5 Желтоқсан 2012, 03:57
Түріктердің қолданбалы өнерi — қала мен даланы мекендеушілердің көркем шығармашылығы мейлінше алуан түрлі болуымен ерекшеленеді. Ең алдымен көзге түсетіндері — ұсақ пластика, терракота, көркем керамика мен металл. Металл мен ағаш оюлардың көптеген сюжеттері керамикаға көшірілген. Ою өнерінде жаңа техникалық тәсілдер, атап айтқанда, жапсыру, доғал және өткір стекалар, пунсон, қалыптар игерілді. Жұқалап ойып өрнектеу мен жылтырату кеңінен дамыды. Оюлардың сюжеті де мейлінше әр түрлі: діни-магиялық сипаттағы нышандар мен эмблемалар, антропоморфтық және зооморфтық мотивтер.
Терракота бет-әлбеті, шашы және киімі жөнінен сипатты үлгідегі соғдылардың, түріктердің бейнелері болып келеді. Олар антропоморфтық ыдыстардада, ыдыстардың жапсырмаларында да бейнеленген. Терракоталарда мейлінше алуан түрлі кейіпкерлер бар, олардың кейбіреулері зороастралық және буддалық иконография құдайларының бейнелерімен байланысты. Бұл жағынан алғанда, Қызылөзендегі терракоталық плакеткаға салынған құдай образындағы патшаның немесе қорқор ұстаған (сол қолына құрбан шалатын аспап ұстап, кұрамы күрделі тәж киген және інжу шұғылалы) Аровахишт құдайларының бейнесі ерекше. Оссуарийлер қақпақтарының төбесі көбінесе адамның басы, құстар мен андар, ғажайып мифологиялық бейнелер түрінде безендірілген. Оссуарийлерге балшықтан ойып, қалыптап, жапсырып және бояп түрлі бейнелер салынған.
Солардын ішінде екі оссуарийдегі бейнелер ерекше қызықты. Олар сопақша етіп жасалған, алдыңғы қабырғасында жоқтау көрінісі бейнеленген, онда композицияның ортасында мінажат етіп, қолдарын кеудесіне басқан үш адамның бейнесі бар оссуарий мен жәшік сияқты тік бұрышты, ғибадатханада қасиетті от жағу көрінісі бар оссуарий бейнеленген. Ортасында — ішінен жалын шығып тұрған сатылы биік мехрап, ал жан-жағында ұсақ қатпарланып сәнделген және үш рет оралған белбеулі ұзын жейде киген абыздар бейнеленген. Абыздардың қолдарында және олардың айналасында ғибадатханадағы дұға оқу ғұрпына тән әр түрлі айшықтар бар.
Көшпелі және отырықшы халықтын көркемдігі жоғары бұйымдарының көпшілігі киім-кешек әшекейлері болып табылады. Құрама белдіктердің қаптырмалары, салпыншақтары мен қарсы ілгектері, ат әбзелдерінің әшекейлері ою-өрнектерінің байлығымен ерекшеленеді. Әсем құрама белдіктердің бейнелері түріктердің тас мүсіндерінде, Пенджикент пен Афрасиабтың фрескаларында сақталған. Қаптырмалар географиялық түрде — төрт бұрышты, ай сияқты, жүрек тәрізді мүсіндер болып келеді.
Белдіктің ұзына бойына тағылып, өсімдік тәрізді және зооморфтық оюлармен өрнектелген олар біртұтас ансамбль сияқты әсер қалдырады. Белдіктер киімнің, жауынгерлік керек-жарақтардың атрибуттары ғана емес, сонымен қатар ерекше айырым белгісі және көркемдік мәдениет көрсеткіші болған. Жалпы алғанда, көркемдік мәдениетті былайша сипаттауға болады. Аз уақыттың ішінде бүкіл Орта Азияны бағындырып алған түріктер «отырықшы өркениет өнерін кеңінен пайдаланды, оларды көп мүсінді композициялар»... «иконографиялық канондар, күрделі оюлар қызықтырды...», олар «соғдылардың өсімдік тәрізді оюларын» үйреніп, одан әрі дамытып, «абстрактілі элементтердің ұштасуына айналдырады». Сонымен бірге көшпелілердің мәдениеті өз кезегінде соғдылардың отырықшы қоғамына да ықпал етті. Варахша жолбарыстарының жарқындығы, күміс ыдыстардағы қарақұйрық пен таутекенің сезімталдығы күдіргі және кәпен ері безендірілген стильді және сонымен бірге тірі сияқты көрінетін жолбарыстар мен барыстарды, қабандар мен таутекелерді, құландар мен еліктерді еріксіз еске салады.