Мұғжиза

5 Желтоқсан 2012, 02:57

  Мұғжиза – діни ұғымда табиғат заңдылығынан тыс, адам мүмкіндігінен жоғары, уақыт пен мекенге тәуелсіз жүзеге асатын Алланың пайғамбарларға берген кереметі. Мұғжизаның негізгі белгілері – ол пайғамбарлардың қалауымен, Құдайдың құдіретімен орындалады. Мұғжиза – бүкіл дүние жаратылысты, табиғат күштерін, құбылыстарды, ішкі табиғи заңдылықтарымен қоса жаратып, толықтай меңгеретін Алланың сол табиғи заңдылықтардан тыс, жоғары тылсым, өзінің ғана тікелей, әмірімен, ғылымымен жүзеге асыратын құдіреті.   Мұғжиза – танымдық тұрғыдан ғұламаның да, қарапайым адамның да ақылына сыймайтын, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана пайымдауға, сезінуге болатын ғажайып іс. Мұғжизаның мысалдарына Нұх пайғамбардың кеме жасап, топан судан өз қауымын, бүкіл жанды мақұлықтың, өсімдіктің тұқымын аман алып қалу, Салих пайғамбардың қара тастан ақ түйе шығаруы, Ибраһим пайғамбарды оттың күйдірмеуі, Мұса пайғамбардың аса таяғымен теңізді қақ жарып өтуі, Иса пайғамбардың соқырларды, алапестерді емдеп, өлгенді тірілтуі, т.б. осы сияқты пайғамбарлар арқылы жүзеге асқан айрықша құбылыстар жатады. Әр пайғамбар өз заманындағы көкейкесті мәселелердің түйінін шешу үшін келіп, соған сай оларға Алла тарапынан Мұғжиза берілген. Мәселен, Мұса пайғамбар заманында сиқыршылық көбейгендіктен, оларға тойтарыс беру үшін, Мұса пайғамбарға сиқыршылардың жыланға айналған таяқтарын айдаһарға айналып, жұтатын аса таяқ Мұғжизасы берілген. Иса пайғамбарға ауру-сырқау көбейіп, емші-домшылық күшейген заманға орай ауруларды сауықтыру Мұғжизасы берілген.   Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Мұғжизалары өзіне дейінгі пайғамбарлардың қайсысынан болсын басым. Себебі ол – соңғы пайғамбар, оның пайғамбарлығы өз заманында ғана емес, кейінгі ғылымның дамыған заманына созылатын, адамдардың рухани-интеллектуалдық жағдайы өсіп, исламның шарапатынан бүкіл адам балаларының (нәсіліне, ұлтына қарамай) ішкі рухани мүмкіндіктері ашылатын заман үшін, жалпы адамзат баласына келген пайғамбар. Оған тән негізгі Мұғжизалар – Миғражға көтерілуі, көлеңкесінің болмауы, айды қақ жаруы, жәннат бағынан құрма алдыруы, т.б. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) Миғражға көтерілген Мұғжизасында жеті қат көкті, ұаршыны, Күрсіні, Лаух, Қаламды, Жеті Тозақ, Сегіз Пейішті толық аралаған. Алла дәргейіне көтеріліп, жаратушының өзімен тікелей тілдескен (қ. Исра уа-л-Мираж). Бұл Мұғжизаның өзге Мұғжизалардан айырмашылығы еш адам куә болмаған. Сондықтан көзімен көргеніне сенетін адамдар үшін бұл жалған бос қиял ғана. Ал көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын шындықтар бар екенін ақыл-парасатымен түйсінетін мұсылмандар үшін бұл ақиқат.   Мұғжизаның негізгі екі қасиетін атап өткен жөн: Мұғжиза әр пайғамбардың өз заманындағы оқиғаға куә болған адамдардың ақыл-санасына тікелей әсер етуіне байланысты адамдардың иман келтіріп, құдайды тануына немесе қарсы болып, күпірлікке ұрынуына себепкер. Мұғжизалар кейінгі заманға Құран хикаялары немесе аңыз әңгімелер арқылы жетіп, сенушілердің көзбен көрмесе де ақыл-парасатымен сеніп қабылдауы арқылы иман қуатын күшейтуге мүмкіндік береді. Ибн Синаның түсіндіруінше, Мұғжиза пайғамбарлардың табиғатына тән, ол қасиеттердің қайнары пайғамбарлардың жаны мен тәніне біте қайнасып жатыр. Мұғжизаны көрсете алатындар солар ғана. Ал әулиелер ондай қасиетке жаны мен тәнін тәрбиелеп, рухани интеллектуалдық жағдайы өскенде ғана ие болады. Оны керемет дейді. Ал қарапайым адамдарға үлкен маңызды істе құдайға тәуекелмен, ізгі ниетпен нәтижеге жетуі үшін құдай тарапынан жәрдем беріледі.  

 

Мұғжиза – діни ұғымда табиғат заңдылығынан тыс, адам мүмкіндігінен жоғары, уақыт пен мекенге тәуелсіз жүзеге асатын Алланың пайғамбарларға берген кереметі. Мұғжизаның негізгі белгілері – ол пайғамбарлардың қалауымен, Құдайдың құдіретімен орындалады. Мұғжиза – бүкіл дүние жаратылысты, табиғат күштерін, құбылыстарды, ішкі табиғи заңдылықтарымен қоса жаратып, толықтай меңгеретін Алланың сол табиғи заңдылықтардан тыс, жоғары тылсым, өзінің ғана тікелей, әмірімен, ғылымымен жүзеге асыратын құдіреті.
 
Мұғжиза – танымдық тұрғыдан ғұламаның да, қарапайым адамның да ақылына сыймайтын, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана пайымдауға, сезінуге болатын ғажайып іс. Мұғжизаның мысалдарына Нұх пайғамбардың кеме жасап, топан судан өз қауымын, бүкіл жанды мақұлықтың, өсімдіктің тұқымын аман алып қалу, Салих пайғамбардың қара тастан ақ түйе шығаруы, Ибраһим пайғамбарды оттың күйдірмеуі, Мұса пайғамбардың аса таяғымен теңізді қақ жарып өтуі, Иса пайғамбардың соқырларды, алапестерді емдеп, өлгенді тірілтуі, т.б. осы сияқты пайғамбарлар арқылы жүзеге асқан айрықша құбылыстар жатады. Әр пайғамбар өз заманындағы көкейкесті мәселелердің түйінін шешу үшін келіп, соған сай оларға Алла тарапынан Мұғжиза берілген. Мәселен, Мұса пайғамбар заманында сиқыршылық көбейгендіктен, оларға тойтарыс беру үшін, Мұса пайғамбарға сиқыршылардың жыланға айналған таяқтарын айдаһарға айналып, жұтатын аса таяқ Мұғжизасы берілген. Иса пайғамбарға ауру-сырқау көбейіп, емші-домшылық күшейген заманға орай ауруларды сауықтыру Мұғжизасы берілген.
 
Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Мұғжизалары өзіне дейінгі пайғамбарлардың қайсысынан болсын басым. Себебі ол – соңғы пайғамбар, оның пайғамбарлығы өз заманында ғана емес, кейінгі ғылымның дамыған заманына созылатын, адамдардың рухани-интеллектуалдық жағдайы өсіп, исламның шарапатынан бүкіл адам балаларының (нәсіліне, ұлтына қарамай) ішкі рухани мүмкіндіктері ашылатын заман үшін, жалпы адамзат баласына келген пайғамбар. Оған тән негізгі Мұғжизалар – Миғражға көтерілуі, көлеңкесінің болмауы, айды қақ жаруы, жәннат бағынан құрма алдыруы, т.б. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) Миғражға көтерілген Мұғжизасында жеті қат көкті, ұаршыны, Күрсіні, Лаух, Қаламды, Жеті Тозақ, Сегіз Пейішті толық аралаған. Алла дәргейіне көтеріліп, жаратушының өзімен тікелей тілдескен (қ. Исра уа-л-Мираж). Бұл Мұғжизаның өзге Мұғжизалардан айырмашылығы еш адам куә болмаған. Сондықтан көзімен көргеніне сенетін адамдар үшін бұл жалған бос қиял ғана. Ал көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын шындықтар бар екенін ақыл-парасатымен түйсінетін мұсылмандар үшін бұл ақиқат.
 
Мұғжизаның негізгі екі қасиетін атап өткен жөн: Мұғжиза әр пайғамбардың өз заманындағы оқиғаға куә болған адамдардың ақыл-санасына тікелей әсер етуіне байланысты адамдардың иман келтіріп, құдайды тануына немесе қарсы болып, күпірлікке ұрынуына себепкер. Мұғжизалар кейінгі заманға Құран хикаялары немесе аңыз әңгімелер арқылы жетіп, сенушілердің көзбен көрмесе де ақыл-парасатымен сеніп қабылдауы арқылы иман қуатын күшейтуге мүмкіндік береді. Ибн Синаның түсіндіруінше, Мұғжиза пайғамбарлардың табиғатына тән, ол қасиеттердің қайнары пайғамбарлардың жаны мен тәніне біте қайнасып жатыр. Мұғжизаны көрсете алатындар солар ғана. Ал әулиелер ондай қасиетке жаны мен тәнін тәрбиелеп, рухани интеллектуалдық жағдайы өскенде ғана ие болады. Оны керемет дейді. Ал қарапайым адамдарға үлкен маңызды істе құдайға тәуекелмен, ізгі ниетпен нәтижеге жетуі үшін құдай тарапынан жәрдем беріледі.
 
Бөлісу: