5 Желтоқсан 2012, 02:21
"Ақ аю" туралы
Біздің қазіргі поэзиямыздың ішінде шынымен даусыз, үлкен орын алатын шығарма — "Ақ аю". Мұның жайындағы түсіндірме, тексеру, зерттеулер аз болмай, олқы, келте, үстірт болмай, үлгілі, өрісті болуға лайық. Біздегі бұл күнге шейін келген бір дағды: шығарманың жақсысын — жақсы, үлкенін — үлкендей қарсы ала білмейміз. Күндегі көріп жүрген жабайы тақ-тақ, орташа-қоңырша көпшілік тумаларымыздан бойы биік, өркеші асқан жаңа шығарма шықса соған сүйсіне алмай, құп ала алмай, жатырқап, тосырқағандай қашқалақ келеміз. Жете бойлап қарамай, қасиетін тани алмай көп жүреміз. Тануға айналған кезімізде ол шығарманың туғанына бірнеше жыл өтіп, алғашқы бусанып тұрған жалынды ыстық шағы өтіп кеткен сияқты болады. Поэзияда осындай боп дәл мезгілінде тиісті бағасын ала алмай, артынан барып жақсылығы сезілген бірнеше жақсы өлеңдер барлық ақындарымызда да бар.
Сыншы, оқушы жұртшылықтың бір шығарма туа салысымен баға бергендей боп үн қатқаны жазушыға да жақсы әсер етеді. Үлкен еңбекті аяқтап, көмбесіне тақап келгенде, алдынан жұртшылықтың тартушыдай атой беріп қос тізгіндеп көтермелеп әкетуіне не жетсін! Одан асқан көтермеші болар ма? Сеніп жазған жұртшылығы татымды еңбекті сүйтіп мезгілімен қуана қарсы алуды білсе, ол жазушыға қанат бітірмей ме? Келесі тағы сондай еңбекке лепіртіп, тілентіп1, қанат қақтырып отырмай ма? Болмаса бірде-бір селт етпей, тоң мойын күйде, тоңы жібімеген қалыпта қарсы алсақ жазушының талабы өсе ме? Бірақ, бұл соңғы сипат бақытымызға қарай біздің бүгінгі жұртшылығымызда жоқ. Ол қуана да, сүйсіне де біледі. Тек соған жәрдем ете білейік.
Сәбиттің "Ақ аюы" дедік.
Поэма жайында бұдан былай болатын ұзақ, толық тексерулердің алдында — бұл мақаланы әзірше "Ақ аю" ішіндегі бір-екі ерекше жайды ескертіп өтуге ғана арнаймыз.
"Ақ аюдың" ішінде ең алдымен көзге ілінетін айырықша үлкен бір ерекшелік: ақынның осы поэманың жалпы құрылысы жөнінде қолданған әдісінде. Бұл — біздің поэзиямызда бірінші рет оңдап қолданылған жаңа әдіс. Сол әдістің дұрыстық, шеберлігінің арқасында "Челюскин"2 жорығындай ақынның өз басынан кешірмеген сапар, өзі көрмеген солтүстік турасындағы жауапты қиын тақырып — ойдағыдай дұрыс қалыптанып шыққан сияқты.
Сәбит поэмасының әңгімелік желісі мен идеялық суреттілік бағытын өрістеткенде, бәйгеге түскен өзге көп поэмадағы секілді, оқиғаның құрғақ тізбегіне бой ұрып кетпеген. Пәлен күні пәлен болды, түген күні түгені болды деп протокол түрінде төкпектеп шаппай, очерк үлгісінен өз әдісінің іргесін аулақ салған. Әрине, тізе беріп, санай берсе бұл жорықтың оқиғалары көп еді. Ақын алдындағы мәселе сол көп материалды өлең өлшеуіне салып, ұйқастырған сөзбен баспа-бас санап өтуде емес. Бір жағынан сол материалды ақынша жеңе білуде. Материалдың астында бөксе басты боп қалу ақын қиялының көп ізденбегендігін, шарқ ұра алмағандығын көрсетер еді. Әрине, ол әдісті очерк жазушы, я сол жорықтың тарихшысы қолданса — ол бір сәрі. Бірақ, мұндай жайда ақын міндеті басқаша. Ол өзі алған үлкен жорық тақырыбын осы "Ақ аюдағы" сияқты поэзия заңымен топтап, шоғырлап, ақын үлгісінде әрі жинақы, әрі соқталы күйде көрсете білуі керек.
