреу, өз атын мақтағанда: "менің атым сенің атыңнан екі аяғының өзімен де озады" дейді.
Ол әйелдер көзінде бағалы еркек сипатында еленіп, саналып көрген емес.
Индия ғалымдары сөзінен
Өлке халқының ең зор бақыты не бол ар дегенге: жаман әкімнің өлімінен артық не болсын депті.
Арақ ішкенде адам әуелі тауыс боп сыланып, сұлуланып байпаңдайды. Одан кейін маймыл болып ойнақыланып, қылжақтайды. Содан әрі кәрлі арыстан боп қоқияды. Ең ақыры шошқа болып тынады.
Қызғаншақтың әрдайым ызалы, күйікті болатыны несі дегенге: оның өз міні, жаманшылығы өзін қинау үстіне, өзгенің артықтығы, игілігі де оны азаптайды ғой дейді.
Пифагордың жүзігіне жазылған нақыл бар екен: кейбір сәтті істен де сәтсіздіктің өзі артық депті.
Біреу аса арық әйелге үйленгенде "мұның не" десе: "мен жауыздықтың ең азын таңдап алдым" депті.
Төзім — тамаша сипат. Бірақ шексіз ұзақ төзуге өмір тым қысқа.
Ақымаққа жақсылық етуші шошқаны асыл бұйыммен безегенге, немесе жыланды балмен асырағанға ұқсайды.
Тәнге ас керек болғандай, жүрекке де ақыл сонша қажет.
Қатыныңмен ақылдас та, оның айтқанына қарсы істе.
Найзаның жарасы емделеді де жазылады. Жазылмайтын — сөз жарасы.
Бір семіз кісі ет жеп отырса, "майлы етті майлы ет жеп отыр" депті.
Ел мінін түзеймін деген әкім әуелі өз мінін түзесін. Болмаса қисық ағашты түземей тұрып, қисық көлеңкені түзеймін дегенге ұқсайды.
Сөйлеп айтқаным үшін өкінішім көп болды. Үндемегенім үшін өкінішім аз еді дейді.
Түлкі арыстанға: менің күшігім қандай көп, жыл сайын табам және көп-көптен табам. Сенікі не, бәрі біреу-ақ, — дегенде, арыстан: біреу де болса ол арыстан ғой, — депті.
Тағы бір топ сөздер
Бір Англияда адам сенімді дегісі келсе, Англияның ақшасы фунт стерлинг қандай сенімді болса, о да сондай сенімді кісі деседі екен.
Махаббат ойынында тәжірибе дегеніңіз жастыққа бергісіз, мықты көзірдің бірі.
Мен газетшімін, сондықтан ешнәрсе туралы менің өз пікірім болмайды.
Сүйген шақта біздің ақылсызданып, ақымақ боп кететініміз де болады.
Сол шақта мен өзім сенбеген құдайға жалбарынып, "не өлім жібер, не есімнен тандыр" дедім.
Сенің шындығың шақ шындық, өмірі қысқа шындық.
Ішкен арақ менің ішімде "өле қалсам қайте қояды" деген ойды да ойлатты.
Оның беті сырт ажарымен, бояуымен жас бұзаудың етіне ұқсаушы еді.
Көп сөйлегеннің соңында қарның ашатыны несі екен?
Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана шын мәнінде қымбат табыс.
Ерлер туралы әйел сөзі
Мен сиқырланғандай едім.
Ол менің құдіретті әміршім, менің тәңірім, өмірім, бар махаббатым еді.
Әйелдің жанында әжім болмайды. Мендегі адамгершілік қасиеттің қуаты соның өзі еді. Оның әрбір қозғалысы, әр сөзі, көзқарасынан "ғажайып қасиет осы ғой" деген ойлар туды.
Бір тойдан соңғы стол үстіндегі, үй ішіндегі сурет
Бұл хал той басталған соң үш сағаттай уақыт өткеннен кейінгі жайды баян етеді. Столдың үстінде бейне бір соғыс, майдан болып өткендей ойран болған жай көрінеді. Сынған бокалдар, рюмкалар, бүктеліп уқаланған салфеткалар. Тарелкаларда жартысы желінбей қалған закускалар. Оларға қарасаң көзің түссе, құсқың келеді. Әр жерде төгілген, дастарқанды былғаған қызыл арақ, оған себілген, шашылған тұз. Жығылып жатқан бөтелкелер. Жерде домалап жүрген, жарымы сынған бос бөтелкелер. Үзіле құлаған пробкалар. Кей графиндердің тығындары. Әр тұста күл сауыттар толы жартылай тартылған, мыжырайған, кірлеген папирос қалдықтары. Ал үй ішінде айғай-шу. Арада күлкі. Дарақы тостар. Кей жерлерде шарпылысқан қалжыңдар. Тағы бір тұста өте дөрекі, тұрпайы сөздер. Адам жүздері қызарған. Күреңіткен көздер жасаурай түсіп, тұнжырай жанған тағы бір тұстарда, ұялмастан барын ақтарып, құмарлық тілек айтып, күлегеш әйелдерге сыбырлай күбірлеп, жабысқан зинақор еркектер. Осындай шұбар ала жын ойнағы "сауығым", "қонағым" аталушы еді.
* * *
Көбінше екі дұспан қастас араз адамдар, бірінің бірі жасырын ойларын ғажайып түрде сезеген келеді. Кейде екі жау адамдар екі ғашықтан бетер көрегендік, ішкі бір қырағы көз көрегендігін табады. Ғашықтардың бірінің жанын бірі оқып білгеніндей, олар да бірін-бірі соншалық шетін, нәзік түрде аңдағыш, танығыш келеді.
Көркемөнердің міндеті — табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу.
Кейбір жоқшылық пен мұқтаждық сорына ұшыраған жандарды көргенде, өзіңнің амандығың мен бақытың үшін ұялғандай боласың.
Табысып, сүйісіп қосылған екі таза сезім әдемі қосылған екі әншінің бірігіп айтқан әнінен кем бе екен!
Ой үстіндегі түйіліп қалған бір адам жарқыраған толқындардан көз алмай тұр: Көз шыдап болмас жарық болса да жалтармайды. Рас болса, жарқыраған күнге бүркіт көзі таймай, жасымай қадала қарайды дейді ғой.
Ащылы сордың кейбірін көргенде, оны да жердің іріңдеп тұрған жарасын көргендей боласың. Жұтаң, сортаң, ащылы борбастақ шынында адам денесіндегі ірің басқан жарадай. Тұлдырсыз тақырлар таздай сезілетіні болады.
Ердің тамаша әрекеті көз алдында істеліп жатқан шағында онша бағаланбайды. Көбінше ол ер сол істің үстінде қаза тапса, қатерге кетсе, сонда ғана жұрт көңілі оның ерлік қасиетін дуылдай мақтай жөнеледі.
Кей адамдар жөнінде
Табиғаттану ғылымын оның жіктеуі екі салаға бөлінетін: жеуге бола ма, жеуге болмай ма деген ғана айырмыстарды білуші еді.
Жер күнді оның көмегінсіз-ақ айналатынын білетін де, тыныш болатын.
Оның сырты сөнген күлдей боп тұрған тыныш түсінің астында әлі көп сөнбеген көмірлер де бар еді. Оның ойы жалқау еді. Сондықтан көбінше жұрттың пікірін тұтынатын — қолданатын. Мысалы, жақсы көру жайын ақынның жақсы көруімен, сұлулықты суретшінің көзімен өлшейтін. Тірі адамдардың түстерінен гөрі ол кинода көрген артисткаларды көбірек есте тұтатын. Солармен салыстырып бағалайтын. Оның ақылы батыл да, ісі жалтақ болатын.
Әйел затына шындықтың өзінен гөрі әсірелеп өсіре сыпаттау көбірек ұнайтын.
Әйел жұбатуға әрдайым бейім инстинктіге билететін, тегі, қайғы әйелді тартқыш болады. Айна торғайды сондай тартады дейді ғой.
Оны достарының мақтарлық ештеңесі болмаса, жауларының жамандар да түгі болмайтын адам дейміз.
Кейбір көріністен, мінездерден ішің пысқанда, тіпті отырған үйдің қабырғасының да есінегісі келгендей сезінесің.
Кей мақтаншаққа не қылсаң да есебін тап та, өзіңді өзің мақтай бер. Қарынды үре бергендей өзіңді өзің үріп қампита бер. Жарылып кеткеніңде із-тоз да қалмастай болсын деп ақыл айтуға болады.
Тегінде, әр адамның көңіл түкпірінде қалғып жүретін сенімсіздік, қарсылық, ерсілік ұрықтары болады. Кей кісілердің сөздері соларға қозғау салып, от беретіні болады.
