5 Желтоқсан 2012, 02:26
Алғы сөз
Бір халықтан емес, тілегі бір, мүддесі бір туысқан сан халықтан сомдалған совет қауымы, тек бүгінгі сәулетті өмірде ғана өткендегі мен қазіргінің, қазіргі мен болашақтың рухани мұраларына, сол мұралардың өшпес жұлдыздары Пушкин, Науаи, Абай сындас тарихи қайраткерлеріне бірден-бір әділ де адал бағасын беріп отыр.
Абай өзінің кіршіксіз ақжүрегін тебіренткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларының бетіне маржандай төгілдірді, оның әрбір бетінен, әрбір жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жақын леп естіледі, ол леп өткен заманның, кешегі тәркі дүниенің соққан тынысы болса да, бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы — заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.
Кешегі сағымша өткен бұлдыр заманның буалдыр желегін түріп тастап, дәл өзімізбен бірге тілдесіп, болашаққа қадам басып Абай да сайға тұр. Біздің көп тілді, бір үнді даусымыздың ішінде Абайдың да дауысы, тамаша үні естілгендей. Бұл Абайдың жаңа өмірі, жаңа өмір дәуірінің басталуы, ол бізбен де, біздің ұрпақтарымызбен де берік қол ұстасып болашаққа, бақытқа толы ұлы заманға қадам басады, оған күмән жоқ.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, —
деп, төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге жасасып келеді.
Мыңдаған қазақ, орыс, басқа ұлттың жастары байтақ өмірде Абайдың тамаша әндерін радиода, сахнада, кең жайлауда мал шетінде, ұлы құрылыстың іргетасында шырқатып салады, жүрек қылын шерткен тамылжыған өлеңдерін тамсана оқиды. Бұл тек әсем әнге еліктеу ғана немесе әсем сөзге сүйсіну ғана емес. Еңбек иесінің күні кеше ғана сахара даласындағы қайғы-зарын, қорғансыз әйел мұңын таниды ол саздан. Білім еңбек, теңдік, достық туралы еңбекші елдің көкейкесті арманын сезінеді. Осындай жарқын, ізгі тілектің көлеңкесінде ошағандай қаулаған күншілдік, мақтангөйлік, жалақорлық, жалқаулықты шенеген сынды көреді.
Ұлы орыс мәдениетіне шақырғаны, алтыбақан алауыздық кезде бірлікке, халықтар достығына мегзеген идеясы жастар жүрегіне қонады. Демек, Абай жырларын бүгінгі ұрпақ бар санасымен сүйіп айтады.
Ұлы ақынның осы мұрасы туған халқы үшін сан рет басылса да, сарқылмайды. Оған себеп — туған елін, өскен жерін Абай қаншама сүйсе, қаншама оның оты мен суына түсіп, күңіреніп, тебіренген болса, бүгін елі де оны соншама құрметтеп, әлпештеп сүйіп отыр. Біз мақтануымызға да болады, өйткені Абай өзінің заманы мен замандасынан көрмеген сый құрметті бізден, өзі баулыған ұрпағынан көрді, көзі тірісінде жетпеген арманына бүгін жетті. Абай мұрасы ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға өтпек, ол басылған сайын жаңа қырланған алмаздай нұрланып, жарқырап, жасарып, нұр төге бермек.
Табиғаттың көркін ендіретін орман көктем сайын жасарып, шешек атып әлемге шырай беріп тұрмай ма! Сусыз жерге, ауасыз жерге орман өсе ме, олар жоқ жерде орман да жоқ, гүл де жоқ, семіп, кеуіп, қурап қалмақ.
Сол сияқты Абайдың поэзиясын суарып, жасартып туратын ауа нәрлі бұлақ — туған халқы, көп тілді — бір сырлы совет елі, өлеңдері басылған сайын Абай да көктемгі ормандай жасара бермек. Ал халық бар жерде, оның адал перзенттері де мәңгі жасамақ. Міне, Абайдың өзі көзден таса болса да, сөзі көңілге ыстық көрінетіні содан. Ұлы атамыздың бізге берген еншісі, қалдырған аманаты — осы асыл сөздері. Біз оны ардақтаймыз да мәпелейміз. Аз өмір сүріп, азапта өткен Абай бүгін бізбен бірге мың жасап отыр.
Мендей ғаріп кез болса,
Мойын салсын, ойлансын,
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса сол алсын.
Кешегі мылқау күш, күңгірт дүниеде жалын боп жанып, жарқ етіп сөнген Абайдай адал жанға біздің айтарымыз — қабыл аламыз асыл сөздеріңізді, көздің қарашығындай сақтаймыз, өзің айтқан қары қалың қыстан соң көп ұзамай жадырап жаз да келді. Мынау жадыраған жарқын өмірдің жазында біз әрқашанда саған сансыз борыштымыз, сенің рухыңды тебіренткен сөз шебері Толстой, жыр шебері Пушкин, Лермонтовқа да борыштымыз, біз әрқашанда саған орнатқан ұлы ескерткіштің түбіне барып, бөркімізді алып, бас иеміз. Дүниежүзі классиктері мен орыс классиктерінен қалай үйрену өрнектерін әуелі сенен үйрендік. "Әкенің баласы болма, адамның баласы бол — адам баласы бауырың" деген өсиетіңді көкіректе нық сақтаймыз.
Абайдың асыл мұрасы осымен толық жинақ болып жетінші рет басылады. Шөлдеген оқушыға ұсынылған бір томдық бұл жинақ 1957 жылы басылған екі томдық шығармасының негізінде, соңғы жылдардағы табылған мемуарлық, архивтік материалдармен, фотографиялармен, басылмаған бірер өлеңмен, т.б. деректермен, түсініктермен толықтырылып басылды. Абай поэзиясы, өзі айтқандай, кең-байтақ өмір базары... "Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар, — сомалап, ақшасына сонан алар", - дегендей, ізденген оқушы өз мұқтажын осы қазынадан таба бермек.
Мұхтар Әуезов