Будда

5 Желтоқсан 2012, 03:10

Будда (Перевод Толстойдан) Ғайса пайғамбар дүниеге келместен жүз жыл бұрын Гималай тауының етегінде бір Саки деген халық тұрыпты. Патшасы Судходана деген кісі екен. Патшаның екі қатыны болды. Бірақ ешбірінен де бала болмады. Кәрілік алқымдап қалып, артында бала қалмайтындығы уайым болып жүрген уақытта патшаның зор қуанышына үлкен қатыны Майядан бір еркек бала туды. Баланың аты Сейдхарта болды. Сейдхарта 19 жасқа келгенде әкесі бір ағайынының Базугар деген сұлу қызын баласына алып береді. Баласы мен келінін бір тамаша бақшаның ішіне салынған салтанатты сарайда тұрғызды. Жас Сейдхартаның бақшасы жүректің бар тілегі табылғандай жан саясы бір көрікті орын еді. Судходана жанындай көретін жалғызы мехнат көрмесе екен деп, баласының нөкерлеріне: «Баламның көңіліне уайым түсіріп, күңгірт ой ойлатарлық көзіне һешнәрсені көрсетпеңдер», — деп қатты тапсырып қойды. Бақшасының ішінде не кірлеген, не тозған, не бұзылған ешнәрсені көрмейді. Қасындағы нөкерлері баланың көзіне һешбір жаман нәрсе көрсетпейміз деп, ағаштың сарғайған жапырақтарын да жұлып тастап, оған кәртайған хайуандарды да тұрғызбай, орындарына жас, сау хайуандардан әкеліп қойып жүрді. Маңындағы нөкерлері ылғи жас қыз, жас жігіт болды. Осымен баланың көргені өзінің жас бітіміндей саулық, қуаныш, қызық, жарастық қана болды. Осылайша бұл бақшаның ішінде үш жыл өмір өтті. Бала бұл қалыпты өмірден жалығып, басқа адамдардың да өмірін көргісі келді. Бір күні таңертең ерте тұрып Шанна деген көшіріне ат жеккізіп қалаға келді. Қаладағы үйлер, көшелер, көп халық, лавке, бұлдар — бәрі де көруге қызықты нәрселер болып, Сейдхарта көңілін көтеріп жүрді. Бір уақытта Сейдхарта адам суретті бір кейіпсіз нәрсе көрді. Бұл көргені беті албырап, еріні кезеріп, дем алысы бұзылып, ыңқылдап, күрсілдеп қораға сүйеніп отырған бір ауру адам еді. Сейдхарта көшіріне: — Мына кісіге не болған? — дейді. — Бұл ауру — деді көшір. — Ауру деген не? — Ауру деген: адамның денесі бұзылып мехнат тартады. —        Бұл неге мехнат тартып отыр? Біздің ортамызда мұндай кісі неге жоқ? — Жоқ, бұл адамның бәріне де келеді. — Бұл ауру маған да келе ме?   Көшір жауап бере алмады. Сейдхарта да қайырып сұрамады. Біраз жер жүрген соң Сейдхартаның пәуескесінің жанына қайыр сұраған бір шал келді. Белі бүкірейген, денесі можа болған, буыны қалтылдап, жыртиған көзінен жасы аққан, беті бейнеусіз қырысқан, аузы опырайылған бір жан еді. Сейдхартаға жақындап былдырлап ұғымсыз бірдеме айтты. — Мынау да ауру ма? — деді Сейдхарта. — Жок, бұл шал. — Шал деген не? — Шал деген, кәрілік. — Не себепті мұндай болды? — Дүниеде көп ғұмыр сүргендіктен. — Адамның бәрі кәртая ма? — Бәрі кәртаяды. — Мені үйге алып жүр, — деді Сейдхарта. Көшір атты айдап үйге қарай келе жатыр еді, алдынан көп адам килікті. Бұлар