5 Желтоқсан 2012, 03:38
Әдебиетіміздің туысқандығы
Совет Одағы Коммунистік партиясының XXI съезінің дем беріп қанаттандырушы қарарлары қоғамымыздың өмірінің алуан қырларын айқын нұрымен жарқыратты. Съезд белгілеген, тарихта бұрын болып көрмеген коммунистті жасампаз еңбектің жоспары халықтың творчестволық ұлы қуатын оятып, адамзаттың ғасырлар бойы абзал арманы болған жарқын болашақты жақындата түсті.
Бұл тарихи қарарлар көп ұлтты совет әдебиетінің барлық қайраткерлерінің бойына жаңа творчестволық күш құяды. Олар қазіргі заманды кең толғанып топшылауға, творчествомызды, ойымызды байытуға көмектесіп, коммунистік құрылыстың кең өріс алған кезеңіне қадам басқан совет халқының ғажайып еңбегіне лайық үлкен көркем туындылар жасауға рухтандырды.
Қаһарман халқымыз қауырт өрлеумен жеті жылдық жоспарды жүзеге асыра бастаған осы бір тамаша күндерде көркем творчество бұрынғыдан да бетер халық өмірімен біте қайнап, тығыз байланысты болуға тиісті. Өйткені көп ұлтты совет әдебиетінің мүддесі коммунизм мүддесінен ешуақытта бөлінген емес. Коммунизмнің ұлы ісіне, партия мен халықтың ісіне қызмет ету — совет әдебиетінің ең биік мұраты, жоғары мақсаты. Қазір біз тарихи істерді жүзеге асыруға, жаңа адамды тәрбиелеуге белсене көмек көрсететін жауынгерлік, партиялық, өміршең әдебиеттің — социалистік реализм әдебиетінің туын бұрын болып көрмеген жоғары сатыға көтеруге міндеттіміз.
Жетіжылдық әрбір совет әдебиетшілерінің жаңа туындылар жасауына кең жол ашты. Біздің советтік өмірдің әрбір күні — жаңа тақырыптардың, образдардың, сюжеттердің, керемет ойлардың сарқылмас кезі, мол байлығы. Олар жаңа құрылыстардың аландарында, заводтар цехтарында, оянған тың қырларында, "Қазақстан Магниткасының" құрылысшыларында, колхоз жайылымдарында, лабораторияларында топтасып жатыр. Қазірде адам танымастай болып өзгерген қазақ өлкесінен суреткерге жүрек тебірентерлік өмірдің мол материалдары табылатыны қазақ әдебиетінің бір кездегі бастаушыларының есіне келді ме екен? Жаңа өмір, біздің социалистік шындығымыз әдебиет творчествосын тамаша және ой толқытарлық өмір материалдарымен байытады. Бұл біздің барлығымызды көркемдігі жоғары ұлттық формамен социалистік мазмұнды шын және айқын, терең бейнелеуге міндеттейді.
Совет жазушылары социалистік реализм принциптеріне неше түрлі шамамен шабуыл жасаушы буржуазиялық идеологтарға, ревизионистерге қарсы кескілескен идеялық күресте көп ұлтты совет әдебиеті идеялық негіздерін қорғайды. Олар айқын да талассыз қағиданы, социалистік шындықты, СССР халықтарының барлық ұлт әдебиеттеріне шексіз мүмкіншіліктер ашатын творчествоның социалистік мазмұнын қорғайды. Жаңа социалистік мазмұн бұл әдебиеттердің ұлттық формаларының бір орында қатып-семіп қалмай, қайта өрістеп өмір сүруіне, халық бұқарасының көркем тәжірибелерінің кең қанат қағуына жағдай жасайды.
Маркстік-лениндік эстетика жыл санап социалистік реализмге талпынған дүниежүзінің прогрессивтік әдебиетінің қозғалысының тәжірибелерімен байи түседі. Қандай болмасын әдебиеттің ұлттық ерекшеліктер проблемалары қазіргі кезеңде социалистік құрылыстан, коммунизм жолындағы күрестен тыс шешілуге тиісті емес.
Коммунистік құрылыс жылдарында жинақталған ұлт әдебиеттерінің көркем тәжірибесін творчестволық жолдармен қорыта түскенде, біз көбінесе Кавказ, Балтық жағалауындағы немесе Орта Азия әдебиеттеріне назар аударамыз да, орыс совет әдебиетінің табиғатына байланысты ұлттық ерекшеліктерді аз айтамыз.
Осыған байланысты біз, туысқан әдебиеттер жазушылары, ең алдымен орыс әдебиетінің ұлттық формаларының даму тәжірибесіне мұқият қарауымыз қажет. Өйткені ол әдебиет біздің алдымызға ең жарқын, жақсы мысалдарды жайып салады. Орыс совет романы, драматургиясы, әсіресе барлық жанрда дамыған оның поэзиясы орыс әдебиеті топырағында ұлттық форманы молайту жөнінде аз өзгеріс жасаған жоқ қой.
Социалистік реализмді дамытуда халықтар достығы үлкен роль атқарады. Бұл рольдің достық сипаты бізде өзгеше. Көп халықтардың тарихи тағдырлары Россиямен достасу нәтижесінде бақытты болып қалыптасты. Әлемге әйгілі мәдениеті бар, мол парасатты орыс халқы туысқан халықтардың әрдайым жетекшісі болып келді. Ең алдымен тіліне байланысты ұлттық ерекшеліктері бар оның әдебиеті барлық халықтардың өмір тіршілігіне керекті жаңа рухани бағалы байлықтардың қайнар көзі болды. Орыс тілі еліміздің барлық халықтары үшін екінші ана тілі болып есептеледі. Ол тіл мен мәдениетті ойдағыдай игеруге, бүкіл дүниежүзінің мәдени қазынасымен жақындасуға жол ашады. Біздің таңдаулы шығармаларымыздың ұлы социалистік Отанымыздың көп ұлтты оқушыларына жетуіне мол себебін тигізеді. Бұл тек қана орыс оқушысына жетудің жолы емес, сонымен бірге әртүрлі ұлт оқушыларына таныстырудың жолы.
Халықтар достығының арқасында ұлт әдебиеттері бірімен-бірі тығыз байланыса өмір сүріп, бірін-бірі байыта түседі. Сондықтан казіргі әдебиет процесінде халықтар достығының орны мен мәні социалистік реализмнің идеялық шешуші принциптерінің бірі болып саналады.
Шетелдердің прогрессивтік жазушыларының творчестволарын сез еткенде, ұлттық форманың дамуларының барысына қызғылықты байқаулар жасауға болар еді. Олардың социалистік реализмнің жасампаз күшінің қуатымен мәуелеген ұлттық демократиялық дәстүрлері әдебиеттің өзара қарым-қатынастары арқылы байытылған ұлттық формалар элементтерін тудырды. Социалистік реализм кең дамып, күшті ықпал етіп, ұлттар әдебиетінде көркемдік формалар жаңғыруының үлкен бетбұрыс, түзілістерін жасады.
Сондықтан да ұлттық форма проблемалары социалистік реализм әдісімен біртұтас байланыста талқылану керек. Бұл жанды, қанды байланысты көзге ілмей аттап өтсек, біз әрбір әдебиеттегі социалистік реализмнің ұлттық ерекшеліктерін, ұлттық сипаттарын ескермеген болар едік.
Жаңа ұлттық форма өмірдің өз әсерінен туады. Біріншіден, өткенде жасалған туындылардың бәріне сын көзқарас, дұрыс баға беріледі. Халықтың ұғымына, талғамына, психологиясына төтеп бере алатын туындылар іріктеледі. Озғын прогрессивтік нәрселер өзінің бұлжымас орнын алады. Әрбір ұлт мәдениетінен оның демократиялық элементтерін екшеп алу жөніндегі лениндік қағида заман талабына жауап беретін жаңа искусствоны қалыптастыруда адамның қуатты, биік мақсатты, ақыл-ойға толы творчестволық күшін шындай түседі.
Екіншіден, жаңа дәстүрлер, жаңа көркемдік элементтер жасап, ұлттық форма өзгеріп отырады.
Үшіншіден, мәдени дамудың қазіргі жағдайында ұлттық форма жаңа сипаттармен байи түседі. Отанымыздың басқа халықтарының әдебиеттерінің қолы жеткен формаларын қабылдай ала отырып, жаңа қасиеттерге ие болады.
Бұған мысалға талантты халық шайырларының, ашугтарының, ақындарының, бахшыларының шығарған суырып-салма өлеңдердің жаңа мазмұнды, адамдардың жаңа сезімін бейнелейтін жоғары идеялы, жаңа рәуішті өлең дәрежесіне көтерілгенін алсақ та жеткілікті. Әрбір әдебиетіміздегі бұл процестердің барлығы халықтар достығының құнарлы топырағында есіп, жетіліп отыр. Мұның ең басты өзекті әрі шешуші шарты біріне-бірі қолдан телінуінде, немесе бірін-бірі ауқымдап алып кетуінде емес, достарда бар таңдаулы нәрселерді еркімен игеруде болып отыр. Бұл — рухани творчестволық өрлеудің аса жемісті нәтижесі, жаңалықты қол ұстаса қызу іздесудің бейнесі.
Біз әдебиеттердің туыстығын сөз қылғанда, оларды бір-бірінен айырықсыз етіп жібереміз бе, байырғы үлкен тәжірибесі жоқ, артта қалған халықтар әдебиетін санаттан шығарып, олардың ұлттық ерекшеліктерін жоғалтып алмаймыз ба дегендей сұраулар тууы да мүмкін ғой.
Жоқ, олай емес. Көп ұлтты совет мәдениетінің онікі дамуының тәжірибесі өзара ұлттық байланыс дәстүрлерінің ең таңдаулы үлгілерін өрістетуге мүмкіндік бергенін, барлық әдебиетті биікке, белеңге көтеріп отырғанын көреміз.
Творчестволық тиімді қарым-қатынастың арқасында советтік шығыстың көптеген әдебиеттеріне проза, драма сияқты жаңа жанрлар келіп кірді. Бұлар — орыс реализмінің дәстүрлерін мол меңгерудің жемісі. Бұл жаңалықтарды оқушылар халық ойынан қайнап шыққан, етене боп кіріккен, таңдаулылардан таңдалып алынған өзіндік төл туынды есебінде қабылдайды. Өзбек, қырғыз, түрікмен романдарын өзбек, қырғыз, түрікмен оқушылары ұлттық роман, халық ойының көрінісі, жаңа ұлттық формадағы халық санасының сәулесі, өз сөз суреткерлерінің творчестволық еңбек ерекшеліктері есебінде қабылдайды. Қазақ, өзбек, тәжік драматургиясы жаңа форманы қабылдай отырып, сонымен қатар тек қана тілі жөнінен емес, өмір ерекшеліктерін — әрекеттер қақтығысын, ой өрнегін, адамдар қарым-қатынасын, жалпы характерлер құрылысын қалыптастыруда нағыз ұлттық драматургия болып танылып отыр ғой.
Ұлттық форманың ең басты белгісі әдетте тіл деп есептеліп жүр. Кей уақытта біз оны ұлттық форманың бірден-бір белгісі деп қараймыз. Олай десек, шығарма бір тілден екінші тілге, мәселен, орыс тіліне аударылғанда ұлттық форма қалай болмақ? Көркем әдебиетке келгенде ұлттық форманы тек тіл маңынан іздеуге болмайды. Әдебиеттегі, әсіресе поэзиядағы ұлттық форманың ерекшеліктерін берік қалыптасқан, тұрақты орын тепкен ерекшеліктер деп қарайды. Әрбір туындының орыс тіліне аударылуы ұлттық түрді жоққа шығармайды. Қазақ, өзбек, латыш, армян, грузин жазушыларының орыс тіліне аударылған роман, повесть, өлеңдерінен біз сол халық өкілдерінің өз тілдерінде сөйлеп тұрған жүрек лүпілін сеземіз. Жазушы қандай бір тарихи, әдебиеттік ортада болмасын ұлттық характерлерді бейнелей отырып, ол өз туған әдебиетінің топырағында социалистік реализм әдісін дамыта түседі.
Социалистік мазмұнды байыта түсу, ұлттық форманы дамыту мүддесін ойласақ, әдебиеттің өткендегі көнетоз шарттылығынан аулақ болу керек.
Бұл арада жатжұрттықтардың үстемдік қылған дәуіріндегі әдеттердің таңбасы түскен мұралар жайында сөз қозғап отырмыз. Ол кезде әдебиетке ерекше бір жаргондар, екі немесе үш тілдің араласып кету әдеттері болатын. Ертедегі басқа тілдердің үстемдік құрған өткінші жағдайларындағы бұл фактілерді кейбір халықтардың классикалық мұраларынан, мәселен, түрік тектес өлеңдерден, "аруз" мөлшерінен байқаймыз.
Бұл секілді көне дәстүрлерден қол үзу социалистік реализм әдебиеттерінде үлкен жаңалықтарға жол ашты. Мұны Самед Вургун, Ғафур Ғұлам, Мұса Жәлел, тағы сол сияқты ақындардың творчестволарынан айқын байқауға болады.
Орын теуіп қатып қалған кейбір нормаларды творчестволық жолмен аттап өтіп, ұлттық форманың жаңа негіздерін тудыру — XIX ғасырдағы классиктерге, алдыңғы қатарлы мәдениет қайраткеріне тән дәстүр еді. Олар орыс әдебиетінің озық дәстүрлерімен, сол арқылы дүниежүзі әдебиетінің игі дәстүрлерімен қоян-қолтық творчестволық ізденуді өздерінің тарихи парызы деп ұқты. X. Абовян, И. Чавчавадзе, М.Ф. Ахундов, К. Хетагуров, Тоқай, Абайлар осы бағытты ұстанды. Біз, совет жазушылары, олардан тарихтың жаңа кезеңінде ұлт әдебиетін көркемдік байытудың халықтық дәстүрін терең қабылдап алдық. Бұл олардың жаңалық бастамаларының бағалы төлбасы еді. Олар бізге еліктеу құр бас шұлғуды емес, оқып үйренудің жаңа түрін, орыс және дүниежүзі әдебиетінің таңдаулы табыстарын өз бетімен творчестволық түрде қабылдауды өсиет етіп қалдырды. Қазақстан жазушылары өзінің республикалық съезінде қазіргі заманның тақырыбын көркемдеп түйіндеудің, творчестволық шындықпен тығыз байланыста болуының көкейкесті проблемаларын шешуге осы тұрғыдан қарауға тырысты.
Халықаралық қатынасымыздың өсе түсуіне байланысты, туысқан әдебиеттердің ұлттық ерекшеліктер проблемалары теориялық ойларымызды бұрынғыдан гөрі толғанта, ширата түсті. Ұлы Қытай, бүкіл социалистік лагерь суреткерлерінің социалистік реализмнің теориялық проблемаларын қалай шешіп жатқанына, ұлттық форманы жаңғырту жөнінде олардың іс жүзінде қандай жаңалықтар жасап жатқанына сергек көңілмен қарауымыз керек.
Социалистік реализмнің негізгі проблемаларын әдебиеттердің ұлттық ерекшеліктерінен бөліп алып қарауға болмайтынын тәжірибенің өзі айқын көрсетіп отыр.
Өткендегі дәстүріміздің ең таңдаулыларын өз бойына жинап алған, қазіргі күннің мәдениет асқарына құлаш ұрған, халықтардың революциялық шабытын бейнелеген социалистік реализм ғана туысқан әдебиетіміздің ұлттық ерекшеліктерін барған сайын айқындап, жарқын танытып жүр. Көп ұлтты социалистік реализм әдебиетінің осы жағдайларын ескермейінше, еліміздің туысқан халықтарының әрбір жазушыларының көркемдік туындыларындағы жаңа образдарды, бояу-нақыштарды айқын да ашық ұғыну мүмкін емес.
Мұхтар Әуезов