Басқа келген ойлар сондай бір ұсақ қиқым жайлар, ол ой да емес. Жаңа көріп өткен адамдардың бұлдыр жүздері, ұшқын сөздері кейбір айғай, кейбір қимыл-қозғалыстары сияқты, қысқасы, ішкілікпен өткен күннің соңында қалған сыпырынды сияқты, қоқыр-соқыр еді.
Ол кей уақыттар атылып жарылғандай сөйлеп қайнап кетеді де, артынан бірнеше минут тоқтап қалып, қайтадан сөзіне қақалып, қырылдап, жөтеліп, булыға сөйлеп кетеді.
Сөзімен бықсық түтіндетіп кеткенде, кәдімгі оттан суырылған күйген кесеудей ащы түтіні бұрқырай жүрді. Түнгі жауын аспанды мөлдірете тазартып кетті. Адам итшілеген тіршілігіне сондай бір шегіне жеткен тәрізді де, енді подлец болуға мейлінше праволы сияқты сезінеді.
Ас бөлмеде, ала көлеңкеде күздігүнгі сүлесоқталмау түрде өлеусіреген шыбындар ызыңдай ұшып жүр.
Поездан жаңа түскен адамның басында сол поездың темір салдыры әлі де даңғаза қып білініп тұрғандай.
Самауырда көп масалар ызыңдап жүргендей.
Магазиндердің ашық есіктерінен дем шыққандай иістер келеді. Былғарының, темекінің, бір жерде майдың, еттің, тәтті дәмдінің де иістері білінеді де, мазасыз сезіледі.
Алыстан естілген оркестр күйі әрқашан жез трубалардың үндерін басыңқырап жұмсартыңқырап әкеледі де, барлық жырақтан келген сол оркестр күйлерінде қиялға, мұңға бейім бір әсер болады.
Адам өзінің жанын ұсақ уайым, болымсыз қам-қарекеттің дертімен былғанудан сақтау керек.
Кейбіреулердің сөйлеген сөзі жел ұшырып жатқан қиқым қордадай.
Скепсис адамды оқытады, өсіреді. Ал оптимистік көбінше ақымақтыққа бейім етеді.
Сол бір осал әдет оның миындағы шығу сияқты еді.
Күзгі жауын астында көшенің тасы майлағандай жылтырайды. Терезе шынылары қорғасындай сұрқыл-көкшіл ірең береді.
Жағымпаз, тынымсыз бір сорақы тыпырлап, жалбақтап, дөңгеленіп құйтыңдағанда өзін табаға салып пісіріп жатқандай бұлталаңдайды.
Оның антұрған бір мінезі кейбір жайды әдейі көрмей қоятын. Байғыздың күндіз көрмейтіні сияқты, ол күлгір, көрместікке салынатын.
Бір араб оқымысты айтқан екен: ағылшын Европада — түлкі, отарда — аты белгісіз қанішер жыртқыш деп.
Жас ұлғая келе туысқандық сезім де тозып, бұрынғы ыстық қуатынан айрыла береді.
Ол қайғы мен тәкаббарлықтың екі арасында қақ бөлінгендей.
Оның ішінің пысқаны, қасіреті соншалық, тіпті мұндайды жас көңілі бойынша ешбір кітаптан да оқыған жоқ. Ешбір киносуреттен де көрмегендей еді.
Қасынан қыз өтіп бара жатқанда ол әуенің де жеңіл толқып ырғалғанын сезді.
Ол әйел бұның көңілінше бар адамның тіршілігінен, ортасынан жоқ болып өшіп кетіп, енді тек жалғыз бұның жанында ғана тірлік етіп қалған тәрізді.
Қараңғылық, хош иісті жылы ғана қараңғылық, сондай бір терең құпия қалыпты аңғартады. Өзі және бір қою ағым тәрізді.
Айнаға қараңыз, сволочьтың дәл өзін сонда көзіңізбен көресіз.
Көзіңнің ашық тазалығы - таза бұлақ мөлдір суындай. Көзқарасы бір алуан, адамға жабысқақ қарайды.
МАЗМҰНЫ
Индия ғалымдары сөзінен 3
Тағы бір топ сөздер 4
Ерлер туралы әйел сөзі 4
Бір тойдан соңғы стол үстіндегі, үй ішіндегі сурет 5
Кей адамдар жөнінде 5
Мұхтар Әуезов