Картоп аурулары – картоп дақылында саңырауқұлақтар, бактериялар, вирустар және микоплазмалар қоздыратын өсімдік аурулары. Олардың ішінде республикада аса кең таралып, көп зиян келтіретіндеріне фитофтороз, альтернариоз, макроспориоз, түйнектердің актиномикозды және қара таз қотырлары, сақиналы және фузариозды шіріктері, әр түрлі вирустар мен вироидтар және микоплазмалар қоздыратын аурулар жатады.
Картоп фитофторозын төм. сатыдағы оомицеттер (Oomycetes) класына жататын Phytophthora іnfestans саңырауқұлағы қоздырады. Ауру белгілері алғаш жапырақ ұштарында қоңырқай дақтар ретінде байқалады. Кеселдің дамуына жағдай қолайлы болса, жапырақ тақталары мен сабақтарында бір-бірімен ұласып жататын, қоңырқай немесе қара қоңыр үлкен дақтар пайда болып, олар тез арада солып, қурап кетеді. Ауа өте ылғалды, жаңбыр мол жылдары дақтардың үстінде ақшыл сирек ұлпа түзіледі. Ауру қатты өршіген жағдайда картоп егісі бар-жоғы бір-екі аптаның ішінде қарайып, толық қурап, ал жаңбыр мол болса шіріп кетуі мүмкін. Фитофтороз картоптың түйнектерін де залалдайды. Онда ішке қарай тереңдей беретін қоңырқай дақтар пайда болады да, түйнектер сақтау кезінде толығымен немесе жартылай шіриді. Бұл ауру республикамыздың оңт. мен оңт.-шығысындағы таулы аймақтарда және солт. өңірде жиірек кездеседі. Ол жаз айлары жаңбырлы және салқын (15 – 17С), ауаның салыстырмалы ылғалдылығы жоғары (70 – 80%) болса қатты белең алады.
Альтернариоз және макроспориоз (ауру қоздырғыштары Alternarіa solanі Neerg., Macrosporіum solanі Ell. et Mart.) жапырақ пен сабақта қоңырқай, сопақтау, кейде ұзынша дақтар ретінде байқалады; ауру қатты шарпыған жағдайда өсімдікте фотосинтез процесінің екпінділігі төмендейді, осының салдарынан картоптың түсімділігі кемиді. Актиномикозды қотыр және қара таз қотыр түйнектің беткі қабатын, ал сақиналы шірік оның ішін залалдайды. Алғашқылары республикамыздың орт., оңт. және оңт.-шығыс аймақтарында кең таралған. Кей жылдары олар картоп түсімділігін едәуір төмендетеді. Соңғысы республикада сирек кездеседі.
Саңырауқұлақтар қоздыратын картоптың аса зиянды ауруына түйнектердің фузариозды солуы мен шірігі де жатады. Соңғысы картопты қоймаларда сақтау кезінде дамып, жиналған өнімді біраз ысырапқа ұшыратады. Ауруға, көбінесе, жиын-терін кезінде жарақаттанған түйнектер бейім келеді. Сақтау кезінде қойманың темп-расы жоғары, ауа дымқыл болса ауру қатты өршиді. Картоп вироздарын А, Х, S, М, L вирустары қоздырады, көбінесе, дақыл 2 – 3 вируспен бір мезгілде залалданады. Аурудың негізгі белгілері: жапырақтың қатты дақтануы, қатпарланып бұйралануы, түтікше тәріздес оралуы, ширатылуы және өлуі. Жапырақтардың жолақ мозаикасы ауруын У-вирусы қоздырады. Кеселге шалдыққан өсімдіктердің сабақ буынаралықтары қысқарып, оның өсуі баяулайды, жапырақтары ширатылып қурай бастайды. Вегетация кезінде кесел бір өсімдіктен екіншілеріне өсімдік биттері арқылы таралады. Жапырақтардың түтікше ширатылуын картоптың L вирусы қоздырады. Залалданған дақылдың түйнектері өте ұсақ және олардың өскіндері көп әрі нәзік келеді. Вирус түйнекте сақталады, вегетация кезінде ауруды шабдал биті таратады. Жапырақ мозаикасын М-вирусы қоздырады, жапырақтар хлорозданып, олардың жүйке аралықтары жолақтанады әрі әжімделеді. Вирус түйнекте сақталады. Вегетация кезінде картоп жапырақтары бір-бірімен түйіскен кезде кесел шырын арқылы жұғады және өсімдік биттерімен таралады. Теңбіл мозаиканы Х- вирусы қоздырады. Жапырақ жүйкелерінің аралығында сарғылт теңбіл дақтар ретінде байқалады. Инфекция түйнектерде, кейде латентті (көзге байқалмайтын) жағдайда сақталады.
Күресу шаралары: фитофтороз және басқа да саңырауқұлақтар қоздыратын ауруларға қарсы күресу үшін түйнектерді отырғызар алдында беномил, фундазол немесе фенорам препараттарының бірімен бүріккен дұрыс (2 т-ға 1,5 – 2 л препарат жұмсалады). Вегетация кезінде фитофтороз, макроспориоз, т.б. аурулардың дамуын тежеу үшін егістікті 1 – 2 дүркін ридомол, ридомол голд, даконил фунгицидтерінің бірімен (га-ға 2 – 2,5 л) бүрку қажет.
Әдеб.: Попкова К.В., Болезни картофеля, М., 1980, Система мероприятий по защите картофеля от вредителей, болезней и сорных растений в Казахстане, А., 1995.
М. Қойшыбаев