бір өлікті табытқа салып көтеріп әкеле жатыр еді. — Мынау не? — деп сұрады Сейдхарта. — Бұл өлген кісі, денесін отқа жаққалы әкеле жатыр. — Өлген деген не? — Өлген деп өмірдің біткенін айтады. — Өмір бітуші ме еді? — Өлген соң өмір бітеді. Сейдхарта арбадан түсіп, өлген кісінің түрін көрді. Көзі ақшиған, жақтары тістескен, денесі сірескен бір адам жатыр. — Бұл неге жалғыз осындай болып қалды? — деді Сейдхарта. — Бұл әркімнің басына да келеді. Жұрттың бәрі де өледі. — А!? Бәрі де өледі? — деді де пәуескесіне мініп терең ойға түсіп үйіне келді. Бақшаның ішінде бір оңаша жерге барып күні бойы қадалып, көргендерін ойланып отырды. — Адам біткен ауырады, кәртаяды, өледі. Ендеше несіне бұл адам өмір сүріп жүр? Бір сағатта ауырып қалатын болса, сағат сайын әлі азайып, сиқы бұзылып кәртаятын болса, болжаусыз бір сағатта өліп қалатынын біліп отырғанда не қуаныш, не жұбаныш бола алады? Бұны біле тұра қызық көріп қуануға бола ма? Бұл жөн емес, бұдан құтылу керек. Мен бұған жол табамын, тапқан жолымды жұртқа ұқтырамын деген ойға Сейдхарта бекінді. Түн болды. Сейдхарта Шаннаға атын ерттетіп, қақпаны ашуға бұйырып, өзі қатыны жатқан үйге кірді, қатыны ұйықтап жатыр екен. Қатынын оятпай жүрегімен қоштасып, нөкерлеріне тықырын білдірмей әке-шешеден, елден безіп атына мініп жүріп кетті. Көп жер жүрді. Қалжыраған соң атын да қоя берді. Бір кез келген сопымен киімін ауыстырып адамды адасқан жолдан құтқару дауасын іздеп жүре берді. Әуелі бетінде халқына ұқтырып жүрген тағлымын білу үшін быраһманидардың (бұдқа табынушылардың) данышпандарына келді. Бірақ олардың ұғуындағы адамның жаны өлген соң хайуанға көшеді және нәфсіден тазартуға денені әртүрлі азапқа салу керек дегені Сейдхартаға ұнамады. Бұлардан кетіп қалың орманның ішіне барып алты жыл тұрды. Мұнда ғұмыры ылғи оразамен, ауыр мехнатпен өтті. Ақырында бұ жолды да ұнатпады. Денені азапқа салып, аштық бейнетін тартып, арып-ашып, жүруге жарай алмай да қалып жүрді. Құр азаппен жанды құтқара алмаған соң өмірін терең ойға, өкінішке жіберуді мақұл көрді. Бұл мақсаттың жолында бірталай қызмет қылған соң, атағы зорайып жұрт ғалым деп құрметтеп, алдына көп шәкірт жиналды. Жұрттың мақтауынан, құрметінен қашып, мақсаттан тайып, әке-шешесі, қатынына қайтқысы келді. Бірақ бұл ойы мінезінің бұзылайын дегені екенін біліп көтермешілерінен, шәкірттерінен қашып ешкім білмейтін бір оңаша жерге кетті. Оңашада көп заман нәфсі жауымен алысып, бір күні ағаштың түбінде әуелгі тыныштығын бұзған ойды қуып отырғанда адасқан беттен құтылудың анық жолын тапты. Ол айқын жолдар мынау еді: дене деген уақытша ғана нәрсе, уақыт бітсе күйремек, адам денемен тірлік қылып тұрғанда бейнетке де, тозуға да, өлімге де кіріптар. Бұдан қалай құтылу керек? Адамның жаны нәфсімен байланысып тұрғанда өмір сүргісі келеді. Ал өмір қанағатсыз тілекпен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәфсінің тілегін жоғалту керек деген Сейдхартаның үміті төрт түрлі хақиқатқа тірелді. Бірінші хақиқаты: адам баласы ғазап көрмек. Екінші хақиқаты: ғазап нәфсіден тұрады. Үшінші хақиқаты: адам нәфсіні жойса, ғазаптан да құтылады. Төртінші хақиқаты: нәфсіден құтылуға төрт саты бар: 1) жүректің оянуы, 2) бұзық мінезден, кекшілдіктен құтылу, 3) шүбәланудан, жаман тілектен, азадан құтылу, 4) жалғыз адамға емес, барлық жан иесіне рахымды, махаббатты болу. Жанның ағаруы ұрғашы құмарлықты жоғалтумен болмайды, жаман, бұзық ойдан құтылумен табылады. Жанның нағыз тазарып ағаруы, бостандығы махаббатта. Нәфсіні махаббатқа жеңгізген адам надандық шынжырын үзіп, өлім ғазабынан құтылады, деген.   Сейдхартаның бұл хақиқаты 10 фарызға бөлінеді: 1.  Өмірді өлтірме, қор қылма, сыйла. 2.  Ұрлама, тонама, еңбегіңнің пайдасын әркімге тигіз. 3.  Арамдықтан сақтан, әйелден аулақ бол. 4.  Өтірік айтпа, шынды айтуға қорықпа, бірақ махаббатпен. 5.  Ойыңнан өсек шығарма, біреудің айтқан өсегін қайта айтпа. 6.  Ант ішпе. 7.  Бос сөзге уақыт бөлме, істі сөйле, әйтпесе үндеме. 8.  Мақтан қума, күндеме. Жақыныңның жақсылығына қуан. 9.  Жүрегіңді ашудан тазарт, дұшпаныңды жек көрме. Бар жан иесіне махаббат көзіңмен қара. 10. Сенімсіздіктен құтыл, хақтықты ұғуға тырыс.   Осындай тағлымды Сейдхарта адам баласына насихат қылды. Әуелде шәкірттері бұл жолына түсінбей, артынан қайта алдына жиылды. Быраһмандар Сейдхартаны бұзық көріп қуса да, Сейдхартаның тағлымы халыққа жайыла берді. Будда қажымастан 60 жыл бір жерден бір жерге көшіп жүріп халықты үгіттеді. Ақыры бір-екі қышлақтың арасында келе жатқанда ажал сағаты келіп жетті. Сол уақытта жасы 80-де еді. Әбден нашарланып әлсіресе де үгітін қоймап еді. Шәкірттерімен бір асуда келе жатып: «Мен қатты шөлдеп тұрмын», — деді. Шәкірттері су ішкізді. Аз дамылдап тағы жүрді. Кішкене жүріп Харане Абад деген өзеннің жағасында бір ағаштың түбіне келіп отырып шәкірттеріне айтты: «Шәкірттерім, маған ажал уақыты таянды, менің өмір бойы айтқан насихатымды естеріңнен шығармаңдар», — деді. Өзінің бір жақсы көретін Ананда деген шәкірті бұл сөзін естігенде шыдай алмай, қырындап аулағырақ барып жылап жіберді. Сейдхарта шақыртып алып: «Сабыр қыл, Ананда, жылама, уайымдама! Ертелі-кешті бұ дүниенің қызығынан айрылмақпыз. Дүниеде мәңгілік не бар дейсің, достарым! — деп басқа шәкірттеріне қарап, — «Менің үйретуімше өмір сүріңдер, нәфсінің тозағынан құтылыңдар, мен нұсқаған жолмен жүріңдер. Әрдайым естеріңде болсын: тән ойран болмақ, бұзылмайтын мәңгілік жалғыз хақиқат, сол себепті хақиқатқа жабыссаңдар, жандарыңды құтқарасыңдар». Данышпан Будданың ақырғы сөзі болды. Сонан кейін көзін мәңгілікке жауып, ақырын дүниеден көшіп жүріп кетті. Мұхтар. Мұхтар Әуезов