"Ақ аю" үлгісінде сол топтап көрсету әдісі поэманың барлық бойына үлкен ойлылықпен жақсы жайылып түскен. Топтау үлгісінің өзі поэманың өнбойында жарыса отырған бір астар күй тәрізденіп, жорықтың қаһармандық қылықтарынан үлкен бір суретті-пәлсәпалі мағыналар тудырып отырады.
Мұнда оқиғаны болған күйінде көшіре салу, құрғақ копиясын беру жоқ, олай еткен болса, оқиға ақындықтың көркем суретіне дұрыс түсірілмеген болар еді.
Ақын табиғаттың әлі де болса адамға бас имеген, алай-түлей, тағы күшін ақ аюдың бейнесімен екілендіре суреттеп, оның жүген-құрық тимеген, ауыздықталмаған ызақорлығын, ашуын көрсетеді.
Ал, табиғаттың адам бағындырып алған күшін ақын сүр аюдың бейнесімен көрсетеді, оған адамға қызмет еткізеді, адамның еркіне көндіреді, адамның жеңіп алған ақыл-айласының даналығына бас игізеді.
Асау терістіктің бейнесін көрсететін ақ аюдың тағы, көзсіз ызақорлығын енді адамның қаһарманы Шмидт3 жеңеді, тұтқынға алады, бұл адам қимылдан биік, бұған шейін болмаған программамен жер үстінде жаңа өмір ашады. Оның қадамы — күресшең, арымай-талмай, ерінбей-жалықпай ізденуші, жаңаны жаратқыш, қайтпайтын ер адамның қадамы. Міне, поэманың аса көркем суретпен жалпылап алған тұлғалары осылар. Поэмада бұлардың кездесуі, олардың арасындағы жұлқысу, соқтығыс екі сарынмен сипатталады. Дәл жорықтың өз оқиғасының сыртқы әрекетін шындық арқылы қысқаша, жеңіл түрде суреттеп береді, бұл бір. Екінші жағынан, жаңа адамның бағындырғыш, жасағыш, алғыр күшінің ішкі сырын көзбен көріп тұрғандай етіп сипаттап береді.
Поэманың тілі мен бар стилі, оның аса бағалы идеалы ішкі мазмұнына сайма-сай шыққан. Өлеңнің сыртқы кескіні үнді, мүсінді, сергек, саңлақты келген.
Поэманың әсем суреттері — ақ аюдың мұздың үстінде жүргендегі ішкі сезімінің құбылыстары; солтүстікке түскен сәуленің суреті, Шмидттің жан сезімі мен ойлары және басқа бірсыпыра жерлері.
Поэманың бұл қалпындағы бірден-бір, елеулі кемшілігі — оның аяқ жағының жете тиянақталмағандығы секілді. Екі аюдың арасындағы әңгіме болған күйінде толық айтылып кеткендіктен, әр түрлі аңдардың және аюлардың жабайы нәрселерін аса бажайлап, егжей-тегжейіне шейін қазбалап кеткендіктен, поэманың басы мен ортасындағы жалпылап теңеген, көркем суретті жерінің әсерін бәсеңдетеді. Олардың арасындағы әңгімені кәдімгі бар аюдың әңгімесі етпеу керек еді, поэманың бүкіл сюжетін бастанаяқ екі сарынды, көркем суретті пәлсәпәмен бастаған күйінде аяқтап шығу керек еді. Бұл мүлтік жойылса, поэма басынан аяғына шейін мүсінді, көздеген нысанасына тура жеткен терең, көркем шығарма болар еді.
Мұхтар Әуезов