Будда

(Перевод Толстойдан)

Ғайса пайғамбар дүниеге келместен жүз жыл бұрын Гималай тауының етегінде бір Саки деген халық тұрыпты. Патшасы Судходана деген кісі екен. Патшаның екі қатыны болды. Бірақ ешбірінен де бала болмады. Кәрілік алқымдап қалып, артында бала қалмайтындығы уайым болып жүрген уақытта патшаның зор қуанышына үлкен қатыны Майядан бір еркек бала туды. Баланың аты Сейдхарта болды.

Сейдхарта 19 жасқа келгенде әкесі бір ағайынының Базугар деген сұлу қызын баласына алып береді. Баласы мен келінін бір тамаша бақшаның ішіне салынған салтанатты сарайда тұрғызды. Жас Сейдхартаның бақшасы жүректің бар тілегі табылғандай жан саясы бір көрікті орын еді. Судходана жанындай көретін жалғызы мехнат көрмесе екен деп, баласының нөкерлеріне: «Баламның көңіліне уайым түсіріп, күңгірт ой ойлатарлық көзіне һешнәрсені көрсетпеңдер», — деп қатты тапсырып қойды. Бақшасының ішінде не кірлеген, не тозған, не бұзылған ешнәрсені көрмейді. Қасындағы нөкерлері баланың көзіне һешбір жаман нәрсе көрсетпейміз деп, ағаштың сарғайған жапырақтарын да жұлып тастап, оған кәртайған хайуандарды да тұрғызбай, орындарына жас, сау хайуандардан әкеліп қойып жүрді. Маңындағы нөкерлері ылғи жас қыз, жас жігіт болды. Осымен баланың көргені өзінің жас бітіміндей саулық, қуаныш, қызық, жарастық қана болды. Осылайша бұл бақшаның ішінде үш жыл өмір өтті. Бала бұл қалыпты өмірден жалығып, басқа адамдардың да өмірін көргісі келді. Бір күні таңертең ерте тұрып Шанна деген көшіріне ат жеккізіп қалаға келді. Қаладағы үйлер, көшелер, көп халық, лавке, бұлдар — бәрі де көруге қызықты нәрселер болып, Сейдхарта көңілін көтеріп жүрді. Бір уақытта Сейдхарта адам суретті бір кейіпсіз нәрсе көрді. Бұл көргені беті албырап, еріні кезеріп, дем алысы бұзылып, ыңқылдап, күрсілдеп қораға сүйеніп отырған бір ауру адам еді. Сейдхарта көшіріне:

— Мына кісіге не болған? — дейді.

— Бұл ауру — деді көшір.

— Ауру деген не?

— Ауру деген: адамның денесі бұзылып мехнат тартады.

—        Бұл неге мехнат тартып отыр? Біздің ортамызда мұндай кісі неге жоқ?

— Жоқ, бұл адамның бәріне де келеді.

— Бұл ауру маған да келе ме?

 

Көшір жауап бере алмады. Сейдхарта да қайырып сұрамады. Біраз жер жүрген соң Сейдхартаның пәуескесінің жанына қайыр сұраған бір шал келді. Белі бүкірейген, денесі можа болған, буыны қалтылдап, жыртиған көзінен жасы аққан, беті бейнеусіз қырысқан, аузы опырайылған бір жан еді. Сейдхартаға жақындап былдырлап ұғымсыз бірдеме айтты.

— Мынау да ауру ма? — деді Сейдхарта.

— Жок, бұл шал.

— Шал деген не?

— Шал деген, кәрілік.

— Не себепті мұндай болды?

— Дүниеде көп ғұмыр сүргендіктен.

— Адамның бәрі кәртая ма?

— Бәрі кәртаяды.

— Мені үйге алып жүр, — деді Сейдхарта. Көшір атты айдап үйге қарай келе жатыр еді, алдынан көп адам килікті. Бұлар бір өлікті табытқа салып көтеріп әкеле жатыр еді.

— Мынау не? — деп сұрады Сейдхарта.

— Бұл өлген кісі, денесін отқа жаққалы әкеле жатыр.

— Өлген деген не?

— Өлген деп өмірдің біткенін айтады.

— Өмір бітуші ме еді?

— Өлген соң өмір бітеді.

Сейдхарта арбадан түсіп, өлген кісінің түрін көрді. Көзі ақшиған, жақтары тістескен, денесі сірескен бір адам жатыр.

— Бұл неге жалғыз осындай болып қалды? — деді Сейдхарта.

— Бұл әркімнің басына да келеді. Жұрттың бәрі де өледі.

— А!? Бәрі де өледі? — деді де пәуескесіне мініп терең ойға түсіп үйіне келді. Бақшаның ішінде бір оңаша жерге барып күні бойы қадалып, көргендерін ойланып отырды.

— Адам біткен ауырады, кәртаяды, өледі. Ендеше несіне бұл адам өмір сүріп жүр? Бір сағатта ауырып қалатын болса, сағат сайын әлі азайып, сиқы бұзылып кәртаятын болса, болжаусыз бір сағатта өліп қалатынын біліп отырғанда не қуаныш, не жұбаныш бола алады? Бұны біле тұра қызық көріп қуануға бола ма? Бұл жөн емес, бұдан құтылу керек. Мен бұған жол табамын, тапқан жолымды жұртқа ұқтырамын деген ойға Сейдхарта бекінді.

Түн болды. Сейдхарта Шаннаға атын ерттетіп, қақпаны ашуға бұйырып, өзі қатыны жатқан үйге кірді, қатыны ұйықтап жатыр екен. Қатынын оятпай жүрегімен қоштасып, нөкерлеріне тықырын білдірмей әке-шешеден, елден безіп атына мініп жүріп кетті. Көп жер жүрді. Қалжыраған соң атын да қоя берді. Бір кез келген сопымен киімін ауыстырып адамды адасқан жолдан құтқару дауасын іздеп жүре берді. Әуелі бетінде халқына ұқтырып жүрген тағлымын білу үшін быраһманидардың (бұдқа табынушылардың) данышпандарына келді. Бірақ олардың ұғуындағы адамның жаны өлген соң хайуанға көшеді және нәфсіден тазартуға денені әртүрлі азапқа салу керек дегені Сейдхартаға ұнамады. Бұлардан кетіп қалың орманның ішіне барып алты жыл тұрды. Мұнда ғұмыры ылғи оразамен, ауыр мехнатпен өтті. Ақырында бұ жолды да ұнатпады. Денені азапқа салып, аштық бейнетін тартып, арып-ашып, жүруге жарай алмай да қалып жүрді. Құр азаппен жанды құтқара алмаған соң өмірін терең ойға, өкінішке жіберуді мақұл көрді. Бұл мақсаттың жолында бірталай қызмет қылған соң, атағы зорайып жұрт ғалым деп құрметтеп, алдына көп шәкірт жиналды. Жұрттың мақтауынан, құрметінен қашып, мақсаттан тайып, әке-шешесі, қатынына қайтқысы келді. Бірақ бұл ойы мінезінің бұзылайын дегені екенін біліп көтермешілерінен, шәкірттерінен қашып ешкім білмейтін бір оңаша жерге кетті.

Оңашада көп заман нәфсі жауымен алысып, бір күні ағаштың түбінде әуелгі тыныштығын бұзған ойды қуып отырғанда адасқан беттен құтылудың анық жолын тапты. Ол айқын жолдар мынау еді: дене деген уақытша ғана нәрсе, уақыт бітсе күйремек, адам денемен тірлік қылып тұрғанда бейнетке де, тозуға да, өлімге де кіріптар. Бұдан қалай құтылу керек? Адамның жаны нәфсімен байланысып тұрғанда өмір сүргісі келеді. Ал өмір қанағатсыз тілекпен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәфсінің тілегін жоғалту керек деген Сейдхартаның үміті төрт түрлі хақиқатқа тірелді. Бірінші хақиқаты: адам баласы ғазап көрмек. Екінші хақиқаты: ғазап нәфсіден тұрады. Үшінші хақиқаты: адам нәфсіні жойса, ғазаптан да құтылады. Төртінші хақиқаты: нәфсіден құтылуға төрт саты бар: 1) жүректің оянуы, 2) бұзық мінезден, кекшілдіктен құтылу, 3) шүбәланудан, жаман тілектен, азадан құтылу, 4) жалғыз адамға емес, барлық жан иесіне рахымды, махаббатты болу. Жанның ағаруы ұрғашы құмарлықты жоғалтумен болмайды, жаман, бұзық ойдан құтылумен табылады. Жанның нағыз тазарып ағаруы, бостандығы махаббатта. Нәфсіні махаббатқа жеңгізген адам надандық шынжырын үзіп, өлім ғазабынан құтылады, деген.

 

Сейдхартаның бұл хақиқаты 10 фарызға бөлінеді:

1.  Өмірді өлтірме, қор қылма, сыйла.

2.  Ұрлама, тонама, еңбегіңнің пайдасын әркімге тигіз.

3.  Арамдықтан сақтан, әйелден аулақ бол.

4.  Өтірік айтпа, шынды айтуға қорықпа, бірақ махаббатпен.

5.  Ойыңнан өсек шығарма, біреудің айтқан өсегін қайта айтпа.

6.  Ант ішпе.

7.  Бос сөзге уақыт бөлме, істі сөйле, әйтпесе үндеме.

8.  Мақтан қума, күндеме. Жақыныңның жақсылығына қуан.

9.  Жүрегіңді ашудан тазарт, дұшпаныңды жек көрме. Бар жан иесіне махаббат көзіңмен қара.

10. Сенімсіздіктен құтыл, хақтықты ұғуға тырыс.

 

Осындай тағлымды Сейдхарта адам баласына насихат қылды. Әуелде шәкірттері бұл жолына түсінбей, артынан қайта алдына жиылды. Быраһмандар Сейдхартаны бұзық көріп қуса да, Сейдхартаның тағлымы халыққа жайыла берді.

Будда қажымастан 60 жыл бір жерден бір жерге көшіп жүріп халықты үгіттеді. Ақыры бір-екі қышлақтың арасында келе жатқанда ажал сағаты келіп жетті. Сол уақытта жасы 80-де еді. Әбден нашарланып әлсіресе де үгітін қоймап еді. Шәкірттерімен бір асуда келе жатып: «Мен қатты шөлдеп тұрмын», — деді. Шәкірттері су ішкізді. Аз дамылдап тағы жүрді. Кішкене жүріп Харане Абад деген өзеннің жағасында бір ағаштың түбіне келіп отырып шәкірттеріне айтты: «Шәкірттерім, маған ажал уақыты таянды, менің өмір бойы айтқан насихатымды естеріңнен шығармаңдар», — деді. Өзінің бір жақсы көретін Ананда деген шәкірті бұл сөзін естігенде шыдай алмай, қырындап аулағырақ барып жылап жіберді. Сейдхарта шақыртып алып: «Сабыр қыл, Ананда, жылама, уайымдама! Ертелі-кешті бұ дүниенің қызығынан айрылмақпыз. Дүниеде мәңгілік не бар дейсің, достарым! — деп басқа шәкірттеріне қарап, — «Менің үйретуімше өмір сүріңдер, нәфсінің тозағынан құтылыңдар, мен нұсқаған жолмен жүріңдер. Әрдайым естеріңде болсын: тән ойран болмақ, бұзылмайтын мәңгілік жалғыз хақиқат, сол себепті хақиқатқа жабыссаңдар, жандарыңды құтқарасыңдар».

Данышпан Будданың ақырғы сөзі болды. Сонан кейін көзін мәңгілікке жауып, ақырын дүниеден көшіп жүріп кетті.

Мұхтар.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу: